Арсен Венгердің жобасы енді Қазақстанда

1683

Халықаралық футбол қауымдастығы мен Қазақстан футбол федерациясы талантты жас футболшыларды анықтап, дамытудың инновациялық бағдарламасын іске қосты.

Арсен Венгердің жобасы енді Қазақстанда

ҚФФ-ның техникалық орталығының басшыларының ФИФА-ның бас сарапшыларымен өткен бейне конференциясы Қазақстан үшін бірегей халықаралық жобаның бастауы болды. Жиын барысында қазіргі таңда ФИФА және Double Pass компаниясы арқылы іске қосылған ұлттық қауымдастықтардың қолдауымен "Talent Development – Football Ecosystem Analysis" бағдарламасы туралы егжей-тегжейлі талқыланды. Онлайн конференцияны ФИФА менеджері Раймондас Статкявичус пен ФИФА сарапшысы Эдвинас Эймонтас жүргізді. Жиынға Қазақстан атынан ҚФФ-ның техникалық орталығының директоры Иван Азовский және оның орынбасары Асет Базеков қатысты.  

Жобаның мақсаты – футбол мектептерінің дарынды оқушыларын анықтау және дамыту үшін қолайлы жағдай жасау. Бағдарламаның аты айтып тұрғандай, біз алдымен қазақстандық футболды өзіндік бір экожүйе ретінде зерттеп, оның инфрақұрылымын жақсартып, футболшыларды тәрбиелеп және дарынды балалардың талантын одан әрі шыңдаймыз, - деп хабарлайды ҚФФ.

Біз әрбір ұлттық қауымдастықпен бірлесе отырып, жеке бір тәсілді пайдаланамыз. Көптеген елдерде болашағынан зор үміт күттіретін жігіттер кейде футболды тастап кетіп жатады. Олардың әр түрлі себебі бар. Біз мұндай жағдайды азайтуға тырысамыз, - деп атап өтті ФИФА-ның сарапшысы.

Естеріңізге сала кетсек, осындай ауқымды жобаның жетекшісі атақты француз бапкері, лондондық "Арсеналды" ұзақ уақыт бойы жаттықтырған, өзінің таланттарды бірден танитын қасиетімен танылған Арсен Венгер. Қазіргі таңда ол Халықаралық футбол қауымдастықтары федерациясының жетекшісі және ФИФА-ның футболды дамыту бөлімінің басшысы қызметін атқарады.

"Бағдарлама әр таланттың өзін-өзі тануға мүмкіндігі болатындай етіп жасалған. Көптеген мемлекеттерде бірінші орында ұлттық құрама тұрады. Оның ойын деңгейі елдегі футболдың даму дәрежесін көрсетеді. Мысалы, Еуропа мен басқа мемлекеттердегі ойын деңгейі жоғарылауда. Жобалардың көптеп ұйымдастыру жағдайды теңестіруге, жас таланттарды анықтауға, оларды дамытудың тиімді жолдарын ұсынуға көмектеседі", - дейді Арсен Венгер.

Қазақстанда жас футболшыларды даярлаудың жағдайын зерттегеннен кейін сарапшылар еліміздегі жаттығу жүйесін жақсарту бойынша бірқатар нақты ұсыныстар әзірлейді және оларды еліміздегі құзіретті органдарға жолдайды. Бұдан бөлек әр түрлі мемлекеттер мен ФИФА арасындағы ынтымақтастықтың арнайы картасы жасалады.  

"Бұл жүйені құрудың негізгі қағидалары – тұрақтылық пен өміршеңдік. Яғни жемісін көру үшін шыдамдылық таныту. Бағдарлама ерлер мен әйелдер футболына арналған. Жас таланттарды анықтау, тәрбиелеу және дамытуды ұйымдастыруға арналған жоба жергілікті елдің қоғамдық-саяси жағдайына, әр елдің менталитетіне, сонымен қатар ұлттық футболдың жағдайымен тікелей байланысты", - дейді ФИФА-ның сарапшысы  Раймондас Статкявичус.

Осылайша, ФИФА әр елдің өзінің ұлттық ерекшеліктерін сақтай отырып, басқа елдердің озық тәжірибелерін қолдану арқылы мықты ойыншыларды дайындай алатын жүйе құруды жоспарлап отыр. Енді ұлттық қауымдастықтарға, олардың ішінде Қазақстан футбол федерациясына бағдарламаға қатысу үшін 13 резервтік мектепті таңдау тапсырылды.

"Бұл бағдарламаны енгізу үшін Қазақстандағы клубтық футбол орталықтары, академиялар немесе жеке меншік мектептерді таңдап алуға болады. Double Pass олардың жұмыстарын мұқият талдаудан өткізеді. Содан кейін талантты жас ойыншыларды анықтау және дамыту үшін орталықтар іріктеліп алынады", - деп нақтылай кетті Статкявичус.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу