Армян, қырғыз көлігі иелері 6,6 миллион теңге алым төлейді

26570

Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мәлімдеді.

Армян, қырғыз көлігі иелері 6,6 миллион теңге алым төлейді

Халықтан түсіп жатқан сауалдарға индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов жауап берді.

Ол қазіргі кезде Қазақстанда ел аумағына сырттан әкелінетін, сондай-ақ отандық автозауытта шығарылатын автокөліктерге де Еуро-5 экологиялық стандарты қолданылатынын еске салды. Бұл қоршаған ортаны ластаудан қорғау үшін жасалған.

Шетелден көнерген көліктер тасылуына тосқауыл қою үшін мемлекет басқа да шектеулер көздеді. Қазақстанның салық кодексіне сәйкес, автокөлік құралдарын бастапқы тіркеу кезінде алым енгізілді.

"Сол арқылы ел аумағына жаңа автомобильдердің жеткізілуін ынталандырудамыз. Нақтылай кетсем, егер сырттан әкелінетін машинаның өндірістен шыққанына 2 жыл толмаса, онда бастапқы тіркеу алымының көлемі небары 0,25 айлық есептік көрсеткіш немесе биылғы жылы 663 теңге ғана болады. Шыққан уақыты 2-ден 3 жыл аралығында болса, алым көлемі 50 АЕК-ке (132 мың 550 теңгеге) дейін артады. Ресей, Қырғызстан, Армения және басқа елдерден 3 жылдан ескі көлік алып келгендерге бұдан он есе көп, 500 АЕК (1 миллион 325 мың 500 теңге) алым төлеуге тура келеді. Ал егер автокөліктің зауыттан шыққанына 5 жылдан асып кетсе, онда бастапқы тіркеу алымы 2 мың 500 АЕК-ке (2020 жылы 6 миллион 627,5 мың теңгеге) жетеді", – деп хабарлады Бейбіт Атамқұлов.

Осылайша, өзге елдерден ұсталған және ескі "темір тұлпарларды" әкелу мүлдем тиімсіз болып шығады. 

Министр "шығарындысының зияндылығы және қауіпсіздік бойынша талаптарға сәйкес келмейтін ескі-құсқы автокөліктердің Қазақстан аумағына келуін шектеу бағытында барлық қажетті шаралар қабылданғанын" айтты. Яғни, жаңа шектеулер қарастырылып жатқан жоқ. Тек заңдағы талапты құзырлы органдар орындауға кіріседі.

Осының алдында Ішкі істер министрлігі Армения, Қырғызстан, Беларусь және Ресейде жеңіл машина алып, сол елдердің мемлекеттік нөмірлерімен айдап жүрген қазақстандықтарды ол мүлкін елімізде ресми тіркеуге қоюды талап етті. Одан қашқандар полицейлердің, кеденшілердің және салықшылардың бірлескен рейдтері кезінде анықталып, әкімшілік жаза арқалайды.

ІІМ дерегінше, елімізге осы мемлекеттерден барлығы 170 мыңнан астам автокөлік әкелінген. 

Дегенмен, сарапшылар бұл рейдтерден сонша көп нәтиже шықпауы мүмкін екеніне назар аудартады. Өйткені Қазақстанда көптеген азаматтар Ресей азаматтығын алып алған, бірақ елімізде сол бұрынғыдай жұмыс істеп жүр. Бұған Еуразиялық одақ аясындағы келісімдер мүмкіндік береді.

"Мысалы, бізде Ресейден әкелінген үш көлік бар, оның біреуін – жол талғамайтын қымбат көлікті 35 мың долларға алдым. Қалған екі қымбат седандарды әрқайсысын 1 миллион рубльге иелендім. Қазақстанда мұндай бағаны қанша іздесең таппайсың. Алдымен билік өнімі удай қымбат қазақстандық автозауыттардың шашбауын көтере бермей, қолжетімді бағадағы автокөлік нарығын қалыптастырсын. Содан кейін халыққа талап қоя алады. Мен өзім үшін қорықпаймын. Үш көлік те менің атымда, ал мен Ресей азаматтығын алдым", – дейді Никита Стойлов.

Оның седан жүргізген балалары мен әйелі болса, Қазақстан азаматтығында қалған.

Шынында, құзырлы органдар тек қазақстандық болып табылатындардың ғана елде тіркелмеген шетелдік көлігін тәркілеуі мүмкін. Алым-салығын төлегенше.

Бірақ оларды кедендік тазарту әртүрлі тәсілмен жүретіні анықталды.

"Армения мен Қырғызстаннан сатып алынған автоны тіркеу үшін олардың иелері көлігімен бірге осы елдерге кетіп, 30 күннен кейін қайтадан келуі керек. Бұл талап тек ресейлік машиналарға ғана таралмайды. ЕАЭО аумағында қолданылатын ережелерден тыс кедендік рәсімделген барлық көліктердің қожайындары дәл осы жолмен кедендік тазалаудан өтуі шарт. Бізде бұл қатарға одаққа кейін кірген Қырғызстан мен Армения жатады. Оларда 2020 жылға дейін кедендік рәсімдеудің жеңілдікті кезеңі қолданылды. Тиісінше, екі елде Қазақстан, Ресей және Беларуске қарағанда, әлдеқайда төмен кедендік баж салығы алынды", – деп түсіндірді ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев.

Баж салығының аздығы нәтижесінде, биылға дейін Қырғызстан мен Арменияға арзанқол ескі көліктер лек-легімен тасылды. Ары қарай жергілікті тұрғындар оны Қазақстан азаматтарына өткізген. 

ІІМ басшылығының өкілі қазіргі кезде құқық қорғау органдары сол азаматтардың уақытында кедендік тазалаудан өткізбеген көліктерін анықтап, бұзушылықтарды тіркеуге кіріскен. Жөнсіздікті бір жыл ішінде түзетпеген азаматтардың машиналары айыптұраққа алып кетіледі. Ал жүргізушісіне 20 АЕК-тей айыппұл салынады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу