Араб әлеміндегі алауыздықты Израиль пайдаланып кетуі мүмкін

2355

Араб елдері Израильді Газа аумағындағы қырғыны үшін аясуыз сынады. Алайда нақты іске келгенде тартынып қалды. 

Араб әлеміндегі алауыздықты Израиль пайдаланып кетуі мүмкін Фото: pinterest.com

Хамас пен Израиль арасында соғыс жалғасуда. Екі көршінің кең ауқымды қарулы жанжалының басталғанына бүгін – 38 күн. Израиль ұзақ жылдар бойы Хамастың негізгі күштері орналасып келген Газа аумағының солтүстік бөлігін өз бақылауына алғанын жариялады. Онда енді "тазарту" жүргізілуде.

Кеше алғаш рет хамастық содырлардың жаппай қол көтеріп, берілуінің оқиғасы тіркелді. 20 көтерілісші тәуелсіздік идеясы үшін жандарын қимауға ұйғарыпты. Әзірге Израиль Газа аумағында ілгері қозғалуына ештеңе кедергі болып тұрған жоқ.

Осы орайда Эр-Риядта, 11 қарашада Араб мемлекеттері лигасының (АМЛ) және Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының (ИЫҰ) бірлескен саммиті басталған еді. Ол Араб және Түркі әлемінің Палестинаны қорғау мәселесінде бірауызды екенін паш етуге тиіс еді.

Америкалық Politico жазуынша, бірлескен құрылтайға жиналған мұсылман елдер антиизраильдік риториканың шыңына шыққан, басқыншыны айызды қандырып, аяусыз сынаған бірқатар декларация қабылдады. Алайда Израильді тоқтататын ешқандай практикалық шараларды құптамады. Өзара келісе алмаған.  

Хезболланың орталық кеңесінің мүшесі Нәбіл Кауктың мәлімдеуінше, араб елдерінің бәрі бірдей Израильдің жеңілгеніне мүддеді емес.  

"Шын мәнінде араб елдерінің кейбір лидерлері палестиналық қарсыласу қозғалысының жеңіске жеткенін қалап отырған жоқ. Олар Израильдің жағында және сонымен арасындағы өз қарым-қатынастарын қалыпқа келтірумен айналысып жатыр. Басты проблема да – осында", – деді шетелдік журналистерге сұхбат берген Каук.

Кеше Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі еліміздің Сауд Арабиясында өткен Араб мемлекеттері лигасының және Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының Палестина мәселесі бойынша кезектен тыс бірлескен саммитіне қатысқанын хабарлап, түсініктеме берді.

Қазақстандық делегацияны Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу бастап барды. Саммиттегі сөзінде Мұрат Нұртілеу Қазақстанның "өз алдына тәуелсіз ел болуға және астанасы Шығыс Иерусалимде орналасатын, 1967 жылғы шекараны қамтитын, халықаралық деңгейде танылған Палестина мемлекетін құруға палестиналықтардың заңды құқықтары бар" деп санайтынын әрі "мұны толық қолдайтынын" мәлімдеді.

Бұл әрине, дипломатиялық жоралғы. 

Қазақстан тараптарды Газа аумағында әскери қимылдарды дереу тоқтатуға шақырды. Сорақысы сол, Израиль майдан даласына айналдырып, үстемелете соққылап жатқан аумақтан Қазақстан өз азаматтарын да толығымен эвакуациялап үлгермепті. Министр саммитте қазіргі уақытта Газа аумағында жүрген және осы аумақтан кетуге мүмкіндігі жоқ Қазақстан азаматтарының тағдырына "терең алаңдаушылық білдірілді".

Бұл ретте Қазақстан "Палестинаның бауырлас халқы үшін 1 миллион доллар көлемінде көмек берді және қосымша гуманитарлық көмек көрсетуді жоспарлап отыр".

Саммит немен тынды?

Министрлерді қоспағанда, 57 мемлекеттің лидері қатысқан бірлескен саммит қорытындысында "Израильдің Газа аумағындағы әскери қылмыстарын" айыптайтын бірлескен мәлімдеме қабылданды. Оның мәтінін израильдік басылымдар да жариялады.

"Біз Газа аумағына қарсы израильдік агрессияны, әскери қылмыстарды, сондай-ақ отарлаушы оккупациялық үкіметтің Палестина халқына, соның ішінде оккупацияланған Батыс жағалау мен Шығыс Иерусалимде жасап жатқан варварлық, қатыгез, адамгершілікке жат жаппай қырғынын айыптаймыз. Біз мұны дереу тоқтатуды талап етеміз", – делінген қорытынды қарарда.

gov.kz

Израильдік сарапшылардың бұған қарсы жауабын "тоқтатпасақ ше?" деген бір сөзбен жеткізуге болады. Араб лидерлері бұған ортақ жауап тапқан жоқ. Мысалы, Ресей мен Украина қақтығысына қарсы Батыс әлемі санкциялар енгізді, Киевке қаржылай, қарудай көмек беруде. Араб елдері ұқсас бірлескен шешімге келе алмады.

Мұсылман елдері БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне "Израиль билігі тарапынан жасалып жатқан агрессияны доғару" туралы талаппен жүгінуге келісті. Қанқасап қырғынның басталғанына бір айдан асты, бұрын неге жүгінбеген? Оның үстіне БҰҰ басшылығы да Израильдің қатыгездігін айыптады, бірақ жаһандық ұйымның да қылар қайраны жоқ.

Саммит қатысушылары әлемдегі барлық елдерді Израильге қару-жарақ пен оқ-дәрілер жеткізуді тоқтатуға үндеді. Бірақ Израильдің өзі – қару өндіретін жаһандық держава. АҚШ Сенаты Израильге қарастырылған 14 миллиард долларлық көмекті бұғаттап тастады, одан Израиль снарядсыз қалып, шегінген жоқ.

Оның орнына кеше Израильдің қорғаныс министрлігі Финляндиямен арада "тарихи шарт" бекітілгенін жариялады. Фин елі Израильден "Кела Давид" ("Праща Давида") аталатын зымыранға қарсы қорғаныс жүйесін сатып алды. Бұл израильдік жүйе шағын қашықтықтағы баллистикалық зымырандарды және ірі калибрлі басқарылмайтын зымырандарды тұтып, қағып түсуге қабілетті. Шарт құны – 317 миллион еуро.

2022 жылғы қазанда Axios басылымы Киевтің Израильден әуе шабуылы мен зымыранға қарсы қорғаныс жүйелерін сатып алуға ресми өтініш жолдағанын хабарлады. Бірақ Мәскеумен арасын бұзғысы келмеген Израиль оған "Праща Давида" және басқасын беруден бас тартыпты.

Мұсылман елдері саммитіне оралсақ, олар Халықаралық қылмыстық сотқа жүгініп, "Израильдің барлық оккупацияланған аумақтарда Палестина халқына қатысты жасап жатқан әскери қылмыстарын және адамшылыққа қарсы қылмыстарын" тергеуді сұрауға өзара келісті.

Қатысушы мемлекеттер қақтығыс барысында тұтқындалған барлық адамдарды босатуды талап етті. Бірақ құжатта Хамас кепілде ұстап отырғандарға емес, "лаңкес" немесе соларды қолдады деген түрлі айыппен Израильдің түрмесінде ұзақ жылдарға қамалған палестиналықтарға екпін түсірілді.

Саммитке қатысушы елдер сондай-ақ Химиялық қаруға тыйым салу ұйымына жүгініп, израильдік әскердің туннелдерде тығылған қарсыласын жою үшін "конвенционалды емес қару түрлерін қолдануына" тергеу жүргізуді сұрауға ниетті. Мысалы, қарарда Израиль Газа аумағында "ақ фосфорды" пайдаланды деп айыпталған.

Саммитте не айтылмады?

Израильге бағытталған айыптардың соңы соған тоспа құратын, бөгесін болатын практикалық шаралармен әдіптелмеген.

Al-Araby Al-Jadeed басылымының сарапшыларының жазуынша, Араб мемлекеттері лигасына кіретін 4 "беделді ел" сол практикалық қадамдарды бұғаттап тастады. Басылымның хабарлауынша, егер олар қабылданғанда, онда:

  • араб елдері АҚШ пен Батыстың басқа елдеріне өз аумақтарында орналасқан әскери базаларды пайдалануға тыйым салатын еді. Әйтпесе, ол базаларды Батыс Израильді қарумен, снарядтармен жабдықтауға пайдаланады.
  • Бүкіл араб мемлекеттері Израильмен арадағы дипломатиялық, экономикалық, әскери ынтымақтастығын доғаратын еді.
  • Мұнай экспортын шектеп, оны Батыс елдеріне қысым құралы ретінде қолданатын еді.

Бұл шараларды Араб мемлекеттері лигасына мүше 22 елдің тек жартысы, 11 ел құптаған. Оны жақтап, Палестина автономиясы, Сирия, Алжир, Тунис, Ирак, Ливан, Кувейт, Қатар, Оман, Ливия және Йемен ғана дауыс берді. 4 араб мемлекеті қарсы шықты. Қалғаны қалыс қалған.

Өткен демалыс күндері АМЛ және ИЫҰ бірлескен саммитінің барысын іштен тына, қобалжи бақылаған Израиль ақырғы қорытындысы жарияланғанда, бұлыңғыр, ештеңеге міндеттемейтін декларациялар қабылданғанда, уһ деп жеңіл күрсінді. Бұл саммит қайта, израильдік тарапқа қуат-күш беріп, рухын көтергенге ұқсайды.

Ливанға қарсы соғыс басталуы мүмкін бе?

Себебі, Израиль батыл қимылдап, Газамен бірге көрші әрі шағын Ливан араб мемлекетін де жер бетінен сүріп тастайтынын мәлімдеді.

Израильдің қорғаныс министрі Йоав Галант ливандық Хезболла тобы "үлкен қате" жасауға таяғанын мәлімдеді (сарапшылардың айтуынша, бұл израильдік әскерилер тілінде "басып кіруге сылтау бар" дегенді білдіреді). Министр ираншыл ұйымның Ливанды Израильмен соғысқа тартып жатқанын қатаң ескертті.

"Қалыптасқан жағдайды бағаладым, Хезболланың қазіргі агрессиясы – жай ғана арандатушылық болудан қалды. Бейрут (Ливан астанасы) тұрғындары Газа тұрғындарының кебін кешкелі тұр. Газада бейбіт тұрғындардың өзі басын аман сақтап қалу үшін ақ жалау көтеріп, үйлерін тастай қашуға мәжбүр. Хезболла Ливанды соғысқа тартуда. Біз бүгінде Газада не жасап жатсақ, соны Бейрутта да жасай аламыз", – деді зілдене, Израильдің қорғаныс министрі Йоав Галант.

Бірақ бұл жай ғана доқ көрсету емес көрінеді. Кеше Израильдің әскери әуе күштері Ливан территориясына тұңғыш рет "ең терең соққы" жасады. Бұған дейін израильдік әскери тікұшақтар, жойғыш ұшақтар көрші Ливанның шекаралас өңірлерін ғана бомбалап келсе, енді 40 шақырым ішкері жатқан аумақты соққылады.

Израиль мәліметінше, әуеде самғап жүрген израильдік пилотсыз ұшатын аппарат төменнен, Ливан аумағынан атқыланған екен. Израиль ливандық Сайда қаласының жанында орналасқан зениттік ұшыру кешенін сол шабуылға айыптап, оны бомбалап тастады.

Ливандық Хезболла радикалды тобының бас хатшысы Хасан Насралла соңғы айда екінші рет үндеумен қайрылды. Насралланың сөзінен сарапшылардың түйгені: ливандық топ Израильге қарсы қысымды арттырады, бұл үшін жаңа қару түрлерін қолданады, бірақ бұл әзірге Израиль-Ливан кең ауқымды соғысына дейін ушықпауға тиіс. 

Насралла Израильмен қақтығысын "қысым майданы" деп атады және Хезболланың көршісіне қашықтан шабуылдарында "Буркан" зымырандарын пайдалана бастағанын растады. 

Бұл зымырандар 500 келіге дейін жарылғыш зат алып ұша алады. Израильдік тарап мұны солтүстік шекарасындағы қақтығыстың елеулі эскалациясы деп бағалады.

Соған қарағанда, Таяу Шығыста тағы бір соғыстың басталу ықтималдығын жоққа шығаруға болмайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу