АҚШ Ресейді солтүстігі мен шығысынан қоршауға алғалы жатыр

7729

Бұған қол жеткізу үшін Трамп АҚШ-тың одақтастары арасына іріткі сала бастады. 

АҚШ Ресейді солтүстігі мен шығысынан қоршауға алғалы жатыр Фото: au.news.yahoo.com

"Сіз күлетін шығарсыз, бірақ егер біз Гренландияны сатып алсақ, онда Ресейді солтүстіктен және шығыстан қоршауға аламыз!", – деп жазды Washington Post газетінің тілшісі Аарон Блейк.

Дүниежүзіндегі №1 супердержаваның тізгінін Дональд Трамптың өз қолына қайта алуына тура 2 апта қалды. Алайда оның "Американы қайтадан ұлы ету" (MAGA жобасы) үшін қандай мега-жобаларды қолға алатыны қазірден белгілі бола бастағандай.

Politico байламынша, ол бастамалардың бәрі өзімшілдікті, АҚШ-тың мүддесін басты орынға қоюды, басқасының бәрін соған иліктіруді көздейді. Қажет болса, Трамп ойға алғанын орындату, діттегеніне жету үшін тіпті одақтастастарын да тізеге салып, сындырады.

Мысалы, қазіргі кезде Дания әскери күштерін аттандырып, бөлімшелерін қайта дислокациялап, Гренландияның қорғанысын күшейтіп жатыр. Өйткені 2024 жылдың соңында АҚШ сайланған Президенті өз каденциясы кезінде Жер ғаламшарындағы осынау ірі аралды (кейбірі оны құрлық деп те атап жүр) сатып алатынын мәлімдеді. Американың аңсағанын алуына әуселесі жетеді, ең бастысы – саяси ерік-жігері болса жеткілікті.

Біріншіден, жаһандық жылыну әсерінен ғасырлық тоңдары жібіп, жері қарайған, шынымен жасыл мекенге айнала бастаған Гренландияның астында қазына-байлықтың, әсіресе, мұнай, алтын, бағалы металдардың мол қоры тұнып жатыр.

Екіншіден, ол географиялық тұрғыдан оңтайлы орналасқан стратегиялық нысан. Физикалық жағрафия бойынша Гренландия Солтүстік Америкада – АҚШ-қа жақын орналасқан. Саяси жағрафия тұрғысынан ол Еуропаға жатады. Өзін қоршаған аралдармен бірге Еуропа құрамындағы, Дания аумағындағы сол аттас әкімшілік автономиялық бірлік болып табылады.

Гренландияны Атлант мұхиты және Солтүстік мұзды мұхит шайып жатыр. Яғни, Атлант мұхиты арқылы бұл алып арал АҚШ-пен, Солтүстік мұзды мұхит арқылы – Ресеймен шектеседі. Айта кету керек, Солтүстік мұзды мұхитқа Баренц теңізі, Ақ теңіз (Белое море), Кара теңізі (Карское море), Лаптевтер теңізі, Шығыс Сібір теңізі және Чукот теңізі кіреді. Бұл теңіздердің барлығының жағалауы Ресей шекарасында орналасқан.

Үшіншіден, Гренландияны өзіне қосып алса, Америка (9 млн 833,5 мың км2) территориясы жөнінен Канаданы (9 млн 984,6 мың км2) басып озып, әлемде Ресейден кейінгі екінші орынға шығуы мүмкін. Гренландияның ауданы 2 166 086 шаршы шақырымды құрайды. Салыстырсақ, Қазақстан 2 млн 724,9 мың шаршы шақырым аумақты алып жатыр.

Төртіншіден, Данияның автономиясы саналатын Гренландияда Американың әлемдегі ірі "Пайтуфик" ғарыш базасы тұр. Бесіншіден, бұл арал Еуропаға ең қысқа жолда жатқандықтан да Құрама Штаттар үшін стратегиялық мәнге ие. Гренландияны өзіне қаратса, АҚШ енді Еуропаның да құрамына енуі мүмкін.

Дания корольдігі трамптық АҚШ-тан төнуі мүмкін қауіпті салмақты қабылдады. Ел Үкіметі Гренландияның қорғанысына бағытталатын шығыстар айтарлықтай ұлғайтылғанын жариялады және әскери бөлімшелерін осы Арктикалық территориясына шоғырландыра бастады.

Данияның Қорғаныс министрі Троэльс Лунд Поульсен Гренландия үшін сұрапыл шайқасқа дайын екендерін және қорғанысқа қосымша бөлінген қаражат сомасы бірнеше миллиард даниялық кронды құрайтынын мәлімдеді. Жергілікті ақпарат құралдары шамамен 12-15 миллиард крон қосымша берілуі мүмкін деп топшылады. BBC әңгіме кем дегенде 1,5 миллиард доллар туралы болып отыр дегенді айтады.

Сондай-ақ Поулсен өз елінің 2 жаңа инспекциялық кеме, жаңа соққылаушы, қашыққа ұшатын дрондар сатып алатынын мәлім етті. Бұдан бөлек, арал орталығы Нууктегі арктикалық қолбасшылықтың штатын дереу арттырып жатыр.

"Заманауи F-35 жойғыш ұшақтарына қызмет көрсету үшін Гренландияның 3 негізгі азаматтық әуежайларының бірі әскерилерге беріледі, модернизацияланады. Біз ұзақ жылдар бойы Арктикамызға қажетті қаражат бөлмей келдік. Енді ондағы қатысуымызды күшейтуді жоспарлап отырмыз", – деді Данияның Қорғаныс министрі.

Өз кезегінде Д.Трамп бұл идеясынан қайтпайтынын білдірді. Оның айтуынша, орасан зор аралға иелік ету және бақылауына алу – АҚШ үшін "абсолютті қажеттілік". Оның байламынша, Гренландияны Американың иеленуі "ұлттық қауіпсіздік пен бүкіл әлемдегі еркіндік мақсаттарын" жүзеге асыру үшін қажет.

BCC сарапшыларының пікірінше, Дания осы өңірдегі әскери әлеуетін кеңейтуде шабандық танытты. Салдарынан, Ресей мен Қытай арал айналасындағы мұхит пен теңіз айдындарында өз ықпалы мен бақылауын күшейтті. Енді Дания бұл істе белсенділік танытпаса, бұл аумақтағы қауіпсіздікті күшейтуге шынымен де АҚШ кірісуі мүмкін.

Не түлен түрткені белгісіз, Трамп мәлімдемесінен кейін, 2025 жылғы 2 қаңтарда Гренландия автономиясының Премьер-министрі Муте Эгеде Даниядан тәуелсіздікті талап етті. Бұл талабын ол Гренландия Үкіметінің сайтында осы бейсенбіде жарияланған жаңажылдық үндеуінде айтты.

Оның мәлімдеуінше, соңғы бірнеше жыл бойы Гренландия Парламенті мен Үкіметі "жеке Конституциямызды әзірлеу қадамдарын жасады".

"Төл Конституциямызды қабылдау Даниядан бөлінудегі тұғырымыз болады. Гренландия халқының тәуелсіздік алу мүмкіндігі "Өзін-өзі басқару туралы заңының" ережелерінде бекітілген. Яғни, тәуелсіздікке қол жеткізуіміз үшін құқықтық негіз бар. Сондай-ақ, елдің Конституциясының жобасы дайын. Гренландияны тәуелсіз мемлекет ретінде құрудың негіздерін әзірлеу жұмысы басталды", – деді Эгеде.

Бұл сепаратизмге жол бермеу үшін де Дания енді осы алып аралдағы әскери күштерін күшейтуге міндетті болады. Дания XVIII ғасырдан бергі отар-колониясының тәуелсіз болуына рұқсат бермесе оның армиясына Гренландия еш қарсылық көрсете алмайды. Себебі, осынау ұланғайыр аралда небары 56 мың адам ғана тұрып жатыр. Төл әскері жоқ.

Дегенмен, Politico жазуынша, 2009 жылы референдумнан кейін Копенгаген Гренландияның өзін-өзі басқаруы туралы заң қабылдады және оның автономиясын кеңейтті. Эгеде осы заңға сілтеме жасап отыр.

Америкалық басылым "Халық бірлігі" (Inuit Ataqatigiit) партиясының лидері, Премьер Муте Эгеденің бұрыннан бері тәуелсіздікті жақтап келе жатқанын еске салады. 2009 жылғы заң бойынша арал референдумды табысты өткізе алса, өз алдына отау құрып, бөлініп шыға алады.

Politico Эгеденің биылғы сәуірдегі парламенттік сайлаумен бірге тиісті референдумды да өткізуі мүмкін екенін болжады. Бірақ басылым сарапшылары жергілікті жұртшылықтың бір бөлігі бөлінуді қаламауы мүмкін екенін айтады: жерінің ресурсқа бай болғанына қарамастан, Гренландия бюджеті Данияға тәуелді: жыл сайын 500 миллион еуро (шамамен 275 млрд теңгедей) дотация алады.

Данияның Қорғаныс академиясының оқытушысы Стеен Кьергор Би-Би-Сиге сұхбатында азаттық ала алса, Гренландияның тағы бір референдум арқылы АҚШ құрамына кіре алуы мүмкін екенін жеткізді.

"Трамп Гренландияның айналасындағы әуе және теңіз кеңістігіне бақылау орнатқысы келеді. Өйткені Дания ондай бақылауды әлсіретіп алды. Сондай-ақ Гренландия тұрғындарының үлкен бөлігі АҚШ жаққа бет бұрды. Таяуда ғана Нуукте жаңа халықаралық әуежай ашылып, оған Америкадан ұшақтар қатынай бастады", – деді Стеен Кьергор.

Кейінгі жылдары Гренландиядағы қазба байлықтарды игеру үшін америкалық инвесторлар да қаптап келіп жатыр.

Алғаш рет Гренландияны сатып алу идеясын Вашингтонда 1867 жылы АҚШ Мемлекеттік хатшысы Уильям Генри Сьюард ұсынған болатын. Сол жылы Америка Алясканы Ресейден сатып алды.

New York Post хабарлауынша, егер Трамп Гренландияны ала алса, бұл АҚШ тарихындағы территорияны сатып алу бойынша ең ірі мәмілеге айналады. Егер ол әскери күшпен емес, ақша қуатымен Гренландияны Вашингтонның бақылауына көшірсе, Америка 1803 жылы Луизиананы сатып алғаннан да үлкен территорияға қол жеткізеді. XIX ғасырдың басында Вашингтон Францияның Солтүстік Америкадағы территорияларын (қазіргі Луизиана штатын) сатып алу арқылы өз аумағын екі еседей (жалпы 2 144 476 км2-ға дейін) ұлғайтқан болатын.

New York Post Трампқа жақын дереккөздеріне сілтеме жасап, "АҚШ Президентінің Гренландияны америкалық бақылауға көшіруге 100% салмақты қарайтынын, мұның ешқандай әзілі еместігін" жеткізді.

Трамптың "территориялық тәбеті" мұнымен шектелмейді. Ол Панама каналын да АҚШ бақылауына қайтаратынын мәлімдеді. Өйткені Панама мемлекетінің осы өтпеден өткені үшін америкалық кемелерден, әскери флоттан жоғары тарифпен тым көп алым жинайтыны ұнамайды.

"Панама жинайтын төлем төтенше әділетсіз! Олар біздің елімізді осылай тонап жатыр. Мұндай тонаушылық дереу тоқтатылуға тиіс", – деді Дональд Трамп Аризонадағы консерваторлардың конференциясында.

Сондай-ақ АҚШ-тың жаңа Президенті төл Truth Social әлеужелісінде: "Панама арнасы – Американың өмірлік маңызды ұлттық активті болып табылады. Ал, бұрынғы Президент Джимми Картер оны Панамаға 1 долларға бере салды", – деп жазды.

Құрама Штаттар өздері қазып берген бұл арнаны 1999 жылдың соңына дейін бақылауда ұстады. Содан кейін 1977 жылғы келісімге сәйкес Панама билігінің басқаруына тегін дерлік тапсырды.

Бұл территориялық претензияға қарсы зілді мәлімдеме жасаған Панама Президенті Хосе Рауль Мулино канал және оның аумағы толығымен өз еліне тиесілі екенін және бұл мәселе бұдан былай талқыға да салынбайтынын нықтады.

Оның айтуынша, тарифтер нарықтық жағдайға сай белгіленеді және онда каналды эксплуатациялау және оның инфрақұрылымына қызмет көрсету шығыстары ескеріледі.

"Панама каналының және оның жағалауындағы территорияның әрбір шаршы метрі – Панаманың меншігі! Олар бұдан ары да Панаманың еншісінде қалады. Біздің еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігі ешқандай талқылаудың нысанасы бола алмайды. Каналды АҚШ, Қытай, Еуроодақ немесе кез келген басқа ел тікелей немесе жанама бақылауына ала алмайды", – деп шорт кесті Панама лидері.

"Көреміз әлі!", – деп қысқа жауап қайырды Дональд Трамп Truth Social парақшасында. Артынша ол канал аясында америкалық ту бейнеленген фотоны басты және оған: "Welcome to the United States Canal!" (Құрама Штаттардың каналына қош келдіңіз!) деген ілеспе жазба қалдырды.

Ұзындығы 82 шақырымды құрайтын, Атлант және Тынық мұхиттарын қосатын Панама каналының құрылысын АҚШ 1914 жылы ғана аяқтады. Ол бүгінде әлемдегі кеме жүзуші басты бір маршрут саналады. Ол арқылы жыл сайын әлем елдерінің 14 мыңдай кемесі өтеді.

Дональд Трамптың "Американы қайтадан ұлық ету" миссиясы ақыры әлемді неге соқтыратыны белгісіз. Қазіргі мәлімдемелерінің өзі жаһандық қор нарықтарын, биржаларды дауыл кезіндегідей толқытып жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу