ALTYN OIMAQ нетворкингке көңіл бөледі

5152

Байқауға тек өндірушілер ғана емес, дизайнерлер де қатыса алады. 

ALTYN OIMAQ нетворкингке көңіл бөледі

Altyn Oimaq жобасы жеңіл өнеркәсіпті қолдау және дамыту үшін жүзеге асырылуда. Жобаны "Атамекен" ҰКП Іскер әйелдер кеңесі жанындағы "Тұрақты даму және әйелдер кәсіпкерлігін қолдау қоры" қоғамдық қорымен бірлесе отырып, "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырады.

Жобаның негізгі бағыты – киім дизайнерлерінің ұлттық конкурсын өткізу. Конкурс алғаш рет 2019 жылы өтті. Наурыз айында қабылдана бастаған өтініштер екі кезеңге бөлініп жиналды. Барлығы 284 өтініш түскен еді. Комиссия 13 үміткерді іріктеп алып, оларды қоғамдық онлайн дауыс беруге салды. Осылайша алты жеңімпаз анықталды. Ал жеңімпаздардың бірі Гран-при иеленді. 

Марапаттау рәсімі желтоқсан айында Қазақстан Республикасы Президентінің "Алтын сапа" сыйлығы алаңында өткен еді. Әр жеңімпаз 1 миллион теңгеден ақшалай сыйлық алды. Гран-при иегеріне бас жүлдені премьер-министр Асқар Мамин  табыстады. 

Конкурсқа барлығы қатыса алады 

Өткен жылы өтініш бергендердің арасында жас дизайнерлер көп болды, жақсы идеялары бар студенттер де қатысты.

"Конкурсқа жеке тұлғалар да, жеке кәсіпкерлер де, жеңіл өнеркәсіп саласында жұмыс істейтін компаниялар да қатыса алады. Қолында дайын тігін бұйымының болуы міндетті емес. Өндірісі жолға қойылған компания болуы да шарт емес. Әркім өз идеясын ойлап тауып, нобайын жасап, ұсына алады", – деді inbusiness.kz тілшісіне конкурс жетекшісі Назгүл Сарбаева. 

Ең бастысы, идея талаптарға сай, бірегей әрі коммерциялық тұрғыдан да болашағы бар болуға тиіс. Өнімнің дизайны ыңғайлы, ықшам және міндетті түрде ұлттық ерекшелігімізді айшықтауы қажет. 

Фабрикаға дизайнері дөп келді 

Елордада жоба аясында байқаудан басқа форум және жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының көрмесі өтті. Сондай-ақ, серіктестермен бірлесе отырып Eurasian Fashion Week сән апталығына қатысу конкурсы ұйымдастырылып, ATAMEKEN BUSINESS арнасында 28 қатысушыға арналған бірқатар телебағдарлама жасалды. 

Тоқыма дизайнының жеке конкурсы өткізілді. Ол байқауға "Глобал – Спецодежда" өндірістік қауымдастығы серіктес болды. Жеңімпаз дизайнер 300 мың теңге көлемінде сыйақы алып, өзінің дизайнымен киім топтамасын тігуге Ақтөбе фабрикасымен келісімшартқа отырды. 

"Бұл – Алматылық дизайнер мен Ақтөбе қаласында орналасқан фабриканың бірлескен жұмысының жақсы мысалы. Олар біздің жоба арқылы таныс болды",  – деп түсіндіреді Назгүл Сарбаева. 

Құзыреттілік пен ынтымақтастық 

Биылғы жылы өндірістік кәсіпорындар мен дизайнерлерді біріктіруге, нетворкинг құруға және  қатысушылардың құзыреттерін арттыруға баса назар аударылатын болады. 

"Ол үшін 2019 жылдың соңында ынтымақтастық және бірлескен қызмет туралы хартия қабылдадық. Оған барлық аймақтағы "Атамекен" ҰКП іскер әйелдер кеңесі, Тұрақты даму және әйелдер кәсіпкерлігін қолдау қоры, 13 аймақтық бірлестік (тігін, дизайн, қолөнер) қосылды. Осы қауымдастықтар негізінде тоғыз аймақта жобаның елшілері пайда болды", – деді конкурс жетекшісі. 

Сонымен қатар, ұйымдастырушылар тәуелсіз сарапшыларды шақыруды жоспарлап отыр. Олар өтінімдерді таңдауда дауыс беру құқығына ие болмайды, бұл функция комиссияның құзырында қалады. Дегенмен сарапшылар ұсынылған идеялардың коммерциялық тартымдылығын бағалауға көмектеседі. 

Жобаның жеке сайты бар, сондай-ақ барлық ақпарат жобаның әлеуметтік желілердегі парақшаларында жарияланады. Өткен жылы бұқаралық ақпарат құралдарында 150-ден астам материал жарық көрді, ал "АТАМЕКЕН БИЗНЕС" арнасында телехабар таратылды. Мұның бәрі жас өндірушілердің танымал бола түсуіне ықпал етуде. 

Биыл байқауға өтінімдер қабылдау 4 наурызда басталады. Алты номинация болады. Іскер адамдар киімі, балалар киімі, спорт киімі, тоқыма, аксессуарлар, сондай-ақ көше стиліндегі ең жақсы дизайн таңдалып алынады.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу