Араб шейхтары қазақ жеріне аңшылыққа аттанады

25862

Олардың қыран құстарымен келуіне Үкімет басшысы рұқсат етпек.

Араб шейхтары қазақ жеріне аңшылыққа аттанады

Біріккен араб әмірліктері мен Катардағы VIP-тұлғалар жылда Қазақстанға келіп, құс салып, аң аулауды жақсы көреді. Оларды биыл коронавирусқа қарсы қатаң шаралардың енгізілуі де тоқтата алмауы мүмкін.

Олар үшін Қазақстан Үкіметінің арнайы қаулысының жобасы әзірленді.

Құжатқа сәйкес, біріншіден, БАӘ шейхы Халиф бин Заед Әл Нахаянға Түркістан облысындағы республикалық маңызы бар "Арыс" және "Қарақтау" мемлекеттік қорығы аймағында 75 "жек дуадақ" (дрофа-красотка), сондай-ақ Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарындағы республикалық маңызды "Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік қорығы" аймағында 92, яғни барлығы 167 жек дуадақты аулауға рұқсат етілмек. Былтыр оның лимиті 133 құс қана болған.

Екіншіден, оның отандасы – шейх Сурур Бин Мұхаммед Әл Нахаян осы қаулы негізінде Маңғыстау облысындағы республикалық маңызы бар "Кендірлі-Қаясан мемлекеттік қорығы" аумағында 44 (2019 жылы – 43), ал шейх Сеиф Бин Мұхаммед Әл Нахаянға дәл осы қорықта 43 (43) жек дуадаққа құс салып, саятшылық жасауына мүмкіндік беріледі.

Төртіншіден, Катар мемлекетінің шалқыған байы – шейх Джасем Бин Хамад Бин Халифа Әл Таниге Жамбыл облысындағы республикалық маңыздағы "Аңдасай мемлекеттік табиғи қаумалының" аумағында 28 жек дуадақ аулауына жол ашық. Шейх Аңдасаймен шектелмейді, одан кейін ол Алматы және Жамбыл облыстарын қамтитын республикалық маңызы бар "Жусандала мемлекеттік қорығына" аттанады деп күтілуде. Сонда ол "қанды басын бері тарт" деп тағы 77 жек дуадақты жусатып сала алады. Өткен жылғы барлық олжасының шегі 57 ғана болған (Аңдасайда – 27, Жусандалада – 30).

Бұл жерде шейхтардың бәрі саятшылық құру үшін қазақ еліне өз ителгілерімен келеді. Үкімет қаулысында арабтардың сұңқар құстарына рұқсат берілетіні көрсетілген.

Құжатты биыл Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті дайындап отыр.

Ауқаттан ықылық атқан арабтарға қазақ жеріне емін-еркін кіріп, "Қызыл кітапқа" енгізілген әсем құсқа қырғидай тиюіне мүмкіндік беру және оған Үкімет басшысының өзі рұқсат рәсімдеуі бір қарағанда, шымбайға батардай жайт. Дегенмен, құзырлы органдардың түсіндіруінше, шейхтар қорықтарымыздағы осы құс түрлерінің санын көбейту ісіне миллиондаған доллар қаржы құятын көрінеді. Кейінгі 13 жылдай кезеңде араб шейхтары Қазақстандағы табиғат қорғау шараларына 26 миллион доллар бөлген екен. Мұның сыртында қазақ жерінде аң аулау мүмкіндігі үшін 272 миллион теңге салық төлеген.

Сонымен қатар араб жағы Түркістан облысының Бәйдібек ауданында жек дуадақ өсіретін орталық құруға 4,5 миллиард теңге инвестиция салыпты. Кәсіпорынның қуаты жылына шамамен 5-10 мың дуадақ өсіруге жеткілікті. Шейхтар ұқсас орталықтарды Өзбекстан мен Қырғызстанда дамытып жатыр деседі.

Оның үстіне аулаған құстары да оларға тегін берілмейді. Жек дуадақтың біреуі үшін Қазақстан бюджетіне 260 айлық есептік көрсеткіш немесе 689 мың 260 теңгеден ақы төлейді. Ақы көлемі шамалы өскен: 2019 жылы әр құс үшін 656 мың 500 теңге немесе 1 мың 686 доллар алым аударды.

Әрине, ителгі (сокол-балабан), жек дуадақ секілді құрып бара жатқан құстарды мемлекеттер арасында әркім өз бетінше әрлі-берлі алып жүре алмайды. Сондықтан ел Үкіметі "Жойылып кету қаупі төнген жабайы фауна мен флора түрлерін халықаралық саудалау туралы конвенцияны" қорғайтын СИТЕС халықаралық ұйымының әкімшілік органына жүгініп, ителгімен саятшылық құру үшін жыртқыш аң аулаушы құстардың Қазақстанға әкелінуі мен кері әкетілуін қамтамасыз етеді.

Мұның сыртында, Премьер-Министр Асқар Мамин Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарының әкімдеріне шейхтар қажет еткен барлық көмекті көрсетуді жүктемек.

Арабтардың қазақ жеріндегі саятшылығы 2020 жылғы 1 қыркүйек пен 15 қараша аралығында өтеді. Яғни, аңшылық уақыты ұзартылып отыр. Себебі, 2019 жылы оларға тек 10 қазан – 15 қараша аралығында қыран құс салуға мүмкіндік берілген-тін.

Қазақстан мен аталған араб елдері жек дуадақтардың тұқымын сақтау мәселесі бойынша 2003 жылдан бері ынтымақтасып келеді. Содан бері жыл сайын құс аулауына рұқсат беріледі. Бірақ кей жылдары шейхтар елімізге келгенімен, дуадақ ауламаған. Мысалы, 2016 жылы олар жай ғана тынығып, олжасыз кері қайтты.              

Бұл құс түрін аулаумен арабтар байырғы заманнан айналысқан. Алайда кейін дуадақ Арабияда сиреп, оңай кездеспейтін болыпты. Сондықтан олар осы құс сақталып қалған Қазақстанға келуді дәстүрге айналдырды. Төрт түлік малды азық еткен қазақ құсқа көп тиіспегені мәлім. Тек кеңес кезінде елімізде басқа ұлт өкілдері көбейген тұста құстарды жаппай аулау жолға қойылып, оның көп түрі жойылуға шақ қалды.

Кейде "дрофа-красотканы" (Chlamydotis undulata) жорға дуадақ деп те аударып жатады. Дегенмен, мамандар оны жек дуадақ деп атаған жөн дейді. Қазақтың осы ұғымы өзге елдерге де тарап, құстың бұл түрін "джек" деп атайтын елдер жетерлік.

Жек дуадақ – дуадақ тұқымдастары ішіндегі ең көрнектісі, көркемі. Өзге туыстастарынан мойнында "жаға" тәрізді қара ала ұзын қауырсындарының болуымен дараланады. Ол елімізде Каспий теңізінің солтүстік жағалауынан бастап, Зайсан қазаншұңқырына дейінгі шөлейт және шөлді өңірде кездеседі. Өсімдігі аз, сексеуілі мен жүзгіні басым өскен сортаң, құмдауыт жерлерді мекендейді. Тұрқы 65–75 см, қанатының ұзындығы 35–40 см, салмағы 1,5–2,4 келідей.

Жек дуадақ – жыл құсы. Қыркүйекте жылы жаққа, Арабияға, Пәкістанға дейін ұшып кетеді. Арабтардың бізде дуадақ өсіруге күш салуы да содан. Ал наурыз айында "Отанға" қайта оралып, қазақ жерінде ұя салады. Яғни, балапандары да "қазақстандық".

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу