"АрселорМиттал Теміртау" билікке жақпай қалды

15899

Тұрғындар үнді миллиардерінің компаниясын тоқтатуды сұрайды. 

"АрселорМиттал Теміртау" билікке жақпай қалды

"Қазақстанда "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-ның болат департаментіне қатысты жоспардан тыс тексеріс тіркеуге қойылды. Оның нәтижелері туралы қосымша хабарланатын болады", – экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев осындай қысқаша хабар таратты.

Қазіргі кезде "ArcelorMittal Temirtau"-дың болат департаменті құрамына металлургиялық комбинат, жылына 3,5 млн тонна кокс шығаратын коксты-химиялық өндіріс, 6 млн тонна агломерат шикізатын өңдейтін аглодоменді өндіріс, 5,2 млн тонна қаңылтақ-сляб және 3,6 млн тонна болат әзірлеме жасайтын болат балқыту өндірісі, тағы бірнеше миллион тонна өнім шығаруға негізделген прокат өндірісі, бірыңғай жөндеу-монтаждау басқармасы, бас энергетика және көлік бөлімдері кіреді. Осыдан-ақ қазақ жерінің астынан ондаған миллион тонна қазынаны қарқынды қазып алып жатқан алпауыттың ауаға, айналаға тастайтын шығарындыларының ауқымын бағамдауға болады.

Заңгер, Теміртау тұрғыны Сергей Бондаренко – экологтардың осы тексерісіне бастамашы болған адам. Ол әлгі қадамның мәнісін түсіндірді.

"Жақында, 12 қыркүйекте "АрселорМиттал Теміртаудың" қоршаған ортаға тастаған зиянды заттарының көлемі шекті мөлшерден ғаламат түрде асып түсті. Мысалы, күкіртті сутек түн ішінде рұқсат етілген нормадан 5 есе артып кеткен. Кәсіпорын күкіртті сутекті көбіне түн ішінде, жұрт шырт ұйқыда жатқанда шектен тыс лақтыруды жаман әдетке айналдырып алды. "АрселорМиттал Теміртау" металлургиялық өндірістің адам өміріне аса қауіпті, өлімге соқтырар қалдықтарын тастаудың осы әдісін әдейі таңдайды. Себебі, Теміртау елорда емес, мұнда негізінен түнде айналаны көзге түртсе көргісіз қараңғылық жайлайды. Тиісінше, шығарындылардың мөлшерден асқаны көзге байқалмайды. Тек ояу жүрсең, күлімсі иістен қақалып қала жаздайсың", – дейді ол.    

Мамандардың айтуынша, кейінгі кезде жел көбіне шығыстан соғуда. Салдарынан, кәсіпорынның бүкіл улы заттары қалаға келіп тұнады.

"Біз, бала-шағымызға дейін күндіз-түні сонымен тыныстап, қалған денсаулығымызды құртып жатырмыз. Шығарындылардың шекті көлемнен асып кеткенін Теміртаудың әр жерінде тұрған арнайы датчиктер де тіркеген. Яғни экологтарға қосымша дәлелдеуді қажет етпейді. Қорқыныштысы сол, "АрселорМитталдың" мұржаларынан будақтап шыққан түтіннің түсіне қарасаңыз, сүзгі элементтерінің жұмыс істемейтінін аңғарасыз. Өйткені түтін ақ түсті болуға тиіс, ал кәсіпорынның мұржаларынан сан құбылған түрлі-түсті улы түтін шығады. Өндірістік қуаттардың өнімділігін арттыру үшін сүзгілерді сөндіріп тастауы да мүмкін деген болжам бар", – дейді Сергей Бондаренко.

Осыған байланысты теміртаулықтар Үкіметтен білікті сала мамандарынан тұратын арнайы комиссия құрып, металлургиялық алпауыттың аумағында тексеріс жүргізуді, соның ішінде, агломераттық өндірістің, жылу-электр орталығының, коксты-химиялық өндірістің, конвертерлік цехтың және №1 және №2 прокаттық цехтардың химиялық қондырғы блоктарының шығарындыларын зерттеуді сұрайды. Мамандар компания барынша дәріптеп орнатқан, улы заттарды сыртқа шығармай, жолай аулап ұстап қалуға тиіс фильтрлі элементтердің шынында жұмыс істеп тұрған-тұрмағанын да тексергені абзал.

Жергілікті жұртшылық "егер сүзгілері істен шықса, онда ол жөнсіздік жөнделгенге дейін металлургиялық комбинаттың бөлімшелерінің жұмысын тоқтатуды" ұсынып отыр. Сонымен бірге қоршаған ортаға зиянды заттарды нормадан артық шығарғаны үшін компанияны жауапқа тартуды өтінеді.

"АрселорМиттал Теміртаудың" ауадағы зиянды заттар мөлшерін онлайн режимде көрсететін ecomonitor өлшегіші де бүгін бұл қалада кейбір улы заттар нормадан асуға таяп қалғанын көрсетіп тұр.

Мысалы, түс кезінде NO2 (азот тотығы) "ЧНФ" бекетінде – 4 мкГ/текше метрді, "Оқжетпесте" – 35 мкГ/м3, ал "117 квартал" бекетінде – 23 мкГ/м3-ді құрады. Ал Қазақстанның "Қалалық және ауылдық елді мекендердегі атмосфералық ауасының гигиеналық нормативтеріне" сәйкес, азот тотығының атмосфералық ауадағы рұқсат етілген шекті шоғырлануы (РЕШШ) 1 текше метрге 0,04 миллиграмнан асып кетпеуі керек. 

Бұған қоса, экомониторинг көрсеткіштеріне сәйкес, SO2 (күкіртті диоксид, күкіртті ангидрид, күкіртті газ, күкірт оксиді) "ЧНФ"-те – әр текше метр үшін 4, ал "117 кварталда" – 22 микрограмға дейін жетіпті. РЕШШ бойынша күкіртті диоксид 0,05 миллиграмнан (немесе 50 микрограмнан) аспауға тиіс.

Қазақстанда қыс түсуде. Егер елді басынған алпауыт тәртіпке келтірмесе, Теміртауда қап-қара қардың жаууы үйреншікті көрініске айналуы ғажап емес.  

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу