Ашулы, көңілсіз Путин бейбітшілік жайын да ойлай бастады

16625

Ресей армиясының Киевті екі тәулікте алу жоспары орындалмады. Кремль басшысы "арнайы әскери операцияны" әрі қарай жалғастыру немесе өзі үшін жеңісті бейбітшілік туралы шешімді алдағы бірнеше күнде қабылдауы мүмкін.

Ашулы, көңілсіз Путин бейбітшілік жайын да ойлай бастады

Кремльдің төрінде 22 жыл отырып, шешпеген мәселесі қалмаған Президент Владимир Путиннің алдында қазір Украинадағы "арнайы әскери операцияда" қалай жеңіске жетуге болады деген бір жұмбақ сұрақ тұр. Батыс болса, соңғы күндері Путиннің ұтылғанын айта бастады.

ЦРУ-дің директоры Уильям Бернс жақында мәлімдегендей, Путин Киевті екі-ақ күнде алып, жеңісті мерекелеуден үміттенген. Қатты қателесіпті. "Операцияның" басталғанына үш апта. Сан мың сарбазынан айрылған Ресей армиясы 10 ірі қаланың бірде-біреуін әлі ала алған жоқ. Себебі Батыстың қаруын ұстаған Украина армиясының қарсылығы Кремль ойлағаннан әлдеқайда күшті болып шықты.

Осылайша, Ресей бүгінше Украинадағы мақсаттарына жете алмай тұр. Ал оның экономикасы алапат санкциялардан 1991 жылы Кеңес Одағы құлағаннан бергі ең терең дағдарысқа батып барады.

Журналистері "басқыншылық" сөзін қолданса, түрмеге түсуі мүмкін Ресей билігінің сөзінше, "арнайы әскери операция" санкциялар мен Америка Құрама Штаттары бастаған "алдамшы" әрі "құлдыраған" Батыстың қарсылығына қарамастан, жоспар бойынша жүріп жатыр.

Путин мыңдаған адамның өмірін қиып, миллиондаған украиналықты босытып жіберген қарулы жанжалды жалғастыру керек пе, әлде жеңісті бейбітшілік іздеу қажет пе деген мәселе бойынша жақында шешім қабылдауы керек.

"Мәселені бейбіт жолмен реттеуге аз ғана мүмкіндік бар. Алдағы үш күннен бір аптаға дейінгі уақытта бірдеңе шешіліп қалады", – дейді есімін атамауды өтінген ресейлік жоғары лауазымды шенеуніктердің бірі Reuters агенттігіне берген сұхбатында.

Екінші жоғары лауазымды ресейліктің айтуынша, президент Ресейдің шарттары бойынша бейбіт шешімді қарастыруы ықтимал және қандай да бір келісімге келуге мүмкіндіктер бар.

Кейбір бақылаушылардың ойынша, бұл сөздер Кремльдің Украинада ұзақ соғыссыз көптеген мақсаттарға жету ниетін байқатса керек.

Көрші елге ақпанның 24-інде әскер кіргізуге бұйрық бере отырып, Путин НАТО-ның шығысқа қарай кеңеюін шектеуді және Украинадағы "ұлтшылдар мен неонацистердің" орыстілді халыққа жасаған "геноцидін" тоқтатуды негізгі мақсат тұтқанын айтқаны белгілі.

Ұлты еврей әрі орыстілді Президент Владимир Зеленский мен оның Батыстағы жақтастары Путиннің бұндай мәлімдемелерін негізсіз деп санайды.

"Бәрі кідірісте"

Путиннің таяу арада қабылдауы мүмкін шешімі Еуропа тарихының алдағы бағытын айқындап, Украинаның 44 миллион халқы әлі қанша қырғынға төтеп беруге тиіс екенін анықтауы керек. Сонымен қатар ол шешім нәтижесінде бұрынғы КГБ тыңшысының Ресей президенті ретінде тағы қанша отыратыны белгілі болып қалады.

Путин наурыздың 11-де Украинамен өтіп жатқан келіссөздерде кейбір "оң өзгерістер" барын айтты, бірақ сол "прогресс" жайында егжей-тегжейлі мәлімет бермеді. Сәрсенбіде Зеленский де келіссөздер "шынайырақ көрінеді" десе, Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров "мәмілеге келуге біраз үміт бар" деп мәлімдеді.

Ресейлік әскерилер болса, соңғы күндері бұйрықтарда өзгеріс болғанын айтып отыр.

"Бәрі кідірісте. Біздің әскерлердің тактикасы анық өзгерді. Белсенді ілгерілеушілік тоқтатылды", – дейді аты-жөнін атамауды сұраған ресейлік өкіл.

Киевті пен басқа да ірі қалаларды басып алу әрекеттері орыс армиясын жергілікті халықпен қанды көше қақтығыстарына итермелеуі ғажап емес. Тіпті Киевті жаулап, Зеленскийді биліктен тайдырған күннің өзінде, Путинге Украинада Батыстың қолдауына сүйенген көтеріліс үшін жауап беруге тура келеді. 

"Путинде украиналықтардың қарсылығын тоқтататын тұрақты саяси тәсіл жоқ", – дейді бір кездері АҚШ-тың Мәскеудегі елшісі болып та қызмет еткен Бернс Associated press агенттігіне берген сұхбатында.

Дегенмен кейбір бақылаушылардың ойынша, Путинге мақсаттарына жету үшін бүкіл Украинаны басып алу қажет емес.

Бөлшектеу ме?

Ресейдің көзқарасы бойынша, ымыраға келу үшін Украина кем дегенде 120 000 шаршы шақырым жерін – Қырымды, Украинаның шығысындағы ресейшіл екі сепаратистік аймақты және қазір ресейлік әскердің бақылауындағы басқа да аудандарды құрбан етуі керек.

Бейбітшілік үшін Киев қанша аумақты беруге дайын екені белгісіз. Сондай-ақ бомбалау операциялары мен артиллериялық соққылардан зардап шеккен аудандардағы халықтың тағдыры не болмақ? Олардың көпшілігі мынадай жойқын шабуылдардан кейін, Ресей азаматтығын алғысы келмейтіні анық.

Зеленский мен оның министрлері Украинаның кез-келген жерін Ресейдің аннексиялауын ешқашан келіспейтінін мәлімдеп келеді.

Бөлшектеуден бөлек, Ресей НАТО альянсына қосылудың кез келген жоспарынан ресми түрде бас тартқан бейтарап Украинаны қалап отыр.

Зеленский осы аптада Батыстың қауіпсіздік кепілдіктерін Украинаның қабылдауға дайын екенін атап өтті. Ол кепілдікке сәйкес, Украина НАТО-ға кірмеуі керек.

Ресейдің келіссөздердегі бас өкілі Владимир Мединский сәрсенбі күні ресейлік мемлекеттік телеарна эфирінде мәлімдегендей, "Украина бейтарап әрі әскери емес мемлекеттің австриялық немесе шведтік нұсқасын ұсына отырып, өз армиясы мен флоты бар ел болуға ниетті".

Путин сәрсенбіде Украинаның бейтараптығы мен оны демилитаризациялау туралы келіссөздерге Ресейдің ашық екенін айтты.

Америка Құрама Штаттары болса, бұл жанжалдың жылдам аяқталу перспективаларына қатысты пессимистік көзқарас білдіріп отыр.

АҚШ барлау қызметінің ойынша, Путин мыңдаған жауынгер жоғалтып, елі жаһандық экономикадан ажыратылып жатса да, Украинадағы "арнайым әскери операцияны" күшейтуі ғажап емес.

"Путин қазір ашулы және көңілсіз. Ол екі есе күшейіп, бейбіт тұрғындардың қазасын ескермей, украин әскерін күйретуге тырысуы мүмкін", – дейді АҚШ Орталық барлау басқармасының жетекшісі Бернс.

"Төрт қателік"

Путин жиырма жылда Ресей үкіметі мен қауіпсіздік қызметтері үшін үстем күшке айналып, азғантай ғана ортамен билік жүргізіп келеді және де ол ұзақ уақыт бойы Кеңес Одағының ыдырауын сынап, Украинаның егемендікке таласын жоққа шығарғаны белгілі.

"Бір қателік сол – Путин Батыс агрессияға қарсы тұрғысы келмейді, ашкөз әрі бірліксіз деп ойлады. Ресей экономикасы өзін-өзі қамтамасыз етеді және қауіпсіз деген идея да қате. Тағы бір қателік – Ресей армиясының сапасына қатысты. Ал, басты қателік – Украина сәтсіз мемлекет, ал украиндар ұлт емес деген ой. Бір шешім қабылдауда төрт қателік тым көп", - дейді ресейлік тәуелсіз саясаттанушы Кирилл Рогов өзінің Telegram аккаунтында жариядаған жазбасында.

Ресейдегі ең ірі және тәуелсіз социологиялық фирма – "Левада" орталығы қаңтар-ақпан айларында жүргізген сауалнама қорытындысына қарағанда, респонденттердің 60%-ы АҚШ пен НАТО-ны Украинаның шығысындағы қақтығыстың "бастамашылары" деп атаса, небәрі 3% әскери жанжалға Ресей жауапты деген пікірде.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу