Алтынмен "апталған" Ақсу жұрты неге Президентке шағымданып жүр?

2578

Тұрғындар денсаулықты құртып, тәулік бойы тіс арасында шықырлаған улы шаң-тозаңнан қажыды.   

Алтынмен "апталған" Ақсу жұрты неге Президентке шағымданып жүр? Фото: tengrinews.kz

Пиардың қуаты керемет. Оның көмегімен көркем көріністер түзуге болады. Қиял шектемесе, қияға құлаш ұруға жол ашық. Ақырсында биліктің соған бек сеніп, халықтың неге ашынатынын аңдамай қалуы ғажап емес. Мысалы, былтырғы 14 қыркүйекте Tengrinews  "Аксу – поселок, где добывают золото" атты мақала жариялады. Ондағы әр фото көз қуантады: күн шуағына шомылған қала, жөнделген аула, шаттық пен думанға жиналған жұрт, күлімсіреген әкім. Бәрі жарасымды. Танымал әнші-әртістер халықтық серуеннің көркін келтірген, тегін палау елді тойдырған. Түнгі тұнық аспанды отшашу түрлі-түске бояпты.

"Міне, осылай, Ақсу кенті жұмыла жұмыс істейді, бірге тойлайды, өмір сүріп, өркендейді", – деген пафосты сөздермен аяқтады репортажын Тенгриньюс тілшісі. Бұл ауылда әр күн мейрам ба деп қаласың.

Шынында әрине, олай емес...

Жалпы, Ақсу атты ауылдар елімізде өте көп. Тіпті Павлодар облысында Ақсу қаласы бар. Бірақ Ақмола облысындағы Ақсу кенті көбірек танымал. Себебі онда белгілі қаржылық-өндірістік топтарға жататын алпауыттар алтын өндіреді. Ақсу кентінің ашылғанына 90 жылдан асты. Оның картада пайда болуына Кеңес одағының осы маңда алтын өндірісін бастауы ықпал етті. Тарихқа жүгінсек, археологтар мұнда алтынды сақ бабаларымыз сонау мыс дәуірінде өндіре бастағанын анықтаған.

Бүгінде онда алтын өндірумен "Алтыналмас" АҚ кәсіпорындары айналысады. Тұрғындардың көпшілігі соған қызмет етеді, шахталарда, карьерлерде, фабрикаларда ауыр жұмыс атқарады.

Жұрт елді асыраған жалғыз кәсіпорынның тілеуін тілесе керек еді. Алайда тіршілік тауқыметінен титықтап қажыған, әрі биліктің бей-жайлығына көңілі құлазыған жергілікті жұртшылық кейде серпіліп, шар болаттай ширығып, жоғарыға жаңа қарқынмен шағымдана бастайды. Ақсулықтар тіпті ел Президентіне хат жазды.

Тұрғын Григорий Вингер Ақсу кенті айналасында мемлекет берген лицензиялар негізінде 7 кен орнының игеріліп жатқанын анықтапты.

"Заңнама бойынша және контрактілік міндеттемелерге сәйкес, өндірумен, барлаумен айналысушы кәсіпорындар жергілікті әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға қаржы салуы шарт. Бұл үшін олар жергілікті қоғамдастықтың пікірін біліп, мұң-мұқтаждығын тыңдауы қажет. Алайда көп жылдан бері бізді мекенімізден қоныс аударуға арсыз түрде мәжбүрлеп келеді. Кен орындарында жарылыстар жасайды, техногенді минералды қалдықтарды шаңдатады, радиациялық апат қаупін төндіреді. Халық улы шаңға қақалады. Өз кезегінде билік тіршілікке қажетті жағдайлар жасамайды, қоғамдық көлікті жолға қоймады. Бізбен кездесуден өңір әкімі қашқақтайды. Президенттің жарлығы бар емес пе, соның аясында әкімдер келіп, кент тұрғындарымен ашық сөйлессін, не алаңдататынын білсін, Жаңа Қазақстан аясында бізде не өзгеріс болатынын айтсын", – дейді Григорий.

Кент тұрғыны Әсел Аксу мен Кварциткада (бұрынғы кент, қазір шағынаудан) мектеп пен емхана ғимараттарының іші де, сырты да нашар жағдайда екеніне назар аудартты. Көшелер жете жарықтандырылмайды. Қараңғы түсе көшеде ит қабу, ұры-қары жолығу қаупі өсе түседі. Көшелерде асфальт төселсе, балалардың бос уақытын өткізетін түрлі үйірмелер, спорт секциялары көптеп ашылса деп армандайды. Бұдан бөлек, тұрғындар кентті орталықтандырылған жылу жүйесіне қосса немесе газдандырса деген тілек айтады.

Жергілікті тұрғын Денис Никоненко Ақсудың кезінде гүлденген кент болғанын сағына еске алды.

Ол алтын өндіруші кәсіпорыннан орталық және облыстық бюджетке мол салық түсетін шығар деп тұспалдайды: компанияның жыл сайын нақты қандай байлыққа кенеліп, қанша салық төлейтінін белсенділер білмек болыпты. Нәтиже шығара алмаған екен.   

"Қалай болғанда, кәсіпорын төлейтін үлкен салықтардан неге кент жұртшылығының өмірін жақсартуға ақша тимейді? Әділетті Қазақстанда әлеуметтік әділетсіздікке тоқтау салатын кез жеткенін Президентіміз айтқан жоқ па? Неге алтынның үстінде отырған, соны молынан өндіруге жұмыс істейтін ақсулықтар тіршілік тауқыметін тартады? Бізде бүкіл үйлерді жылу жүйесіне қосу үшін қажетті барлық инфрақұрылым, ЖЭО, кеніштегі қазандық бар. Елді мекенде әлеуметтік нысандарды жаңадан салмаса, ең құрығанда күрделі жөндеу жүргізіп берсін", – деді Денис.

Жергілікті қоғам белсендісі Александр Сизов тұрғындар атынан облыс әкімі Ермек Маржықпаевқа жүгінді. Онда ол Ақсуда қоршаған ортаның залалды өндірістік қалдықтармен әбден уланғанын хабарлап, содан қырылып қалмау үшін жергілікті жұртшылықты құтқару жолдарын қарастыруды сұрады. Ол тұрғындардың 1 мың қолын жинап, Президенттің атына арыз хат жолданғанын мәлім етті. Бірақ ол хат жоғарыдан облыс әкімдігіне түсіріліпті.

"Облыс жақтан бізге түрлі шенеуніктер қол қойған жалтарма жауаптар ғана келеді. Соның бірі облыс әкімінен келді. Әкімдік 2019 жылғы аумақтарды дамыту жоспарында бізді Степногор қаласының 10–11-ші шағынауданына қағаз жүзінде қоныстандырып қойды. Кейбір шенеунік біздің бәріміз сонда, Степногор қаласында спортпен шұғылданып, паркте серуендеп, шаттана өмір сүріп жатыр деп хабарлаудан да арланбапты. Бірақ мұның бәрі әкімдіктегілердің қиялындағы көрініс қана. Шын көрініс төбе шашты тік тұрғызады", – деді ол.

Қоғам белсендісі ақсулықтардың қолданыстағы және жаңадан ашылып жатқан аса улы тау-кен өндіруші, өңдеуші кәсіпорындардың жанында ары қарай тұрып жатқанын жеткізді.

"Бұл кәсіпорындар технологиялық процесте цианид, хлор, күкірт және азот қышқылдарын, мыс купоросын, аммиак селитрасын және басқасын пайдаланады. Бұған қоса, Ақсу қаптаған күшала (мышьяк), кремний және басқа да "Менделеев кестесінің" ең улы элементтері көмілген қалдықтарды сақтау қоймаларының қоршауында қалды. Осы қауіпті қоймалардың, карьерлердің арасында, лабиринтте ойнаған балалар бақытты ма? Ашық аспан астында орналасқан, орасан зор алаңдарды алып жатқан қалдық сақтау қоймаларынан тоқтаусыз тараған улы цианид ерітінділерінің "жұпары" ауаны әбден қанықтырғанда, ұртымыз бадам-миндальдың дәміне толады. Бірақ бұл да бізді бақытты етпейді. Себебі, оның жаңғақ емес, улы цианид екенін түсінеміз. Ересектердің де, балалардың да аузында кеніштерден жел үйіріп тарататын ұсақ шаң-тозаң шықырлайды. Тұрғындардың бәрінің тісі ауырады, түсіп қалып жатады!", – деп қамығады А.Сизов.

Ол аурушаң ақсулықтарда болашаққа деген сенім қалмай бара жатқанын айтты.

2021 жылы ақпарат құралдары "Алтыналмас" АҚ еншілес кәсіпорны – "Ақсу Technology" ЖШС Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында Доре қорытпасы негізінде қуаты жылына 6 тонна алтын өндіретін фабрикасын пайдалануға бергенін жарыса жазды.

"Маңызды индустриялық жобалардың ішінде Ақмола облысы Ақсу ауылында "Қазақалтын Technology" ЖШС алтын өндіретін фабрикасының құрылысын атауға болады. Бұл еліміздегі Доре қорытпасы түрінде (яғни, алтын кен орындарында алынатын және келесі тазалау үшін аффинажды зауыттарға жіберілетін алтын-күміс қорытпасы) алтын және күміс өндірумен айналысатын, асыл металдары бар техногенді минералды қалдықтарды қайта өңдеу бойынша алғашқы кәсіпорын. Жобаны іске асыру жыл сайын 7 миллион тоннаға дейін техногенді минералды қалдықтарды қайта өңдеуге мүмкіндік береді. Жаңа технология арқылы тек бастапқы кезеңнің өзінде 4 тоннаға дейін алтын және 2 тоннаға дейін күміс аламыз. Жобаны іске асыру металдар алуда заманауи автоматтандырылған технологияларды қолдануды талап етті", – деп дәріптей жазылған Үкімет есебінде.

Ұлттық экономика министрлігінің дерегінше, дәл осы компания 2025 жылдың соңына дейін Ақсу кентінің алтын өндіру фабрикасын бейімдеп, қайта жаңартып шықпақ. Жобаға 24,4 млрд теңге инвестиция құяды деп жоспарланған. Бұл да кен өндірісі және өңделу көлемі артады деген сөз.

Дегенмен, Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, "Степногор қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2023–2027 жылдарға арналған кешенді жоспары" жобасы аясында бұл елді мекеннің мәселелерін шешуге де мән беріледі. Мысалы, Ақсу стадионын қайта жаңарту жоспарланған. Бірақ құрылысы үш жылға созылып, 2025 жылдың соңында ғана аяқталмақ. Оған 2023 жылы – 33 млн, 2024 жылы – 350 млн, ал  2025 жылы тағы 350 млн теңге бөлу ұсынылды.

Кешенді жоспар аясында Ақсу және Заводской кенттерінің сумен жабдықтау жүйелері модернизацияланады. Пайдалануға беру актісіне 2024 жылғы 4 тоқсанда қол қойылады деп белгіленген. Жобаға 181 млн теңге қарастырылмақ. Ақсу кентінің автомобиль жолдарын орташа жөндеу көзделген. Бұған 2023–2026 жылдары, жыл сайын 45 млн теңгеден бағытталып тұруға тиіс.

Ақсулықтар аурухана, жаңа мектеп пен емхана, білікті медициналық персонал, парк, скверлер, спорт секциялары, сапалы жолдар мен жүргінші жолдары болуын қалайды. 

Қынжылтатыны сол, кешенді жоспардың "Экологиялық мәселелерді шешу" тарауында Ақсу кентінің тұрғындары көтеріп отырған проблемалар көрініс таппапты. Шенеуніктер осындай атүсті, шикі жобаларымен халықты ашындырып алмаса, жөн.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу