Арқалықты, Амангелді, Жангелді аудандарын дамытуға жарты триллион теңге жұмсалады

3745

Торғай өңірін қайта түлету үшін жаңа Үкімет не істемек? 

Арқалықты, Амангелді, Жангелді аудандарын дамытуға жарты триллион теңге жұмсалады Фото: Strategy2050.kz

Былтырғы жазда елімізде жаңа үш облыс құрылғанда, торғайлықтар қатты елеңдеп қалған еді. Әлеуметтік желідегі жергілікті топтарды жұртшылықтың пікірі кернеді. Бір топ белсенді ел аманатын арқалап, оны үндеу түрінде билік органдарына да тапсырған. Бірақ әкімшілік-аумақтық реформаның ары өрбімейтінін, биліктің Торғай облысын қалпына келтіру жоспары жоғын байқап, торғайлықтардың көңілі су сепкендей басылды.

Торғай облысы – Қазақ КСР құрамында 1970 жылғы 23 қарашада құрылған болатын. Әкімшілік орталығы – Арқалық қаласы болды. Оның құрамына 10 аудан: Амангелді, Амантоғай, Арқалық, Жангелді, Октябрь, Державин, Есіл, Жақсы, Жаңадала, Қима аудандары енді.

Дегенмен, бірінші Президент Н.Назарбаев 1997 жылы оны таратты. Өңір екіге жарылып, бір бөлігі Қостанай, бір бөлігі – Ақмола облысына қосылды. Бұрынғы облыстың аудандары деградацияға ұшырады, халқы Қостанай, Ақмола жаққа жөңкіле көшті. Егер облыс қалпына келгенде, жауынгер қазаққа құтты қоныс болған бұл мекен қайта гүлдер еді.

Әзірге билік Торғай жұртында сақталып қалған үш ірі өңірді дамытудың жаңа бағдарламасын әзірлеп шықты. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, бұл құжат тікелей Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленді. Үкімет сөзінде тұрса, Торғай өлкесіне: бір қала мен қос ауданға жүздеген миллиард теңге бағытталады.

Осы мақсатта "Қостанай облысының Арқалық қаласын, Амангелді және Жангелді аудандарын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2023–2027 жылдарға арналған кешенді жоспары бекiту туралы" Үкімет қаулысының жобасы дайындалып, қоғамдық талқылауға шығарылып отыр.

Елдің бас экономисі бұл кешенді жоспарды қабылдаудағы мақсат – Қостанай облысының оңтүстік өңірлерінің әлеуметтік-экономикалық дамыту екенін жеткізді.

"137 іс-шарадан құралған жоба 504 миллиард 410 миллион теңге сомасында қосымша қаржылық шығындарды талап етеді. Соның ішінде республикалық бюджеттен – 59 млрд 435,5 млн теңге, жергілікті бюджеттен – 21 млрд 46,2 млн, ал жеке инвестициялардан – 423 млрд 928,3 млн теңге бағытталады. Жобаны қабылдау білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет объектілерінде келушілерге қолайлы жағдайлар жасауды, спортпен шұғылданатын халықтың үлесін ұлғайтуды, өңірдегі экологиялық жағдайды жақсартуды, қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті арттыруды, тұрақты жұмыс орындарын құруды, өнеркәсіп өндірісінің көлемін арттыруды, сондай-ақ шағын және орта бизнестің жаңа субъектілерін аша отырып, өңірге жеке инвестициялар тартуды қарастырады", – деді Ә.Қуантыров.

Бағдарлама аясында Арқалықта, Амангелді, Жангелді аудандарында сапасы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 100%-ға жеткізілмек. Олардың жұртшылығы 2027 жылға дейін 100% орталықтандырылған сумен қамтылуға тиіс.

Енді әр өлкенің жайына жеке тоқталсақ.

Арқалық қаласы

Арқалық – Қостанай облысының оңтүстігінде орналасқан, 1956 жылы құрылған қала. 15,58 мың шаршы шақырымды алып жатыр. Ол Қостанай облысының Амангелді ауданымен, Ақмола облысының Жарқайың ауданымен және жаңа Ұлытау облысымен шектеседі.

Ұлттық экономика министрлігі қаланың стратегиялық маңызын байқады.

"Арқалық орталық Қазақстанның дамуы үшін үлкен маңызға ие. Ұлытау тауларының солтүстік етегінде, Торғай бастауында орналасқан қала Торғай өзенінің бүкіл ағысындағы, сондай-ақ Арал маңындағы Қарақұмға дейінгі Ұлытау тауларының батыс сілемдеріндегі жалғыз ірі елді мекен болып табылады. Бұл орталық Қазақстанның қуаң даласына терең бойлаған өзіндік форпост. Бұл өңірдің дамуы Орталық және Батыс Қазақстан арасындағы үлкен алшақтықты жою, жалпықазақстандық жолдар мен қалалар желісін қалыптастыру тұрғысынан үлкен маңызға ие", – деп хабарлады экономика ведомствосы.

Кезінде бокситімен бүкіл одаққа атағы дүрілдеген шаһарда қазіргі кезде 5 негізгі кәсіпорны қалған: "Арқалық ЖЭК" МКК, "Қостанайоңтүстікэлектрқызметі" КМК, "Алюминстрой" ЖШС, "Аркалыкремсервис" ЖШС, "Үміт" ЖШС өнеркәсіп өнімдерін өндіріп, 1 300-ден аса жұмыс орнын қамтамасыз етіп тұр.

Арқалықтықтар амалсыз, ауыл шаруашылығына ден қойды: агроөнеркәсіп кешені саласында 44 ЖШС және 315 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Оларда 1 820 тұрақты жұмыс орны құрылған. Көктемгі егіс, күзгі орақ науқандарында қосымша 650 жұмыс орны ашылады.

Мұның бәрі жұмысқа қабілетті 19,9 мың тұрғыны бар қала үшін аз.

2022 жылғы желтоқсанда Арқалық қаласының тұрғындарының саны 38,4 мың адамды құрады. Соның ішінде қаланың өзінде – 28,9 мың адам, ауылдарында – 9,5 мың адам тұрып жатыр.

Билік Арқалықтың таяу уақытта шешілуге тиіс маңызды проблемаларын анықтады. Біріншіден, халықты таза сумен және жылумен қамту түйткілі күн тәртібінде өткір тұр. Бүгінде су құбыры желілерінің тозуы 85%-дан, кәріз желілерінде – 87%, жылу желілерінде – 85%, электр жүйесінде – 85%-дан асқан. Қарасаңыз, қала қаусап қалуға шақ қалған.  Инженерлік желілерде апаттар жиілепті.

Екінші ірі проблема – қаланың жолдары, дұрысын айтқанда, оның жоқтығы. Бұл жөнінен Арқалық өткен ғасырларға оралды. Ойдым-ойдым, шоқалақ жолдарда арба түгіл, заманауи көліктер жүре алмай, жыл он екі ай батып қалады. Қаланы өзге түгіл, өз ауылдарымен байланыстыратын жергілікті маңызды жолдардың 82%-ы немесе 229 шақырымы "қанағаттанарлықсыз жағдайда". Кешенді жоспар аясында осы жолдар қайта жаңғыртылуы қажет.

Үшінші үрейлі жайт: Арқалықта экология нашар. Әрі Байқоңырдан ұшырылған ресейлік зымырандар Торғай өңіріне құлай бастаған ондаған жылдар ішінде Арқалықта да атын естісе адам жаны тітіркенетін дерттер артты. 2021 жылы өлім-жітім көрсеткіші 2020 жылмен салыстырғанда тағы 5,7% көбейді. Сондай-ақ, нәресте өлімі көрсеткішінің бірден 40% өсуі төбе шашты тік тұрғызады. Мамандардың байламынша, бұған қалада дәрігер тапшылығы да ықпал ететін көрінеді.

Торғайдың сайын даласы – өкпек жел мекені.

"Арқалық жел қуатының айтарлықтай ресурстарына ие және табиғи-климаттық сипаттамалары арқасында жел энергиясын пайдалану жөнінен елдегі жетекші орынға шыға алады. Метеостанциялардың көпжылдық бақылаулары көрсеткендей, Арқалықта орташа жылдық жылдамдығы 6 м/с жел ағындары басым. Бұл Арқалықта 2027 жылы "KazWindEnergy" ЖШС-не қуаты 48 МВт жел электр станциясын салып, іске қосуға мүмкіндік береді", – деп түсіндіреді Экономика министрлігі.

Қала экономикасын әртараптандыру үшін жолдар керек. Осы мақсатта "Жезқазған–Арқалық" автожолын қайта жаңғырту жоспарланған. Әзірге Ұзындығы 205 шақырым болатын "Арқалық–Жезқазған" және ұзындығы 110 шақырымдық "Арқалық–Державин" учаскелерінің жай-күйі нашар деп танылды. Егер бұл жолдар реконструкцияланса, онда елдің оңтүстігімен, орталығымен және солтүстігімен жақсы байланыс жолға қойылады. Бұл жергілікті бизнестің мүмкіндіктерін кеңейтіп, дамуына жаңа өріс ашпақ.

Қаланы дамыту, жаңа өндірістер құру және басқа да іс-шараларға 375,3 млрд теңге жеке инвестициялар тарту жоспарланыпты. Орталық және жергілікті бюджеттерден де қаражат қарастырылады.

Арзан электр энергиясы болатын Арқалық индустриялық аймағын құру көзделген. 620 жұмыс орнын ашатын отқа төзімді саздарды өндіру және сирек жер шикізатын өңдеу зауыты, 1200 жұмыс орны бар Маятас кластерінің кен орындарын геологиялық зерттеу және тау-кен байыту комбинатын салу, 450 жұмыс орнын аша отырып, тау-кен байыту комбинатын тұрғызу жоспарланған.

Шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау арқылы олардың санын 2,1-ден 2,2 мың бірлікке дейін арттыру, өнім көлемін 11,8 миллиардтан 15,8 млрд теңгеге дейін өсіру жоспарланған. Агроөнеркәсіптік кешенде мал басын 20% немесе 94 мың басқа дейін көбейтпек, демек, сүт және ет өндірісі де артады. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында желілердің тозуын азайтуға, жылумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің жай-күйін жақсартуға, 38,4 мың адамды үздіксіз сумен жабдықтауға мүмкіндік беретін 17 жобаны іске асыру көзделген.

Амангелді ауданы

1928 жылы құрылған бұл аудан 22,6 мың шаршы шақырымды алып жатыр. Аудан Арқалық қаласымен, Қостанай облысының Наурызым, Жангелді аудандарымен, Ақмола және Ұлытау облыстарымен шектеседі. Егер Әділетті Қазақстан бұл өңірді гүлденте алса, онда бірнеше стратегиялық мұратқа жете алады: жоспарда жазылғандай, "орталық және батыс Қазақстан арасындағы үлкен алшақтық жойылады, жалпықазақстандық жолдар мен қалалар желісі қалыптастырылады".

Ауданда өнеркәсіп өнімдерін өндіруді 70 жұмысшысы бар 2 кәсіпорын ғана: "Аман-Су" МКК, "Алюминстрой" ЖШС (асфальт зауыты) жүзеге асырады. Ал ауыл шаруашылығы саласында 13 ЖШС және 544 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Мал шаруашылығымен 3 ЖШС және 346 шаруа қожалығы айналысады. Олардағы тұрақты жұмыс орындары – 1 065. Көктемгі дән себу, күзгі егін ору жұмыстарын жүргізуге 400 жұмысшы қосымша тартылады.

Жұмыс күшінің саны 8,4 мың адамға жететін аудан үшін бұл аз. 2022 жылғы желтоқсанда Амангелді ауданы тұрғындарының саны 13,5 мың адамды құрады. Яғни, тепсе темір үзетін жастағы азаматтары басым.

Үкімет бұл ауданда кешенді жоспар аясында таяу арадағы кезеңде шешілуі қажет мәселелерді белгіледі. Біріншіден, ауыз сумен жабдықтау мәселесі көкейкесті. Аудан орталықтандырылған су жүйесімен 50% қамтылған: 30 ауылының 15-іне су құбырмен келеді. Екіншіден, мұнда да электр желілері қатты тозған. Жиі апат болып, жұрт қараңғыда отырады.

Үшіншіден, 2022 жылы өлім-жітім көрсеткіші 2021 жылмен салыстырғанда 0,81%, оның ішінде нәресте өлімінің көрсеткіші 5,62% артқаны шошытады. Бұған да медициналық кадрлардың тапшылығы кесірін тигізуде. Сондай-ақ денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту қажет. Төртіншіден, халық спортпен шұғылдануы үшін спорттық инфрақұрылым салу керек.

Кешенді жоспар ауданда жалпы сомасы 23,3 миллиард теңгенің 38 ұйымдастыру және іске асыру іс-шараларынан тұрады. 350 жұмыс орнын ашатын құрамында алтын бар полиметалл кендерін өңдеу фабрикасын салу жоспарланыпты. Шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау арқылы олардың санын 1,05 мыңнан 1,1 мыңға дейін ұлғайту, өнім шығару көлемін 2,1 миллиардтан 2,3 млрд теңгеге дейін өсіру жоспарланған. Мал басын 10% көбейту арқылы сүт пен ет өндірісі артады. Өсімдік және мал шаруашылығында жалпы өнім көлемі 10% өседі деп күтіледі. Желілердің тозуын азайтуға, 2 мың адамды үздіксіз сумен қамтуға мүмкіндік беретін 4 жобаны іске асыру көзделген.

Жоспар пысықтауды талап етеді, мысалы, ауданға 2027 жылға дейін 8 білікті дәрігерді ғана тарту қарастырылған.

Жангелді ауданы

Жалпы, екі торғайлықтың бірі Жангелді ауданынан шыққан деген сөз бар. Бұл қазаққа Алаш арыстары Ақаң (Ахмет Байтұрсынұлы), Жақаңды (Міржақып Дулатұлы) және басқа да ұлы тұлғаларды сыйлаған киелі өлке. 1928 жылы құрылған Жангелді ауданының аумағы ұлан-байтақ далаға – 3 миллион 759,6 мың шаршы шақырымға созылып жатыр. Аудан Қостанай облысының 3 ауданымен, Ақтөбе облысының Ырғыз және Әйтеке би аудандарымен және Ұлытау облысымен шектеседі. Бұл өлкеде мол ресурс, толыққанды зерттелмеген кен байлығы, құрылыс материалдарының кен орындары бар деп есептеледі.  

Жангелдин ауданында жолаушылар және жүк тасымалы Әулиекөл–Жалдама–Торғай және Арқалық–Торғай облыстық маңызы бар автомобиль жолдарына тәуелді. Заманауи жолдардың тапшылығы өңірдің өркендеуіне тежеу болады.

Өнеркәсіп өнімін 100 ғана жұмысшыға ие 2 негізгі кәсіпорын өндіреді: "Коммуналдық шаруашылық кәсіпорны" МКК, Жангелдин ауданының "Қостанайоңтүстікэлектрқызметі" электр желісі КМК. Агроөнеркәсіптік кешенде 3 ЖШС және 193 шаруа қожалығы бар. Оның ішінде 2 ЖШС және 172 ШҚ мал шаруашылығымен айналысады. Жалпы, ресми дерек бойынша АӨК саласында тұрақты жұмыс орындары – небары 150. Тағы 70 жұмыс орны маусымдық кезеңде уақытша ашылады. Бұл жерде фермерлер өз жұмысшыларымен ресми еңбек келісімшартын жасаспайтыны да нақты жұмыс орындарын анықтауға кедергі.

Дегенмен, 7,5 мың жұмысқа қабілетті азаматы бар аудан үшін бұл бәрібір аздық етеді. Көпшіліктің жұмыс таппай қиналатынын аңғаруға болады. 2022 жылғы желтоқсанда Жангелді ауданы тұрғындарының саны 10,8 мың адамды құрады.

Үкімет осы ауданда таяу кезеңде шешілуі қажет проблемаларды айқындады: біріншіден, ауданның елді мекендерін сапалы құбыр сумен жабдықтау керек. Екіншіден, ауданның автомобиль жолдарын қайта жаңғырту және орташа жөндеу маңызды. Әйтпесе, аудан орталығын ауылдарымен байланыстыратын жергілікті маңыздағы жолдардың 320,4 шақырымы немесе 85,2%-ы қанағаттанарлықсыз жағдайда. Үшіншіден, аудан өнеркәсібі нашар дамыған. Аумағында ірі өнеркәсіп кәсіпорындары жоқ. Сондықтан экономиканың қалыптасқан құрылымын өзгертуге мүмкіндік беретін инвестициялық жобалар қажет. Оны индустриялық даму стратегиясын іске асыру арқылы ғана өзгертуге болады. Бағдарламаның басты мақсаты өңдеу өнеркәсібінің үлесін ұлғайту, технологиялық, техникалық артта қалушылықты еңсеру болады.

Төртіншіден, Жангелді ауданын соңғы жылдары қайтадан қуаңшылық жайлай бастады. 2020 жылғы құрғақшылықта ұсақ малдың 25–30%-ы қырылып қалған. Осы факторларға қарамастан мал және егін шаруашылығының әлеуеті сақталуда. Жергілікті өндірушілер техниканы жаңарту, мал басын ұлғайту және басқа да мақсаттарда мемлекеттік кредиттеу бағдарламаларына қатыса алуы шарт.

Бесіншіден, 2022 жылы өлім-жітім көрсеткіші 2021 жылмен салыстырғанда 2,9% өсті. Тұрғындар дәрігер тапшылығы тауқыметін тартуда. Сондай-ақ денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту, спорт инфрақұрылымын дамыту қажет.

Кешенді жоспар аясында ауданда жалпы сомасы 37,3 млрд теңгенің 27 іс-шара іске асырылады.

Шилі ауылдық округінде 350 жұмыс орнын аша отырып, тау-кен байыту комбинатын салу, Торғай ауылында 3 жұмысшысы ғана бар пластик терезелер шығару және орнату цехын ашу және басқа ұсақ жобалар жоспарланды. Шағын және орта бизнес санын 550-ден 750 бірлікке дейін ұлғайту, өнім шығару көлемін 600 миллионнан 900 млн теңгеге дейін өсіру жоспарланған. Мал басын 10%, ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемін 8%-ға жоғарылату қарастырылған. ТКШ саласында 3 жоба жүзеге асырылып, 15 білікті дәрігер шақырылады.

Қолға алынатын шаралардың толық тізімімен мына https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=14403530 жерден танысуға болады.

Жалпы, кешенді жоспарда жұрттың көңілін көншітер біраз игі жоба қарастырылған. Әйтсе де, олардың көрсеткіштері аса қомақты, ал мұраттары өршіл емес. Аудандарды түлетер алып зауыттар жобалары жоқ, оншақты жұмыс орнын құратын ұсақ жобаға толы. Бұл өңірлерде жылдар бойы қордаланған мәселелерді шешуге жарамауы мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу