Арнаулы мекемелердегі адам құқықтарының материалдық қорғалуы неге төмен?

818

Елімізде адам құқықтарын қорғаудың тиімділігін арттыру мақсатындағы мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі - Ұлттық алдын алу тетігі (ҰААТ). 

Арнаулы мекемелердегі адам құқықтарының материалдық қорғалуы неге төмен? Фото: canva.com

Арнаулы мекемелердегі азаптау мен қатыгездікпен қарау әрекеттерінің алдын алу жүйесін қамтамасыз ететін бұл қызмет әлемдік тәжірибеде тәуелсіз құрал ретінде қарастырылады. Қазақстанда ҰААТ 2013 жылдан бастап жұмыс істеп келеді.

3 мыңнан астам ұсыным жолданды

Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесі, құзыреті және дербестік кепілдігі Конституциялық заң деңгейінде бекітілгелі бері бұл институттың жұмысы елімізде жандана түсті. Оны азаматтар тарапынан шағым мен өтініштер санының артқанынан-ақ байқауға болады. Мәселен, уәкіл мен оның өкілдерінің және Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың атына 2023 жылы 5 773 шағым мен өтініш келіп түскен екен. Бұл 2021 жылғы көрсеткіштен 3,1 есе және 2022 жылғы көрсеткіштен 1,5 есе көп. Соның ішінде ҰААТ-та бар.

"Ұлттық алдын алу тетігі - Қазақстандағы мандатты мекемелердің материалдық-тұрмыстық жағдайларын қадағалап,  ондағы адамдардың үнін естуге мүмкіндік беретін жаңа тәуелсіз құрал. Бұл бағытта жабық мекемелерде ұсталатын адамдардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау жағдайына оң әсер ететін жұмыстар жүргізілуде. Былтыр Ұлттық алдын алу тетігі 461 рет мониторинг жүргізді. Соның нәтижесінде мемлекеттік органдардың 188 қызметкеріне қатысты тәртіптік жауапкершілік шаралары қолданылып, азаптау және басқа да қатыгездік, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын қарым-қатынас пен жаза түрлері туралы 160 өтініш қаралды", - дейді Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев.

ҰААТ-тың қадағалау құзіретіне кіретін арнаулы мекемелерге: қоғамнан уақытша оқшаулау және бас бостандығынан айыру орындары мен әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдар жатады. Олар - Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелері, ІІМ және ҰҚК-не бағынысты тергеу изоляторлары, Қорғаныс министрлігіне бағынысты гауптвахталар, уақытша ұстау изоляторлары, қабылдау-бөлу орындары, психикалық денсаулық орталықтары, балалар үйлері, интернат үйлері, жасөспірімдер үйлері, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернаттар және тағы басқалар. Бұл ұйымдар мен мекемелерде жалпы саны 3 мыңнан астам адам бар. Осы аталған орындарға олар еш кедергісіз, алдын ала бара алады. Өйткені, ҰААТ қатысушылары өз қызметін мемлекеттік органдардан тәуелсіз атқарады және олардың құқықтары қолданыстағы заңнамада бекітілген.

"Азаптаулар мен қатыгездікпен қарау әрекеттерінің алдын алу мақсатында бару іс-шаралары үш сипатта жүргізіледі. Бірінші, кезеңдік алдын ала бару, бұл - 4 жылда бір рет, екінші, аралық алдын ала бару, кезеңдік барулар арасында және үшінші, арнайы алдын ала бару, азаптау немесе қатыгездікпен қарау туралы хабарлама түскен кезде жүзеге асырылады. Одан бөлек тақырыптық алдын ала бару деген де түрі бар. 2023 жылы ҰААТ қатысушылары 461 алдын ала бару жүргізіп, нәтижесінде уәкілетті мемлекеттік органдарға 3 мыңнан астам ұсынымдар жолдады. Олар - ұлттық құқықтық базаны жетілдіру, ұйымдар мен мекемелерде адамдарды ұстау жағдайларын жақсарту, жаңа үлгілік ғимараттар салу, сондай-ақ күрделі және косметикалық жөндеу жүргізу туралы. Жоғарыда атап өткенімдей, алдын ала барулардың 422 жоспарлы, 33-і арнайы және 6-ы тақырыптық сипатта болды. Соның ішінде ең көп қамтылған мемлекеттік органды айтар болсақ: ішкі істер саласында – 241, білім беру бойынша – 104, халықты әлеуметтік қорғау ұйымдары – 66, денсаулық сақтау – 45, ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс салаларында - 2 мекеме", - дейді Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың Ұлттық алдын алу тетігі бөлімінің меңгерушісі Сабыржан Сейтжанов.

Бүгінгі таңда ҰААТ-қа қатысушылары саны 134 адамнан тұрады. Әр өңірде өзінің жеке топтары, әр топтың өз басшысы болады. Сапалық құрамы туралы айтар болсақ, олар - азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жөніндегі қызметті іске асыратын қоғамдық бірлестіктердің мүшелері, заңгерлер, әлеуметтік қызметкерлер және дәрігерлер. Мәселен, Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросының мүшелері, "Қадір-қасиет" ҚБ-нің директоры А. Ибраева, Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің Қызылорда облысы бойынша өкілі Ж. Ұзақбаева, дәрігер-психиатр С. Молчанов және басқалар бар. Өз кезегінде, ҰААТ қызметін үйлестіру Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанынан құрылған Үйлестіру кеңесі арқылы қамтамасыз етіледі.

Жетістіктер де, кемшіліктер де бар

Мамандардың айтуынша, ішкі істер, оның ішінде қылмыстық-атқару жүйесі саласында азаптау және қатыгездікпен қараудың алдын алуға бағытталған жұмыстардың оң нәтижесі ретінде ҚАЖ тергеу изоляторлары және мекемелеріндегі медициналық қызмет көрсетудің азаматтық секторға өтуін айтуға болады. Бұл өзгеріс медициналық қызметкерлердің мекеме әкімшілігінен тәуелсіз болуына, медициналық қызмет көрсетудің сапасын жақсартуға ықпал еткен. Бүгінде тергеу немесе түзеу орындарына түскен адамдар бірден дене жарақаттарының бар-жоғына тексеріліп, жарақаттар анықталған жағдайда, тиісті органдарға хабарланады. Тағы бір жайт - аталған мекемелердің барлығында жаппай бейнебақылау орнату жұмыстарының жүріп жатқандығы. Бұл бейнебақылауға облыстық прокурорлар онлайн режимде қашықтан мониторинг жасап отырады. Сондай-ақ, терминалдар орнатылып, сонда ұсталатын адамдардың шағым жасау құқығы кеңейтілген. Бұл - мекемеде тіркеусіз-ақ шағым беруді электрондық сервис арқылы жүзеге асыра алады деген сөз. Ендігі бір жетістік - 2023 жылы азаптау мен қатыгездікпен қарау бағытында Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізілгені. Атап айтсақ, азаптау мен қатыгездікпен қарау анықтамалары айқындалды, азаптау бойынша қылмыстық жауапкершілікке тарту ұлғайтылды, азаптау фактісі бойынша рақымшылық құқығы берілмейді.

"Өз кезегінде уәкілетті мемлекеттік органдар тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстарға қарамастан, ішкі істер және қылмыстық-атқару саласында атқарылатын жұмыстар әлі де бар. Олар - БҰҰ-ның халықаралық құжаттарын имплементациялау жұмыстарын одан әрі жалғастыру қажет. ҚАЖ тергеу изоляторлары мен мекемелеріне құзыретті орган тарапынан жыл сайын ақшалай қаражат бөлініп, косметикалық жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне қарамастан, мекемелердің көпшілігі апаттық жағдайда тұр. Бұл мәселені жаңадан ғимараттар салу жолымен ғана шешу орынды деп санаймыз. Сондай-ақ, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі санитариялық-эпидемиологиялық ахуалды қадағалауды ІІМ-нен ДСМ-не беру керек", - дейді бөлім меңгерушісі Сабыржан Жарылқағанұлы.

Оның айтуынша, 2023 жылы білім беру саласындағы 4 интернатта тамақтануды ұйымдастыру бойынша санитарлық-эпидемиологиялық заң бұзушылықтар анықталып, 230 АЕК көлемінде айыппұл салынған. Сол сияқты Психикалық денсаулық орталығы мен Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу немесе орындамау деректері анықталып, лауазымды тұлғалар сәйкесінше әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тағы бір мысал, 2023 жылғы ақпанда полиция қызметкерлері тарапынан азаптау фактісі анықталып, шағымданушы Д-ның арызы Астана қаласының прокуратурасына жіберілді, нәтижесінде Қылмыстық кодекстің 146-бабының 2-бөлігі бойынша 4 қызметкер 4 жылға дейінгі мерзімге сотталды. Осы ретте мамандар арнаулы мекемелердегі адам құқықтарының материалдық қорғалуы төмен екендігіне назар аудартып отыр. Ең бірінші мәселе – құрылыс қорының ескілігі.

"Қазақстанда ҚАЖ саласына қарасты 1500-дей ғимарат болса, соның 60%-ының, яки 900-дей ғимараттың жағдайы нашар, ал 20%-ы, яки 338 ғимарат апаттық жағдайда тұр. Мысалы ШҚО-дағы тергеу изоляторының ғимараттары 1720, 1967 және 1982 жылдары салынған. Осы ХVІІІ ғасырдан бері қолданыстағы бұл оқшаулау орындарының түрме емес, әлдеқашан музей қызметін атқаратын уақыты болды. Сондай-ақ, біздегі жаза өтейтін мекемелер негізінен жүздеген сотталған бірге жататын барак типті болып келеді. Ол өз кезегінде түрмелік субмәдениет пен теріс діни ағымдардың кеңінен таралуына жағдай тудырады. Тәуелсіздік алғалы елімізде жаза өтейтін бірде-бір жаңа мекеме салынбаған. Тек 2012 жылы Алматы қаласында бір ғана тергеу изоляторы тұрғызылыпты. Сондықтан да мұндағы құрылыс қорын жаңарту кезек күттірмейтін мәселе. Егер біз дамыған елдер қатарына қосылуды мақсат тұтсақ, онда адамның ең негізгі құқықтарын сақтау жөніндегі халықаралық шарт талаптарын орындауға ұмтылуымыз керек", - дейді депутат Абзал Құспан.

Оның айтуынша, 2021 жылы Маңғыстау облысында қатаң режимдегі колонияның бір ғимараты опырылып, үш адам үйінді астында қалып өлген. Ал былтыр Оралдағы тергеу изоляторында ерлердің қабырғаны тесіп әйелдер жағына өтіп жүргені туралы видео бүкіл әлеуметтік желіге тараған. Өйткені ғимарат өте ескі, Екатерина II-нің  тапсырмасымен салынып, 19 ғасырда пайдалануға берілген, содан бері түрме қызметін үзіліссіз атқарып келеді, қазіргі таңда апаттық жағдайда. Тағы бір мәселе, әу баста көп адамға арналмағандықтан, кей өңірлерде мекеме әкімшілігі тұтқындарды қабылдамай, басқа қалаларға жолдауда екен. Себеп біреу – орын жетпейді. Осы ретте депутат Астана қаласындағы тергеу изоляторында бір кездегі Үкімет мүшелері, үш экс-министр қамауда отырғанын, оларға ешқандай артықшылық берілмегенін, көпшілікпен бірдей жағдайда екенін айтады. Тергеу және түзеу мекемелерінен бөлек ҰААТ қадағалайтын білім беру, денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы кей мекемелерде де жаңа ғимараттарды салу, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу талап етіледі. Өйткені, олардың да тозу үлесі жоғары. Сондықтан да адам құқының материалдық тұстарын де кешенді түрде қолға алатын уақыт келді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу