АМӨЗ жүкті жаңа рельспен жөнелтеді

3458

Мемлекеттік-жеке меншік серіктестік пен 28,3 млрд теңгенің арқасында Атырау мұнай өңдеу зауыты жүк ағынын енді қала аумағынан тыс жерде жүзеге асырмақ.

АМӨЗ жүкті жаңа рельспен жөнелтеді

Атырауда "РТИ-АМӨЗ" ЖШС-ның "Өндірістік" жаңа стансасы пайдалануға берілді. Жаңа бекет АМӨЗ-дің жүк ағынын қала аумағынан тыс жерде жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Атырау мұнай өңдеу зауыты Ұлы Отан соғысы жылдары майданның қажеттілігі үшін салынған болатын. Зауытқа жақын жерден теміржол стансасы бой көтерген. Ол уақытта бұл аумақ жазық дала еді. Кейіннен темір жол қала аумағына кірігіп кетті де, едәуір проблема тудыра бастады. Санитарлық және экологиялық қызметтер темір жол ауданынан көптеген заң бұзушылықтарды анықтады. Атап айтқанда, топырақ пен атмосфераны ластайтын заттар көбейіп кетті, бұл аумақ тым шулы бола бастады. Сондай-ақ зауытқа жеткізілетін жарылу қаупі жоғары өнімдер мен кері әсері көп улы заттар темір жол маңындағы адамдарға, тұрғын үйлер мен құрылыстарға қауіп төндіре бастады.

Стансаның ашылуына Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев қатысты. "Бұрын цистерналардың кезегі, олардан өнім құйып алу, толтыру жұмыстарының бәрі қала шетінде жүзеге асырылатын. Жаңа жобаның арқасында бұл жұмыстар енді қала шетінен 8 шақырым тыс аумақта атқарылатын болды. Бұл АМӨЗ-ның қоршаған ортаға әкелер зиянын мейлінші азайтады және қаладағы ауаны жақсартады", – деді әкім өз сөзінде.

Сондай-ақ мұнай өнімдерін қала ішімен тасымалдау қолайсыздық тудырды. Оның үстіне "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ Атырау бөлімінің "Ақжайық" стансасы жыл сайын көбейе түскен жүк ағынын реттей алмайтын жағдайға түсті. Себебі АМӨЗ өндіретін барлық өнімін, шикі мұнайды тек осы станса арқылы ғана тасымалдайтын. Стансадағы вагон айналымы қиындады. Өкінішке қарай станса қала ішінде орналасқандықтан, мұнда жаңғырту жұмыстарын жүргізуге де мүмкіндік жоқ еді. Ал зауыттағы мұнайды тереңдетіп өңдеу кешенінің құрылысы аяқталған соң, мұндағы жүк ағынының мүлдем артатыны айтпаса да түсінікті.

Қысқасы, проблемалар көп. Бірақ ұзақ жылдар бойы олардың түйінін тарқату мүмкін болмады. Кейіннен бұл іске жеке инвесторлар тарту идеясы туындады. 2014 жылдың тамыз айында "РТИ-АМӨЗ" ЖШС құрылды. Инвестициялық жобаға "PETROLEUM" ЖШС (үлесі – 70%) және "Атырау МӨЗ" ЖШС (үлесі – 30%) қатысты. "РТИ-АМӨЗ" ЖШС-ның жобасы көліктік инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылды. Сондай-ақ бұл жоба өңірге қажетті инфрақұрылым құруда мемлекеттік және жеке меншік секторлардың өзара тиімді үлгісін көрсетті. Жобаға 28,3 млрд теңге инвестиция тартылды.        

"РТИ-АМӨЗ" жобасының іске қосылуы көпшілік асыға күткен оқиға болды. Тарихқа көз жүгіртсек, 60-70-жылдары мұнай өңдеу зауытының көліктік инфрақұрылымын қала аумағынан тыс жерде жүзеге асыру жөнінде алғашқы жобалар жасалған. 2010 жылы дәл осындай жоба жасауға мүмкіндік туды. Оған Атырау мұнай өңдеу зауыты, "Халық" банкі және "Petroleum" компаниялар тобы атсалысты. Осының нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылды, қаладағы жол-көлік қатынасы жақсарды, белгілі бір деңгейде экология мәселесі де шешімін тапты. Бұл жоба қаланың стратегиялық дамуы үшін аса қажет, – деді "Petroleum" компаниялар тобы бас директорының бірінші орынбасары Тимур Қарабаев. – Қызметкерлер жаңа стансаның технологиясын, деңгейін бағалап үлгерді. Жоба өзін де, оған артылған сенімді де ақтайды. "РТИ-АМӨЗ"-дің бүгінгі қуаттылығы зауытта өндірілген 17,5 мың тонна өнімді тасымалдауға жеткілікті. Бұл жаңғыртылған зауытқа жылына 5,5 млн тонна мұнайды өңдеуге мүмкіндік береді".   

Инвестициялық жобаға 24 нысан енеді. Олар аз ғана мерзім ішінде, тіпті, кейбір инфрақұрылым нысандары бір уақытта салынды.

"Жаңа станса көптеген проблеманың түйінін тарқатты. Бірінші кезекте экологиялық мәселе оңтайлы шешілді. Мұнай өңдеу зауытынан шыққан жүк құрамы қала шетінде орналасқан "Ақжайық" стансасына соқпай, "Теңдік" стансасы арқылы магистральді желіге қосылатын болды. Сонымен қатар 365 жұмыс орны құрылды", – деді "РТИ-АМӨЗ" ЖШС директоры Мұхтар Байжанов.   

Жобада қарастырылғандай, жаңа стансаның жүк айналымы тәулігіне 300 вагонды құрайды. Бұл нақты көлемнен бір жарым есе артық. Сондай-ақ мұнай өнімдерін тиеудің орташа тәуліктік қарқыны 17,5 мың тоннаны құрайды. Демек Атырау мұнай өңдеу зауыты мұнай өңдеу көлемін жылына 5,5 млн тоннаға дейін жеткізетін болса, мұнай өнімдерін жөнелтудің ырғағын сақтауға мүмкіндік бар.

Еркебұлан Қыздарбек, Оксана Мартынюк

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу