"Арланға" қатысты айтыс-тартыстың артында кімдер тұр?

2338

Қазақстан армиясын қаруландыру мәселесі қоғамның үлкен алаңдаушылығын туғызып отыр. 

"Арланға" қатысты айтыс-тартыстың артында кімдер тұр?

Сочиге сапарынан орала сала, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесін жиды. Отырыс жабық өткендіктен, онда не айтылғаны белгісіз. Ақорда қысқа ғана хабарлама таратты. Жоғарғы бас қолбасшының төрағалығымен Ақордада өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында отандық қару өндірісі және оны сатып алу, сондай-ақ осы саладағы экспортты бақылау мәселелері талқыланыпты.

Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы алдымен вице-премьер Роман Склярдың, отандық қару-жарақ өндірісіне жауапты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың және соны сатып алуға жауапты Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың баяндамаларын тыңдаған. Жиын соңында Президент меморгандарға тиісті тапсырмалар берді. Басқа егжей-тегжейі белгісіз. Президентке қандай мәселелер жеткені де беймәлім қалды.

Ал салада қордаланған проблемалар өте көп. Ол туралы inbusiness.kz талай сараптап жазды. Мысалы, қазіргі кезде отандық "Арлан" брондалған, доңғалақты машина (БДМ) айналасында қызылкеңірдек дау өрбіп жатыр. Оған сала мамандары да, қаптаған лоббистер де, былайғы хайпқұмарлар да белсене, білек сыбана араласты. Талас барысында тараптар біраз жерге барысты. Әлеуметтік желіден, блогтардан сатқындыққа айыптаған ауыр сөздерді оқуға болады. Оған тіпті ешқандай дәлел-дәйектер келтірілмейді. Бос сөз сапыру. Конструктивті сын болмаған жерде деструктивті процестер белең алатыны белгілі.

Әр тарап төл ұстанымында табандайды. Экономист Олжас Құдайбергеновтің байламынша, Қорғаныс ведомствосының тірлігі құндылықтарға қайшы.

"Қорғаныс министрлігі Арланның шағын шұңқырға түсіп қалып, батпақтап, шыға алмай жатқаны бейнеленген видеоны белсенді таратты. Қызық, Арланның сапасы төмен-мыс дегенді дәлелдеу үшін бейнежазбадан үзіп-жұлып, осындай үзінді тарату үшін қандай интеллект пен адамгершілік қасиет керек? Барлық сынақтан баяғыда өтіп қойған, тіпті Қорғаныс министрлігі сатып алған әскери машиналар туралы видео жариялаудың қандай қажеті бар? Мен өндіруші "Қазақстан Парамаунт Инжинирингтен" сынақтың толық видеосын сұраттым, бірақ олардың бұрын бергенінің өзі жеткілікті деген ойдамын. Қорғаныс министрлігінің шын мәнінде сапалы техникаға медиа шабуылының қисынын түсіне алмадым. Ол өз өндірушісін негізсіз дискредитациялап, абыройын төккенде не ұтпақ? Бұл Қорғаныс министрлігінде болуға тиіс құндылықтарға мүлдем сай келмейді. Басқаша айтқанда, еркектікке жатпайды", – деп бір түйді Олжас Құдайбергенов.

Ол қоғамдық пікірді бұлайша манипуляциялағандарды және оған қатыстыларды салмақты жазалауды талап етті.

Ал қоғам белсендісі Байғали Тілек Қорғаныс министрлігінің блогына жазған хатында сапасыз өнім елдің қорғаныс қабілетіне зиян келтіреді деп санайтынын жеткізді.

Оның тұжырымдауынша, соңғы жылдары Қорғаныс министрлігі мен Kazakhstan Paramount Engineering (KPE немесе КПИ) арасында дау-жанжалдар өрті қаулады.

"Ал соңғы апталарда оның шектен тыс өршіп кеткені сонша, халықтың қатты ренішін туғыза бастады. Қорғаныс министрі ынжықтық танытуды қойып, мемлекеттің мүдделері мен оның қорғаныс қабілетін қорғауда табанды болғаны маңызды. "Арлан" БДМ-ның сапасы, бағасы ешқандай сын көтермейтінін барлығы көріп отыр. Елдің қорғаныс бюджеті көрінген ескі-құсқыға шығындау үшін соза беретіндей резеңке емес. Ақпараттық кеңістікте KPE мен оның басшылығының бұрынғы қорғаныс министрінің күйеу баласы, олигарх Кеңес Рақышевпен ымыралас екені туралы мәлімет кезіп жүр. Сондай-ақ "Арланның" белгісіз саны қадыровшыларға берілген және Украина аумағындағы соғысқа қатысқан деген қауесет бар. Бұл ақпаратты тексеріп, егер ол шын болып шықса, 168 бірлік "Арланды" сатып алуға қатысты бұрынғы контрактілерге тергеу жүргізуді талап етемін", – деді Байғали Тілек өз өтінішінде.

Оның пікірінше, егер мемлекеттік мүддені қорғау және оның соғысқа қабілеттілігін нығайту үшін осы мәселені шешу бағытында батыл қадам жасауға батылы жетпесе, министр отставкаға кеткені жөн.

Қорғаныс министрлігі отандық қару-жарақтар шетелдік баламаларымен терезе теңестіре алады деп санайды. Қорғаныс министрінің орынбасары Руслан Шпекбаевтың айтуынша, соңғы жылдары үлкен көлемде заманауи қару-жарақ пен әскери техника сатып алынды.

"Соның ішінде "Арлан" БДМ-ы да бар. Олардың бәрі тактикалық-техникалық сипаттамалары бойынша шетелдік баламаларына жол бермейді. Жасыратыны жоқ, Қарулы күштеріміздің қолындағы қару-жарақ, әскери техника және оқ-дәрілердің белгілі бір бөлігі көнерді. Қорғаныс министрлігі бұл туралы ашық айтып, мәселені шешу үшін шаралар қабылдап жатыр. Қарулы күштерді осы айтылған керек-жарақтардың ең озық, заманауи үлгілерімен жабдықтау жұмысы жүйелі негізде жүргізілуде. Оның бәрі бөлінген қаражатқа және алға қойылған басымдықтарға байланысты", – деді Руслан Нұртөлеуұлы.

Ол ұлттық армияны қазіргі заманғы, алдыңғы қатарлы қару-жарақ, әскери техникамен толық жарақтандыру ұзақ уақытқа созылатынын және аса қымбатқа түсетінін ескертті.

"Ал "Қазақстан Парамаунт Инжиниринг" ЖШС-ның шын қожайыны кім екенін және ол кәсіпорынның өз өнімдерін қандай елдерге жеткізгенін анықтау Қорғаныс министрлігінің құзырына кірмейді. Қазақстанның Қарулы күштеріне жеткізілген "Арлан" БДМ-дарын біз ары қарай ешкімге берген жоқпыз. Олардың басқа елдер аумағында қарулы қақтығыстарға қатысуына мүлдем жол берілмейді", – деп шорт кесті Қорғаныс министрінің орынбасары Р.Шпекбаев.

Осының алдында министрлік KPE-дің өзіне қатысты айыптарына жауап берді.

Ведомствоның дерегінше, "Арландар" америкалық және ресейлік БДМ-дардан шамамен екі есе қымбат болып шығыпты.

"Өнімінің бағасы шетелдік баламаларынан екі есе арзан деген "КПИ" ЖШС тұжырымына қарсы келесі салыстыруларды келтіреміз: "Арлан" БДМ (Қазақстан) – 424 945 440 теңге; "Кобра 2" БДМ (Түркия) – 345 600 000 теңге. "Aravis" БДМ (Франция) – 255 750 000 теңге. "Cougar H" БДМ (АҚШ) – 218 550 000 теңге. "Тигр" БДМ (Ресей) – 192 000 000 теңге. Яғни бұл мәлімдеме де шындыққа жанаспайды", – деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

"Қазақстан Парамаунт Инжиниринг" ЖШС қорғаныс ведомствосы отандық өнімнен қасақана бас тартып, ресейлік және түркиялық өндірушілерді ілгерілетіп отыр деп претензия айтты.

Оның пайымдауынша, мұндай саясат қазақстандық қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің (ҚӨК) тоқырап, тоқтауына соқтыруы мүмкін.

Бұған жауап ретінде министр Руслан Жақсылықовтың командасы отандық ҚӨК кәсіпорындарына басымдық берілгенін алға тартты. Алайда қару-жарақ пен әскери техниканы сатып алу кезінде басты орынға оның тактикалық-техникалық және эксплуатациялық сипаттамалары қойылады екен. Бұған қоса "баға-сапа" көрсеткіштерінің ара-қатысы да маңызды рөл атқарады.

"Не қорғаныс министрі, не қандай да бір генерал бұл мәселені жалғыз шешпейді. Тек арнайы құрылған алқалы орган әскери сарапшылардың, ғалымдардың, Қарулы күштердің жауынгерлік құрамының бағалары негізінде шешім қабылдайды. Сондай-ақ олар ықтимал соғыс қимылдарының сипатына қарай қандай қару мен техниканы сатып алу қажеттігін анықтайды. Мұның бәрі құпия, әлемде ешбір ел қандай моделдегі, типтегі және сападағы қаруды не үшін сатып алып жатқанын жария етіп, түсіндірмейді", – деп түсіндірді Қорғаныс министрлігі.

Министрліктің ақпаратына сәйкес, "Қазақстан Парамаунт Инжиниринг" ЖШС құрылтайшыларының бірі – Paramount Group Limited қорғаныс және аэроғарыш техникасына маманданған оңтүстікафрикалық корпорация болып табылады.

"Оның бронды техникасы қазақстандық БДМ-ның прототипіне айналды. Бастапқыда "Арлан" БДМ оңтүстікафрикалық Мародер (Marauder) брондытранспортерінің көшірмесі болатын. 2011 жылы "КПИ" ЖШС-нің төркіні болған Оңтүстік Африка республикасының компаниясы Singapore Technologies Kinetics (STK) компаниясымен 90 млн еуроға брондалған көлікті жеткізу мәмілесін бекітті. Алайда 2016 жылдан бастап жеткізілімді толық көлемде жүзеге асырмаған. 2018 жылы ОАР-лық компания қаржылық қиындықтарға және өз міндеттемелерін уақытылы орындай алмауына байланысты банкрот болып жарияланып, тіршілігін тоқтатты", – деп мәлім еткен министрлік бұл мародерлар о баста полиция үшін, яғни қала ішіндегі қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін жасалғанын еске салды. Ал майдан жолсыз далада да, түзде де жүреді.

Меморган КПИ-дің өз өнімдерін қандай елдерге сатып жүргені жөнінен хабарсыз екенін нықтады. Себебі Қазақстанда қорғаныс өнімдерін, қару-жарақ, әскери техниканы өндіріп, экспорттаумен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі айналысады.

"Қазақстанның әскери ведомствосы "Қазақстан Парамаунт Инжиниринг" ЖШС өндірісін біржақты түрде қолдап келді. 2016 жылдан бері 138 бірлік "Арлан" БДМ сатып алынды. 2021 жылы бұрын, 2017-2018 жылдары жеткізілген 60 Арланға ақылы сервистік техникалық қызмет көрсетілді. 2022 жылы тағы 10 бірлігі, ал 2023 жылы 20 Арлан сатып алынады. Сондықтан компанияның тек 6 машинаға ғана тапсырыс берілгені туралы ақпараты жалған. Осылайша, 2023 жылдың соңында сатып алынған Арландар саны 168-ге жетеді", – делінген министрлік хабарламасында.

Негізі, Қорғаныс министрлігі артында кім тұрғаны белгісіз бұл компаниямен серіктестігін жалғастырмақ. Меморганның мәліметінше, "КПИ" ЖШС-мен бірге Қарулы күштеріміз үшін артиллерияның атысын басқару машиналарын және радиациялық, химиялық, биологиялық барлау машиналарын жасау мәселесі пысықталып жатқан көрінеді.

Қалай болғанда, "қасіретті қаңтар" оқиғаларынан соң, әрі айналада агрессия өрті өршіген шақта бірінші орынға отандық өнімнен бұрын, елдің қорғаныс қабілеті мен ұрыс салу мүмкіндігі қойылғаны жөн.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу