Анти-COVID: маусым айындағы сұмдық Қазақстанда қайталанбас үшін...

1815

Орыс тілді басылым журналистері не туралы жазды? Inbusiness.kz-тің баспасөзге жасалған апталық шолуы.  

Анти-COVID: маусым айындағы сұмдық Қазақстанда қайталанбас үшін...

camonitor.kz : "Анти-COVID: маусым айындағы сұмдық Қазақстанда қайталанбас үшін..." деп жазады басылым. Аты айтып тұрғандай, бұл мақалада газет тілшілері белгілі бір ережелер мен талаптарды орындасақ, адам және әлеуметтік-экономикалық шығын аз болатыны жайында жазған.

Басылымның хабарлауынша, карантин ережелері жеңілдетілмей жатып, халық арасындағы түрлі топтар биліктен өзге де шектеулерді алып тастауын талап ете бастады. Мәселен, Діни басқарма күллі елдегі мешіттерді ашуды сұрады. Ал ата-аналар комитеті мектеп оқушылары дәстүрлі білім алу әдісіне көшсе дегенді айта бастады. Жағдай осылай қалыптаса беретін болса, алдағы уақытта мейрамхана иелері шоу-бизнес өкілдерімен мейрамханалардың ашылуын талап ете бастайды.

"Түрлі елдердің тәжірибесі көрсеткендей, карантиннен біртіндеп шыққан мемлекеттер дұрыс істеді. Мәселен, Грузия билігі мамыр, маусым айларында карантинді бір жұмсартып, бір қатаңдатып отырды. Ал шілде айының ортасында той, мерейтой, ас өткізуге рұхсат берді. Қазіргі кезде оларда күн сайын небәрі 15-20 ғана адам тіркеліп отыр", –деп жазылған аталмыш мақалада.

Мақала авторының пікірінше, қазақстандықтар да осындай жоспарды ұстанса болады. Алдыңғы орынға халықтық қауіпсіздігі мен денсаулығы, екінші орында оларға жұмыс істеп, ақша табуға мүмкіндік беру. Қалған дүниені кейінге қалдыра тұруға болады.

Liter.kz: "Қазақстандық оқушылар оқулықтармен толық қамтылған ба?" деп жазады аталмыш газет. Үкіметтің тапсырмасы бойынша, тамыздың 25 жұлдызына дейін мемлекет оқушылары толығымен оқулықпен қамтылуға тиіс. Ал іс жүзінде бұл тапсырма қалай орындалып жатыр?

Басылымның хабарлауынша, жаңа оқу жылында 7391 мектепте 3 миллионнан астам бала білім алады. Zertteu research institute дерегіне жүгінсек, мемлекет 25,4 млрд теңгеге оқулық алған. Мамандардың айтуынша, ата-аналар кітап алып жатқан жоқ. Себебі білім беру саласының мамамдары керек оқулық санын анықтап, жергілікті білім бөліміне тізімін жібереді.

"Дәстүрлі оқулықтардан өзге үстіміздегі жылы мектептерге электронды оқулықтар және мультимедиялық бағдарламалар берілетін болады", – деп хабарлайды мамандар.

Сонымен қатар, мамандардың айтуынша, қазіргі кезде оқулықтар мен  әдістеме сапасына айтарлықтай көңіл бөлініп отыр. Өйткені басылымның хабарлауынша, бұл мәселені мемлекет Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мамыр айының соңында көтеріп, сапасыз жасалған оқулыққа әзірлеуші жауапты болады дегенді айтқан болатын. Осыған байланысты, енді баспада жіберілген қателер шығынын баспалар өздері көтеретін болады.

express-k.kz: Аталмыш басылым кезекті мақаласын мектеп қабырғасындағы әлімжеттік мәселесіне арнаған. Бұл туралы басылым тілшілеріне заңгер әрі социолог Халида Ажигулова айтып берген. Маманның пікірінше, үлкендер мектеп қабырғасында қысым көретін баланың мәселесіне мән бере бермейді, сонын салдарынан кейде балалар өз өздеріне қол салып, қайғылы оқиғалар орын алып жатады.

Мектеп жасында құдалауға, қысымға түсіп, қиындық көретін балаларға көмектесу үшін Халида Ажигулова тегін түрде ұстаздар арасында семинар өткізуге дайын. Осы мақсатта арнайы кодекс әзірлеген, алайда маманның бұл ұсынысына көңіл бөлгендер аз болып шыққан. Халида - Street law Kazakhstan  атты балаларды кибербуллинг пен зорлықтан қорғауға арналған білім беру жобасының ұлттық үйлестірушісі. Оның пікірінше, қазіргі оқушылар мектепте қудалауға ұшырамас үшін, бұл мәселеге айтарлықтай мән беру керек.

"Біріншіден, бұл мәселенің "маған қатысы жоқ" деген ұстанымнан бас тартып, бар нәрсені ашық айта білу керек: қудалауды ұйымдастырушылармен, бұл шараға қатысушылармен әңгімелесіп, ата-аналарды шақырып, бұл жайында мектеп жетекшісіне жеткізу қажет. Ұстаздардың жиналысы барысында қудалауды ұйымдастырушыларды қандай тәртіпке шақыру керектігін қарастыру қажет. Егер де қудалау мұғалім тарапынан жасалса, онда ұстаздар қауымы бірін-бірі жасырмай, ашық айтуы тиіс. Бар ақпаратты жетекшілерге жеткізу – ұстаздардың парызы", – дейді социолог маман.

caravan.kz: "Көктен жерге: Моңғолиядан келген қазақ өз тарихи отанында құлдыққа түскен" деп аталады аталмыш басылым мақаласы.  Қуантай Сиезд есімді азамат Қазақстанға Моңғолиядан екі ай бұрын келген. Ол Қазақстанға көшіп келу үшін құжат дайындауға келген, алайда құлдыққа түсіп қалған.

Басылымның хабарлауынша, құжаттарын әзірлеймін деп Қазақстанға келген қазақтың құжаттарын тартып алған. Алматыға келген бетте Қуантайды полиция сақшылары ұстаған, солар оның құжаттарын тартып алып, соңынан оны Жамбыл облысындағы бір шаруаға беріп жіберген. Қалай болғанда да бұл Қуантайдың сөзі.

"Екі айдай құл болдым, Жамбыл ауданында мал бақтым. Жуырда қашып шықтым. Мейірімді жандар маған көмектесіп, мені жолдың бойына дейін әкеліп тастады, жолыма бір мың теңге берді. Бірақ мен құлдықта болған жерде тағы бір адам қалып қойды, ол да кеткісі келеді",– деген өз бейнеүндеуінде Қуантай Сиезд.

Газет тілшілерінің хабарлауынша, облыстық ішкі істер басқармасы бұл мәселе жөнінде тергеу жұмыстарын жүргізіп, Қуантай Сиезд болған шаруа қожалығын тексерген. Ресми дерек бойынша, Қуантай Сиезд Таразда болған. Жейтін тамағы, киетін киімі болмағандықтан, оған жұмыс, тұратын жер керек болған. Сол себептен қожалық иесі, Бауыржан есімді азамат оған  бар жақсылығын жасауға тырысқан. Сөйтіп, оған жұмыс берген, Сиезд өз еркімен жұмыс істеген. Сол себептен полиция сақшылары Сиездің айтқаны шындыққа жанаспайды дейді. Алайда бұл мәселе әлеуметтік желілерде көтерілгендіктен, пайдаланушылар полиция мамандарының сөзіне күмәнданып отыр. Себебі олардың сөзінде сәйкестік жоқ. Ал полиция мамандары бұл мәселеге әлі нүкте қоюға болмайды дегенді айтып отыр.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Гүлмира Қамзиева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу