ІІМ: Арон Атабек түрме әкімшілігінің үстінен 3 рет шағым түсірген

1642

Биыл 1 қазанда "Шаңырақ ісі" бойынша 18 жылға сотталған Арон Атабек сырқатына байланысты түрмеден босатылды. Кейін ақын Алматыға оралып, сұхбат бере бастады.  

ІІМ: Арон Атабек түрме әкімшілігінің үстінен 3 рет шағым түсірген

Әлеуметтік желіде жарияланған сұхбаттардың бірінде ақын түрмеде соққыға жығылғанын, сол аяғы сынғанын, денсаулығы сыр бере бастағанын айтады. Алайда Ішкі істер министрлігі бұл жағдайға қатысты түсінік бере алған жоқ, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

YouTube-тегі "Асқар Ш" каналында сұхбат жарияланған. Онда ақын түрмеде алған жарақаты салдарынан бүгінде қолын бүге алмайтынын, қасықты әрең ұстайтынын айтады.

"...2014 жылы мені Павлодардағы түрмеге жіберді. Содан бері жазамды Павлодарда өтедім. Алғашқы 5 жыл қиын болды... Карцерде отырдым... 1-2 рет матрассыз еденде ұйықтадым. Аймағамбетов деген майор болды. Ол матрас пен көрпемді тартып алды. Осылайша, мен түні бойы бетонда жаттым. Бұл күз мезгілі еді. Кейін қыс түсті. Салдарынан қолым мен аяғым ісіп кетті. Сол аяғымды сындырғаны есімде қалыпты. 2006 жылы Алматыда сол қолымды сындырған еді. Мен ол кезде жас болдым. Жарақатым тез жазылды.... Соңғы 1 жылда жарақаттарым асқынып барады. Қолымды көтере алмаймын бүгілмейді. Саусақтарымды да бүге алмаймын. Қасықты әрең ұстаймын, өзім киіне алмаймын", – дейді Арон Атабек.

Іnbusiness.kz редакциясы Ішкі істер министрлігіне жоғарыда аталған дерекке қатысты "АП-162/1 түрмесінде қызметтік тексеру жүргізілді ме, сұхбатта айтылған майор Аймағамбетов кім? Арон Атабек аталған түрменің әкімшілігіне қатысты шағым түсірді ме?" деп сауал жіберді.

Алайда министрлік жіберген хатта Арон Атабектің түрме әкімшілігінің үстінен 3 рет шағым түсіргені ғана көрсетілген.

"Сіздің сауалхатыңызда аталған адам жазасын өтеу мерзімі бойынша 3 рет мекеме әкімшілігінің әрекеттеріне байланысты прокуратура органдарына жүгінді. Соған сәйкес тиісті тексерулер жүргізілді. Оның теріс мінездері анықталса да, сотталушымен құқықтық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Павлодар облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты АП-162/1 мекемесінің жеке құрамында Аймағамбетов деген қызметкер болмаған" – деп жазылған хатта.

Сонымен қатар ведомство "Арон Атабектің түрмедегі тәртібі қандай болды? Не себепті ол карцерге тоғытылды? Неше рет медициналық көмек көрсетілді?" деген сұрақтарға жауап берген жоқ.

"Шаңырақ" оқиғасы

2006 жылы жазда Алматыдағы "Шаңырақ" ықшам ауданында полиция мен тұрғындар арасында қақтығыс болды. Тұрғындар "жерді заңсыз басып алдыңдар" деп үйлерін сүруге келген полицияға қарсылық көрсетті. Қақтығыста ашуға ерік берген әлдекімдер 24 жастағы полиция қызметкері Әсет Бейсеновтің үстіне бензин құйып, тірідей өртеп жіберді. Бірнеше күннен кейін қатты күйіп қалған тәртіп сақшысы ауруханада қайтыс болды.

Кімдер жауапқа тартылды?

Қанды оқиғадан кейін 25 адамға "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген айып тағылды. 2007 жылғы 5 қазанда Алматы қаласының соты "Шаңырақ ісі" бойынша үкім шығарды.

Сот "тәртіпсіздікті ұйымдастырғаны үшін" ақын Арон Атабекті 18 жылға, "полиция өкілінің қазасына кінәлі" деп Құрманғазы Өтегеновті 16 жылға, Ерғанат Тараншиевті 15 жылға, Рүстем Тұяқовты 14 жылға бас бостандығынан айырды. Алайда Арон Атабек өз кінәсін мойындаған жоқ.

Сондай-ақ сот тағы 18 адамға үш жылдан шартты жаза кесті. 2 адам бір жылдан шартты мерзімге сотталып, бір адам ақталды.

2018 жылы Ерғанат Тараншиев пен Рүстем Тұяқов мерзімінен бұрын түрмеден шықты.

Құрманғазы Өтегенов әлі жазасын өтеп жатыр. 2013 жылы түрме әкімшілігінің "заңды талабына бағынбады" деген айыппен оның жазасына тағы 2,5 жыл қосылған.

Арон Атабек

Арон Атабек – ақын, диссидент. 2014 жылғы сәуірден Павлодар облысындағы АП-162/1 мекемесінде жазасын өтеді. Ол бұл түрмеге Қарағанды облысы Қаражал қаласындағы колониядан этаппен жіберілді. Арон Атабек Қостанай облысы Арқалық қаласындағы "жабық" түрмеге 2 рет жіберілген.

2021 жылғы 31 қаңтарда ақын 68 жасқа толды. БАҚ-та түрмедегі ақынның денсаулығы сыр бере бастағаны туралы ақпарат тарай бастады. Осыған қарамастан сотталушы рақымшылық жасау туралы өтініштен бас тартқан.

Биыл Павлодар қаласының №2 сотында Арон Едігеевтің денсаулық жағдайына байланысты жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жазаның түріне ауыстыру туралы ұсынысы қаралды. Оның бірнеше ауруға шалдыққаны дәлелденді.

"Арон Едігеевтің мойындағы омыртқаарлық дискінің зақымдануы (миелопатия) және жұлынның дегенеративті-демиелинизирлі ауруына шалдыққаны анықталды. Бұл диагноздар Ішкі істер министрінің №530 бұйрығы бойынша жазаны өтеуден босатуға негіз болып саналатын аурулар тізіміне кіреді", – деп жазылған Павлодар облыстық сотының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Қылмыстық кодекстің 75-бабы 2-бөлігі бойынша жазаны өтеуге кедергi жасайтын ауыр науқас жазаны өтеуден босатылады немесе қылмыстың ауырлығына қарай жаза неғұрлым жеңiл түрiне ауыстырылады.

"Заңда баяндалған мән-жайлар мен процесске қатысушылардың пікірін ескеріп, сотталған тұлғаға бас бостандығын шектеу жазасы 1 жыл мерзімге пробациялық бақылау орнату мен міндеттерді жүктеуге ауыстырылды" – деп жазылған соттың шемімінде.

Осылайша, Арон Атабек 15 жылдан соң түрмеден шықты.

Құқық қорғаушылар Атабекті "саяси тұтқын" деп таныды. Олардың пікірінше, сот процесі мен үкім – саяси тапсырыс.

Айта кетейік, 2010 жылы Арон Атабекке "Тұтқындағы өнер иесі" номинациясы бойынша Freedom to Create халықаралық сыйлығы берілген еді.

Дәурен Ерболат


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу