Алыстағы ауыл тұрғындары медициналық қызметті қалай алып жүр?

1731

Ауылдық аймақтарда тұратын ағайынды қолжетімді және сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ету өзекті. Өйткені ел тұрғындарының  40 пайызы ауылда тұрады.  

Алыстағы ауыл тұрғындары медициналық қызметті қалай алып жүр? Фото: google.com

МӘМС жүйесі іске қосылғалы ауылдықтардың қалта шығыны азайып, күндізгі және тәулік бойы жұмыс істейтін стационарларда емдеуді қаржыландыру көзделген. Осыған орай, ауылдарда, әсіресе дәрігері жоқ шалғай елді мекендегі азаматтардың медициналық қызметті қалай алатыны туралы сауалдарды Павлодар облысы Ақтоғай аудандық ауруханасының бас дәрігері Мадина Сабыроваға қойдық.

– Мадина Әнуарбекқызы, учаскелік дәрігер әр отбасы мүшелерін бақылап, назарда ұстауға тиіс. Диагноздарын ескеріп, тіпті тұқым қуалауға бейім ауруларды назардан шығармауы керек. Бұл ретте ауыл тұрғындарын кім және қалай бақылайды?

– Ақтоғай ауданының әр ауылында дәрігерлік амбулатория немесе медициналық пункт бар және барлығы да медициналық қызметкермен қамтылған. Дәрігері бар елді мекендерде – ауылдық азаматтарды бақылауға қатысты мәселе жоқ. Ал медбикесі ғана бар ауылдарға жақын маңдағы ауылдардан дәрігер бекітіледі. Ол әр тұрғынның анамнезін жақсы біледі. Пациент ауырып тұрса, ең бірінші ауылдағы медбикеге барып көрінеді. Әрі қарай ол бекітілген дәрігерге хабарласып, оны ауылға шақырады немесе науқастың жағдайына қарап, бірден ауруханаға жолдама беріледі. Мысалы, салқын тиіп, тұмауратып қалған адамдарды сол бекітілген дәрігер қарап, дәріге рецепт жазып береді.

Осы жерде айта кетейін, 50 адамға дейін тұратын ауылдық жерлерге көрші ауылдың медбикесі қызмет көрсетеді. Мысалы, біздегі Қарабұзау ауылының тұрғындары Харьков ауылының медбикесімен тығыз байланыста болады. Ауылдықтар қандай да бір шағыммен жүгінген жағдайда, қызметкер пациенттің патологиясына қарап, керек болса, оны санитарлық автокөлікпен аудандық ауруханаға жеткізеді. Пациент жоспарлы тексерілуден өткісі келсе, Харьков ауылының медпунктінен жолдама беріледі.

Сонымен қатар аудан басшысы және емхана меңгерушісі жылдың басында ауылдарға бекітілген кесте бойынша, жергілікті тұрғындарды медициналық тексерістен өткізу үшін бұйрық шығарылады.

– Профилактикалық медицина аурудың алдын алудағы басты құрал екенін білеміз. Қазір осы бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр? 

– Профилактикалық тексерулер бүкіл ел бойынша жүргізіліп жатыр. Ол жүрек-тамыр жүйесі, несеп жүйесі ауруларының, қант диабетінің, асқазан мен бүйректің созылмалы ауруларының ерте кезеңдерін анықтауға бағытталған.  Онкологиялық скринингтер жүргізіледі.

Бұдан бөлек, ауыл халқын қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз етуде көлік медицинасын дамытуға үлкен көңіл бөлініп, жылжымалы медициналық кешендер, "Денсаулық пойыздары", санитарлық авиация халыққа қызмет көрсетеді. Өткен жылдың ішінде жылжымалы медициналық кешендер мен пойыздар арқылы ауданымыздағы барлық дерлік ауыл тұрғыны дәрігерлердің тексеруінен өтіп, зертханалық-диагностикалық қызметтер көрсетіліп, салалық мамандардың кеңестері берілді. Бұл ауыл азаматтарының уақытын үнемдеп, бір жерде бірнеше салалық маманның қабылдауына кіруге мүмкіндік береді.

– Дәрігерге жазылу қалай іске асады? Мысалы қалаларда қандай да бір медициналық қызмет керек болғанда алдымен учаскелік дәрігерге жазыламыз, сосын медициналық көрсеткіш болған жағдайда, анализдер мен салалық маманға жолдама береді. Ауылдарда қалай? Азаматтар әрі-бері жүрмеуі үшін қандай да бір жүйе бар ма?

– Дәрігердің қабылдауына жазылудың бірнеше түрі бар. Азаматтар аудандық аурухананың тіркеу орнына барып жазыла алады немесе "Дамумед" мобильді қосымшасын да пайдалана алады. Сонымен қатар ауылдағы дәрігер болсын, медбике болсын адамның бойынан қандай да бір ауытқуды байқаса ауданға жібереді. Олар анализдерге, бейінді дәрігерлерге жолдама жазып беріп, пациент жазылған күні мен уақытында барып көрінеді.

Тағы бір айта кететін жайт, ауылдағы жасы келген қарттар "Дамумедпен" жазыла алмайды. Олар медбикеден керек қызмет түрлеріне жолдама жазғызып алады. Сонымен бірге аудандық аурухананың тіркеу орнының 22194 нөмірі бойынша хабарласып жазыла алады. Пациент мекемеге жеткенде талонын алып, дәрігер қабылдауына кіреді.  

– Медбике арқылы анализдерге жолдама алды делік, ал керек салалық маман сол ауданда болмаған жағдайда не істейді? Қалаға жібере ме?

– Иә, қандай да бір салалық маман болмаған жағдайда пациентті бірлесіп орындау шарты бойынша жұмыс істейтін қаладағы медициналық ұйымға жолдамамен жібереміз. Жалпы тұрғындарымыз көбіне салалық мамандардың кеңесін аудандық ауруханада алады.

Ауданның орталық ауруханасы мен емхана УЗИ апараттарымен толықтай жабдықталған. Ал КТ, МРТ апараттары тек қана қалалық жерлерде болғандықтан, адамдарды қалаға жібереміз.

– Ауылдықтар жедел жәрдемді қалай шақырады? Жедел жәрдем оларға ауданнан келе ме?

– Жедел жәрдем 18 шақырымнан аспайтын ауылдық жерлерге қызмет көрсетеді. Павлодар қаласының жедел медициналық көмек көрсететін қосалқы станциясы шұғыл медициналық көмек көрсетеді. Айта кетерлігі, оның аудандық ауруханаға қатысы жоқ. Межеге жету жылдамдығы науқастың жағдайына байланысты.

– Жүкті әйелдер де дәрігерге жиі қаралып, анализдер тапсырып тұруы керек. Олар қалай қаралады? Шұғыл көмек керек болған кезде не істейді?

– Дәрігерлік амбулаторияларда, фельдшерлік-акушерлік пунктерде лаборатория жұмыс істейді. Жүкті әйелдер акушер бақылауында болады. Ал ол болмаса, жүкті әйелдер ай сайын жоспарлы түрде аудандық ауруханаға барып, қажет анализдерді тапсырады. Оған шұғыл медициналық көмек керек болса, 103-ке хабарласып жедел жәрдем шақыра алады немесе аудандық аурухананың санитарлық көлігімен аудандық ауруханаға жеткізіледі.

– Аудан орталығында оңалту қызметі көрсетіле ме?

– Аудандық ауруханада күндізгі стационар деңгейінде ми қан айналымының бұзылуы бар пациенттерге оңалтудың үшінші кезеңі көрсетіледі. Оған емдік дене шынықтыру, физиотерапия, массаж кіреді. Көбіне адамдарды оңалтудан өтуге қалаға жолдамамен жібереміз. Қазір оңалту қызметі МӘМС есебінен көрсетіледі. Бұл азаматтарға қалта шығынын азайтуға септігін тигізуде. Мысалы, оңалтудың он күндік курсы 400 мыңның үстінде шығады. Ал оны жылына бірнеше мәрте өтетін пациенттеріміз бар. Айта кету керек, пациенттің қалауы бойынша кез-келген қалада оңалту емін алуға болады. Ол үшін учаскелік дәрігердің жолдамасы жеткілікті.

– Балалар мен жүкті әйелдер жоспарлы түрде стоматологиялық қызметтерді МӘМС аясында ала алады. Ауылдықтар ше? Арнайы қалаға бара ма әлде ауданда МӘМС аясында қызмет көрсететін клиникалар бар ма?

– Иә, МӘМС есебінен стоматологиялық көмек ауданымызда да көрсетіледі. Айта кетерлігі, ол үшін дәрігердің жолдамасы керек емес. 18-ге толмаған балалар мен жүкті әйелдерге стоматологиялық қызметтер МӘМС аясында көрсетіледі. Бұдан бөлек, шұғыл стоматологиялық қызметтер халықтың 10 санаты үшін қолжетімді: 18 жасқа дейінгі балалар; жүкті әйелдер; Ұлы Отан соғысының ардагерлері; мүгедектер; "Алтын алқа", "Күміс алка" алқаларымен марапатталған көп балалы аналар; жасы бойынша зейнеткерлер; атаулы әлеуметтік көмек алушылар; айналасындағыларға қауіп төндіретін инфекциялық, әлеуметтік маңызы бар аурулары бар пациенттер; мүгедек балаға күтім жасайтын жұмыссыздар; I топтағы мүгедекке күтім жасайтын жұмыссыздар.

Қазір көптеген стоматология Қормен шарт жасасып, аудан орталықтары мен ірі кенттерде қызмет көрсетеді. Айта кету керек, стоматологкқа бару үшін учаскелік дәрігердің жолдамасы қажет емес. Сондықтан тиісті санаттағы ауыл тұрғыны МӘМС аясында пациенттерді қабылдайтын стоматологияны өз бетінше таңдай алады (клиникалардың тізбесін Қордың сайтында "Медициналық көмекті сатып алу" - "Консультативно-диагностикалық қызмет жеткізушілері" бөлімінен көруге болады), және қажет емге жазыла алады. 

– Ауылдық жерлерде маусымдық жұмыстар көп. Мысалы шөп шауып, көкөніс, жеміс сатып нәпақасын тауып жүрген азаматтар жетерлік. Олар жұмыс істеген кезде МӘМС үшін төлем жасайды да, кейінгі айларға төлем жасалмай қалады. Мұндай жағдайда бұл азаматтар не істейді?

– Иә маусымдық жұмыс халықтың әлеуметтік осал топтары үшін үлкен мәселе. Олар жұмыс жоқ кезде бірыңғай жиынтық төлемді (БЖТ) төлемей қояды. Салдарынан сақтандыру мәртебесінен айрылады. Ауылдықтар төлейтін БЖТ көлемі 0,5 АЕК, яғни 1 725 теңгені құрайды. Оған жеке табыс салығы, әлеуметтік аударымдар, міндетті зейнетақы жарналары, МӘМС аударымдары кіреді. Яғни ай сайын осы соманы төлеген азаматтар, сақтандырылған тұлға ретінде медициналық көмек керек болса, МӘМС есебінен барлық қызмет түрін ала алады. Мысалы анализдер, диагностикалық қызметтер, салалық мамандардың кеңесі, сондай-ақ бағасы бірнеше миллион теңгеден асатын операцияларды жасата алады. Ол үшін қосымша қаржы төлемейді. Сол себепті азаматтарға БЖТ төлеудің тиімді екенін айтудан жалықпаймыз.

Бұдан бөлек, олар тұрғылықты жері бойынша "Жұмыспен қамту орталығына" барып жұмыссыз ретінде ресми тіркелсе, онда олар үшін мемлекет төлем жасайды да, "сақтандырылған" мәртебесі беріледі.

– Әңгімеңізге рахмет!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу