Алюминий мен титан диоксидінің өнімі шекара асады

Бек Темір Бек Темір
3802

Павлодар облысының өңдеу өнеркәсібіндегі өсім 9 айда 104,5%-ға жетті.

Алюминий мен титан диоксидінің өнімі шекара асады

Павлодар облысы өңдеу өнеркәсібінің негізгі капиталына инвестиция салу бойынша республикада екінші орында. Қазіргі көрсеткіш 116,5 млрд теңгені құрап отыр.

2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы өндірісті өңірдің өміріне өң бергенін айта кету керек. Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен кеңейтілген жиын барысында сөз болды. Облыста аталмыш мемлекеттік жоспар үш бағытта жүзеге асырылуда. Соның алғашқысы өңдеуші өнеркәсіп саласындағы еңбек өнімділігінің артуы болып табылады. Облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұрболат Сейітмағамбетовтің айтуынша, аймақ 2017 жылғы еңбек өнімділігі бойынша жоспарлы көрсеткішті 101%-ға орындауға қауқарлы. Себебі өңдеу өнеркәсібіндегі өсім тоғыз айдың ішінде 104,5%-ға жеткен. Сонымен қатар облыстағы жүйе құраушы кәсіпорындарды технологиялық модернизациялаудан өткізуға бағытталған ұзақмерзімді жол карталарына қол қойылған. Бұған кәсіпорындармен бірге 2017-2018 жылдарға арналған өңдеу өнеркәсібі нысандарын дамытудың жоспарын қосыңыз.

Бүгінгі күні кәсіпорындарға цифрлы технологияны енгізу жалғасуда. Бұлардың қатарында жанармайды есептеудің бағдарламалық  жүйесі, көлікті мониторингден өткізу, қоршаған ортаға шығарылатын қалдықтарды бақылау және есептеу, электр энергиясын санау, өнім сапасын бақылау секілді соны жүйелер бар. Биыл облыстағы жетекші кәсіпорындар тарапынан модернизациялау шараларына шамамен 100 млрд теңге көлемінде қаржы құйылған. Атап айтар болсақ, Ақсу ферроқорытпа зауытында алдағы алты жылдың ішінде  төрт пешке реновация жүргізіледі. Ол жоғары көміртекті феррохром өндірісі көлемін жылына 100 мың тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Ал "Қазақстан электролиз зауыты" АҚ құю бөлімшесі бар жаңа электролиз зауытын салуды жоспарлап отыр. Бұл өндіріс іске қосылған жағдайда бастапқы алюминий көлемін жылына 250 мың тоннаға жеткізуге болады. Аймақта инвесторлар тарапынан қанатты металға деген сұраныс жоғары екенін ескерсек, бұл дер кезінде қолға алынған шара болмақ.

Нұрболат Сейітмағамбетовтің сөзіне қарағанда, жаңа технологияларды енгізудің жағымсыз жағы да бар. Ол қызметкерлердің жұмыссыз қалуы. Яғни барлығы автоматтандырылған жүйеге көшкендіктен бұрын қол жұмысын қажет  ететін тетіктерді бақылайтын мамандардың қажеттілігі болмай қалады. Қазіргі күні өндіріс орындарындағы жұмысшылар санын қысқартпау үшін оларды қайта оқыту жұмысы жүріп жатыр.

Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асырудың екінші мақсатты индикаторы өңдеу өнеркәсібі өнімдері экспортының көлемін арттыру болып табылады. Қазіргі уақытта облыста экспортқа шығарылатын өнімнің 24%-ын алюминий құрап отыр. Оның әлемдік нарықта бағасы арзандағанмен, шетке шығару көлемі төмендемеген. Егер соңғы төрт жыл бойы әлемдік нарықта металдың бағасы құлдырағанын ескерсек, бұл аймақтың металлургия саласына қандай соққы болғанын да болжау қиын болмас. Дегенмен алюминийдің экспортқа шығарылатын көлемі соңғы екі жылдың ішінде артқандығын көрсетіп отыр. Биылғы жылдың сегіз айында бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 10,7%-ға өскен. Мұндай жағдай топырақ тотығы, ферроқорытпа және кабельдік өнімдерге де қатысты. Бағаның төмен сырғуына әлемдегі тұрақсыз қаржылық жағдай, соның ішінде валюта нарығындағы құбылмалы бағам себеп болып отыр. Өңдеу өнеркәсібіндегі басқа экспорттық өнімдер бойынша өрлеу бар. Мәселен құбыр өнімдері, болат дайындамалар, полипропилен, катодты мыс секілді металдарға сұраныс жоғары.

"Кәсіпорындардың болжамынша, 2017 жылы  бұл өнімдердің экспорттық жеткізілім құны өседі. Жыл қорытындысында жоспарланған 127,6%-ға қол жеткізетінімізге сенімдіміз, – дейді Нұрболат Сейітмағамбетов.

Айта кетерлігі, соңғы екі жыл ішінде экспортқа шығарылатын өнім қатары қыздырылған кокс, темір жолға арналған жабдықтар, полипропилен қаптар секілді өнімдермен толыққан. Олар Қытай секілді жақын шет елдерге экспортталады. Сонымен қатар Бозшакөл кен байыту комбинатының іске қосылуымен мыс концентратын экспорттау көлемі төрт пайызға артқан. Тоғыз айдың ішінде 78,8 мың тонна мыс алынған. Жақын күндері атамыш өндіріс орны толықтай өндірістік қуатымен жұмыс істейді деген болжам бар.   

Облыста экспорт көлемін 100 миллион доллардан астам сомаға көбейтетін тағы да екі жоба жүзеге асырылуда. Осы жоба аясында 2019 жылға дейін алюминий мен титан диоксидінен жасалған өнімдер шекара аспақ. Гиссенхаус неміс-ресейлік компаниясы 36 мың тонна қоспалы алюминий өндірісіне бағытталған жобаны жүзеге асыруды аяқтауға жақын. Ол іске қосылған кезде өнімнің 100%-ы экспортқа шығарылады. Ал ресейлік КиК компаниясы алюминий құймасынан 1 млн автомобиль дискіcін шығаруға арналған жобамен айналысып жатыр. Оның құны 20 млн доллардан асып жығылады.

Павлодар облысы әкімінің орынбасары Николай Дычконың айтуынша, аталмыш екі компания да "Павлодар" еркін экономикалық аймақ аумағында орналасқан. Желтоқсан айында өндірісті іске қосу жұмысы басталмақ.

Павлодар аймағынан сыртқа шығарылатын ауыл шаруашылығы өнімдері экспорты 70%-ға артқан. Бүгінгі күні ет өнімдері, бидай, ұн, макарон өнімдері мен көкөніс секілді жергілікті тұтыну тауарларының дәміне шетел сүйсінуде. Ауылшаруашылығы өнімдері кешеніндегі ірі жобалардың бірі "Агроқалашық". Келер жылы жылыжай құрылысының алғашқы кезеңінің құрылысы аяқталған уақытта жалпы құны 3 млрд теңгені құрайтын 1 мың тонна көкөніс өсіріледі және оның шамамен 90%-ы Ресейге экспортталады. Бұл іс жолға қойылғаннан кейін картопты крахмалға қайта өңдеу, жеміс-көкөністерді консервілеу зауыттары іске қосылады. Ал қытайлық Синьдзянь Дзиньта компаниясы Жетекші ауылының аумағында құны шамамен 1 млрд теңгені құрайтын май өңдеу зауытын салмақ. Олар құны 7,5 млрд теңгені құрайтын 30 мың тонна май шығаруды жоспарлап отыр. Барлық өнім Қытайға әрі қарай дайын азық алу үшін жіберіледі. Қазіргі таңда бұл алып зауыт үшін қажетті жер сатып алынған. Сонымен қатар аспан асты еліне қой еті, күнбағыс майы секілді өнімдерді экспорттау ұсынымдары дайындалуда.

Нұрболат Сейітмағамбетовтің сөзіне қарағанда, экспорт мәселесіне келген уақытта етектен тартатын маңызды мәселелердің бірі ауылшаруашылығы өнімдеріне шетелде сертификат алу екен. Бүгінгі күні жергілікті кәсіпорындар мен ауылшаруашылығы тауарларын өндірушілерге экспорттық мүмкіндік туралы ақпарат жеткіліксіз көрінеді. Бұл мәселенің тігісін жатқызу үшін облыс әкімінің тапсырмасымен ауылшаруашылығы басқармасында экспорт және кооперация бөлімі құрылған.

Индустриалық-инновациялық бағдарламаның пайдасына кенелтетін үшінші қадам инвестициялық саясат. 2017 жылы облыстағы өңдеу өнеркәсібі саласына 443 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланған. Оның 343 млрд теңгесі ірі кәсіпорындардың еншісінде. Ал шағын және орта бизнеске 100 млрд теңге инвестиция тиесілі болмақ. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп кәсіпорындары тарапынан инвестиция бойынша жоспар 95,9 млрд теңгеге түзетілген. Сонымен қатар "КазАвтоЖол" АҚ-тың игеруі бойынша 21 млрд теңге түзетілген. Жол мамандары мұны аймақтағы қиыршық тастың айналасындағы түрлі мәселелермен байланыстыруда.

Аймақ басшысы Болат Бақауов жол құрылысы мен жөндеуге қажетті қиыршық тастың түр-түрін шығаратын бірнеше кәсіпорны бар Павлодарда бұл зат турасындағы түсінбестік санаға симайтынын айтады. Оның бағасы да қолжетімді. Сондықтан да бұл жерде басқа мәселе болуы мүмкін. Жауапты мамандар мәселенің анық-қанығын анықтауға міндеттелді.  Ал шағын және орта кәсіпкерлік бойынша инвестиция өсімі байқалады. Осы күнге дейін бұл мөлшер 87,4 млрд теңгені құраса, жыл соңына дейін 120 млрд теңгеден асып жығылуы мүмкін.

"Жыл қорытындысы бойынша біз негізгі капиталға 440 млрд теңге инвестиция түседі деп жоспарлап отырмыз. Бұл 2016 жылғы деңгейден біраз жоғары. Дегенмен кәсіпорындар тарапынан инвестициялық жоспарларын төмендету жағына қайта қарау тәуекелдері де бар", – дейді Нұрболат Сейітмағамбетов. Бұл босаңсуға болмайды деген сөз. Сол себепті де жылдың соңын күту қажет.

Аймақта индустриаландыру және кәсіпкерлікті қолдау карталары аясында жалпы инвестиция көлемі 1,1 трлн теңгені құрайтын 35 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Нәтижесінде сегіз мыңнан астам адам жұмыспен қамтылмақ. Өткен екі жыл ішінде 11 жаңа жоба іске асырылған. Биыл 3 жобаның жұмысы басталды. Жыл соңына дейін тағы да 5 жобаның тұсауы кесілмек. Оның екеуін, атап айтар болсақ модернизациядан өткен "Павлодар мұнай-химия зауыты" ЖШС мен қоспалы алюминий өндірісі жобаларын елбасы желтоқсан айында индустриаландыру күні телекөмір кезінде ресми түрде іске қоспақ. Сонымен қатар аймақта темір жол кластерін "Қазақстан вагон жасау компаниясы", "Проммашкомплект" және басқа да  кәсіпорындар базасында жүзеге асыру көзделген. Жыл соңына дейін Екібастұз қаласында 170 вагон құрастырылады деген үміт бар.

"Қазақстан вагон жасау компаниясы" ЖШС-да шығарылатын жартылай вагондар мен платформалар инновациялық жоба болып табылатынын және кедендік одақ талаптарына сәйкес сертификатталғанын ескерсек, ол өнімдерді Ресей, Беларусь, Қырғызстан аумағына шығаруға мүмкіндік мол. Көмір химиясының да өңір үшін экономикалық маңызы зор. Қазіргі таңда қытайлық инвесторлар қызығушылық танытып отырған саланың келешегі кемел.

Көмірден тек қана отын емес, сол секілді полипропилен, тыңайтқыштар, газ секілді ондаған химиялық зат алуға болады. Облыс әкімінің орынбасары Николай Дычко осы күндері аймаққа қытайлық инвесторлар келіп, олар көмір кеніштерінде болғанын және сынама алғанын айтты. Зерттеу нәтижелерінен кейін павлодарлық көмірден не шығаруға болатыны белгілі болмақ. 

Бек Темір

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу