Ол кәсіби спортшыларға ғана қатысты емес, тиісінше салауатты өмір салтын ұстанатын барлық ел тұрғынына қатысты маңызды құжат саналады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Мәжіліс депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов Telegram-парақшасында жаңа заңның басты ерекшеліктеріне тоқталып өтті.
– Біздің комитет депутаттары осы заң жобасымен ұзақ әрі мұқият жұмыс істеді. Нәтижесінде легионерлерді қаржыландыруға бюджеттен де, квазимемлекеттік сектордан да (мысалы, "Самұрық-Қазына") тыйым салынады. Қаражат өз спортшыларымызды қолдауға жұмсалады. Ұлттық спорт түрлері (қазақша күрес, асық ату, көкпар және т.б.) басым бағыттар тізіміне ресми түрде енді. Бұқаралық спорт негізгі басымдық болады, – деді депутат.
Сонымен қатар, спорт саласына вертикаль басқару жүйесі енгізіледі. Ол дегеніміз енді министрліктен әкімдікке дейін бәрі бір жүйемен жұмыс істеуі қажет. Спорт федерациялары республикалық құрылыммен байланысты болады, бұл өз кезегінде тәртіп пен тиімділік үшін керек.
– Спорт мекемелерінің басшылары енді ротация арқылы тағайындалады. Олар "мәңгілік" бастық болмайды. Мұндай жүйе мектеп директорларына қатысты да енгізілген. Мүгедектігі бар спортшыға еріп жүретін адамның шығыны мемлекет есебінен өтеледі. Бұл да – біздің депутаттардың бастамасы, – деп қосты А.Аймағамбетов.
Сонымен бірге, жаңа заңда әр спорт түрі бойынша жас шектеулері нақты белгіленген, бұл балалардың қауіпсіздігі үшін жасалып отыр. Антидопинг ережелерін бұзғандарға қатысты жауапкершілік күшейтіледі. Спорттық медицинаның жұмысы да заңмен нақты реттелген.
Депутаттың сөзінше, бюджет енді нақты басым спорт түрлеріне бағытталады. Спорт ұйымдарына ақылы қызмет көрсетіп, табыс табуға мүмкіндік берілмек. Бұл қаражат ұйымның өз есебіне түсіп отырады.