Сондықтан мемлекет те түрлі келіссөздер жасап, су көлемін көбейтуге тырысса, шаруалар суды аз қажет ететін өнімдерге басымдық беруді жалғастырып жатыр.
Осы орайда, inbusiness.kz сайтының тілшісі еңбек ардагері Бекназар Әбсадықовты әңгімеге тартып, Сыр бойындағы егін шаруашылығын дамыту мәселесіне тоқталды. Кейіпкеріміз Өзбекстанның Ферғана қаласында туған. Кішкентайынан егін шаруашылығына бейім ол "агроөнеркәсіпті жаңаша жаңғыртуға мән беру керек" деп есептейді.
– Су – өмір. Әлемдік алғашқы өркениет өзен бойы климаты жылы Месопотамия мен Мысырда дамығаны және басталғаны тарихтан белгілі. Дәл осыған сәйкес, біздің де Сыр бойында ертеден егін шаруашылығы мен мәдениет дамып, "Сыр – Алаштың анасы" аталды. Бала кезімде анам "атажұртты еске алып, күз түсіп жайлаудан қыстауға бет алғанда, алдымыздан Сыр диқандары қарсы алып, егін өнімдерін малға айырбастап, екі жақ қарық болып қалатын едік" дейтін. Яғни, еліміздің оңтүстігі жылы, энергиялық тиімділігі бар Сыр бойында агроөнеркәсіпті жаңаша жаңғырту – заман талабы.
Мен Ферғана облысында туып-өстім. Ол жақта 5-сыныпта мақта терген жерімнен қызым 35 жылдан соң өнімі мол мақта алды. Әр 4-5 жылда мақта еккен жерлерде егін түрін ауыстырып, оған дәнді-дақылдар мен жоңышқа егілсе, алқап құнарланып әрі малға да мол жем алынады. Жеріміз кең болғандықан, ол жерге бір-екі жыл ешнәрсе екпей, дем беруге де болады, – дейді ол.
Жер ешқашан тозбайды. Тек оны демалдырып, егілетін дәнді-дақыл, көкөніс түрін ауыстырып тұрған жөн. Мұны сала мамандары да жиі айтып жүр.
Еңбек ардагері әңгіме барысында Қызылорда аумағына мақта егу туралы ұсынысын жеткізді. Шыны керек, "біздегі су тапшылығы жағдайында бұл қаншалықты орынды?" деген заңды сұрақ туындады. Кейіпкеріміздің оған айтар өз уәжі де бар. Сонымен қатар, ол бұрын Сыр бойында мақта көп егілгенін атап өтті.
– Мақта егіп, біз мақта талшығымен қатар оған ара жайып, бал және денсаулыққа пайдалы мақта майын аламыз. Ал оның паясы – нан пісіретін тамаша отын. Жұмыссыз тоқыраған ауылдар мақта шаруашылығымен жаңаша дамып бастайды. Ал бұрын қолынан ұршық түспеген әйелдер еліміздің барлық қаласында тоқыма комбинаттар мен тігін фабрикаларында жұмыс істейтін болады. Сыр бойында күріш шаруашылығымен қатар, мақта шаруашылығын да дамыту аса қажет. "Мақта егу күріш екпейміз" дегенді білдірмейді. Бұрын Сыр бойында мақта еккен екен. Меніңше, Кремльдің қисынсыз монокультуралық геосаясатынан бұл кәсіпті тоқтатқан сияқты. Енді біз егеменді тәуелсіз елбіз. Қаланың өзінде мақта егіп едім, өнімі мол болды. Еліміздің оңтүстігі жылы, әсіресе Сыр бойына мақта шаруашылығын қолға алу ауылдардың дамуымен қатар, қалаларды да шикізатпен қамтамасыз етіп, жеңіл өнеркәсіптің өрістеуіне ықпал етеді. Бұл агроөнеркәсіп бізді еліміз бойынша озық шығарады, – деп сөзін жалғастырды Бекназар Әбсадықов.
Пікірлесу барысында кейіпкеріміздің түрлі тәжірибе жасап көргенін естідік. Ол "менің аузымнан шыққан көп ұсынысты өзбек достарым жүзеге асыратын" деп қалды. Ал Қызылорда қаласында айтылған бірқатар ұсынысы өкінішке қарай қолдау таппаған.
– Бізде өріктердің бәрі – қодырен. Базарға барсам, қаймығып қайтамын. Бұрын аузымнан кездейсоқ ұсыныс шықса, өзбек достарым дереу сонымен айналысатын. Ал бұл жақта талай ұсынысыма табанда кері жауап алдым. Егер мен "Сыр бойындақұрма ағашын өсіруді қолға алайық" десем, "бізде құрма өспейді" дейтін керітартпа жалқаулар табылады. Осыдан он жылдан астам уақыт бұрын малға тамаша жем сорго (қонақ жүгері) дәнді-дақылын өсірген едім. Оны уақытында оншалық ешкім елемеді. Бұл ұсынысым енді ғана амалға асып, тұқымын үйден алып кетіп жатқандар көбейді. Біздің климаттық аймағымызға лайық Қызылордада арнайы агротехникалық озық оқу орны болса, ешқандай қателікке жол бермес едік. Украинада егін шаруашылығы өте жақсы дамыған. Сол жақтардың да білімін алып, жүзеге асыруға болады, – деді ол.
Су тапшылығы көп жайтқа әсер еткенін жоғарыда жаздық. Әлбетте, егіннің жайы аяқсуға тікелей байланысты. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды. Еңбек ардагері Бекназар Әбсадықов көп су тұрмақ, аз суды да ысырап етіп жатқанымызды айтады. Ал ыза суды лайықты деңгейде пайдаланып, кәдемізге жаратпағанымыз да қателік болып тұр.
– Егін шаруашылығы жылы су бар жерде дамиды. Бізде Сыр суының сарқып азаюы ауылдардың тоқырауына әкеп соқты. Дегенмен, біз сол аз суды да үнемдеп пайдаланбай, ысырапшылыққа жол беріп келеміз. Суларды арықтардан асырып көл етпей, оның әрбір тамшысын сақтап пайдалану керек. Суды ысырап еткендер жауапқа тартылуы қажет. Алыс жерден егін алқабына жеткенше біраз су жерге сіңіп кетеді. Сондықтан, бұндай жерлерге бетон лотоктары мен құбырларды қолданған жөн. Біздің ойпатта жерасты ыза сулары өте мол. Ол ыза суларды пайдалану үшін сол судың деңгейіне дейін траншея қазып, асбест цемент дренеж құбырларын көму керек. Сонда одан аққан мол ыза суға ие боламыз. Жоғары саға жақтан бізге дәл осындай ыза сулар да ағып келіп жатқанын көргенмін. Бір жағынан ыза сулардың жойылып, орнына ауа баруы егіншілік үшін аса қажет. Яғни, заңды түрде ыза суларын өзенге ағызып жіберу керек. Сонда ол жердің өнімі мол болып, жер тез арада тоза қоймайды. Біздің аймақта аграрлық саланы дамыту үшін осындай егін егу технологиясын орындауымыз керек, – деп сөзін қорытындылады ол.
Әлбетте, кейіпкеріміз кәсіби маман емес. Бірақ, ол өз тәжірибесімен бөлісіп, ұсынысын ашық айтып отыр. Жалпы, Сыр елінде ара-тұра "күріш егуді мүлдем тоқтату керек" деген пікір айтылып тұрады. Ал су тапшылығы жағдайында мақта егуді қолға алу шын мәнінде қажет пе, ол белгісіз әрі әлі де көп зерттеп-зерделеуді қажет ететіндей. Солай бола тұра, мамандар ыза суды пайдалану туралы еңбек ардагерінің ұсынысын да қарастырып көруі керек.