Алыпсатардың айылын тартар біреудің табылмағаны ма?!

Ирина Севостьянова Ирина Севостьянова
46563

Сенаторлар аграрлық сектордағы мафия мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасын реттеудегі "қатаң шаралар" жайлы сөз қозғады.

Алыпсатардың айылын тартар біреудің табылмағаны ма?!

Сенаттың халықаралық қатынас, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитеті мүшелері тура үш сағат бойы азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы жағдайды талқылады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің саланы өте қарқынды дамытып жатырмыз деген уәжіне қарамастан, сенаторлар АӨК саласында қиындық көп, ал оны шешудің жолы аз екенін алға тартты.

Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов депутаттарды Қазақстандағы азық-түлік қауіпсіздігі жағдайы соншалықты нашар еместігін айтып босқа қызыл кеңірдек болды. Ол әлемдік стандарттарға сай егер халықтың жылдық тұтынушылығы отандық өндірушілер есебінен 80%-ға қамтамасыз етілетін болса, онда ел азық-түлікпен қамтылған болып саналады деген мәліметтерді келтірді. Ал Қазақстан бұл критерийге толығымен сай келеді, себебі ішкі нарықтың негізгі азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етілу жағдайы 2016 жылдың қаңтар-қараша айында 80% болған.

"Күріш, қой еті, тауық жұмыртқасы, бидай ұны, нан, жармамен қамтамасыз ету 100%-дан асады. Сиыр, шошқа және жылқы етімен қамтамасыз ету 98,1, 99,4 және 99,1%. Еттің ішкі нарығы (құс етінен басқа) импортқа тәуелді емес. Макарон өнімі – 93,6%, сүт – 99,6, қышқыл сүт өнімі – 86,1%-ды көрсетіп, жоғары қамтамасыз етілгені байқалады. Ішкі тұтынудағы жекелеген тауар бойынша отандық өнім үлесі әлі күнге дейін төмен деңгейде қалып отыр. Бұл – құс еті (51,8%), сары май (68,3%), ірімшік және сүзбе (56,5%), сұйық май (72,9%), шұжық өнімдері (58,7%), алма (58%), балық (65,5%)", – деп түгендеп шықты вице-министр.

Депутаттарды статистика емес, нақты мәселе қызықтырды. Мысалы қолдау шарасы түгелдей жасалып, көлемнің өскеніне қарамай, тұтынушылар үшін өнім неге арзандамайды. Вице-министр баға түсіп жатыр деп сендірді... Бірақ біз үшін, сатып алушылар үшін емес.

"Ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін, көбісі ет бағасы түсіп жатыр дейді. Бірақ сол ет бөлшектік саудаға түскенде, бағасы жоғары болып шыға келеді", – деген вице-министр "өндіруші мен сатып алушының бағасы арасындағы дельтаны" түсіндіре бастап еді, оны комитет төрағасы Дариға Назарбаева бөліп жіберіп, "Бұл барлығына белгілі, енді онымен не істеу керек?", – деп сұрады.

Бұған вице-министр ойланып жатпай: "Реттеу керек", – деп жауап берді. "Біз қазір әлеуметтік маңызы бар 33 өнімді реттеп жатырмыз. Ол жерде негізгі тамақ өнімдері бар. Үкімет қаулысымен 33 өнімді сараптап отырмыз. Одан әрі басқа сала айналысуы керек. Сондықтан бұл жерде бағаны көтермеу сияқты көптеген тәсіл, әртүрлі механизм бар, тіпті бұған мысал да келтіре аламын. Қарағандыда жұмыс істеген жарты жылда бағаны бір деңгейде ұстап тұрдық. Бағаны ұстап тұруға болады. Баға сауда үстемесінің есебінен өсіп отыр. Тіпті айналым есебінен кішкентай маржа жасасаң, нәтижесінде сатушылар үшін тиімді болып шығады...".

Вице-министрдің сөзін тағы бөлген Дариға Назарбаева: "Сауда үстемесімен қалай күреспекшісіздер, бұған қатысты қандай да бір жоспарларыңыз бар ма?", – деп сұрады.

Бұған вице-министр: "Бар", – деп қысқа жауап берді де, тағы да өзінің өңірдегі тәжірибесін айтып кетті. Комитет төрағасы бағаны ұстап тұруды нарықтық механизм деуге болмайтынын айтты. Ал Қайрат Айтуғанов мұнымен келіспей: "Бұл нарықтық механизм деп ойлаймын. Біз бағаны ұстап тұрғанымыз жоқ. Біз төменгі сауда үстемесі барысында кәсіпкер үлкен табыс табатынын айтамыз, себебі айналым есебінен іске асады. Мұны түсінгендер көнеді, төмен сауда үстемесі – бұл әлемдік тәжірибе", – деді.

Министрлік құрылып жатқан сауда-логистикалық орталықтар бағаның тұрақталуына әкеледі деп үміттенеді, себебі орталық құрылғаннан кейін делдалдар қажет болмайды. Қазір сенатор Мұхтар Алтынбаевтың айтуынша, елдің жеміс-көкөніс нарығын мафия жайлаған.

"Мафия бар. Мысалы оңтүстіктен Астанаға көкөніс әкелді дейік. Олар бірден тікелей шыға алмайтынын бәріміз білеміз. Оларды күтіп алатын адамдар бар, оларға бермей көр, олар өлтіруден де тайынбайды", – дейді ол.

Комитет төрағасы астықты сатып алып, сақтап, несиелеуге дейін және өнімді экспортқа шығаруға дейінгімен айналысатын азық-түлік корпорациясын да "мафияның бір түрі" деп көрсетті. Вице-министр бұл мәселе шешіліп жатқанын айтып сендірді.

"Ол тек азық-түлік қауіпсіздігімен және экспорттық нарыққа шығарумен айналысуы керек. Бүгінгі күні бір міндетті алып тастадық, қазір олар несие бермейді. Енді ол ауыл шаруашылығы өндірушілерінен өнімді дұрыс бағамен сатып алып, қалыптастырып, экспорттауы керек. Азық-түлік корпорациясы экспорттық орталық болуы үшін жұмысты қазір бастап жатырмыз. Бұған қатысты тәжірибені биыл ғана бастап отырмыз", – дейді вице-министр.

"Азық-түлік корпорациясы жұмысында мобилизацияланған қор мәселесін дұрыс шешіп алу керек", – деп комитет төрағасы бұл мәселеге нүкте қойды.

Депутаттар елде пісіріліп жатқан нан сапасына қатысты ойларын да ортаға салды. Сенатор Ләззат Қиынов бұған улы нан ашытқысы себеп болып отырғанын айтты.

"Оларды нан пісіру кезінде мүлде қолдануға болмайды. Мұны тапқан автордың өзі нанға қолдануға болмайтынын айтқан, ал біз оны қолданып отырмыз. Ашытқының құрамында формалин бар. Ал формалин – у, оны өлікті сақтау үшін қолданады", – дейді ол.

Вице-министр ашытқы құрамындағы формалин туралы естімегенін айтып ақталғаны сол еді, сол мезетте-ақ бұл мәселені анықтауға тапсырма алды. Азық-түлік корпорациясы басқармасының төрағасы Сәбит Қашқымбаев нанның неге дәмсіз екенін былайша түсіндірді. "500 теңге тұратын француз наны дәмді. Ал біздегі нан 60-80 теңге тұрады, өйткені бұл үнемдеуден шыққан нан".

Баға туралы сөз қозғаған компания өкілі соңында негізгі мәселе – бағаның неге арзандамайтынына қалай қайтып келгенін өзі аңғармай қалды.

Осы орайда Ләззат Қиынов энергетика министрлігінде жұмыс істеген кезінде ЖЖМ бағасын тұрақтандыруға тырысқанын еске алды: "Біз әрбір сауда желісіне үш, бес пайыздан артық қоспауды айттық. Егер айтылғанды орындамайтын болсаң, жанармай бермейміз дедік. Бұл жағдайда барлық сауда желісіне үлкен пайыз қоспау керектігін заң жүзінде бекіту керек".

"Қазір сол салада жұмыс істемейтініңіз өкінішті. Мүмкін бензин арзан болар ма еді", – деп қамыққан Дариға Назарбаева, пікірталас қорытындысын шығарып, сауда үстемесі туралы мәселе 20 жыл бойы айтылып келеді, алайда мәселе әлі шешімін таппай отыр деді.

"Бір нәрсені айналып, шешімін таба алмай жүрміз. Бұл бір күшті топ, бұларды жеңу қиын, бұл топтың мүддесі мемлекет мүддесінен жоғары тұр. Мүмкін бұл жұмысты мен білмейтін шығармын. Бірақ мұнымен айналысу керек. Қатаң механизм ойластырып, бұл жүйені бұзу керек. Сауда үстемесіне қандай да бір заңнамалық шектеу қою керек. Иә, бұл нарықтық механизм емес, алайда алыпсатар өздігінен құритындай қатаң шара енгізу керек", – деп ұсынды ол.

Ирина Севостьянова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу