Қазақстанда алтын тапшылығы басталды

729

Кейінгі кезде қазақстандықтар тақырыптық форумдарда Ұлттық банктің халыққа алтын құймаларын сатпай жатқанын айтып, жиі шағымдана бастады.

Қазақстанда алтын тапшылығы басталды Фото: canva.com

Қаржы саласының маманы Самат Орынбек мұндай проблема барын растады.

"Мен мысалы, бұл мәселенің барын былтырғы желтоқсанда білдім және өзім көз жеткіздім. "Жаңажылдық сыйлық" ретінде 5 және 10 грамдық алтын құймаларын сатып алмақ болдым. Астанада оны небәрі 4 банк пен 4 айырбастау пункті ғана сатады екен. Барлығына хабарластым, "жоқ" дейді. Бұл жағдай бір апта жалғасты. "Галант финанс" пен "Bayliq Finance" айырбастау бекеттерінде бар дегенді естіп, желкілдеп жетіп барсам: "Сіздің алдыңызда ғана сатып алып кетті" дейді. Олардың кассирлері де, банктер мамандары да Ұлттық банктен алтын құймалары өте аз түсетінін мойындады", – дейді Орынбек.

Айта кету керек, 2025 жылдың бірінші айы аяқталуға таяды, кейіпкеріміз қалаған құймасын сол бойы ала алмапты.

Самат Орынбек банкте алтын құймалары болмағандықтан екі апта бойы 6 рет берген тапсырысын қанағаттандырудан банк бас тартыпты.

"Үнемі: "Отменен менеджером" деп шығады. Мәнісін сұрасам, банктегілер алтын құймаларының уақытша жоғын, сондықтан менеджер тапсырысты орындаудан бас тартуға мәжбүр екенін айтады. Қазіргі кезде банк қосымшасында құймаға тапсырыс беру функциясының батырмасы басылмайды да. "Еуразиялық банк" өздерінде 50 және 100 грамдық алтын құймалары ғана барын хабарлады. Бірақ бұлар тиісінше 2,4 және 4,7 миллион теңге тұрады. Оларға халық тарапынан сұраныс аз, әрі қымбат. Кейбір адам күнде таңертең бәріне қоңырау соғып шығады екен де, 5, 10, 20 грамдық құймалар әлдеқалай түсе қалса, сатып алып кететін көрінеді. Неге мемлекет халықтың бұл сұранысын толыққанды қанағаттандырмайды?", – деп ренішін жасырмады сарапшы.

Халыққа сатылатын алтын құймаларына қатысты тапшылық барын, ұсыныстың сұранысты өтей алмай отырғанын Ұлттық банктің ресми мәліметінен де байқауға болады.

Атап айтқанда, Ұлттық банктің дерегінше, 2023 жылы екінші деңгейлі банктер мен жекелеген банктік емес айырбастау пункттері арқылы халыққа жалпы салмағы 1,6 тонна болатын 38 729 алтын құйма сатылды.

Ал, өткен жылғы қаңтар-қазанда Ұлттық банк банктер мен банктік емес жекелеген айырбастау пункттері арқылы халыққа жалпы салмағы бар-жоғы 475,5 келі болатын 13 940 алтын құйма өткізіпті.

Яғни, елге алтын құймасын салмағы жөнінен – 3,3 есе кем, саны жөнінен – 24 789 бірлікке аз сатқан. Шағымданушылардың пікірінше, осылайша, Ұлттық банк қазақстандықтарды девальвация заманында өз табысын сақтап қалудың жақсы бір тетігінен айырып отыр.

Тағы бір тенденция назар аудартады. Бұрынғы жылдары, яғни, 2022 жылға дейін Ұлттық банк халыққа ұсақ құймаларды көп сататын. Тиісінше, ел арасындағы ең танымалы да солар болды.

Бертінде үрдіс күрт өзгерді. ҚР ҰБ ақпаратынша, 2023 жылы халыққа сатылған құймалар арасындағы ең көбі – 100 грамдық құйма болды: оның үлесі – 28%, яғни, 10 910 дана. Саудада көбіне сол ғана болғандықтан, қазақстандықтар амалсыз соны көбірек алған. Ал, елге берілген 5 грамдық  құйманың саны 9 795 дана болды, үлесі: 25%.

10 грамдық құймадан 9 409 данасы (24%), 50 грамдықтан 4 818 данасы (13%), 20 грамдық құймадан 3 797 данасы (10%) өткізілді.

Былтыр да жағдай көп өзгере қоймады. Ең көп сатылғаны – 10 және 100 грамдық алтын құймалар. Жалпы сатылған құймалар арасында он грамдығының үлесі 24% – 48 629 дана. 100 грамдық алтын құйманың да үлесі – 24%, бірақ саны – 47 227 дана. 5 грамдық құйма – 44 127 дана (22%), 20 грамдық құйма – 31 612 дана (16%), және 50 граммдық құйма – 27 640 дана (14%). Бірақ бұлардың бәрінің саны енді көп азайып кетті.

Айтқандай, барлық дерлік банкте 1 келілік (1 000 грамдық) алтын құйма қолжетімді болып шықты. Оны тек бай-бағылан ғана алса керек.

Салдарынан, Ұлттық банк негізінен, ірі грамды құймаларды ғана көбірек ұсыну арқылы алтын құймаларына инвестициялауды қарапайым қазақстандықтар үшін қолжетімсіз етті. Өйткені 1 келілік түгіл, 100 грамдық тазартылған алтын құймаға 5 миллион теңгедей бос қаражатын сала алатындай халық шетінен олигарх емес.

Мысалы, 2024 жылғы қарашада жариялаған соңғы "Ақша-кредит саясаты туралы баяндамасында" Ұлттық банктің сарапшылары халықтың тазартылған алтын құймаларын сатып алуын ынталандыру қажеттігіне назар аудартады.

"Дамыған елдердің халқы инфляциядан қорғану үшін ақшаларын бағалы қағаздар нарығының анағұрлым табысты құралдарына салуды және алтын сатып алуды жөн көреді", – делінген ҚР ҰБ құжатында.

Тазартылған алтын құймаларын халыққа сатудан мемлекет тек ұтады. Ол осы арқылы бір жағынан, айналымдағы ақша массасын азайтады, нәтижесінде, инфляцияға қысымды төмендетеді. Екінші жағынан, алтын өндірісіне бағытталатын инвестицияға қозғау салып, экономикаға серпін береді.

Бұл тұрғыда бізге Өзбекстан үлгі бола алады. "Газета.uz" хабарлауынша, 2025 жылғы 17 қаңтардан бастап, Өзбекстан Орталық банкі халыққа салмағы 100 грамм болатын тазартылған алтын құймаларын сата бастады.

Бұған дейін, 2020 жылдан бері өзбекстандық Орталық банк жеке тұлғаларға 5, 10, 20 және 50 грамдық құймаларды, яғни, ең қолжетімдісін сатып келді.

Өзбекстан Орталық банкінің демократияшылдығы да тәнті етеді: ол азаматтарға сатып алған құймасын – өз мүлкін шетелге әкетуіне рұқсат етеді. Ал, Қазақстанда қазақстандықтарға алтын құймаларын өзімен бірге шетелге алып шығуына қатаң тыйым салынған. Шекарада, әуежайда ұстап алса, заңсыз тауардай тәркілейді.

"Бұл бастама халықтың инвестициялық және жинақтаушы мүмкіндіктерін ары қарай арттыруға бағытталған. Сондай-ақ елде бағалы металдардың айналымын кеңейтеді. Қорғаныш қаптамасындағы алтын құймаларды Өзбекстаннан сыртқа шығаруға рұқсат етіледі", – делінген Өзбекстан Орталық банкінің хабарламасында.

Қазақстанда халыққа арналған алтын тапшылығына ел Үкіметінің оны шетелге белсенді сатуы да ықпал етуі мүмкін.

Көрші Өзбекстан болса, керісінше, өндірушілерден алтынды көптеп сатып алып, алтын резервін қарқынды толықтыруда. Мысалы, 2024 жылғы қараша айында АҚШ Президенттік сайлауы аясында бұл бағалы металл бағасының арзандағанын пайдаланып, Өзбекстанның Орталық банкі өз өндірушілерінен және нарықтан бірден 9 тонна алтын сатып алды. Нәтижесінде, қараша айында әлемдегі алтын сатып алушы 2-ші ірі мемлекетке айналды.

Дүниежүзілік алтын кеңесінің (WGC) мәліметінше, Қазақстан алтын қорындағы бағалы металдарын шетелге жаппай сатудан 2024 жылы әлемдік "антилидерге" айналды. Салдарынан, WGC дерегінше, 2024 жылдың бір ғана IV-тоқсанында Қазақстан өзінің алтын резервтерін 12,85 тоннаға азайтып алған.

Дүниежүзілік алтын кеңесі осы төртінші тоқсанда өзінің алтын резервтерін белсенді толықтырумен болған мемлекеттердің де рейтингін жариялады. Көрші өзбек елі жыл бойы оның көшбасшыларының қатарынан табылды.

Халықаралық ұйымның дерегінше, бұл кезеңде алтынның ірі сатып алушысы – Польшаның Ұлттық банкі болды. Ол елдің алтын резервін бірден 42,33 тоннаға арттырды.

Екінші орында – Венгрия: 15,52 тоннасын сатып алды. Үздік үштікті Үндістан тұйықтады: 12,88 тонна. Жаһандық жетекші бестікке Түркия (10,44 тонна) және Өзбекстан (9 тонна) кірді.

Осының арқасында Өзбекстан алтын резервтерінің көлемі жөнінен әлемдік жиырмалыққа еркін енді: 2025 жылғы қаңтардағы дерек бойынша дүниежүзінде 16-шы орында тұр.

Бірінші орында – АҚШ: 8 133,46 тонна алтыны бар. Одан кейін Германия – 3 351,5 тонна, Италия – 2 451,8 тонна, Франция – 2 437 тонна, Ресей (2 335,9 тонна) орналасты.

Көшбасшылардың ондығына сондай-ақ Қытай – 2 269,3 тонна, Швейцария – 1 039,9 тонна, Үндістан – 876,2 тонна, Жапония – 846 тонна және Түркия – 615 тонна қосылды.

WGC мамандарының айтуынша, алтын резервтерінің молдығы ел экономикасының тұрақтылығын және мықтылығын білдіреді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу