Арал шынымен қайта толып жатыр ма? Үміт мол, күдік басым

Соңғы кездері отандық БАҚ беттерінде "Кіші Аралға осынша су түсті, теңіз толып жатыр" деген сарындағы ақпараттар жиілеп кетті. Әрине, бұл – қуанарлық жағдай. Десе де, қоғам тарапынан сенімсіздік те бар.

Арал шынымен қайта толып жатыр ма? Үміт мол, күдік басым Фото: YouTube

Осы орайда, inbusiness.kz тілшісі Сыр еліндегі су саласын тереңінен қаузап жүрген эколог-жазушы Сайлаубай Жұбатырұлын әңгімеге тартқан еді.

Балқаш деген – көл, Арал деген – теңіз!

Экологтың айтуынша, ұрлық күріш алқаптарын әлі де азайту, қыстағы қарғын суды дұрыс пайдаланып қалу керек. Ең бастысы, Кіші Аралды сақтап қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасау қажет.

– Сыр елі Қазақстанның 90 пайыздан жоғары күрішін береді. Соны біз мақтан тұтамыз, әрине мақтанатындай-ақ жағдай. Былтырғы мәлімет бойынша, 126 мың тонна ақталған күріш қоймада жатыр. Бұл – Қазақстанның екі жылдық пайдаланатын өнімі. Осындай артық күрішіміз бар, арасында экспортқа да шығып жатыр. Бірақ, біздің күмпілдей беруіміз жақсы нәрсе емес. Біз – Сыр бойы, Іле бойынан мысал алуымыз керек. Іле бойы – құнары, табиғат, географиялық параметрлерінің бәрінен Сыр бойынан кем емес. Бірақ, ондағы ақылды ағайындар қазір күріштікті қысқартты. Өздерінше "күріш егеміз" деп атады. Лепсі, Қаратал, Ақсу секілді Жетісу облысына қарасты құнарлы жерлерінде күрішті 1000 гектардан асырмайды. Олар сол арқылы Балқашты сақтап қалып отыр. Биыл Балқашқа 13 жарым миллиард куб метр су барып түсті. Бұл – өте көп су. Іленің жоғарғы жағы – Қытайда жатыр, демек олар алпауыт елдермен тіл табысып отыр. Бізге алақандай Орталық Азияда Аралдың жағдайы үшін мәмілеге келу қиындау болып тұр. Дипломатиямыз жалпы жаман емес. Сонымен, Балқашқа 13 жарым миллиард куб су түсті. Балқаш деген – көл, Арал деген – теңіз! Біз болсақ, 1-2 миллиард текше меьр су бөлдік деп күмпілдейміз. Ол су мына Кіші Аралдың да жұмырына жұқ болмайды. Яғни, теңіз балансын сақтай алмайтындай көлемдегі су. Ол – тек әдемі сөз. Миллиард деген сөзге айтқан кезде ауыз толады, бірақ теңізге кемі 3-4 миллиард су берсе, соның өзі ең болмаса, өз деңгейінде ұстап тұруға болар еді. Оны да бере алмай отырмыз, бұл – халықты алдарсыратудың амалы. "1-2 миллиард су бердік" дейді, ол – жаздағы вегетация кезеңінде берген суы, ал қыста Құдайдың берген суы өзі құйып жатыр. Сондықтан да, Сыр бойындағы психологияны өзгерту керек, – дейді ол.

Аспаннан "шұға" жауғанда, Аралға "ұлтарақ" та бұйырмады

Жазушы Сайлаубай Жұбатырұлымен әңгімеде Арал теңізі мәселесіне етене ене түстік. Ол "экологиялық мәселе құр ұран болмауы тиіс" деген пікірде. Көктемдегі қарғын суын дұрыс пайдалану жайын да сөз етті.

– Әлем бойынша экологиялық тенденция өте қатты қозғалып жатыр. Біз Қазақстанның басшысынан қосшысына дейін "Арал, Арал" деп экологияны алға тартамыз, шын мәнісінде Арал біздің ұранымыз ба, жұрт алдындағы жай трендімізге ғана айналды ма? Аралға шын ұлдық, халықтық, шын мәнінде экологиялық мазмұндағы жанашырлық керек. Сондықтан да, біздің кейбір маманымыздың "суды үнемдейік, жинайық, келесі қарғын су көп болады" деген сөзінде экологиялық функциясы басым болуы шарт, ол қайта-қайта айтылуы керек. Экологиялық функция деген – өте жақсы сөз. Адамның егінге, басқаға басымдық беру туралы ойы көкейде тұруы мүмкін. Оның ең алғашқы мақсаты, күн тәртібіндегі бағыты экология болуы керек. Сонда Аралға да су жетеді. Мысалы, биылғы көп суды мен "Аспаннан "шұға" жауғанда, Аралға "ұлтарақ" бұйырмаған" деп жаздым. Қанша жерді топансу басқанда, Аралға дұрыстап су түскен жоқ. Оңтүстіктің дариялары тасқынды көрсеткен жоқ. Керісінше, тасқын ОҚО, ШҚО мен БҚО-да болды. Сондықтан да, жаңағыдай көзқарасты өзгертудің объективінің осындай жағдайлары бар. Ол үшін қимылдау керек, жаңадан ізденістер енгізу керек, бағыттарын ашу керек. Төл табиғатымызға ұлдық жанашырлық позицияға әбден мықтап тұруымыз керек, – деп ашынады эколог.

Эколог: "Әлі 90 мың гектардан аса күріштік бар"

Жергілікті билік күріш көлемін жылдан-жылға қысқартып жатқанын айтуда. Әрине, су тапшылығы салдарынан осы қадамға баруға мәжбүр. Десе де, эколог Сайлаубай Жұбатырұлы әлі де ұрлық жағдайында күріш егіп отырған жеке шаруашылықтар бар екенін айтады.

– "Күріш егілмесе, жер сорланады екен, жер бұзылады екен" деген әңгімені мамандар өздерінше айтады. Күріштіктің көлемі азайған сайын біз ол жерлерді жоғалтамыз, яғни тоғай, орман басады. Одан ол сорланбайды, бұзылмайды. Сәл босаған жерді, Құдай өзі тоғайымен, орманымен (Сыр бойының тоғайы ешқашан шегінген емес) реттейді. Олар күрішті аз ексе, инженерлік айналымнан шығып кетеді, уайымдап жатқаны сол. Табиғат үшін ағаштарды шығару керек, "тәбетті" шектеу керек. Әйтпесе, 89 500 гектарға жетіпті күріш деп жүрміз. Кеңес үкіметі кезінде 70 мың гектардан аспаған. Біз азаттықтың, егемендіктің тұсында жеке-жеке шаруалар ұрлық гектармен 90 мыңға жеткізді. Соны 7-8 мың гектарға шегердік деген ресми мәліметтер ғана айтылып жатқаны. Сөздің арасында айтылып жүр, әлі ұрлық жағдайын қосқанда 90 мың гектардан аса күріштік бар. Ал, Аралдың мынадай жағдайда, еліміздің экологиялық ең бір өткір мәселесі тұрған жағдайда, бұл – өте ұят нәрсе. Бізде әлі психология жаңғырған жоқ, көзқарас өзгерген жоқ, – деп сөзін жалғастырды ол.

Оңтүстік су қоймаларының бір "сырқаты"

Су саласын зерттеуші маман 2 жылға жуық уақыт бұрын сулы, ылғалды кезеңнің басталғанын жеткізіп отыр. Әрі бұл ұзақ уақытқа созылады. Сондықтан, мол суды ысырыпсыз, төгіп-шашпай дұрыс пайдаланған маңызды.

– "Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай" деген Абай айтқан кезеңде тұрмыз. Бұл кезең – көре білген адамға, сезе білген адамға көп белгі береді, нышан көрсетеді. Алдымызда үш ай тоқсан бар, күз бен қыс бар. Алас-қапас болатын көктемнің басы бар. Кеше ғана Сырдарияны жағалап көріп келдім. Соңғы кездегі ағыл-тегіл жаңбырдан (бұл да – елдің несібесі, ырысы) дария толысыпты. Оңтүстік су қоймаларының бір "сырқаты" күз басталып, суды жапқаннан бастап төменге суды жібермей тез жинай бастайды. Қыстай дым болмай қалатындай әрекет жасайды. Ол, әрине, "аузы күйген үрлеп ішеді" дегендей, тіпті ондай қорқыныш болды да. Менің түсінгенім, қай күні ғана ұлтаны көрініп жатқан дарияның 15 тамыздан бастап барлық күріштіктің суы жабылды, бірақ "Шардара", "Көксарай" сынды су қоймалары жоғарыдағы көп суды ұстады, жанталасып жинап жатты. Соған қарамастан, байқаған тенденциям Сырдария ерік бермей, еге бермей жауған жаңбырымен, Арыстың ағыны, Қаратаудан құятын еркін өзендердің арқасында толық екен. Осыдан 3-4 жыл бұрын 1-2 жыл дарияның әбден қурап қалғанын көрдік, күріштіктердің күйіп кеткен кезі болды. Енді 2022 жылдың 27 қарашасынан бастап жаңбыр бастап жауды, менің түсінігім бойынша, табиғаттың он екі жыл мүшел жыл айналымында ылғалды, сулы кезеңі басталды деп ойлаймын. Сол жылдары "қара сулы қоян" деп Еуропа айтады екен, біз "қоян жылы" дейміз ғой. Осы айналым біразға созылады, сондықтан осы суды Арал бағытында, экологиялық қурап қалған нысандар бағытында Алланың берген, табиғаттың берген мырзалығын, көзқарасын, оң қабағын дұрыс пайдаланып қалу керек, – деп есептейді ол.

48 миллиард куб су теңіздің сорына кетіп қалды...

Сайлаубай Жұбатырұлы "Көкарал" бөгеті салдарынан өте көп мөлшердегі судың Үлкен теңізге кеткенін айтып ашынып отыр. Мұндай оқиға қайталанбас үшін ақылды шешім, ақылды саясат керек.

– Жоғарыдағы ағайындардан қыстайғы 11 миллиард текше метр суды "Шардара" алады деп отыр. Ол жақсы. Бірақ, одан да асып жатқан су 11 миллиардпен шектелмейді ғой, соның шашауын шығармай, қураған көлдерімізге, ең бастысы, Аралға бағыттау жіберу керек. Сонда "1 миллиард су бердік, 2 миллиард су бердік" деп аузымызды қу шөппен сүртіп отыруды қоятын боламыз. Әупірімдеп көтерген, ел-халықтың үміті болып көтерілген әлемнің алдындағы мақтаныш етіп айтып отырған Кіші Аралдың өзіне 3-4 миллиард куб су, керек болса, одан да көп су беру керек. Кешегі бір кезеңдерде Аралға 10 миллиардқа дейін су барып тұрды. Әттең-ай, "Көкаралдың" төңірегіндегі авторлардың және жауапты адамдардың жауапсыздығынан 48 миллиард куб метр су Ұлы теңіздің сорына кетіп қалды, Үлкен теңізден әзір үміт жоқ. Ол суды жібермеуіміз керек еді, неше мыңдаған тонна балық рәсуә болып қырылып ол жатыр, бұл біздің аулаған балығымыздан көп. Бұл жағдай қайталанбауы керек. Меніңше, Кіші Аралды көтеріп алудың амалын жасауымыз керек. Елдегі азаматтардан Аралдың халқы үміт етіп күтіп отыр. Биылғы қыстың суы көп болады, одан топаңға кетіп, сансырап, ойбайлап, әр жерде санымызды ұрып қалмайтындай ақылды саясатты осы бастан жүргізуіміз керек. Дария маған осыны айтты, – деп сөзін түйіндеді эколог.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу