Арыста төрт жыл бұрын қаза тапқан сарбаз есімі ескерусіз қалды

8150

Бұл оқыс оқиға Иманғали Тасмағанбетов Қорғаныс министрі болып тұрған кезде орын алған.

Арыста төрт жыл бұрын қаза тапқан сарбаз есімі ескерусіз қалды

"8 қараша күні сағат 10:40 шамасында Арыс маңындағы "Қазтехнология" ЖШС-ның жару алаңындағы полигонда қалдықтарды жою кезінде жарылыс болды. Салдарынан "Кәдеге жарату орталығы" филиалының технологы, 1972 жылы туған Ермұрат Иманқұлов көз жұмды. Оқиға кезінде онда 17 адам болған, 16-сы дін аман.

Арыста іссапармен жүрген Ермұрат Иманқұловтың артында 3 баласы қалды. Бүгін оның денесі үйіне жіберілді. Қаза тапқан қызметкер өзін тек жақсы қырынан танытқан еді. Бұл саладағы тәжірибесі де жетерлік. Жерлеу рәсіміне кететін шығынды өз мойнымызға алып отырмыз. Ары қарай оның отбасына қаржылай  көмектесу жағы да ойымызда бар", – дейді "Қазтехнология" АҚ төрағасының орынбасары Еркен Айтбаев.

Бұл – 2015 жылы БАҚ-та тараған ақпарат. Ал қазір Ермұрат Иманқұловтың есімі атала ма? Отбасына қандайда бір көмек көрсетілді ме? Артында қалған отбасының ахуалы қандай? Күні кешегі тағы да сол Түркістан облысындағы Арыс қаласының іргесінде орын алған оқыс оқиға кезінде де бірнеше адамның зардап шегіп, тағы бір сарбаз мерт болғаны мәлім болды. Ал олардың отбасының ендігі жағдайы қалай болады?

Сондықтан да жоғарыдағы сауалдарға жауап іздеп, үш жарым жыл бұрынғы жарылыстан қаза тапқан азаматтың анасы Тынышбике Иманқұловамен тілдескен едік. 21 жылдан бері Қапшағайда тұратын 76 жастағы кейуана мемлекетке де, ұлы қызмет еткен мекемеге де өкпелі екенін жеткізді.

"Екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірдім. Күйеуім ертеректе, 38 жасында қайтыс болып кетті. Ермұрат кенжем болатын. Әскерде қызмет етті. Әртүрлі жұмыстарды атқарып,"Кәдеге жарату орталығы" филиалының инженер-технологы қызметіне кіріскеніне үш ай ғана болған еді. Жасынан өте ақылды болып өсіп, өз күшімен жоғары білім алды. Әлі есімде, 2015 жылғы қарашаның басында Арыстан дабыл қағылып, түнделетіп үш қызметтесімен сонда іссапарға кеткен еді", – деп еске алады Т.Әбитқызы.

Марқұм оның алдында да Арысқа іссапармен барып-келіп жүрген. 7 қараша күні анасына хабарласып, "Полигоннан келдім, жұмыс барысында аздап қолымды жарақаттап алдым. Қол гранатасы жарылып кетті" депті. Тынышбике апа есі шығып, алаңдағанда, "Ештеңе етпейді" деп басу айтқан көрінеді.

"Ертеңгісін қай жерде, қалай болғанынан хабарсызбын, әйтеуір, ұлым жарылыстан қайтыс болды. Естуімше, ол он жеті адамды сыртқа қалдырып, "Жарылыс оқиғасы болса, мен жауап беремін. Сендер тәуекелге бармаңдар" деп, жарылыс маңына өзі ғана барыпты. Оқыс оқиғаның неден, қалай орын алғаны да маған беймәлім. Қаралы хабардан төбеме жай түскендей болып, әрі-сәрі күй кешіп кеткенім бар", – дейді Тынышбике апа.

Ұлының қазасы қай анаға оңай соқсын?! Сондай сәтте Ермұрат қызмет еткен мекеменің бастығы Қайрат Құрманов келіп, "Балаңыз, батыр болып, ажал құшты. Он жеті адамды құтқарып қалды. Атына заты сай азамат екен! Сіздің отбасыңызға барлық жағынан жәрдем береміз. Немерелеріңізді оқытамыз. Өтемақы ретінде 20 млн теңге аударамыз", – дейді. Қамкөңіл қарияның айтуынша, ол 20 млн-ның арты 17 млн-ға түсіпті.

Сосын оған: "Маған қаражатыңыз керек емес, ұлымның отбасына Алматыдан бір пәтер алып беріңіздер", – дедім. "Ой, ол ақшаға пәтер де келеді, басқасына да жетеді",  – деп қарық қылып кетті. Ақыры аяғында ол ақша қайтару сақтандыру компаниясына жүктеліп, олар ұлымның үш қызы мен маған ай сайын 40 мың теңгеден зейнетақы шығарып берді. Қазір үлкен екі немерем он сегіз жасқа толып қойғандықтан, одан да қағылды. Кіші немерем және Ермұраттың анасы ретінде мен ғана аламын", – дейді Т.Әбитқызы.

"Қазтехнология" ЖШС Ермұратты жерлеу рәсіміне жәрдемдескенімен, оның отбасына да, өзіне де жұмыс орны тарапынан, мемлекеттен ешқандай құрмет көрсетпеген, есімі еш жерде аталмаған. Марқұмның қырық күндігі де, жүзі де, жылдығы да отбасының қаражатымен өткеріліпті.

"Мекеме басшысына хабарласып, ұлымның жылын өткізбекпіз",  – деп айтқанмын. "Ас кезінде келіп, менің көзіме көрінбей бір кісіге 300 мың теңге беріп кетіпті. Жыл сайын әскери, патриоттық сипаттағы мерекелер, атаулы күндер өтіп жатыр. Алайда үш жарым жыл болды, ұлымның есімі ешқайсысында аталмайды, отбасын елемейді", – деп қамығады кейуана.

Бұл оқыс оқиға Иманғали Тасмағанбетов Қорғаныс министрі болып тұрған кезде орын алған. Ал Тынышбике апа жағдайын айтып, жәрдем сұрамақ болып министрдің қабылдауына үш рет жазылған. Өкініштісі, үшеуінде де жолы болмаған.

"Тасмағанбетов іссапарға шығып кетеді немесе өзге жағдай болып қалады. Тіпті сатып алып қойған темір жол билетімді қайта өткізуге тура келетін. Ақыры, үмітім үзіліп, қойдым. Алайда Президент Әкімшілігінің электрондық поштасына жазба қалдырдым. Жауап болған жоқ. Бас прокуратураға хат жаздым. Олар тексере келе, баламның іс-әрекетінің жетпіс пайызын қате деп танып, кінәлі қылып шығарды. Сонымен маған барлық есік жабылды", – дейді ол.

Айтпақшы, марқұмның анасы сөзінің соңында: "Арыстағы қару-жарақ қоймасында ешқандай тәртіп пен жинақылық жоқ. Ол жердің бір күні болмаса, бір күні күлі көкке ұшады" деп ұлымның айтқаны есімде. Соның айтқаны, міне келіп тұр", – деді.

Иә, қаза тапқан сарбаздардың да отбасы Тынышбике апаның күйіне түспесе, игі еді...

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу