Арзан бағадағы көмір шетелге кетіп жатыр

2897

Ресейге қарсы санкциялар көмір бағасын шарықтатып жіберді, бір тоннасы $120 тұратын отын бағасы былтыр $400 жеткен. 

Арзан бағадағы көмір шетелге кетіп жатыр Фото: bnews.kz

Осыдан бір ай бұрын ғана ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бастауымен көмірді өндіріс алаңынан жүргізушілерге өздігімен тиеп әкетуге тыйым салынды. Енді көмір экспортымен тек бейінді субъектілер ғана айналысатын болады, деп жазады Inbusiness.kz тілшісі.

Әлеуметтік көмірдің бағасы нарықтық бағадан 30-40%-ға төмен, сондықтан оған әркімнің-ақ бар таласы. Бұрын камаз жүргізушілері өндіріс алаңдарынан көмірді өздігінен тиеп, ауыл-аймақтарға отын тасыған, бірақ министрліктегілер заңсыз әрекеттердің тіркелгенін айтады.

"Шұбаркөл көмірін халық қажеттілігіне деп, өндіріс алаңынан жеке көлікпен алып кеткен жағдайлар расымен тіркелді. Тиеп алынған отынды олар қоймаларда жинап, ары қарай шетелге — Қырғызстан мен Өзбекстанға, одан әрі Еуропалық одаққа қарай шығарған. Бағасына да қатысты ақпарат бар: 7000 теңгеден алып, 90 000 теңгеге дейін сатқан. Яғни әлеуметтік (арзан — ред.) көмір сыртқа кетіп жатыр, сондықтан көлікпен шығаруға салынған тыйым одан әрі де жалғасын табады", — деп түсіндірді ИИДМ Индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары Тұрар Жолмағамбетов.

Ал "Шұбаркөл көмір" компаниясының өкілдері үкіметтің тапсырмасымен енді әлеуметтік көмірді тек тізім бойынша жіберітіндерін хабарлады

"Қазір бізде министрлікпен келісім жасалды, ондағы шарттар мен міндеттерді орындайтын боламыз. Енді тек жергілікті билік өкілдері берген тізім бойынша ғана көмірді жіберетін боламыз", — деді компания өкілі.

Мұндай қатаң шаралардың қабылдануына Ресейге жарияланған санкциялардан кейін көмірге деген сұраныстың күрт өсуі, сәйкесінше экспорттың артуы себеп болған. Мысалы, Еуроодақтың өзі жылына 50 млн тонна көмір тұтынады, бұрын олар ресейлік отынды импорттаса, кейінгі кездері шектеулер салдарынан қазақстандық көмірге көз тігіп отыр. Жалпы экспорт "ҚТЖ — ЖТ" ЖШС Бас директорының Маркетинг және тасымалдауды жоспарлау жөніндегі орынбасары Нұржан Келбұғановтың ақпараты бойынша, жөнелтілетін көмірдің  32%-ын құрайды.

"Көмір экспортына қатысты айтар болсақ, оның үлесі жалпы тиелген өнімнің 31-32%-ын құрайды. Мысалы, мамыр айынан бастап 29,7 млн тонна көмір өндірілсе, оның 9,5 тоннасы экспортқа кетті. Кейінгі кездері, әсіресе, Өзбекстан мен Қырғызстан тарапынан сұраныс артып келеді. Сәйкесінше 2,5-3 млн тонна (+50%) мен 1 млн тоннадай көмір жіберу жоспарланып отыр", — деді спикер.

Дегенмен халық арасындағы көмір жетіспеушілігіне экспорт, заңсыз елден шығару әрекеттерінен бөлек, отынның құбылмалы бағасы әсер етіп отыр. Былтырғы бағалармен салыстырғанда көмірдің бағасы орта есеппен 15%-ға өскен. Қазақстандықтар арасында ең көп сұранысқа ие "Шұбаркөл" көмірінің бір тоннасы 7570 теңге, "Шұбаркөл премиум" және "Қаражыра" көмірінің бір тоннасы – 9 мың теңге, Майкөбе көмірінің тоннасы – 6700 теңге.

"Өткен жылмен салыстырғанда бағалар орташа есеппен 15%-ға, бір жерде 7-10% - ға өсті. Пункттердің қашықтығына байланысты: көмір разрезінен неғұрлым алыс болса, бағасы соғұрлым жоғары болады және теміржол жолдары жоқ жерде және көмір қосымша "камазбен" жеткізіледі, онда қара отынның соңғы құны 25 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін, - деді Тұрар Жолмағамбетов.

Өндіріс орындарынан ауыл-аймаққа қара отын жеткенше, оның бағасы 4-4,5 есе қымбаттайтыны бар құбылыс. Мысалы Шұбаркөл маркалы көмір шалғайдағы Мойынқұм ауданында 1 тонна үшін 26 мың теңге тұрады, қыста оның бағасы 30 мың теңгеге дейін баруы мүмкін. Былтыр оны 22-23 мың теңгеден сатқан. Қыстық маусымда бір отбасыға кем дегенде 6 тонна отын, яғни үйді жылытуға 105 мыңнан астам қаражат керек. Көмір бұл жаққа Мойынқұмнан 120 шақырым жердегі Шу қаласындағы көмір базасынан келеді. Енді жергілікті халық сондай орталықты аудан орталығынан 60 шақырым жердегі Хантау ауылында орналасқан теміржолда ұйымдастыруды өтініп отыр, бірақ министрліктегілер мәселені шешуге қауқарсыз екендерін білдірді. Себебі, ол жердегі сұраныс, тасымалдау мен ұйымдастыруға кететін ақшаны өтей алмауы мүмкін, ал отын бағасын шектеу — жеке кәсіпкерлер құқығын таптаумен бірдей әрекет деп танылады.

Ал көмірді тасымалдаумен айналысатын ҚТЖ жалпы әлеуметтік отынды жеткізумен айналысу оларға тиімсіз екенін айтады.

"Көмірді тасымалдау ҚТЖ үшін өте тиімсіз, тарифтер көтерілгенімен, әр тоннаға 50 теңге ғана қосылып отыр, сондықтан біз 600 шақырымға көмірді тасығанның өзінде бар болғаны 3000 мың теңге ғана пайда көріп отырмыз. Ал көлік жүргізушілері 5-10 шақырым үшін ғана осы бағаны сұрайды", — деді Нұржан Келбұғанов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу