Асхат Аймағамбетовтың соңғы шешімі белгілі болды

3752

Экс-министр ҰБТ-да "Қазақстан тарихының" рөлін күшейтпекші болыпты. Ақырғы сөз енді жаңа Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевта.

Асхат Аймағамбетовтың соңғы шешімі белгілі болды Фото: primeminister.kz

"Жақсының жақсылығын айт" деген, бұрынғы министр орта білімге шамалы болса да, ұлтжандылық лебін әкелді. Мысалы, жаңа оқу жылынан бастап, бірінші сыныптан орыс тілі алып тасталды. Әйтпесе, қазақтың қара домалақтарына мектеп табалдырығын аттай сала, тілін орысша сындыруға тура келетін. Әрине, ел басшылығының өзі көршінің тілін қажет, маңызды деп құлаққа құйып жатқанда, одан ары аса алмаған шығар: себебі тіл жанашырлары қазақтың ұрпағы ана тілін толық меңгермей тұрып, орыс тілін ең құрыса 5-сыныпқа дейін енгізбеуді сұраған. Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтың қауқары орыс тілін 2-сыныптан бастап қана оқытуға жетті.

Тіл маманы Дастан Елдесов Аймағамбетовтың тағы басқа жетістіктеріне назар аудартты.

"Аймағамбетов Сағадиевтің авантюрасын доғарды. Атап айтқанда, алдыңғы білім министрі Қазақстанның барлық мектептерінде негізгі пәндерді (жаратылыстану пәндерін) таза ағылшын тілінде оқытуды енгізбек болған. Аймағамбетов бұрынғы министрлер – бәле-реформаторлар былықтырып кеткен Авгийдің атқорасын ың-шыңсыз тазартып шыққан жалғыз министр еді. Ол сондай-ақ ҰБТ-да түлектердің жауаптарды көшіріп алуына қатысты ұятты жайтқа тосқауыл қойды. Себебі, соның салдарынан мемлекеттік гранттар әділетсіз алынатын, ондайлардан өз ісіне қыры жоқ мамансымақтар шығатын. Оқушылардың шамамен 70%-ы ҰБТ-да көшіріп алатын! Бұл бір ұлттық масқара еді. Бұл – мектеп партасынан басталатын жемқорлық сабағы болатын. Көшіріп алу жоғарғы оқу орындарында жалғасатын. Сынақтар, емтихандар, дипломдар сатып алынатын. ҰБТ-ның адал бағалануына қол жеткізу – тәуелсіздік жылдарындағы білім беру жүйесінің басты жетістігі", – деді филолог Дастан Елдесов.

Әрине, қоғам белсендісі экс-министрді қол-аяғын жерге тигізбей, асыра мақтап жіберген сияқты. Кейбір деректер бойынша министрдің орнынан алынуына білім саласын жайлаған сыбайлас жемқорлық та себеп болуы ықтимал деседі.

Оның үстіне Асхат Аймағамбетов 2019 жылдан бері ҰБТ-ға қатысты реформаларын аяғына жеткізе алмағаны анықталып отыр. Сондықтан оның командасының соңғы шешімдерінің бірі – "Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу және "Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырғаны туралы сертификат беру" мемлекеттік көрсетілетін қызмет қағидаларын бекіту туралы" алдыңғы Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің 2017 жылғы 2 мамырдағы №204 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы болып отыр.

Егер жаңа Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жолашар әріптесі әзірлеп кеткен жаңа бұйрықты осы қалпында қабылдаса, онда ұлтжанды азаматтарды бір сүйсінтер еді. Өйткені құжат ҰБТ-да Қазақстан тарихы бойынша тестілік сұрақтар санын көбейтуді қарастырады. Әрине, экс-министрдің неге мұны екі жыл бұрын жасамай, сонша созғаны белгісіз.

Мектептерде Қазақстан тарихы жете, жан-жақты оқылмағандықтан, жас ұрпақ та Отан тарихын біле бермейді. Соның кесірінен әсіресе солтүстік өңірлерімізде ресейлік пропагандаға қанығып, Ұлы даланың қазаққа тиесілі екеніне күмән келтіретін жастар жетерлік. Мұны әлеуметтік желілердегі түрлі пабликтер мен посттардан аңғаруға болады. Бұған қазірден тосқауыл қойып, Қазақстан тарихын тереңдете оқыту арқылы жас ұрпақтың бойында ресейлік теріс уағызға иммунитет қалыптастырған маңызды.

Ал оқушылар ел тарихын ұқыпты, мұқият оқуы үшін мемлекет оған қажеттілікті туындатуға тиіс. Оның басты құралы Ұлттық бірыңғай тестілеу болмақ.  

Сонымен, егер жаңа бұйрыққа жаңа министр қол қойса, онда орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарын бітірушілер үшін ҰБТ тест тапсырмаларының саны келесідей болады:     

  • Қазақстан тарихы бойынша – 20 сұрақ (қазір 15 қана);
  • математикалық сауаттылық бойынша – 15;
  • оқу сауаттылығы (оқу тілі) бойынша – 15 (қазір 20);
  • таңдалған мамандыққа сай бірінші бейіндік пән бойынша – 35;
  • екінші бейіндік пән бойынша – 35.

"Қазақстан тарихы бойынша тест тапсырмаларының санын 15-тен 20-ға арттыру ұсынылып отыр. Қолданыстағы Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарға сәйкес, 5–11 сыныптарда "Қазақстан тарихы" бүгінде міндетті пән ретінде оқытылады. Осыған байланысты контекстік тапсырмалар саны да артып отыр. Контекстке арналған тапсырмалар әрбір оқушының пән бойынша терең білімін, кең ауқымдағы білік пен дағдыларын, ақпаратты талдай білуін бағалайды", – деп түсіндірді Оқу-ағарту министрлігі.

Сарапшылар мұны түлектердің қазақша, орысша оқу сауаттылығын (грамотность чтения) анықтауға арналған тапсырмалардың санын 20-дан 15-ке азайту есебінен жасауды ұсынған. Олардың дәйектеуінше, оқу сауаттылығы бойынша ҰБТ-да аса көлемді мәтіндер – контекстік тапсырмалар беріледі. Салдарынан, тест тапсырушы балалардың көп уақытын алып қояды. Егер бұл көлемді кемітсе, онда талапкерлер күш-жігерін Қазақстан тарихына және таңдаған мамандығына қатысты бейінді пәндерге шоғырландыра алады.

Асхат Аймағамбетовтың командасы осы жаңа бұйрық жобасында ҰБТ-ға алып кіруге тыйым салынған гаджеттер қатарын ары қарай арттыруды ұсынып отыр.

"ҰБТ рәсімін өткізудің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында тыйым салынған тестілеу заттарына фитнес-білезік, трекер, смарт-көзілдірік, диктофон қосылады", – деп хабарлады ведомство.

Нәтижесінде, ҰБТ-ға келесі заттарды алып кіруге рұқсат етілмейді:  ақпараттарды тасымалдау функциясымен жабдықталған ұялы байланыс құрылғылары, оның ішінде пейджер, ұялы телефондар, планшеттер, iPad, iPod, смартфон, ноутбуктер, плейерлер, модемдер (мобильді роутерлер), радио-электрондық байланыстың барлық түрлері, оның ішінде Wi-Fi, Bluetooth, Dect, 3G, 4G, 5G, смарт сағаттар, смарт көзілдірік, фитнес білезік (трекерлер), диктофон, калькулятор, сымды және сымсыз құлаққаптар, шпаргалкалар, оқу-әдістемелік әдебиеттерді алып кіруіне жол берілмейді.

Тестілеуге кіргізу барысында металл іздегішпен тексеру кезінде осы аталған тыйым салынған заттардың ең құрығанда біреуі табылса, онда тестілеу әкімшісі "ҰБТ өткізу пунктінің ғимаратына кіргізу барысында метал іздегішпен тыйым салынған заттар табылған тестіленушіні ғимараттан шығару туралы" акт толтырады және талапкер ары қарай тестілеуге жіберілмейді.

Жаңа бұйрық жобасының жекеменшік мектептер мен Назарбаев Зияткерлік мектептеріне қатысты жаңалығы бар: енді SAT (Scholastic Assessment Test), ACT (American College Testing), IB (International Baccalaureate) ғана емес, сонымен қатар A Level (Эй-Левел) халықаралық стандартталған тест сертификаттары бар талапкерлер де бірқатар пәндерден ҰБТ тапсырудан босатылады және білім беру грантын беру конкурсына қатыса алады немесе бірден ақылы негізде оқуға қабылдана алады.

"A Level халықаралық сертификатын ҰБТ балдарына ауыстыру енгізіліп отыр. Себебі, халықаралық мектептердің түлектері, соның ішінде Назарбаев Зияткерлік мектептерінің де түлектері қорытынды аттестаттауда A Level тестін тапсырады. A Level балдарын ҰБТ балдарына аудару Қазақстан тарихы және оқу сауаттылығы пәндері бойынша ҰБТ тапсырған жағдайда жүзеге асырылады", – деп түсіндірді Оқу-ағарту министрлігі.

Бұдан бөлек, Қазақстанда ҰБТ өткізуге қатысты мерзім өзгеруі мүмкін. Ведомство Ұлттық тестілеу орталығының ақпараттық жүйесіне үлкен ауыртпалық түсетіндіктен, ҰБТ-ға өтініштерді қабылдауды бастау мерзімін жылдағы 15 шілдеден 20 шілдеге жылжытуды ұсынды.

Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты осы және басқа жаңа реформаларды Аймағамбетовтың командасы пысықтап, дайын етіп қойды. Бірақ олардың ары қарайғы тағдырын, яғни қабылданар-қабылданбасын Ғани Бейсембаевтың командасы айқындайды. Бәлкім, Президент оны шұғыл әрі тосыннан тағайындағанда, алдына мүлдем жаңа міндеттер қойған шығар. Онда бұған дейін көкейкесті болған шешімдер өзектілігін жойып, күн тәртібіне басқа мәселелер шығуы да кәдік.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу