Әрбір министр ауысқан сайын алдағы жасалған жобалар кейде нәтижесіз аяқталып жатады – экономист

2159

Қазақстанға қандай экономикалық модель керек?

Әрбір министр ауысқан сайын алдағы жасалған жобалар кейде нәтижесіз аяқталып жатады – экономист Фото: aqorda.kz

Сарапшылардың сөзінше, осы уақытқа дейін шикізатқа бағытталып, оған тәуелді болып келген экономикалық модельді алмастыратын уақыт жетті. Олар әлемдік ұлы көштен қалмау үшін жаңа секторларға инвестициялар құйылу қажет деп есептейді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Жалпы биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасы 4,9%-ға өскен. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, негізгі салалардың барлығында оң динамика байқалып отыр. Әсіресе құрылыс, сауда, ақпарат және байланыс салалары ең жоғары өсім көрсеткен. 

Десек те, экономикалық дамуымыздың бағытын айқындайтын жаңа саясат туралы жақында Мемлекет басшысы баса айтты.

"Осындай аса маңызды шақта зор экономикалық серпіліс жасауға еліміздің толық мүмкіндігі бар. Ол үшін біз біртіндеп жаңа экономикалық үлгіге өтуіміз керек. Бұл жұмысты батыл жүргізуіміз қажет. Басты мақсат – қағаз жүзіндегі биік жетістіктерге қол жеткізу емес, шын мәнінде халықтың тұрмыс сапасын жақсарту болуға тиіс", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті Жолдауында.

Экономист Бауыржан Ысқақовтың сөзінше, жаңа экономикалық үлгіге көшу процесінде елдегі барлық ресурсты тиімді пайдалану мәселесі басты назарда болуы тиіс.

"Осы уақытқа дейінгі экономикамыздың қалыптасуы көбінесе қазба байлықтарға тікелей байланысты болды. Шикізатты сатудан түскен қаражат арқылы экономикалық өсім жасадық. Бірақ та бұл өзінің ең соңғы нәтижесін берген жоқ деп айтуға болады. Әрине, сол үлкен қаражат арқылы Ұлттық қор қалыптастырып, қалаларды салдық, әлеуметтік бағытты қалыптастырдық", - деді экономист Бауыржан Ысқақов.

Сарапшы ауыл шаруашылығын экономиканың негізгі драйверіне айналдырып, туризм және басқа да салаларды әлі де дамыту қажет деп есептейді.

"Бұдан бөлек адами ресурстардың тиімді жұмыс істеуіне көңіл бөлгеніміз жөн. Яғни, елдегі барлық дайын өнімді шығаратын, отандық өнімдердің басы-қасында жүретін өзіміздің мамандарымыз болуы керек. Қазіргі уақытта кадрлардың сыртқа кетіп жатқанын бақылап отырмыз", - деп атап өтті ол. 

Бауыржан Ысқақов экономикалық модельді қалыптастыру кешенді жұмыс екенін жеткізді. Ол импортқа тәуелділіктен арылу бұл процеспен қатар жүруі керек деп есептейді. 

"Себебі импортқа неғұрлым тәуелді болсақ, инфляция соғұрлым жоғары болады. Салдарынан экономикадағы өзгерістерге қандай да бір серпін бере алмаймыз. Осындай қарапайым ғана тәсілдерді жолға қоятын болсақ, жаңа экономикалық модельдің каркасы шығады", - деп жалғастырды экономист.

Әрине мұны жүзеге асыру процесі бір жылдың ішінде іске аспайтыны белгілі. Оған шамамен қанша уақыт керек болады? Үкіметтің салыстырмалы түрде жаңарған құрамы өзіне жүктелген міндеттерді толық жүзеге асыра ала ма? Сарапшыдан осы сауалдардың жауабын білдік.

"Әрбір министр ауысқан сайын алдағы жасалған жобалардың кейде нәтижесіз аяқталатыны бар. Экономикалық үлгіні іске асыру кезінде нақты уақыт көрсетілу керек. Мәселен, 5 жылға нақты жоспар қарастырылып, қаражат көлемі белгіленіп, жауап беретін министрлікке де талап нақты қойылатын болса, нәтижені көруге болады. Қазақстанда мемлекеттен қаржыландырылатын жобалардың аяқсыз қалуына көбінесе Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың арасындағы байланыстың аздығы, бұған аса үлкен қызығушылықтың болмауы жатады. Яғни, ортақ ұлттық мүдде мен жеке мүдденің арасындағы қарама-қайшылық. Мемлекеттік реформалардың барлығы халыққа түсінікті тілде және олармен тығыз байланыс арқылы жасалынуы тиіс", - деді ол. 

Экономистің сөзінше, ұлттық экономикалық модельді қалыптастыру кезінде ең әуелі отандық тауар өндірушілердің белсенділігін арттыру қажет. Бұл ретте инвестициялық тартымдылық мәселесін де естен шығаруға болмайды, деп есептейді сарапшы Бауыржан Ысқақов.  

Қазақстан инклюзивті экономиканы құру жолында тұр

Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бас сарапшысы Әсел Әбен қазіргі заманғы қазақ экономикасының үлгісінде түрлі модельдің ерекшеліктері тән екенін айтады. Оның ішінде прогрессивті инновациялық, аграрлық-индустриялық және ресурстарға бағдарланған түрлер бар, деді ол.  

"Егер де жалпылама айтсақ, онда Қазақстан экономикасының қазіргі қалыптасқан моделін экстративті және әртараптандырылған экономиканың қоспасы деуге болады. Экономиканың инклюзивтілігі өсу мен өркендеу тек шектеулі топтардың саны мен аумақтарына ғана емес, халықтың барлық тобына және елдің барлық аймағына таралатынын білдіреді. Біз инклюзивті экономиканы құру жолында тұрмыз. Десек те, оған жету үшін салық салу мен әлеуметтік саясатта, адами капиталды дамытуда, экономиканы басқару мен жоспарлауда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте және т.б. бірқатар реформаны іске асыру қажет. Екіншіден, қоғам, ұлт ретінде болашақ ұрпақ үшін ресурстарды сақтау қажеттігі жөнінде ойлануымыз керек", - деді ҚСЗИ бас сарапшысы.

Оның айтуынша, 30 жыл ішінде еліміз шикізатқа тәуелділіктен әлі де арыла алмады.

"Сонымен қатар сапалы ілгерілеу жасап, тұрақты даму парадигмасында экономиканың сенімді негізін құра алмадық. Ресурстарға тәуелді бола отырып, еліміз энергия бағасының әлемдік ауытқуларына осал болып қала береді. Сол себептен бұл ресурстарға деген тәуелділікті азайту бағытындағы жұмысты жалғастыру аса маңызды. Энергия үнемдейтін, сондай-ақ баламалы энергетикаға бағыт алу керек. Әлем цифрландыру әлемінде айтарлықтай ілгерілеуге қол жеткізді", - деп жалғастырды сарапшы.

Әсел Әбен Индустрия 4.0 қоғамның күнделікті өміріне етене еніп жатқанын тілге тиек етті. 

"Жаңа секторларға инвестициялар құйып, жаңа кәсіп түрлері мен кәсіби мамандарды дамыту қажет. Осының бәрін іске асыру үшін жүйелі жұмыс жүргізілуі тиіс. Ал мемлекеттің басқару аппаратында тәуекелдерді қабылдауға, шығарылған шешімдер үшін жауап беруге дайын мамандар отыруы керек", - деп қорытындылады ол.

Сарапшы Үкімет құрамының өзгеруімен белгілі бір прогреске қол жеткіземіз деген үміт бар екенін де жасырмады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу