Арқалықтың бюджеті "Астана" футбол клубы бюджетінен екі есе аз

2219

Қалаға қанша табыс тапса, тек сонша ғана жұмсау жүктелді.

Арқалықтың бюджеті "Астана" футбол клубы бюджетінен екі есе аз

Бұл "Арқалық қаласының 2020–2022 жылдарға арналған бюджеті туралы" қалалық мәслихат шешімінде айтылады. Құжат 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

Оған сәйкес, келесі 2020 жылға шаһардың кірістері – 4 миллиард 664 миллион 575 мың теңге көлемінде болып бекітілуде.

Оның ішінде салықтық түсімдер – 1,9 миллиард теңге, салықтық емес түсімдер – 29,4 миллион теңге. Қалған қаражатты қала негізгі капиталын, жергілікті меншікті сатудан табуға тиіс.

Арқалықтың шығындары тура 4 млрд 664 млн 575 мың теңге болады.

"Таза бюджеттік кредиттеу – 0 теңге. Қаржы активтерімен операциялар бойынша сальдо – 0 теңге. Бюджет тапшылығы немесе профициті – 0 теңге. Бюджет тапшылығын қаржыландыру немесе профицитін пайдалану – 0 теңге" делінген құжатта.

Бұл ретте түсінікті болуы үшін Арқалық бюджетін нұрсұлтандық "Астана" футбол клубымен салыстыра кетуге болады. ФК бюджеті таяуда ашық жария етілген болатын.

"Бұл құпия емес. "Астана" футбол клубының бюджеті былтырғыға қарағанда аздау. Өйткені президенттік клубқа құйылуға тиіс қаражаттың бір бөлігі Олимпиада қарсаңында ұлттық құраманы, федерацияларды даярлауға бағытталды. Біз бұған түсіністікпен қараймыз. Биыл бізге 9 миллиард теңге берілді. Шынында, өте үлкен бюджет емес", – деді "Астана" президенттік кәсіби спорт клубының бас директоры Асқар Баталов.

Өте үлкен емес шығар, бірақ бір ғана клубты ұстап тұруға мемлекет шығындап жатқан қаражат тұтас бір қаланы асырайтын бюджеттен екі еседен артыққа көп екені анықталуда.  

Бұл ретте Арқалықтың ауылдарын ұстап тұруға мемлекет бөлетін қаржы жалғыз футбол клубының бюджетінен 52 есеге кем!

"2020 жылға арналған қала бюджетінде Арқалық қаласы ауылдарының және ауылдық округтерінің бюджеттеріне берілетін субвенциялардың көлемі 170 млн 368 мың теңге сомасында көзделгені ескерілсін", – делінген мәслихат шешімі жобасында.

Арғы жылы бұл қаражат анау-мынау емес, 1 миллион теңгеге артпақ. Бұл елордалық футбол клубының кейбір ойыншыларының айлық жалақысынан да төмен.

Нақтылай кетсек, 2021 жылы қала бюджетінен Арқалық қаласы ауылдарын қаржыландыратын сома 171 млн 647 мың теңгені, ал 2022 жылы – 172 млн 706 мың теңгені құрамақ.

Ал ауылдарының саны жетерлік. Арқалық қаласы және оның бюджетіне Аңғар, Ашутасты, Аққошқар, Жаңақала, Екідің, Көктау, Мирный, Родина, Восточный, Фурманов, Үштөбе, Молодежный, Матросов, Целинный, Жалғызтал, Қайыңды ауылдары қарайды.

Демек, 170 миллиондай қаражат 16 ауылдың толыққанды өмір сүруіне жетпейді. Сондықтан елде 4-ші бюджеттің енгізілуі аясында қараң қалмай, тіршілігін жалғастыруға қажетті қалған қаржыны ауылдар өз бетімен табуға тиіс.

Егер "Астана" клубы доп қууға маманданса, ал 1 миллион 558 мың гектарға созылып жатқан Арқалықтың қызметі күрделірек. Қалада 10 миллиард теңгеден асатын сомаға өнеркәсіптік өнімдер өндіріледі. Оның басым бөлігі "Қазақстан Алюминийі" компаниясының еншісінде. Бір жыл ішінде 300,2 мың тонна боксит шығарылған. Кейінгі кездегі көрсеткіш тұрақты түрде осы көлемде сақталуда.

Оның сыртында 173 мың тонна саз өндіріледі. Бұдан бөлек, онда 3115 тонна құрама темірбетон, 2396 тонна бетон бұйымдары, құрылыс материалдарының өзге де түрлері, 852 тонна ұн жасалады.

Сондай-ақ жергілікті агроөнеркәсіптік кешендер, егіншілер мен фермерлер 13 млрд 256 млн теңгенің өнімін беріпті. Оның 8 миллиарды – егін шаруашылығының, ал 5,2 миллиарды – мал шаруашылығының еншісінде.

Арқалық маңы мен ауылдарында 19 мың 626 сиыр, 28 мың қой мен ешкі, 7 мың 21 жылқы, 5531 шошқа, 657 мың 202 үй құсы қалған. Рас, кейінгі жылдары мал басы 1–2 пайыз аралығында біртіндеп көбеюге бет алды. Таяу жылдары боксит кені таусылғасын, Арқалық ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікке көбірек ден қоюы ықтимал.

Қалада 2700-ге жуық шағын кәсіпкерлік тіркелген. Оның 2093-і нақты жұмыс жасайды, өнім шығарып, қызмет көрсетеді. Шағын бизнес нысандарының саны былтырғыдан 106,1 пайызға ұлғайыпты.

Әкімдіктің дерегіне жүгінсек, Арқалықта 41 мың 370 тұрғын бар. Бір жыл ішінде 1 мың 970 адам көшіп келген, 2 мың 470 адам көшіп кеткен.

Бюджет мәселесіне келсек, әкім аппаратын ұстап тұру бір жыл ішінде 203 млн 997 мың теңгеге, ал мәслихат 20 млн 895 мың теңгеге түспек.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу