Араб елдері өз аспанын Израильге ашатын болса, Иран не істеуі мүмкін?

1380

Парсы шығанағы мемлекеттері АҚШ-қа өтініш жасап, Израильді райынан қайтаруға шақырды. 

Араб елдері өз аспанын Израильге ашатын болса, Иран не істеуі мүмкін? Фото: Reuters

Парсы шығанағы елдері Вашингтонды Иранның мұнай алаңдарына Израильдің шабуыл жасауын тоқтатуға үгіттеп жатыр.  Өйткені олар қақтығыс шиеленіссе, өздерінің мұнай нысандары Тегеранның сенімді өкілдері тарапынан атқылануы мүмкін деп қауіптеніп отыр. Бұны Парсы шығанағы елдерінің үш дереккөзі "Рейтер" агенттігіне берген сұқбатта айтты.

Израиль Иранның зымыран атқаны үшін құн төлейтінін ескертіп отыр. Ал Тегеран Израильдің кез-келген жауап-соққысы күйреуге тап болатынын ескертті.

"Рейтердің" мәліметінше, Израиль Иранның мұнай нысандарын істен шығаратын болса, іс жүзінде Сауд Арабиясы жетекшілік ететін ОПЕК Иран мұнайының орнын толтыратын мүмкіндікке ие.

Дегенмен, сол мүмкіндіктердің көбі Парсы шығанағы аймағында орналасқан. Сондықтан, мысалы, Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктерінің мұнай нысандары шабуылға ұшырайтын болса, әлем энергетикалық шикізат тапшылығына душар болуы ғажап емес.

Иран мен оның араб әлеміндегі одақтастары неліктен бұл мемлекеттердің мұнай объектілерін қиратуы мүмкін? Себебі – олар өз аспанын Израиль әуе күштерінің Иранға соққы беруіне пайдалануына рұқсат етеді деген қауіп бар.

 "Егер Парсы шығанағы елдері Израильге өздерінің әуе кеңістігін ашатын болса, бұл соғыс әрекеті болып саналатынын ирандықтар ескертіп отыр",- дейді Сауд Арабиясының корольдік сарайына жақын сарапшылардың бірі Әли Шихаби.

Иранның жоғары лауазымды шенеунігі мен дипломаты "Рейтер" тілшісімен болған әңгімеде мәлімдегендей, егер Сауд Арабиясы Израильге шабуылда бір көмек көрсетсе, Тегеран Парсы шығанағы корольдігінің мұнай нысандарының қауіпсіздігіне кепілдік бере алмайды.

Израильдік екі жоғары лауазымды өкілдің сөзінше, Израиль әзірге Иранның мұнай кеніштеріне соққы беру туралы нақты шешім қабылдаған жоқ.

Бірақ Израиль қорғаныс министрі Йоав Галлант айтқандай, "Израильдің Иранға соққысы ажалды, дәл әрі кездейсоқ болады".

Үш дереккөздің айтуынша, Сауд Арабиясы, БАЭ, Қатар, Кувейт, Оман, Бахрейн аймақтағы шиеленістің жеңілдегеніне мүдделі.

"Біз ракеталық соғыстың ортасында қаламыз. Әсіресе, Иранның мұнай нысандары қирайтын болса", - дейді дереккөздердің бірі "Рейтер" агенттігіне берген сұқбатында.

Сонымен қатар, Иран мұнай инфрақұрылымына Израильдің шабуылының жаһандық зардабы да болуы ықтимал. Әсіресе, бұндай соққыдан Иран мұнайын ең көп тұтынатын Қытай қатты зардап шекпек. Және де осы соғыстан жанармай құны шарықтайтын болса, АҚШ-та қарашаның 5-де Дональд Трампқа қарсы сайлауға түсетін Камала Харристің рейтингі төмендеуі ғажап емес.

"Мұнай бағасы 120 долларға дейін көтерілсе, бұл АҚШ экономикасына да, Харристің сайлаудағы мүмкіндігіне де зиян тигізеді. Сондықтан олар (америкалықтар) мұнай соғысының кеңеюіне жол бермейді", - дейді Парсы шығанағындағы дереккөздердің бірі.

Парсы шығанағы елдері өкілдерінің сөзінше, оларда Patriot тәрізді заманауи қорғаныс жүйелері болса да, барлық мұнай қондырғыларын шабуылдан сақтау бәрібір проблема болып тұр. Сондықтан, бұл мемлекеттер мәселені дипломатиямен шешіп, Иранға өздерінен ешқандай қауіп төнбейтінін жеткізуге әрекеттеніп жатыр.

"Материктен аса алыс еместігін ескерсек, ирандықтар бұл қондырғыларға шабуыл жасай алады", - дейді Принстон университетінің Таяу Шығысты мәселелері жөніндегі зерттеушісі және профессор Бернард Хейкель.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу