"Артында Қайрат Сатыбалды тұр!" деп, депутаттар бір орталыққа соққы жасады

3767

Парламентте қырғын лобби шайқасы жүруде.

"Артында Қайрат Сатыбалды тұр!" деп, депутаттар бір орталыққа соққы жасады Фото: inbusiness.kz

Тайталастан айналасы шаңға айналған құжат – "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" негізгі заң жобасы мен "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ілеспе жоба Сенатқа келіп түсті.

Егер сенаторлар текетіреске араласып, мәжілісмен әріптестерінің әрең қосқанын қоқысқа лақтырмаса, онда Қазақстанда "Мөлшерлемелерді (бәсті) есепке алу орталығы" деген ойын бизнесі мен мемлекет арасындағы делдал құзырын жоғалтады.

Көлеңкеден шықпай, жұртшылыққа белгісіз болып келген бұл делдалды жоюға бағытталған қадамдар тек қанды қаңтардан кейін ғана қолға алына бастады. Сол кездегі жетінші шақырылымдағы Мәжіліс депутаттары тиісті ұсыныспен ел басшылығына дейін шыққан екен.

Нәтижесінде, 2022 жылғы 11 қарашада сол кездегі салыққа жауап беретін Үкімет басшысының орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Мәдениет және спорт министріне Қаржы, Ұлттық экономика, Әділет министрліктерімен бірлесіп, бәс-ставканы есепке алу орталығын заң жүзінде алып тастауға, осы мақсатта тиісті заң жобасын әзірлеуге жай ауызша емес, нақты тіркелген хаттамалық тапсырма берді (№ 20-05/05-3422 хаттамамен бекітілген).

Ізінше, 2022 жылғы 16 қарашада вице-премьер Серік Жұманғарин де жауапты меморгандарға ұқсас міндет жүктеп (№21-05/05-3428 хаттамамен бекітілген), осы орталық түріндегі делдалды жойып, букмекерлік кеңселер мен казиноларды тікелей Мемлекеттік кірістер комитеті арқылы салықтық әкімшілендіруді тапсырған.

Сол кездегі Парламент әбжіл қимылдап, бұл ұсынысты өз қарауындағы ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері жөніндегі заң жобасына қосты. Алайда 2023 жылы Президент ол Мәжілісті мерзімінен бұрын таратып жіберді.

Заң жобасын сегізінші шақырылымдағы Мәжіліс екінші оқылымда тек бір жарым жыл өткенде, 2024 жылғы маусымда ғана қабылдай алып отыр.

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің түсіндіруінше, жаңа депутаттық корпуста "Мөлшерлемелерді есепке алу орталығын" (МЕО, орысша ЦУС) қайта жандандыруды қолдаушылар жетерлік. Үкіметте де лоббистер табылды.

Аталған заң жобасы бойынша Үкіметтің оң қорытындысын алу үшін 1,5 жыл бұрын жолданған ұсыныстар арасында қолданыстағы "Ойын бизнесі туралы" заңынан Мөлшерлемелерді есепке алу орталығын жою туралы депутаттық норма да болған екен.

Алайда, Базарбектің айтуынша, сол кездегі Смайылов Үкіметі тосыннан айнып, бұл ұсынысты қолдамай тастады.

"Өз ұстанымын Үкімет бұл мәселенің әлі де пысықтай түсуді талап ететіндігімен дәйектеді. Жұмсартып айтсақ, Үкіметтің ұстанымы түсініксіз және әлдекімнің жеке мүдделері үшін лобби жасалғаны туралы ойларға итермелейді. Өйткені МЕО-ның не екенін бәрі біледі. Бұл мемлекет пен ойын бизнесін ұйымдастырушылар арасындағы белгілі тұлғалардың "прокладкасы". Олар екі ортада отырып алып, құмаройындардан, тігілген әрбір бәстен өз комиссиясын алады. Ал, бұл – ондаған миллиард теңге. МЕО "Оператор РОП" сияқты. МЕО-ның артында Қайрат Сатыбалды бастаған "ескіқазақстандық гвардия" тұрғанын бірі білсе, бірі біле бермейді", – деді депутаты Бақытжан Базарбек.

Ол осы заң жобаларын қарау барысында бір топ депутат МЕО-ға тіпті қосымша құзырлар беріп, қуаттандырмақ болғанын жеткізді.

"Заң жобалары бойынша салыстырмалы кестеге әлдекімдер МЕО-ға қатысты басқа түзетулер енгізіпті. Егер ол ұсыныстар қабылданғанда, Мөлшерлемелерді есепке алу орталығы қарапайым "прокладкадан" ойын бизнесі саласында қомақты құзыры бар тұтас бақылаушы органға айналып кететін еді. Осы арқылы олар бұл орталықтың өкілеттіктерін кеңейтуге тырысты. Бұл лоббистік күштер, жұмсартып айтсам, Мәжілістің дәліздерінде талтаң басты. Ғажабы сол, құжаттарда бұл ұсыныстардың авторларының аты-жөні жазылмаған", – деді мәжілісмен Б.Базарбек.

Заң жобасы бойынша жұмыс тобын басқарған Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, егер ол түзетулер қабылданса, МЕО ойын бизнесі саласындағы төлемнің монополисіне айналатын еді.

"Бұл – бір. Екіншіден, шынында МЕО-ның өзі ірі букмекерлік немесе ойын ұйымына айнала бастады. Өйткені ол букмекерлер арасындағы делдал рөліне ие болды. Үшіншіден, бұл жеке компания үлкен мемлекеттік өкілеттіктерге қол жеткізбек. Ол ойын қызметін реттеуді өз қолына алады. Төртіншіден, бұдан алапат коррупциялық қауіп-қатерлер туындайды, себебі, ғаламат қаражат соған қарай тасқындай бастайды. Шынымызды айтсақ, бұл қатты шошынтады", – деді Е.Бейсенбаев.

Бейресми деректер бойынша, букмекерлік кеңселерде шамамен 1 триллион теңге айналады.

"Осы қаражат сөз болып отырған заңды тұлғаның қолынан өтеді, тігілген барлық бәс алдымен соның шотына түседі. Күндердің бір күнінде әлдекім бұл арнаны жауып, барлық қаражатты алып, тайып тұруы мүмкін. Көп ақша жүрген жерде жемқорлық ере жүреді. Бұл ұйым әрбір ұтыстан да өз пайызын алып отырады. Сол астатөк ақшаның бәрін оның қайда жұмсайтынын біз білмейміз. Ия, расында да, лобби топ бар, ол МЕО идеясын ілгерілетумен айналысуда", – деді Елнұр Бейсенбаев.

Қаржылық мониторинг агенттігі бәсті есепке алу орталығымен айқасқан депутаттардың жағына шықты.

"Бүгінде Мөлшерлемелерді есепке алу орталығы өзектілігін жойды. Өйткені салықтық және мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін аппараттық-бағдарламалық кешендермен және букмекерлік кеңселермен интеграциялау жүзеге асырылуда. Сондықтан мұндай орталықтың бізге қажеті болмайды деген ойдамын", – деген болатын заң жобасын Мәжіліс отырысында талқылау кезінде агенттік төрағасының орынбасары Қайрат Бижанов.

Сонда депутаттар одан: "бәсті есепке алу орталығы заңнан жойыла ма?" деген нақты сұрақ қойды.
"Бұл сұраққа жауап беруге біздің өкілеттігіміз жоқ", – деп қысқа қайырды агенттік басшысының орынбасары.

Қолданыстағы 2007 жылғы "Ойын бизнесі туралы" заңының 1-бабында "Мөлшерлемелерді есепке алу орталығы" (МЕО) нақты заңдастырылған. Ал, Сенаттың қарауына түскен "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасында оны алып тастау туралы бір сөз жоқ. Демек, бұл тұрғыда онымен күрескен депутаттар жеңілді: МЕО заңда ары қарай да қалады.

Дегенмен, Үкімет оның құзырын алып қоймақ. Жаңа заң жобасы қолданыстағы заңның 12-1-бабын жаңа 4-тармақпен толықтырып отыр.

"4. Букмекерлік кеңсе және (немесе) тотализатор қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушылар мәліметтерді беру бойынша автоматтандырылған өзара іс-қимылды қамтамасыз ету мақсатында аппараттық-бағдарламалық кешендерін салық органының ақпараттық жүйелерімен интеграциялануын қамтамасыз етуге міндетті", – делінген жаңа заң жобасында.

"Бұл ретте қолданыстағы МЕО-ға балама тәсілді – букмекерлік кеңселер мен казиноларды салықтық әкімшілендіру үшін қажетті мәліметтерді ойын бизнесі субъектілерінің аппараттық-бағдарламалық кешендерінен тікелей салық органына алуды енгізу ұсынылады. Бұл үшін олардың аппараттық-бағдарламалық кешендері Қаржы министрлігінің Мемкірістер комитетінің ақпараттық жүйелерімен интеграцияланады. Букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың аппараттық-бағдарламалық кешендерінде салық салу үшін қажетті барлық ақпарат бар, бұл үшін енді делдал керек емес", – деп түсіндірді Мәжіліс.

Яғни, салық салу үшін МЕО түріндегі делдал қажет болмайды. Бірақ "А" деген депутаттар "Ә" дей алмады: мәселен, қажет болмауына байланысты МЕО жойылсын деген норманы бекітпеді. Тиісінше, Мөлшерлемелерді есепке алу орталығының қайта құрылып, әрбір бәсті есепке алуына, содан ол өз комиссиясын шертіп алуына мүмкіндігі мол.

Депутат Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, кейбір ықпалды топтар ойын бизнесінің қаржы ағымынан пайда тапқысы келіп жүр және оны Парламент депутаттарының қолымен заңдастырғысы келеді.

"Мәселе бәс тігуді есепке алатын орталық туралы ұсыныста. "Ойын бизнесі туралы" заңда бұл орталық де-юре қарастырылған, бірақ бүгінде де-факто жұмыс істемей тұр. Үкіметтің, тиісті министрліктің және осыған қызығушылық танытып отырған кейбір бизнестің өкілдері осы орталыққа жаңа функцияларды беру жөнінде норманы өткізу үшін лобби жасауда. Ол қандай функциялар? Негізгі функциялардың бірі ‒ орталыққа ойыншылардың бәс тігуін қабылдайтын және ұтысын төлейтін бірыңғай төлем ұйымы ретінде, яғни заңды тұлға статусын беру. Оны конкурстық негізде мемлекеттік немесе жекеменшік компания ұтып алуы мүмкін. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл орталық – казино-букмекер мен мемлекет арасындағы таза делдал", – деді ол.

Бір топ депутаттың ұсынуынша, бұл орталық ойыншылардың тіккен бәсі, ұтысы және оларға төленген төлемдер туралы бүкіл ақпарат қорын жинақтауы, сақтауы, құмар ойындарға, бәс тігуге қатысуы шектелген тұлғалардың бірыңғай тізімін жүргізуі керек. Яғни, азаматтарымыздың дербес деректері жеке қолға, түсініксіз компанияға берілмек.

"Ең бастысы, жаңа МЕО бәс тігушілерге ұтыстарды төлеу кезінде комиссия алады. Комиссия мөлшері 3 пайызға дейін деп көзделген. Миллиардтаған қаржы ағымынан орталық біраз пайда таппақ. Балшы-көріпкелге бармай-ақ, орталықтың нағыз жемқорлардың ордасына айналатынын көзі ашық, көкірегі ояу адам біледі. Бұл схеманы әзірлеушілердің қасында Остап Бендер далада қалып қойды", – деп дабыл қақты мәжілісмендер.

Айта кету керек, депутаттардың бұл ұсынысы Мәжілістен өтпей қалды. Бірақ лоббистер оны Сенат арқылы өткізуге талаптанбасына кепілдік жоқ.

Оның үстіне Мәжіліс кейбір мәселеде табансыздық танытатынын әлден көрсетіп алды. Заң жобасы бойынша негізгі баяндамашы болған депутат Е.Бейсенбаев құжат айналасында қызылкеңірдек айтыс-тартыс жүргенін айтты.

"Заң жобасын қабылдауға қалтасы ақшаға, уысы әкімшілік ресурстарға толы қуатты лоббистік топтар қарсы тұрды. Олар тіпті 90-шы жылдардың әдіс-тәсілдерін қолданды: депутаттарды жабық жүздесулерге шақырды, одан нәтиже шықпаса, ақпараттық шабуылдар жасалды, ақты қара деді. Бұл лоббистер ең еңселі кабинеттерге емін-еркін кірді, билік дәліздерінде алшаң басты. Мен екі мысал ғана келтірейін. Біз 25 жасқа толмағандарға құмаройын ойнауға тыйым салуды ұсындық. Сондай-ақ дәстүрлі лотереяны 21-ге толмағандарға сатпау туралы жас шектеуін енгізуге талаптандық. Ақыр соңында Үкімет өз қорытындысында бұл екі норманы да қолдамады", – деді Елнұр Бейсенбаев.

Атап өтер жайт, Президенттің 2022 жылғы бастамасымен Ата заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, Мәжіліс енді көпшілік дауыспен еңсеріп, Сенаттың да, Үкіметтің де кез келген шешімінің күшін жоя алады. Алайда бұл Мәжіліс сол құзырын бұл жолы да пайдаланбады.

Үкімет құмаройындар мен лотерея бойынша жас шектеуін енгізуді неге қолдамағанын "азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылатынымен" дәйектеген. Депутаттар бұл дәйектемесымақты "күлкілі, әрі қайшылығы анық" деп отыр. Өйткені ол шектеу жас ұрпақтың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған.

Бірақ Үкіметтің сол қарсылығын еңсеруден бас тартудағы Мәжілістің өзінің дәйектемесі де "күлкілі, әрі қайшылықты".

"Үкімет осы арқылы принципсіздігі мен жүйесіздігін паш етіп отыр. Үкімет бюджетті халықтың көз жасымен толтыруға ұйғарды. Мен нақты айта аламын: бұл халыққа қарсы нормалардың басты лоббистері – Қазақстаннан тыс жерде, Еуропаның бір орталығында қою "Американоны" ішіп, қашықтан бақылап отыр. Ия, біз Үкіметтің теріс қорытындысын еңсеріп, құмар ойындарға қатысты жас шектеулері бойынша норманы басым дауыспен қабылдай алатын едік. Бірақ біз, депутаттар, қатаң тәртіпті ұстанамыз, Мәжілістің регламентін сақтаймыз. Президент айтқандай, әділетті, парасатты Қазақстан құрудамыз. Бұл үшін билік тармақтары арасындағы белгілі бір ойын ережелерін сақтауға тиіспіз", – деді депутаттар атынан Елнұр Бейсенбаев.

Ол ойын ережелерін лоббистер, Еуропа төрінде "Американо" ішушілер жазса ше?

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу