Аңшылық алқаптардың аукционда сатылуына аңшылар қарсы

2493

Олардың байламынша, бай мен кедей арасындағы жік үңірейіп бара жатқан заманда алқаптарды қалталыларға беру – қауіпті қадам, деп жазады Inbusiness.kz

Аңшылық алқаптардың аукционда сатылуына аңшылар қарсы

Аңшылық алқап бір көліктің бағасына өтті

Қазақстанда cу қоймаларын жеке бизнеске беруге арналған тұңғыш онлайн-сауда жарияланды. Әрине, билік аңшылық алқаптар мен балық аулауға арналған су қоймаларын жеке кәсіпкерліктің пайдалануына бұрыннан бері беріп келе жатыр. Енді Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мұндай құқықты онлайн сата бастады.

Сауда алаңының операторы ретінде Қаржы министрлігі квазимемлекеттік кәсіпорны – "Ақпараттық-есептеу орталығы" АҚ-ы таңдалды. Қаржы министрлігінің дерегінше, бұған дейін елімізде аңшылық алқаптарды бір қолға бекітуге арналған тұңғыш онлайн-сауда өтіпті. Нәтижесінде, 72 мың теңгеге бағалаған аңшылық алқап 18 миллион теңгеге өткен, яғни құны 250 есеге өскен. Бірақ соның өзінде тұтас алқап бағасы бір көліктің не пәтердің құнына ғана теңелді.

Байқау шарттарына сәйкес, жеңімпаз барлық салықтарды төлей отырып, жергілікті фаунаның жағдайын бақылауға, оны көбейтумен айналысуға, аңшылар үшін турлар ұйымдастыруға міндетті.

Сатылу кезегі резервтік балық шаруашылығы су қоймаларына келіп тірелді. Мұнда да жеңімпаздарға қойылатын шарттар ұқсас болады.

"Бұрын аңшылық алқаптың не су қоймасының бизнеске берілетіні туралы жарнама әлдебір аудандық газетте орналастырылатын. Ал қазір алдағы байқау туралы хабарландыруды сайт арқылы елдің түкпір-түкпіріндегі қатысушылар көреді. Жер мен су объектілері интерактивті картада көрсетіледі. Екіншіден, онлайн-сауда кезінде бәсекелестік туып, бастапқы құн айтарлықтай артады. Бұл бюджет үшін тиімді", – деді "Ақпараттық-есептеу орталығы" АҚ бас маманы Амангелді Бакин.

300 су қоймасы бизнеске бекітіледі

Дегенмен, адами фактордан бәрібір арыла алмапты: бұл тендерлік рәсімге ары қарай да комиссиялар араласа береді. Комиссия мүшелері үміт білдірген қатысушылардың талаптарға сәйкестігін тексеріп, іріктейді және таңдаулыларын екінші кезеңге – онлайн-аукционға жібереді. Яғни, комиссия "майшелпектің" әлдекімге арзандау тигенін қатты қаласа, аңшылық алқапты не балықшылыққа арналған өзен-көл телімін қымбатқа сатып алғысы келетін ірі инвесторды аукционға жібермей тастай алады.

"Біз комиссияның болуына келісуге мәжбүрміз! Себебі, бұл салада толық автоматтандырудың цифрлық критерийлері жоқ және конкурсқа қатысушылар мен олардың қызметі туралы көптеген ақпарат әлі күнге цифрландырылмаған. Әзірге платформада 29 байқау жарияланды. Экология министрлігінің Балық шаруашылығы комитетінің мәліметінше, 2021 жылдың соңына дейін елдің әр аймағында 300-ге жуық байқау жарияланып, өткізіледі", – деп мәлімдеді Қаржы министрлігі.

"Ақпараттық-есептеу орталығының" өкілі Амангелді Бакин Энергетика министрлігімен бірлесіп өткізген "мұнай және газ кенорындарын игеру құқығын сату" бойынша сауданы жетістік әрі озық үлгі ретінде алға тартты. Оның айтуынша, сол салада бір жылдай уақыт ішінде өткізілген 13 электронды аукцион бюджетке 11 млрд теңгеге жуық түсім әкелді.

Алайда мұнай-газ кенорындарын саудалау соңы дау-жанжалмен аяқталғаны мәлім. 2020 жылдың 23 желтоқсанында өткен мұнай-газ кенорындарының тұңғыш аукционында Энергетика министрлігі 7 учаскені өткізуден 61 миллиард теңге кіріс түскенін қуана хабарлады. Сол кездегі бас энергетик Нұрлан Ноғаев Маңғыстау облысының қара алтын өндіруші кәсіпорындарын аралағанда да осыны мақтан етті. Ол Қазақстанда көмірсутегі шикізатына жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған тұңғыш онлайн-аукцион бюджетті 61 миллиард теңгеге толықтырғанын жеткізді.

Өйткені ведомство Каспий маңы ойпатындағы 38,6 миллион теңгеге бағаланған Забұрын (Забурунье) кенорнын е-аукционда – 17,1 миллиард теңгеге, ал 43,3 млн теңгеге ұсынылған Сарайшықты 45,4 миллиард теңгеге "сата алыпты".

Алайда артынша министрлік ұятқа қалды: әлдебір қарау ниетті қатысушылар "қалжыңдап", онлайн-сауда кезінде бағаны қолдан өсірген. Забұрын мен Сарайшық бойынша миллиардтар бюджетке сол бойы түспеді. Энергетика министрлігі дереу Жер қойнауы туралы кодекске түзету енгізіп, е-аукциондар өткізу қағидасын өзгертуге кірісті. 

Энергетика вице-министрі Жұмабай Қарағаевтың айтуынша, тұңғыш аукцион қорытындысында Сарайшық пен Забұрын телімдері бойынша 59,6 млрд теңге бюджетке сол бойы аударылмаған. Олар қайтадан саудаға шығарылады. Мұндай жағдай қайталанбауы үшін енді аукцион қатысушыларынан бастапқы құннан кем емес мөлшерде кепіл жарна енгізу талап етілетін болады.

Аңшылармен ақылдасып, өз бетінше шешім қабылдады

Аңшылар мен балықшылар шенеуніктердің шабытын құптамайды. Аңшылардың қоғамдық бірлестіктерінің және аңшылық шаруашылық субъектілерінің "Қансонар" қауымдастығының ШҚО бойынша өкілдігінің директоры, облыстық аңшылар мен балықшылар қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы Амангелді Калмыков осы ұйымдар алқаптарды аукцион арқылы үлестіруге "үзілді-кесілді қарсы" екенін мәлімдеді.

"Қазіргі кезге дейін Қазақстан аумағының 90%-ы жалпы пайдаланымдағы нақты иесі жоқ алқаптар болып келді. Қожайыны болмағандықтан, жабайы, бейберекет аңшылық өрістеуде, браконьерлік дамуда. Сондықтан аңшылық алқаптарды қорғауға баса көңіл бөлінгені жөн. Әлемдік тәжірибеге жүгінсек, алдымен 3 негізгі міндет жүйелі шешімін табуы қажет. Біріншіден, аңдарды және олардың мекендерін мемлекет тиімді қорғауға алуға тиіс. Екіншіден, жабайы аңдардың саны нақты есепке алынып, соның негізінде аулау нормативтері, ауланатын аңның саны белгіленгені жөн. Үшіншіден, аңшылардың өндіріс нормативтерін қатаң сақтауы қадағалануы керек", – деді ол.

Алайда Қазақстанда мұның бәрі саланың осал тұсы саналады. "Аңшылық алқаптарды қорғауға қатысты қалыптасқан жағдайға жүргізілген талдау оның тиімсіздігін көрсетіпті".

2020 жылғы наурыз бен шілде аралығында Экология мин-інің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті аңшылық қоғамдастықпен тізе қосып, қолданыстағы НҚА-ға өзгеріс енгізу бойынша бірлескен жұмыс жүргізеді. Нәтижесінде түзілген конструктивті ұсыныстар топтамасын "Атамекен" ұлттық палатасы қолдады. Ізінше экология министрінің қатысуымен аңшылық шаруашылық проблемаларына арналған кеңес өтіп, онда түйткілді мәселелерді шешудің тұжырымдамасы пысықталған. Экология министрі Мағзұм Мырзағалиев комитетке тапсырмалар беріп, ол хаттамада бекітіледі.

"Алайда бұл тапсырмалар аңшылық саланың жағдайын нашарлататын бастамаларға айналып шыға келді. 2020 жылғы 29 желтоқсандағы экология министрінің бұйрығымен 2015 жылдан бері қолданыста болып келген ескі бұйрыққа өзгеріс енгізіліп, аңшылық шаруашылықтарды және балық шаруашылығына арналған су қоймаларын веб-портал арқылы аукцион тәсілімен бекіту рәсімі енгізілді. Электронды платформа жұмыс істемейді. Салдарынан, биылғы 8 ай бойы жаңа ережелермен бірде бір конкурс өткізілмеді", – дейді Амангелді Калмыков.  

Оның мәліметінше, тұңғыш аукционды ұйымдастыру кезінде ақаулар орын алған: ұйымдастырушылар 9 рет тырысып, аукцион өткізу туралы хабарламаны әзер орналастырған. Ал конкурс қатысушылары сайтқа тіркеле алмаған, ақыр соңында "тек 1 өтініш қана өтті". Тек қайталай хабарландыру беру нәтижесінде конкурсты өткізу мүмкін болған.

"Алайда сайттағы ақаулар кесірінен күні бүгінге дейін конкурсты аяқтап, жеңімпазбен келісім бекіте алмай жатыр. Біз аңшылық алқаптарды акционмен өткізуге үзілді-кесілді қарсымыз! Өйткені бұл салаға қатысы жоқ, аңшылық шаруашылықты жүргізуден еш түсінігі жоқ кездейсоқ жандардың жеңімпаз болуына жол ашады. Өйткені аукцион өткізгенде бәрін тек ақша шешеді. Кім көп берсе, сол жеңеді. Шынында, аңшылық жүргізу саласындағы мамандары мен материалдық-техникалық базасы, көп жылдық тәжірибесі барлар осы іспен айналысуға тиіс", – деген пікірде аңшылар мен балықшылар қауымдастығының жетекшісі.

Қалталылар қанжығалаған аңшылық алқаптары мен өзен-көлдерге қару мен қалтқы ұстаған қарапайым адамдар "кіре алмай қаламыз ба?" деп алаңдайды: мұның соңы әлеуметтік шиеленіске соқтыруы мүмкін дейді.

"Қазақстанда байлар мен кедейлер арасындағы алшақтық үңірейіп өсіп бара жатқан қазіргі заманда бұл жерлерді көп ақша ұсынғанға беру қауіпті және зиянды қадам!", – деді А.Калмыков.

Олар министрліктен ойын ережесін өзгертуін, аукциондық тәсілден бас тартуын талап етуін жалғастырмақ.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу