Америкадағы жетім қазақ ата-анасын іздеп жүр

2863

Қазақстан билігінен әзірге қайран жоқ.

Америкадағы жетім қазақ ата-анасын іздеп жүр

Ел Үкіметі АҚШ-тан ағылшын тілінде хат алды. Онда жас жігіт тарихи Отанынан көмек сұрайды.

Хаттан белгілі болғанындай, оның авторы Қазақстаннан кезінде шетелге әкетілген тастанды бүлдіршін екен. Қазақша есімі Сардар болған. Жаңа ата-анасы америкалық дәстүр бойынша мұны екінші аты ретінде қалдырып, жаңа есім берген. Нәтижесінде, ол Пол Сардар Бабкокке (Paul Sardar Babcock) айналды.

Пол-Сардар Құрама Штаттардағы өміріне шағымданбайды. Бүгінде Солт Лейк Сити қаласының тұрғыны саналады. Тек өзіне өмір сыйлаған туған әке-шешесінің қазіргі кезде қайда екенін білгісі келеді. Бір ғажабы, америкалық ата-анасының айтуы арқасында қазақ баласы өзін дүниеге әкелген ата-анасының кім екенін нақты біледі: әкесін Бекнұр, ал анасын Эльмира (хатта олардың аты-жөнін толық келтірілген) деп атады.

"Мен өзімнің биологиялық ата-анамды тауып алғым келеді. Тәрбиелеп өсірген, бағып-қаққан анамның айтуынша, ол мені Жамбыл облысының Тараз қаласындағы "Бөбек" сәбилер үйінен асырап алыпты. Анамның аты – Сьюзан Бэбкок (Susan Babcock), ал әкем – Брюс Бэбкок (Bruce Babcock). Өзім сол кезде Сардар Бекнұрұлы болыппын. 1999 жылғы 16 қыркүйекте дүниеге келіппін. Америкалық анам менің бірнеше құжатымды сақтап қойған. Біріншісі – туу туралы куәлігім, оған сәйкес, Жамбыл облысының Құмшағал станциясында өмір есігін ашқан екенмін. Екінші құжат – туу туралы жаңа куәлігім, оны Тараз қаласының АХАЖ бөлімі 2000 жылғы 8 ақпанда берген. Үшіншісі – Тараз қаласының АХАЖ қалалық бөлімі 2000 жылғы 8 ақпанда ұсынған асырап алу туралы акт. Менің биологиялық нағыз ата-анамның қайда тұратыны жайында кез келген ақпаратты маған жолдауларыңызды өтінемін. Сонда мен оларды тауып алар едім. Рахмет!" – деп жазады Пол Сардар Бабкок.

Ол өзіне қатысты кез келген мәліметті білетін қазақстандықтардан psardarb@gmail.com төл электронды поштасы арқылы байланысуды сұрайды.

Бұдан бөлек, Сардарға осы істе сенімді өкілі Айнұр Айдарбекова (moonlight336@gmail.com) көмектесіп жүрген көрінеді. Өйткені оның өзі қазақ тілін ұмытыпты. Орыс тілін білмейді. Барлық ақпаратты Айнұр ағылшын тіліне аударып береді.

Сардар қазіргі уақытта АҚШ-тың Айдахо штатында, Мэдисон округінің Рексберг қаласында орналасқан, бір жарым ғасырлық тарихы бар Бригам Янг (Brigham Young University) жекеменшік университетінде білім алуда. Ол балалық шағына қатысты бұлыңғыр жайттарға жарық нұрын құяр жауапты асыға күтіп жүргенін жеткізді.

Өз кезегінде ерікті Айнұр Айдарбекова Сардардың мәселесін шешу күрделі болып тұрғанын жасырмайды.

"Біз көптеген инстанцияға жаздық. Бірақ әлі күнге нәтиже жоқ", – деді ол.

Қазақстанда азаматтарды құжаттандыруға, ондай-ақ олардың уақытша және тұрақты тіркеуін тексеруге Ішкі істер министрлігі жауапты. Айнұр Сардардың биологиялық ата-анасының қайда тұрып жатқанын бір білсе сол білер деп, ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевқа өтініш жазды.

Алайда ІІМ басшысы ештеңеден көмектесе алмайтынын білдіріп, оның өтінішін Жамбыл облысының әкіміне жолдапты.

Айта кету керек, ішкі істер министріне таяуда өскемендік адвокат Александр Швайкин да жүгінген болатын. Оның сұрауы осыған ұқсас, дегенмен тарих-хикаясы ерекшеленеді.

Оның мәліметінше, 2020 жылғы 31 қаңтарда ІІМ Тергеу департаментіне Қазақстан Президенті атына бағытталған өтініш келіп түскен көрінеді. Онда Қазақстан азаматы кезінде Америкаға оқуға аттанған, содан жоғалып кеткен ұлын табуға көмек көрсетуді сұрайды.

"Бүгінде оның жасы 31-ге келген. 2011 жылы "Болашақ" халықаралық бағдарламасы бойынша АҚШ-қа оқуға кетті. Сонда "биотехнология және гендік инженерия саласындағы бакалавр" мамандығы бойынша университетке түскен. 2011 жылдың наурызында ол байланысқа шығуды тоқтатты. Бұл туралы өтініш 2016 жылғы 29 қыркүйекте ІІМ-нің ақпаратты есепке алу кітабында тіркеліпті. Артынан тиісті аумақтылығы бойынша ШҚО ішкі істер департаментінің тергеу басқармасына бағытталған. Басқарма келіп түскен материалды 30 қыркүйекте тіркеп, тұлғаның із-түзсіз кетуі фактісін сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізді", – дейді А.Швайкин.

Адвокат білікті заңгерлік көмек көрсету үшін ІІМ-нен сонда Интерпол Бюросының көмегімен жүргізілген іздестіру іс-шараларының нәтижелері туралы анықтама сұратты.

Бұған ІІМ басшысы ресми блогында жауап қатты.

"2016 жылы Қазақстанның Нью-Йорктағы Бас консулдығының жәрдемдесуімен Пенсильвания және Нью-Йорк штаттарының полиция департаменттеріне тиісті сұраулар жолданған болатын. Бұдан бөлек, Қазақстан Е.Еліковты іздеуде көмек сұрап, Америкадағы қазақ диаспорасына да жүгінді. Интерполдың Қазақстандағы ұлттық орталық бюросының сұрауына сәйкес, америкалық құқық қорғау органдары Ержан Еліков туралы мәліметтерді АҚШ ұлттық есебіне енгізді. Сонымен қатар оған іздеу салынғаны туралы ақпарат Интерполдың халықаралық деректер базасында да бар. Алайда бір жайтқа назар аудартамыз: еліміздің Сыртқы істер министрлігінің және "Болашақ" халықаралық бағдаламалар орталығының ауызша ақпараты бойынша Ержан Еліков АҚШ-тан табылды. Консулдық қызмет қызметкерлері ол туралы егжей-тегжейлі байланыс ақпаратын оның туыс-туғанына 2016 жылы және 2019 жылы екі рет тапсырды", – дейді министр Ерлан Тұрғымбаев.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу