"Бізде ядролық энергетика саласының технологиясы жоқ"

6103

KEGOС компаниясының бұрынғы басшысы, кәсіби энергетик, экономист Әсет Наурызбаев inbusiness.kz тілшісіне берген сұхбатында Атом электр станциясының (АЭС) құрылысына қатысты пікірімен бөлісті.    

"Бізде ядролық энергетика саласының технологиясы жоқ"

Оның айтуынша, әлемде анағұрлым жетілдірілген энергетикалық технологиялар бар. Бізге ескірген атом энергетикасына емес, заманауи технологияға жүгіну қажет.

– Үкімет отырысында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы АЭС салу қажеттігін мәлімдеп, елге электр энергиясының тапшылығы төніп тұрғанын алға тартты. Сіз не дейсіз?

– АЭС шамамен 10 жыл салынады. Сонда біз алдағы уақытта 10 жыл жарықсыз отырамыз ба? Егер қараңғыда отырғымыз келмесе, біз толыққанды қуат жасауға тиіспіз.

Қасым-Жомарт Тоқаев 2 жылдан бері АЭС салуды ұсынып келеді. Президент – білімді адам. Ол әлемдегі оқиғаларды біледі. Исландия қазбалы отыннан бас тартты, Ұлыбритания жаңартылатын энергетикаға толық ауысу жоспарын қабылдады. Дамыған елдер көміртексіз және атомсыз энергетикаға көшу туралы ұзақ мерзімді жобаны қарастырып жатыр. Германия, Франция мемлекеттерінің өзі экономикадағы атом энергетикасының үлкен қорына қарамастан жоғарыдағыдай шешімді қош көріп отыр.  

Тоқаев жобаны табандылықпен қолдап келеді. Мемлекет басшысына ықпал етушілер бар ма, әлде басқа ма, қоғам осыны  түсінуі керек. Бұл бастама плутоний қорын көбейту немесе ядролық қару қажет болған жағдайда өз-өзін ақтайды.

– Қалай ойлайсыз, "бейбіт атом" қауіпті ме, қауіпсіз бе?

– Атомның бұл түрі 50% ғана қауіпсіз болады. Жалпы "бейбіт атом" қауіпті әрі қауіпсіз. Атом станциясы жарылса, біз оның қауіпті болғанын білеміз. Осы күнге дейін ол қауіпсіз деп саналады.

– Әлемдегі барлық АЭС стратегиялық нысан деп қарастырылады. Түптің түбі біз осындай нысанның "тұтқынына" айналмаймыз ба?

– Бұл – Қазақстанға саяси, экономикалық әлжуаздық пен өзге елдерге тәуелділік туғызатын өзекті мәселе. Бізде ядролық энергетика саласының технологиясы жоқ. Мұны технология жеткізушілер жақсы біледі және өз мүддесі үшін пайдаланады. Бізді Ресей, Франция немесе кез-келген басқа ел технологиямен қамтамасыз етуі мүмкін. Қай ел болса да, бізге дегенін істетеді. АЭС Қазақстанға тұрақты қысым жасау нүктесіне айналады. Біз үнемі осы нысанды басып алуға тырысатын жеткізушілерге, террористерге тәуелді боламыз. Бұл жел немесе күн электр станциясының жанында толық диссонанс болып табылады. Мұндағы апат қауіпті салдарға әкелмейді. Ал атом станциясындағы кез келген оқиға, кез келген уақытта МАГАТЭ-нің назарына алынады. Оқиғаны тіркеу тұтас рәсімге айналады.

Енді, неге атом энергетикасын өткен ғасырдың игілігі деп отырғанымды түсіндірейін. Кез келген атом технологиясы көп мөлшерде ұзақ өмір сүретін радиоактивті қалдық шығарады. Мектепте нашар оқыған адамдар ядролық отынның жабық циклі туралы мәлімдемеге сенеді. Ал физиканы жақсы меңгергендер ыдырау барысындағы ядролық реакциядан изотоп, йод, селен пайда болатынын біледі. Бұл – отын массасының 3%-ын құрайтын қалдық.

Жабық циклда қалған 97%-ы қайтадан белсенді элементтермен қанықтырылып, одан MOX деп аталатын отын алынады. Қалған 3%-ы қалдық жылдар бойы қоймаларда сақталып тұрады. Яғни біз осындай қоймалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндеттелеміз. Бұған қыруар қаржы қажет. Мемлекет шығысты сіз бен біздің есебімізден өтейді. Ядролық лобби бұл туралы айтпайды. Бұл – ядролық технологияның ескіргендігінің бір белгісі.

– АЭС салу өте қымбат жоба екені белгілі. Бұл іс қолға алынса, мемлекет қанша қаражат жұмсайды?

– Мемлекет емес, сіз бен біз жұмсаймыз. Барлық шығыс біздің әмиянымыздан алынады және біз ұзақ уақыт бойы артық төлем жасаймыз.

Артық төлем дегенді нақтылайын. Қазақстанда күн электр станциясында электр энергиясының құны бір килловат сағат үшін 14 теңге.

Ресейдің жобасымен салынып жатқан Түркиядағы Атом электр станциясында бұл баға өсу перспективасымен 12,5 центті құрайды. Құрылыстың қымбаттауына байланысты қазір бағаны өсіру туралы келіссөз жүріп жатыр. 12,5 цент шамамен 60 теңге. Күн электр станциясынан 4 есе қымбат. Менің ойымша, мұндай жағдайда атом станциясының құрылысын қолдау негізсіз.

– Қалай ойлайсыз, АЭС құрылысы LRT бағандары секілді сыбайлас жемқорлықтың кезекті ескерткішіне айналмай ма?

– Болуы мүмкін жағдай. Кезінде Балқаш көлінің жағасына жылу электр станциясын салу бастамасы көтерілді. Қазір осы аймақта сыбайлас жемқорлыққа арналған тағы бір ескерткіш тұрғанын біреу білсе, біреу білмейді. Негізі ол ескерткішті пойызбен жүретіндер көреді. Бұл – Оңтүстік Қазақстанның ГРЭС-і. Оның құрылысына 200 млн доллардан астам қаржы жұмсалды. Бірақ нәтиже болған жоқ.

АЭС құрылысы қолға алынып, кейін сыбайлас жемқорлық фактісі тіркелсе, ондаған адамның қалтасы қампаяды. Ал біз электр энергиясы үшін жоғары тариф төлейтін боламыз.

– Ел азаматтары АЭС жобасына Ресейді араластыруға қарсы. Жобаны Жапонияның немесе Францияның жүзеге асырғанын қолдайтындар бар. Сіз не дейсіз?

– Мен әдетте нақты мысал келтіремін. Есіңізде ме, бұрын дилижанстар жүретін. Пойыз бен автокөлік ойлап табылғаннан кейін олар қолданыстан шығып қалды. Сол кезде дилижанс өндірушілері өз өнімдерін жер-көкке сыйғызбай, мақтай бастады. Бізде де дәл осылай болады. Атом станцияларын өндірушілер осы тәсілге көшеді.

Атом электр станциясын салу бойынша Корей, Қытай, АҚШ және басқа да елдер ұсыныс жасауы мүмкін. Алайда олардың барлығының технологиясы тозған. Адамзат әлдеқашан электр энергиясын өндірудің басқа тәсілін ойлап тапты.

Қандай да бір түсініксіздік орнаса, мені шеберлік-сыныбына шақырсын. Мен атом станциясы жоқ электр жүйесінің қалай жұмыс істейтінін көрсетемін, түсіндіремін.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Айбын Асқарұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу