Алтын қазушы компанияның көмегі ауыл халқына жетпей, ауада "жұтылып" кетіп жатыр – ШҚО

3573

Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданында алтынның үстінде отырса да, өкінішке қарай, ажары кетіп бара жатқан Қойтас деген ауыл бар. Кіре берістен-ақ көрінісі көңіл құлазытады. Тоғыз жылдыққа қысқарып қалған мектебін айтпағанда, малдан басқа нәпақа табар іс жоқ.  

Алтын қазушы компанияның көмегі ауыл халқына жетпей, ауада "жұтылып" кетіп жатыр – ШҚО

"Біреулерді үлде мен бүлдеге орап, өзі жыртық шекпенімен отырған" ауыл халқының мұң-мұқтажын inbusiness.kz тілшісі ауылға барып, арнайы тыңдап қайтты.

Аталған ауылда 80-ге тарта үй болса да, жол, ауызсу, интернет, тіпті мәдениет үйі де жоқ. Жергілікті биліктің назарынан тыс қалғандығы көрініп тұр.

Ауыл тұрғындарының негізгі күнкөріс көзі мал шаруашылығы. Ішер ас, киер киім мен бала-шағаны төрттүліктің төлімен асырап отыр. Басқа қосымша табыс әкелерліктей жұмыс орын да тапшы. Оның өзі бала саны жетіспей, 11 жылдықтан 9 жылдыққа қысқарып қалған жалғыз мектеп.

Алтын қазама, қосымша бизнеспен айналыса ма?

Соңғы жылдары алтын қазушы компания "ВИЗОЛ" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Қойтаста алтын қазып, табиғатты ойрандаған болатын. Оған ауыл адамдары қарсылық танытып, биліктен көмек сұраған. Нәтижесінде, компания жұмысын бір айға тоқтатуға мәжбүр болыпты. Мәселе мұнымен тынған жоқ. Сол компания Қойтас ауылының іргесіндегі 800 гектар егістік алқабын иемденіп, басқа бір қожалыққа жалға беріпті.

Ал жерді компанияның қандай мақсатпен алғанын ауыл адамдары да білмейді. Тіршілігіне тықыр таяған тұрғындар "жайлымдық жеріміз тарылды" деп тағы да дабыл қақты.

"Мәселеміз шаш етектен болып тұр. Ауылда малмен жан бағып отырмыз. Бір шетіміз тау, бір шетімізді алтын қазушылар қоршап алды. Малымызды енді қайда жаярымызды білмейміз. Компания тек алтын қазумен ғана айналысады, мал ұстамайды. Бірақ бұл жерді не үшін алғандарын білмейміз. Былтыр суды ластады деп арыз жазып едік, содан бізге осылай қысым көрсеткісі келген сияқты", – дейді Қойтас ауылының тұрғыны Бақытбек Майлыханов.

Жайлымдық жерден таршылық көріп отырған қойтастықтар, аудан әкімінің алтын қазушы компанияға қыруар жерді қандай мақсатпен бергенін түсіне алмай дал. "Әкім алтын қазушылардың мүддесін қорғап отыр" деп шағымданды тұрғындар.

"Компания 800 гектар жердің бір бұрышына ғана егін салып қойды. Қалған жері бос жатыр. Егінді еккенімен жинамайды. Үкіметтің субсидиясын алып отыра береді. Айналамыздың бәрін шаруа қожалықтары қоршап бітті. Аудан әкіміне айттық. Бірақ әкім "ол өзі біледі" деп бір адамның мүддесін қорғап отыр. Негізгі шабындығымыз жоқ, осы жерді теріп, шауып жүргенбіз, енді ол да жоқ. Малымыз қоршаудың ішіне кіріп кетсе, тағы бізге айыппұл төлетеді", – дейді Бақытбек Майлыханов.

Аталған мәселе бойынша округ әкімі тұрғындарға басқа жайлымдық жердің берілгендігін айтуда.

"ВИЗОЛ" жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 800 гектар егістік жерді заңды түрде 49 жылға жалға алған. Оған не істейтінін өзі біледі. Біз халыққа басқа жер бердік. Жерді берген кезде ауыл адамдары да болды. Қазір ол жерге егін екті. Жинап алады", – дейді Абай округінің әкімі Талғат Бақтияров.

Айта кетейік, тұрғындардың жайлымдық жер деп жүргені бұрынғы совхоз кезіндегі егістік алқап. Содан бері мұнда егін егілмеген. Осыған дейін қойтастықтар мал жайып келген. Әкімнің берген жеріне ауыл адамдары риза емес, себебі берген жері тау мен тас. Шөбі селдір.

Соңғы жылдары мүлдем мерекелік шаралар өтпеген

Ауылдағы екінші үлкен мәселе мәдениет үйінің жоқтығы. Ауыл жастары кеш болса, қираған ескі мәдениет үйінің ішіне телефонның жарығын жағып алып отырады екен. Тіпті мұнда соңғы 5-6 жылда мүлдем мерекелік шаралар өтпепті.

"Мереке-мейрам деген бізде жоқ. Қаншама жылдан бері осы құлып жабулы тұр. 5-6 жыл болды, наурызды білмейміз, жаңа жылды білмейміз, ешқандай мәдени іс-шара өтпейді, өткізетін жер жоқ. Бұрын осы есіктің алдында киіз үй тігіп, наурыз өткізетінбіз, жаңа жыл өткізетінбіз, қазір түк те жоқ. Қирап жатыр", – дейді ауыл тұрғыны Гүлсім Сағидолдина.

Ауыл адамдары әкімдіктен мәдениет үйін қайта жөндетіп беруін талап етуде. Олар жастардың теріс жолға түсіп кетуінен қауіптенеді.

"Әкімдіктен қайыр болмаған соң, кезінде ішіне цемент жайып, спорт зал қылып жасадық. Кейін тозып кетті. Қазір ешқандай мәдени шара өтпейді. Есік-терезесі аңқал-саңқал болып жатыр. Жастар түнде барар жерлері жоқ, көшеде жүреді. Қыста бергі кіре берісіне дүңгір-дүңгір етіп отырады. Ертең теріс жолға түсіп кетпесіне кім кепіл", – дейді ауыл тұрғыны Нұрлан Сарсенбин.

Округ әкімі ескі мектепті мәдениет үйі қылып бермекші. Қазір құжаттар дайындалып жатқанын айтуда.

"Ауылда құлыптың жоқтығы рас. Жан санының аздығына байланысты қомақты қаржы бөле алмайтындығын аудан әкімі айтқан. Қазір Қойтас ауылында 300 тұрғын бар. Ескі мектепті мәдениет үйі қылып бермекші болып едік, құжаттары дұрыс болмай шықты. Құжаттар қайта жасалып жатыр", – дейді Талғат Қабибекұлы.

Ауызсуды арбамен тасиды

Ауыл ішін аралап жүргенімізде, арба сүйретіп су тасып жүрген тұрғындарды жиі көрдік. Ескі құдықтың суын ішіп едік, сор татып тұр.

"Ауылда орталықтандырылған ауызсу әлі тартылмаған. Біраз жыл бұрын мектептен 500 метрдей жерге су тартқан. Бірақ одан су ішкен жан жоқ, себебі су жоқ. Бұл жерде қыста тоң екі метр тереңдікте жүреді. Ал мына орнатқан құбырлары 50-60 сантиметр ғана. Қазір кейбірі құдық қазып ішіп отыр. Құдығы жоқтар көшедегі ескі құдықтан су тасиды. Сапалы су ішіп отырған халық жоқ", – дейді ауыл тұрғыны Серікбек Әбілмәжүнов.

Әкімнің екі құдықтың да ешқандай бағдарламаға кірмейтіндігін айтты. Мемлекеттен де қаржы бөлінбепті.

"Ауылға ауызсу су әлі тартылмаған. Бірақ екі құдық бар. Ешқандай бағдарламаға кірмейді. Мектепті салған кезде ауданның бұрынғы әкімі сол мердігерден көмек сұрап, ауылға екі құдық орнатып берген. Ол ешкімнің балансына қарамайды. Мемлекеттен де ақша бөлінген жоқ. Оның істейтін, істемейтінін білмейді екенмін. Ол жерде насостың қысымы жетпейді, тек мектепке ғана жетеді. Су тарту мәселесі бойынша ауданға өтінім жіберіп қойдық", – дейді округ әкімі.

Айта кетейік, жоғарыда аталған алтын қазушы компания жыл сайын Қойтас ауылының тұрғындарына ұн, май, қант, көмір беріп отырған. Бірақ компанияның жіберген "сәлемдемесі" тұрғындарға жетпеген.

"Компания басшылығымен кездескенде, ол кісі ауылға көмектесіп отырғанын айтты. Екі жыл көлемінде округ әкіміне ұн, май, көмірді "тұрғындарға таратып бер деп көмек жібердім" деді. Оны растай аламын деп те отыр. Бірақ сол көмекті ауылда ешкім алмаған. Сонда жіберген көмірі қайда кетті?", – дейді ауыл тұрғыны Наурызбай Ермуханбет.

Округ әкімі бұл жұмысқа былтыр ғана келгендіктен, бұл мәселеден хабарсыз екенін айтты.

"Мен мұнда былтыр ғана келдім. Компанияның қанша көмек істегенін білмеймін. Былтыр Бурабай ауылына 100 тонна көмір береміз деп, 50 тоннасын ғана берді", – дейді әкім.

Алтын қазушы компания соңғы бес жыл бойы ауылға көмектесіп келгенін аудандық әкімдік растап отыр.

Ұсынған ақпараттарына сүйенсек, 2017 жылы 48 тонна көмірді үш ауылдың көмекке мұқтаж жандар мен зейнеткерлерге, көп балалы отбасыларға берген. 2019 жылы 40 тонна, 2020 жылы 3 ауылға 100 тонна көмір берген. Ал 2021 жылы 48 тонда көмірді тек Бурабай ауылына ғана берген.  

Әкімдік 2020 жылы Қойтас ауылында 32 отбасы көмек алғанын жазды.

Қойнауы алтынға бай өңірдің айналасындағы ауылдар осылай тозып тұр. Жердің асты да, үсті де жергілікті адамдарға бұйырар емес. Ал үдере көшкен қойтастықтардың мәселесі нақты қашан шешілетіні әзірге белгісіз.

Таунар Қайратұлы 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу