Анасын іздеген Жәнібектің қай рудан екені анықталды

30310

Енді ДНҚ тест тапсыру арқылы руың мен жүзіңді анықтауға болады. Ауыздағы сілекейде көп ақпарат бар

Анасын іздеген Жәнібектің қай рудан екені анықталды Фото: @muratsaveliev

Осыған дейін, ДНҚ тест тапсыру әкелік құқықты ғана айқындайтын әдіс деп елдің барлығы ойлап келді. Бұдан былай бұл тестті тапсыру арқылы кез келген адам өзінің қай рудан, қай жүзден шыққанына дейін анықтай алады. Ауыз қуысынан алынған сілекей мен қандағы биоматериал арқылы ата-баба, тұқым-жұрағатыңды анықтап, шежіреңді жасақтауыңа болады.

Жақында TreeGene зертханасының маманы Ұлдана Көккөзова сонау Белгиядан Қазақстанға ата-анасын іздеп келген Жәнібектің руын анықтап берді.

Тек қана ұлдарда кездесетін Y хромосомасындағы 4 әріп оның руының найман екенін зерттеген.

"Бұл сынаманың аты "Ата-тегін анықтау"  деп аталады. Қазіргі кезде сұранысқа ие болып жүрген сынамалардың бірі. Себебі біз генетикалық профиль арқылы адамның гаплотобын анықтаймыз. Гаплотобының популяциясы арқылы руын анықтап береміз. Әсіресе руын білгісі келетін, анықтағысы келетіндер, әсіресе қандай топқа жататынын, ата-тегінің ерекшелігін білгісі келсе осы тестке жүгінеді. Бұл сынама 14 күнде жасалады. Тіпті кітап қылып шығарып береміз. Мәселен, Белгиядан келіп, ата-анасын іздеген Жәнібектің руын анықтау үшін біз оның гаплотобы қанша елде кездеседі деп тексердік. Y хромосома тек қана ерлерде ғана кездеседі. Әйелдердікі Х хромосома екені белгілі. Яғни, әкенің Y хромосомасы ұлдарына өзгеріссіз беріледі. Атасы, баласы, туған бауырлары  және немере ұлдарына берілетін арнайы әріптер мен сандар бар. Біз Жәнібектің тобының саны R1b-M478 екенін анықтадық. Яғни 27 str маркері арқылы анықтадық. Гаплотип арқылы гаплотоп анықталады. Сол арқылы оның популяциясына байланысты руы белгілі болады. Жәнібектің гаплотобында екі рудың белгісі шықты. Біреуі найман екіншісі қыпшақ. Зерттей келе найманға 2 мутациядан айырмашылық көрінді. Ал қыпшақ дейін десек 7 мутациядан айырмашылық байқалды. Y хромосомасы наймандарға сәйкес келген соң біз оны орта жүз найман руы, бағаналы тегінен деп кітапқа жазып бердік. Арғындардікі G  тобы болып аталады, басқа руларда S деген топ бар", - дейді ол.

Маманның айтуынша, зертханада қазақ популяциясының арнайы қоры бар. Сол арқылы әр рудың қаны, тобы, атауы шығады. Олардың қай жерді мекендегеніне дейін ақпарат береді.

Ал TreeGene зертханасының тағы бір маманы Мадина Қайсарқызы ДНҚ  сынамасын тапсыру арқылы қандай тұқым қуалайтын ауруың бар екенін де білуге болатындығын айтады.

Қандай спорт түріне бейім екеніңді анықтап, денсаулығыңа байланысты қандай дәрі ішуге болатындығын да айқындап бере алады екен.

"Сынама арқылы анаңның туысқандық жағын да анықтауға болады. Ана ұлына да қызына да өзіңің митохондральді ДНҚ-сын бере алады. Әйел адам өзінің анасын білу үшін өзінің ДНҚ-сы жеткілікті. Әкесінің туысқандық қатынасын анықтайтын болса ол міндетті түрде ұл бауырын немесе ағасын әкеліп тест тапсырту керек. Яғни, еркектің тегі тек еркектерге ғана беріледі", - дейді Мадина Қайсарқызы.

Өсіп келе жатқан балаңның бойында қандай талант бар екенін де анықтауға да ДНҚ сынамасы көмектесе алады. Балаңның қандай мамандықта табысқа жететінін болжағыңыз келсе, арнайы "Таланттар" деген тест те жасалыпты.

"Биологияның 99 құпиясы" деген кітабында Науменко былай деп жазған еді.

"Бізде маймылдармен, масалармен, тіпті банандармен де ортақ ДНҚ-ларымыз бар. Ал адамдардың ДНҚ-лары 99.9%-ға сәйкес келеді. Бізді әртүрлі етіп тұрғаны – қалған 0.01%. Әр адамның және әр ұлттың ДНҚ-сы бірегей. Табиғатта абсолютті түрде бірдей екі адам болмайды, бірақ генетикалық жағынан біз өте ұқсаймыз. Тері түсі мен көз пішіні сияқты біздегі барлық ерекшеліктер бар болғаны ДНҚ-мыздың 0,1%-ын құрайды. Қалған 99,99%-ға генетикалық жағынан біз бірдейміз", - деп жазған ол.

Сол ғалым айтпақшы бүгін де ата-текті анықтайтын түрлі технологиялар заман ағымына сай тез дамып жатыр.  

Бұрын ДНҚ сынамасы тек қана бес мақсатта жүргізілетін:

  1. Әкелік және Аналық қарым-қатынасты анықтау үшін;
  2. Туыстық қарым қатынасты анықтау үшін (апа, ата, әже, аға, бауыр, әпке, қарындасты анықтау);
  3. Сот сараптамасы (Соттың тағайындауы бойынша әкеліктің/ ананың немесе басқа туыстықтың белгіленуі);
  4. Жеке басын сәйкестендіру (Зерттеу биологиялық материалды осы адамға тиесілі екені белгілі ДНК үлгісімен салыстыру арқылы нақты адамның жеке басын анықтау қажет болған жағдайларда жүргізіледі);
  5. Шексіздікті зерттеу (Зерттеу ұсынылған үлгінің (іш киім, төсек әбзелі, шаш, темекі тұқылдары) Сізге, сіздің әйеліңізге / күйеуіңізге немесе үшінші тұлғаға тиесілі екенін анықтауға мүмкіндік береді).

Бүгін де оның ауқымы кеңейіп, адамдар сілекей мен қанындағы ақпараттар арқылы өз шежіресін де жасақтай алады екен.

Бірақ шежірені анықтау құны арзан емес. Аталмыш зертхананың прайс-парақшасына көз жүгіртсек, әке мен анажағынан ДНҚ-ды тексертіп,руыңды анықтайтын шежіре кітап жасатып алғың келсе, 110 мың теңгетөлеуің қажет.

Мұндай көп қаржы шығындамаудың ең тиімді жолы көзі тірі ата-апаларың арқылы ата-текті дер кезінде анықтап, жазып алу ең тиімді нұсқа.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу