Алтыннан қымбат күміс

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
2880

Грек-рим күресінің өкілі Демеу Жадыраев 6 жылдан соң әлем чемпионатының финалында Қазақстан құрамасының қоржынына күміс медаль салды.  

Алтыннан қымбат күміс

Күрес түрлерінен Парижде өтіп жатқан әлем біріншілігінің алғашқы жарыс күнінде ел қоржынына күміс жүлде түсті. 71 келіде белдескен грек-рим күресінің өкілі Демеу Жадыраев финалда сүрінді. Ол 2015 жылғы әлем чемпионатының жеңімпазы германиялық Фрэнк Штэблирге есе жіберді.

Бұл финалды қазақ жанкүйерлері алты жыл күтті. Соңғы рет "классиктеріміз" 2011 жылы Ыстамбұлда өткен біріншіліктің ақтық сынында белдескен болатын. Түркия төрінде Алмат Кебіспаев (60 келі) финалда өнер көрсетіп, ирандық Омид Норузиға ұтылған еді. Содан бергі біріншіліктерде жігіттеріміздің жолы болған емес. Осы олқылықтың орнын кеше Демеу Жадыраев толтырды.

Демеудің Париж бозкілеміндегі белдесулеріне аз-кем шолу жасап өтсек. Ол әуелі норвегиялық Петер Карлсеннен айласын асырды (2:1). Одан кейін ресейлік Адам Курактың осал тұсын тапты (6:2). Қырғыз балуаны Нұрғазы Асанғұлов та Демеудің кезекті "құрбандығына" айналды (6:4). Жартылай финалда әлем чемпионы Блинта Корпасимен (Венгрия) жолы түйісті. 1:1 есебі тіркелді. Соңғы әрекетті Демеу жасағандықтан, төрешілер отандасымызды жеңімпаз деп таныды.

Грек-рим күресінен Мәскеу Олимпиадасының чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің айтуынша, Демеудің бұл күмісі – мақтануға да, мақтауға да тұрарлық жетістік.

"Алдымен Демеуді, спорт жанкүйерлерін осы жетістікпен құттықтаймын. Бұл қазақ спорты үшін зор табыс. Біздің "классиктер" алты жылдан кейін әлем чемпионатының финалында күресті. Осыған да шүкір деуіміз керек. Көптен күткен арманымыз орындалды. Күміс жүлде Демеу үшін алтынмен пара-пар деп ойлаймын.

Өзім белгілі бір себептерге байланысты Парижге бара алмадым. Бірақ жігіттердің өнерін теледидардан қалт жібермей тамашаладым. Демеу финалда жақсы күресті. Қарсыласы да осал спортшы емес. Жалпы, әлем біріншілігіне әр елдің мен деген маңдайалды мықтылары келетінін ұмытпайық. Оның үстіне, Демеудің финалдағы қарсыласы Фрэнк Штэблир  бұған дейін әлем чемпионы атанған спортшы. Сондықтан мұндай тәжірибелі балуанмен белдесу қашанда қиын. Соған қарамастан Демеу неміс спортшысымен тең дәрежеде белдесті. Төрттағанда тұрып қарсыласына ұпай ұстатпауының өзі Демеудің мықтылығын байқатты емес пе?! Бұл сында Штэблир мол тәжірибенің арқасында көздеген мақсатына жетті.

Жарыс жолына бүгін шығатын жігіттер де сенімді ақтайды деген үміттемін. Алмат Кебіспаевтан жүлде күтеміз. Оның салмағында (66 келі) бәсекелестік жоғары. Мейрамбек Айнағұлов пен Асхат Ділмұхамедов те жерге қаратпауы тиіс. Жігіттерге сәттілік тілеймін!", – деді Жақсылық Үшкемпіров abctv.kz-ке берген сұхбатында.  

Орайы келіп тұрғанда грек-рим күресі балуандарының осыған дейін өткен  әлем чемпионаттарындағы табысына тоқталғанымыз жөн болар. "Statsport.kz" - тің жазуынша, күрестің бұл түрінен ел қоржынына алғашқы жүлдені сыйлаған – Дәулет Тұрлыханов. Ол 1993 жылы Швеция астанасы Стокгольмде жалауын желбіреткен біріншілікте күміс жүлдегер (82 келі) атанды. Ал байрақты бәсекеде Қазақстанның алғашқы алтын жүлдесін Юрий Мельниченко (1994 жыл, Тампере қаласы, Финляндия) иеленді. Сондай-ақ ол – біздің құрамадағы жүлдеге "бай" спортшы. Юрий Мельниченко әлем чемпионаттарынан 4 медаль олжалады. Оның екеуі – алтын (1994 және 1997 жылдары), екеуі – күміс (1995 және 1999 жылдары).

Нұрмахан Тінәлиев пен Бақтияр Байсейітов – әлем біріншіліктеріне ең көп қатысқан спортшылар. Олар 6 мәрте ел намысын қорғапты. Нұрмахан 3 қола медальды (2010, 2011 және 2013 жылдары) мойнына ілсе, Бақтияр - 1 алтын (1998) мен 1 күмістің (1995) иесі.

Кеше жарыс жолына шыққан Мақсат Ережепов, Азамат Құстыбаев, Ерұлан Ысқақов сенімді ақтай алмады. Ал бүгін Мейрамбек Айнағұлов, Алмат Кебіспаев және Асхат Ділмұхамедовтен жүлде күтеміз.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу