"Әрбір әйел – әрбір бала" мемлекеттік бағдарламасының миссиясы не?

3198

Мектеп қабырғасында аяғы ауыр болып қалатын оқушы қыздар санын әрбір мың қызға шаққанда 1,9-ға дейін азайту көзделген. Сүндетке отырғызуға қатысты жеке бағдарлама қабылданады деп күтілуде. 

"Әрбір әйел – әрбір бала" мемлекеттік бағдарламасының миссиясы не? Фото: ашық дереккөзден

Денсаулық сақтау министрлігі ел тарихында бұрын-соңды болмаған жаңа тұжырымдаманы ұсынды. Оған "Әрбір әйел – әрбір бала" деген "интригасы бар" тақырып қойылыпты. Бағдарлама биыл күшіне еніп, 2030 жылға дейін ұзаруға тиіс.

ДСМ бұл жоба тікелей Президенттің тапсырмасымен қолға алынып отырғанын жеткізді.

Жаңа бағдарлама арқылы ел Үкіметі біріншіден, әйелдер мен балалар денсаулығын жақсартуға қолайлы жағдайлар жасауға; екіншіден, алдын алуға болатын дерттерді, өлім-жітімді төмендетуге, әйелдер мен балалардың әртүрлі ауруларының салдарларын азайтуға міндеттеледі. Үшіншіден, саламатты өмір салты (СӨС) және басқасы арқылы ана мен бала денсаулығын нығайтуға жәрдемдесуге тиіс. Төртіншіден, балалардың СӨС дағдыларын қалыптастыруға бағытталған жаңа тәсілдер енгізілуі шарт.

Сондай-ақ әйелдер мен балаларға медициналық көмекті жетілдіруге, босандыру және балалар ұйымдарының кадрлық әлеуетін, материалдық-техникалық жарақтануын нығайтуға бағытталған.

Жалпы, жаңа жобаның атауында "әйел" сөзі болғанымен, ол нәзік болмыс иелерінің барлық санатын көп қамтымайды: шаралары негізінен бала туа алатын жастағыларға бағдарланған. Бұл қанша жас? Бағдарламада ол нақтыланбапты. Бірақ 2021 жылы Мемлекет басшысының бастамасымен іске қосылған "Аңсаған сәби" бағдарламасы аясында ЭКҰ тәсілімен ана болғысы келетіндердің жасы 42-ден аспауы шарт деп көрсетілген. Мамандар 18–44 жас аралығын "фертильді жас" деп белгілейді: осы кезеңде әйелдердің репродуктивті қабілеті жоғары болатын көрінеді.

Бұл ретте Қазақстан 2030 жылға қарай ана өлімін 100 000 тірі туғандарға шаққанда 13-ке дейін және нәресте өлімін 1000 тірі туғандарға шаққанда 7,1-ге дейін төмендетуге қол жеткізу жөнінде "стратегиялық мақсат" белгіледі.

ДСМ дерегінше, елде 2022 жылғы жағдай бойынша 9 млн 835 мыңнан (жалпы халықтың 51,4%) астам әйелдер бар. Фертильді жастағы әйелдер саны – 4 417 460. 0–18 жастағы балалар саны – 6 485 507.

Фото: inbusiness.kz 

"Ана өлімі (АӨ) денсаулық сақтау жүйесінің жағдайын паш ететін ең негізгі көрсеткіштерінің бірі. Соңғы 10 жылда АӨ серпінді түрде, 2,4 есеге төмендеді: 2009 жылғы тірі босанған 100 мың анаға шаққанда 36,8-ден 2019 жылы 13,7 анаға дейін. Бұған тиімді перинаталдық технологияларды, жаңа клиникалық хаттамаларды ендіру, сондай-ақ перинаталдық көмекті өңірлендіруді қоса алғанда шұғыл медициналық көмек көрсетуді жетілдіру есебінен қол жеткізілді. Алайда 2020 жылдан аналар өлімінің көбеюі тіркелді. Бұл COVID-19 пандемиясымен байланысты. 2021 жыл қорытындысында Қазақстанда АӨ көрсеткіші 22%-ға ұлғайды және тірі босанған 100 мың әйелге шаққанда 2020 жылғы 36,5-тен 2021 жылы 44,7-ке дейін өсті", – деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі.

Ана өлімі себептерінің 70%-ын пневмония және коронавирус құрады. Содан кейін бұл індеттің беті қайтты. Таяуда, 2023 жылғы 5 мамырда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 3 жыл 1 ай және 24 күнге созылған жаһандық пандемияның аяқталғанын жариялады.

Ал басқа себептер қалды. ДСМ жас босанған аналардың көз жұмуының тікелей себептері қатарында жатыр анотомиясын, бала жолдасының патологиясын, босану кезіндегі жарақатты және солардың салдарынан акушерлік қан кетулерді атады. Бұдан бөлек, босануға дейін күтімнің сапасыз болуына байланысты ауыр преэклампсия, эклампсия асқынуларынан болатын өлім төмендемей тұрғаны айтылды.

Сорақысы сол, Қазақстанда 30–35 жастағы жүкті келіншектерге қарағанда 15–19 жастағы аяғы ауыр қыздарда анемия, мерзімінен бұрын босану мен преэклампсияның жоғары қауіпі байқалады.

Сонымен бірге соңғы жылдары 40 жастан асқан әйелдердің бойына бала біту тренді тіркелген. Бұл бір жағынан қуанышты жайт: фертильді жас ауқымы артады. Бірақ бұл жастағы әйелдер күтімді көп қажетсінеді. Өйткені "қолайсыз соматикалық фоны, асқынған акушерлік анамнезі ағымдағы жүктіліктің асқыну қаупін күшейтеді".

Басты мұрат – халық санын өсіру

Жағдайды халықтың үлкен бөлігінің сауатсыздығы, саланы жайлаған бюрократия мен жауапсыздық та ушықтыруда. Мысалы, ана мен бала өліміне біріншіден, ұйымдастырушылық-әдістемелік факторлар: болашақ аналардың бойындағы дерттерін дұрыс диагностикаламау және емдемеу, жүктілерді ұтымды маршрутизациялаудың жоқтығы, медкадрлардың біліксіздігі, тапшылығы және басқасы ықпал етеді. Екіншіден, әлеуметтік-демографиялық факторлар, соның ішінде ірі қалалардағы миграциялық өсім, әйелдердің тұрмысының төмендігі, отбасыда зорлық көруі, емханасында кеш тіркелуі, дәрігердің ұсынымдарын орындамауы, оның қарауына тұрақты келмеуі және өзгесі де кесірін тигізеді.

Міне, "Әрбір әйел – әрбір бала" жаңа бағдарламасы осы және басқа да проблемаларды шешуге, сөйтіп қазақтың басын қарқынды өсіруге түрткі болуға тиіс. Демек, оның көтерер жүгі, бекітілген стратегиялық миссиясы орасан зор. Бәлкім, сонда Қазақстан халқының саны осы ғасырда ең кем дегенде екі есе өсуі ықтимал.

Масқарасы сол, бұл салаға қатысты биліктің сөзі көл, ісі шөл болып тұр. Атап айтқанда, елімізде 20 миллионға жуық халық үшін небары 240 босандыру ұйымы ғана жұмыс істейді. Оның ішінде 1-ші деңгейде – 143 аудандық аурухана бар. 2-ші деңгейде – 58 перзентхана мен олардың бөлімшелері, 3-ші деңгейде – 37 перинаталдық орталық (көп бейінді ауруханалардың акушерлік бөлімшелері) қызмет көрсетеді.

Фото: yandex.kz

Қ.Тоқаев Үкіметтің басты міндетінің бірі – ана мен баланың денсаулығын сақтау деп белгілеген еді. Өкінішке қарай, сәбилердің өлімі көбейді. Ана өлімі де өсуде. Сондықтан Президент перинаталдық қызметтің жай-күйін тексеруге тапсырма берген болатын. Оның қорытындысында тиісті шаралар қабылдануы керек еді. Бірақ, Мемлекет басшысының өзі айтқандай, барлық жұмыс аудит деңгейінде қалды. Іс ілгері жылжымаған. Тексеріс перзентханалардың көбі халықаралық стандарттарға сай еместігін әшкереледі. Сондықтан Тоқаев Үкіметке жаңа жоба аясында шұғыл шаралар қабылдап, осы мәселені шешуді жүктеді.

Әзірге жұмыстар тым шабан жүруде. Оның барысын қадағалау үшін Тоқаев өңірлерге шыққанда жаңадан бой көтерген перзентханаларға бас сұғып тұрады. Немесе әкімдерді қабылдаған сайын олардан осы жайында сұрайды. Мысалы, биылғы 10 ақпанда Қарағанды облысының жаңа әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Қарағанды қаласында 200 орындық перинаталды орталық салынатынын жеткізді. Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы Жезқазғанда "Ана мен бала" атты қазіргі заманғы перзентхана тұрғызылатынын мәлім еткен. Өзара уағдаластық аясында Катар мемлекеті Алматы облысының Өтеген батыр аулында заманауи перзентхананың құрылысын бастады.

Әйелдер жоғары білікті медициналық көмекті Алматы қаласындағы Акушерия, гинекология және перинатология ғылыми орталығында (АГПҒО) және Астана қаласындағы UMC құрамындағы "Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында" ғана ала алады. Бұл өте аз.

Оқушылар сексуалды өмірді қашан бастайды

Жаңа бағдарламада оқушы қыздардың ерте екіқабат болып қалуының алдын алуға мән берілмек. Қазақстанда 15-тен 19 жас аралығындағы 1 миллион 286,7 мың қыз бар. Қазіргі жастар жыныстық өмірді ерте бастайды. Бірақ бір жақсысы, тым ерте ана болатындар санының азаю үрдісі байқалады.

"Қазіргі кезеңде жасөспірім қыздардың репродуктивті денсаулығының жай-күйі жыныстық өмірдің ерте басталуымен, жыныстық жетілудегі бұзылушылықтармен және жасөспірімдер арасындағы жүктілік, босану және түсіктер мәселелерімен тығыз қабысып жатыр. UNFPA (БҰҰ Халықтың қоныстануы жөніндегі қоры) Қазақстандағы жасөспірімдер мен жастардың репродуктивті және жыныстық денсаулығын зерттеп шықты. Нәтижесінде, 2010–2020 жылдар аралығында 15 пен 19 жас аралығындағы бойжеткендер арасында туу көрсеткіші осы онжылдықта 1000 қызға шаққанда 28,3-тен 22,9-ға дейін төмендеген. Бірақ бұл да өте көп және оны ары қарай төмендету талап етіледі. Соңғы 5 жылда жасөспірімдер арасындағы туу 14%-ға: 3 778-ден 2 699 оқиғаға, ал түсік тастау деңгейі 2 есеге: 5,8-ден 2,7‰-ге төмендеді", – деп мәлім етті Денсаулық сақтау министрлігінің мамандары.

Сондықтан "Әрбір әйел – әрбір бала" аясында жасөспірімдер арасындағы жүктілікті 2030 жылға қарай 15–17 жас аралығындағы әрбір 1000 қызға шаққанда 1,9 оқиғаға дейін төмендету бойынша нысаналы индикатор бекітілмек.

ДСМ дерегінше, Қазақстанда жасөспірімдер орта есеппен 16,5 жаста ерте жыныстық қатынасты бастайтыны анықталды. Бұл ретте 15–19 жас аралығындағы жасөспірімдердің 16,7%-ы кемінде бір рет жүкті болған. Соның ішінде – 62%-ы босанған, 22%-ы – жасанды түсік жасатқан. Жасөспірімдердің 16%-ында жүктілік өздігінен түсік тастаумен аяқталған.

Фото: google.com

Жасөспірімдер арасында жыныстық жолмен жұғатын инфекциялардың жаңа жағдайларының тіркелуі азайды. Соның ішінде мерез-сифилис – 2,5 есеге, соз-гонорея – 1,6 есеге, трихомониаз – 1,5 есеге, хламидиоз – 1,4 есеге төмендеген.

Бірақ атын естісе адам шошынатын АИТВ инфекциясының жаңа жағдайларының 15–19 жастағылар арасында – 39-дан 53 жағдайға, 30–39 жас аралығындағылар арасында – 1 141-ден 1 304 жағдайға дейін өсуі тіркелді.

Жаңа тұжырымдама осы және басқа проблемалармен күрес шараларын қамтитын "Келешек" жол картасын әзірлеуді, Балалар гинекологиясының өзекті мәселелері бойынша жалпы практика дәрігерлерін, акушер-гинекологтарды даярлауды қарастырады.

Биыл "Сенім" арнайы бағдарламасы жасалып, іске асырыла басталуы мүмкін. Ол бағдарлама бозбалалар мен бойжеткендердің жыныс мүшелерінің дамуындағы туа біткен ауытқуларды ерте диагностикалауға, уақтылы хирургиялық түзетуге, репродуктивті функцияны қалпына келтіруге бағытталмақ. Сарапшылар оның аясында ұлдарды сүндетке отырғызу мәселелері қамтылғаны жөн деп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу