Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі "Ашық үкімет" порталын дамыту тұжырымдамасын әзірлеу бойынша арнайы талқылау өткізді.
Сарапшылар, БАҚ және министрліктер өкілдер қатысқан жиынды әзірге ең жас министр Бағдат Мусин ашты. Сөзін "сервисті жаңарту керек, сондықтан брифинг барысында ескертпелер мен ұсыныстарға басымдық беріледі" деп бастаған министр қазіргі кезде порталды қолданушылар аз екенін мойындады. Сондықтан биыл жүйенің жұмысын ретке келтіруге қаражат бөлініп, оның тұжырымдамасын бекітуге екі апта уақыт беріліпті.
"Ашық үкімет порталы 2014 жылы жұмысын бастап, 2018 жылы жетілдірілді. Кез келген портал жұмысы, оның нәтижесі қолданушылар санымен өлшенеді. Шынын айту керек, бұл жағынан кемшіліктер бар. Алайда барлық олқылықты сіздермен бірге анықтап, порталдың жұмысын бір жүйеге келтіруге болады. Сондықтан талқылау барысында сыни пікірлер мен ұсыныстар естігім келеді", – деді министр.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Бекзат Рахимов порталдың техникалық жағында олқылық көп екенін атап өтті. Сондықтан ол сервистің кодын қайта жазып, порталды Ашық деректер, Ашық диалог, Ашық НҚА, Ашық бюджет деп 5 түрлі компонент бойынша сан -саққа бөлмей, бір платформаға біріктіру керек деп есептейді. Нәтижесінде әрқайсысына жеке телеграм-бот ашудың қажеті жоқ, қолданушылар бір жүйеден барлық ақпаратты табады.
"Бұған қоса Ашық деректер сайтында кез келген мәліметті алу үшін Электрондық цифрлық қолтаңба енгізу керек. Мұның өзі порталдың қызметі атына сай "ашық" емес, кез келген адамға қолжетімсіз екенін айғақтайды. Сондықтан қолданушылардың жұмысын қиындатпай, деректерді еркін алуға мүмкіндік жасау керек. ЭЦҚ-дан бас тартып, әлеуметтік желілермен интеграциялауды ұсынамын. Желі арқылы бір рет порталға кірген адамның барлық дерегі базада сақталады, бұл жүйе жұмысын анағұрлым жеңілдетіп, қолданушыларға ыңғайлы болады", – деді Бекзат Рахимов.
"Талап" қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев Ашық үкімет порталының Ашық бюджет компонентіне тоқталды. Екі жылдан бері Қаржы министрлігімен бірге сервис жұмысын жүйелеу бойынша қыруар жұмыс атқарылғанына тоқталып, бірқатар ұсыныс айтты.
Ол: "Ашық бюджеттегі мәліметтерді жаңарту мемлекеттік органдардың міндеті. Алайда олар бұған ат үсті қарап келді. Мәліметтерді көпшілік қолданбайтын форматта жүктейтін, деректер қарапайым қолданушыға түсініксіз болатын. Яғни, ақпараттар бар, бірақ оларды түсініп, пайдалу қиын. 1,5-2 жылда көп жұмыс атқарылды. Байқағанымыз мемлекеттік органдардан бөлек жеке компаниялар мен кәсіпкерлерде де көлемді деректер қоры бар. Мұның барлығында осы жүйеге жүктеуге болады. Бірақ бұл үшін мемлекеттік емес ұйымдарды жұмысқа араластыру керек", – деді.
Бұл ретте Бағдат Мусин Ашық бюджеттегі мәліметтерді көпшілікке түсінікті форматқа келтіру үшін қаржы қарастырылмайтынын ашып айтты. Сондықтан министр аталған жұмыстарға мемлекеттік емес ұйымдарды тарту туралы әріптесінің пікірін қолдайтынын жеткізді.
"Мәселен, кәсіпкерлер туралы тұсына Кәсіпкерлер палатасы жауапты болса, тағы басқаларын әр сала бойынша маманданған мемлекеттік емес ұйымдар, қоғамдық ұйымдар бөліп алуы керек. Біздің министрлігіміздің жұмысы порталдың қызметін ұйымдастыру, техникалық мүмкіндіктер қарастыру. Ал оның ішкі құрылымына Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, мемлекеттік емес ұйымдар жауапты болуы керек", – деді ол.
Жиынға қатысқан парламент сенатының депутаты Дана Нұржігіт Ашық диалог жүйесіне қатысты пікірін ортаға салды. Сенатордың айтуынша қазіргі кезде министрлер халықпен жеке блоктары, желідегі парақшалары арқылы диалог орнатады. Сондықтан ол аталған сайт бюджетке қосымша жүктеме деп есептейді. Бұл пікірмен Бағдат Мусин де келісті.
Министрдің сөзінше ол тек бюджетке емес, оған жауапты Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне де қосымша жұмыс.
"Расымен де, министрлер халықпен жеке блоктары, желідегі парақшалары арқылы байланыс орнатады. Оған жеке алаң құру, оны жасауға қаржы құю қажет пе? Бұл үлкен сұрақ. Біз оны техникалық жағынан қолдауға қыруар сома жұмсай аламыз. Бірақ ол кімнің қалай сұрақтарға жауап беретінін қадағалайтын Ақпарат министрлігіне жүктеме. Сондықтан ұсыныстарға сәйкес Ашық үкімет порталының бұл тұсын жабуымыз мүмкін", – деген министр осындай ашық талқылауларды айына бір рет ұйымдастырып тұруға уәде берді.
Сөз соңында ол мұндай диалогтарға ұсыныс, сын айтуға дайын кез келген адам қатыса алатынын да ескертті.
Құралай Құдайберген
Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!