Әскерде әлімжеттік жасаған солдаттар тегін жоғарғы білімнен қағылады

3801

ТМД аумағында қарулы қақтығыстар өрті қаулаған шақта төл сарбаздарымыздан тегін білімді қызғанғандар нені көксейді? 

Әскерде әлімжеттік жасаған солдаттар тегін жоғарғы білімнен қағылады

Қызу пікірталасқа өткен апта басында, 19 қыркүйекте жарияланған бастама тамыздық болды. Қорғаныс министрлігі Ғылым және жоғары білім министрлігімен, сондай-ақ еліміздің жетекші университеттерімен бірлесіп, қазақстандықтарды әскерге баруға ынталандырудың жаңа жобасын жүзеге асыруға кіріскендерін жариялады.  

Идея қарапайым. Әскерден қашпай, бір жыл мерзімді әскери қызметін өтеп келгендер ЖОО-ға ешқандай тест тапсырмай-ақ түсе алады. Бұл ретте олар екі топқа бөлінеді. Өзін ең үздік жауынгер ретінде көрсете алғандар университет есебінен тегін оқиды. Ал қалғандарына ҰБТ тапсырмастан, бірақ ақылы бөлімге түсуге мүмкіндік беріледі. Әрине, әрі қарай грант босап жатса, соны иеленіп, оқуын тегін жалғастыруы да ықтимал.

"Мерзімді әскери қызметін өткерген барлық азамат әскери борышын өтеген соң, 2 жыл ішінде ҰБТ нәтижелерін есепке алмай, әңгімелесу арқылы ақылы негізде жоғары оқу орындарына түсе алады. Ал олардың барлығы ЖОО әскери кафедрасында емтихансыз және тегін оқи алады. Сонымен бірге жеке қасиеттеріне, үлгілі тәртібіне және мерзімді әскери қызметін өтеу кезінде жауынгерлік даярлық нәтижелері бойынша үздік шыққан жекелеген әскерилерге жоғары оқу орны есебінен тегін жоғары білім алу мүмкіндігі берілетін болады", – деп сүйінші сұрады Қорғаныс министрлігі.

Жобаны іске асыру 2023 жылдан басталады. Мұндай жеңілдіктер қазіргі уақытта борышын өтеп жүрген азаматтарға және 2022 жылы әскерге шақырылуға жататын сарбаздарға берілетін болады.

Қолдауға тұрарлық, қуантарлық жаңалық. Біріншіден, бұған мемлекеттің қаржысы кетпейді. Шығынды университеттер көтереді. Еліміздің барлық өңіріндегі 40-қа жуық ЖОО солдаттарға жоғарғы білім беру туралы бастаманы қолдады. 

Екіншіден, бұл министрлер Руслан Жақсылықов пен Саясат Нұрбектің ойлап тапқан ноу-хауы емес. Ол кеңес кезінде қолданылған, әлемде де бар, өзін-өзі ақтаған тәсіл. Ендеше осының арқасында әскерден қашатындар саны күрт қысқарып, керісінше армия қатарына ұмтылғандар сапы еселеп артуы мүмкін. Бұл қазіргі посткеңестік кеңістіктің әр пұшпағын соғыс өрті жайлап жатқанда, аса қажетті дүние. Өйткені мобилизациядан бас сауғалап, жаппай қашып келіп жатқан ресейлік ер-азаматтар сияқты ертең қазақстандық жастар айдың-күннің аманында әскерге барудан жаппай жалтара бастамасына кепіл жоқ.

Бұл соған алдын ала тоспа құрудың амалы еді. Амал нешік, қоғам белсенділері, тіпті мемлекеттік ақпарат құралдарына дейін оны сынай бастады. Олардың жазуынша, мысалы, Ұлттық ғылым академиясының академигі Кәрімбек Құрманәлиев мұны қисынсыз депті.

"Әскери борышын өтегендерді ҰБТ-сыз мемлекеттік тапсырыспен ЖОО-ға қабылдау – қисынсыз. Отанды қорғау баршамыздың ортақ міндетіміз. Сол қызметіміз үшін жеңілдік сұрау – азаматтығымызға сын. Кәсіптік-техникалық білім саласында, колледжде тегін білім алу қарастырылған. Сол мүмкіндіктерді пайдалануға болады. Жоғары білім алудағы негізгі ұстанымымыз – білім жарысында білгірлер ғана озып келуі керек. Басты мақсат елімізге сапалы, білікті кадрлар дайындау екенін есте ұстауымыз керек. Ал әскерге баратындардың көбінің жоғары білімі жоқ! Жастар мектептен кейін немесе орта білім алғаннан соң екі қолға бір күрек таба алмай әскерге барады. Ал армиядан келгеннен кейін не келісімшартпен жұмысқа орналасады не табылған жұмысқа қанағат етеді. Білім іздеп, маман атансам дейтіндері аз. Енді оларға арнайы жеңілдік жасасақ, әскерге баруды оқуға түсудің жолына айналдыратындар да көбеюі мүмкін", – деп алаңдаған екен академик.

Ал Сенат депутаты Нұржан Нұрсипатов жас сарбаздар әскери оқу орындарында оқысын деп сілтеді.

"Армиядан кейін бозбалаларды Жаяу әскер академиясына, Әуе қорғаныс күштері Әскери институтына тарту керек. Басқа бағыттағы мамандыққа түсетін сарбаздар арасында бөлек конкурс өткізу қажет. Армияға барды деп грант бере салуға болмайды", – деді ол.

Бұл ретте демобилизацияланған солдаттардың мемлекеттік тапсырыспен, яғни мемгрантпен емес, университет қаржысына оқитынын пікір білдірушілердің түсінбегені, үстірт оқи салғаны байқалады. Оның үстіне әскерден оралғандардың бәрі емес, тек білгірлері мен үздіктері ғана тегін оқи алады. ЖОО қаржысын жауынгерлерден қызғанғандардың қарша бораған сынының астында қалған Қорғаныс министрлігіне арнайы түсініктеме беруге тура келді.

Қорғаныс министрінің кеңесшісі Айгүл Төлембаеваның айтуынша, әскери борышын өтегендердің ЖОО-ға түсу алгоритмдері өзгереді.

Солдаттардың 70%-ы университеттерде оқығысы келеді.

"Біз халықаралық тәжірибені біраз зерделедік. Мерзімді әскери қызмет өткергендерді жеңілдікпен оқыту – әлемдік тәжірибеде ынталандырудың кең таралған түрі. Механизм әзірге нақтыланған жоқ. Бірақ оған сұраныс бар, сондықтан бастама көтерілді. Мысалы, солдаттар арасында сауалнама да жүргізілді. Біз әскери борышын өтеп жүргендерден: "Егер сізде мүмкіндік болса, ҰБТ тапсырмай-ақ жоғары оқу орнына түсер ме едіңіз" деген сұрақ қойдық. Жігіттердің шамамен 70%-ы "иә" деп жауап берді. Демек, мұндай мүмкіндік болса қуанары анық. Оның үстіне оқуға деген ынтасы да арта түседі емес пе?", – деді Айгүл Төлембаева "Халық дауысы" YouTube-жобасына берген сұхбатында.

ЖОО-ға түсуге кім үміткер бола алады?

Бастама мерзімді әскери қызмет өткерген барлық азаматтарға мерзімді әскери қызмет өткергеннен кейін, 2 жыл ішінде ҰБТ-ны тапсырмай, әңгімелесу нәтижесінде ақылы негізде ЖОО-ға оқуға түсу мүмкіндігін ұсынбақ. Бұл ретте солдаттар әскерден қайта сала, мысалы, сол жылғы күзде оқуға түсе алады. Барлық бұрынғы әскери қызметшілер жоғары оқу орындарының әскери кафедрасында тегін және емтихансыз оқи алады.

Ал жауынгерлік даярлықта жоғары жетістіктерге қол жеткізген барынша лайықты, тәртіпті әскери қызметшілерге ЖОО есебінен тегін жоғары білім алу мүмкіндігі берілетін болады. Ерекше көзге түскен жастардың дәл осы санатына Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына да емтихансыз және ҰБТ-ны есепке алмай, оқуға түсу мүмкіндігі беріледі.

Мерзімді әскери қызметін өтеген әскери қызметшілердің балаларына да әскери оқу орындарына емтихансыз түсу, сондай-ақ азаматтық ЖОО-ларда оқу үшін грант алу кезінде басым құқық беру жоспарлануда.

Бұған қоса армияда қызмет еткен колледж түлектері де оралған соң оқуын жоғары оқу орындарында жалғастырудан үміттене алады.

Министрлік бастамасын 40 ЖОО қолдады

Алғашқылардың бірі болып, бастаманы Л.Гумилев атындағы ЕҰУ, Қ.Сәтпаев атындағы ҚазҚҰТУ, М.Нәрікбаев атындағы ҚазГЗУ, Е.Бекетов атындағы ҚарМУ, Аstana IT University қолдады.

Бастама барлық аймақты қамтиды. Бұл әскери қызметшінің туып-өскен жеріне жақын өңірде оқуға мүмкіндігі болуы үшін қажет. Барлық ірі өңірлік ЖОО бұл бастаманы іске асыруға дайын екенін растады. Мамандықтар мен жоғары оқу орындарының түпкілікті кестесі жыл соңына дейін қорғаныс ведомствосының сайтында жарияланатын болады.

Жыл сайын 3 мыңдай солдат тегін оқымақ

Қорғаныс министрлігі жоғары оқу орындары өз есебінен жылына кемінде 3 мың грант береді деп үміттенеді. Осылайша, әскерден қайтқан әрбір оныншы сарбаз тегін оқуға түсуге мүмкіндік алуға тиіс.

Бұл тек Қарулы күштердің құрамалары мен бөлімдеріндегі солдаттарға ғана емес, басқа да әскери құрылымдарда – Шекара қызметінде, Ұлттық ұланда қызмет еткен жауынгерлерге де қатысты.

ҰБТ тапсырмай-ақ оқуға түсудің алгоритмі қандай?

Қорғаныс министрінің кеңесшісі А.Төлембаева мерзімді әскери қызметті аяқтаған соң 2 жыл ішінде ол азамат әңгімелесу нәтижелеріне қарай, ҰБТ-сыз, ақылы негізде жоғары оқу орнына түсе алатынын еске салды. Ол үшін оған eGov немесе ХҚКО-дан мерзімді әскери қызмет өткергені туралы анықтаманы алып, оқу орындарына түсу үшін қажетті басқа құжаттарымен бірге өзі таңдаған білім ордасына ұсынуы қажет. Ақылы оқу үшін ҰБТ-ны есепке алмай түсу кезінде мамандықтар мен ЖОО бойынша шектеулер жоқ.

"Шығармашылық емтихан тапсыруды талап ететін мамандықтарды таңдаса, әскери қызметшілерге ол үшін де ҰБТ тапсыру қажет болмайды, алайда шығармашылық емтихан тапсыруы шарт. Ал тегін оқуға ұсынылатындар Қорғаныс министрлігінің сайтында жарияланған ЖОО-лар тізіміне сәйкес мамандықтар мен жоғары оқу орындары арасында бөлінетін болады", – деді А.Төлембаева.

Тегін оқитындар қалай таңдалады?

Тегін білім алуға үміткерлерді анықтау тетігі әскери қызметті өткеру барысын бағалау көрсеткіштеріне негізделеді. Бұдан бөлек, оның қоғамдық қызметтегі тәртібі мен белсенділігі де ескерілетін болады. Әрбір сарбаздың рейтингі жасалады, оны Солдат аналары комитетінің, басқа қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кіретін арнайы комиссия қарайды.

Тетіктің толық сипаттамасы ведомство сайтында бір ай ішінде жарияланады.

"Еліміздің барлық жоғары оқу орындарымен жұмыс жүргіземіз: олар тегін оқу мүмкіндігін ұсыну арқылы жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеуге белсене үлес қосады деп күтеміз. Тегін оқуға ұсынылған азаматтар ұсынылған тізімнен мамандықты және ЖОО-ны өзі таңдайды. Алайда университетке оқуға қабылдау оның төл рейтингіне сәйкес жүзеге асырылады. Кімнің рейтингі жоғары болса, сол алдымен өтеді. Бұл Ғылым министрлігінің қолданыстағы мемлекеттік білім гранттарын үлестіруі тетігіне ұқсас", – деді Айгүл Төлембаева.

Тегін оқытудың әдістемесі хақында

Қорғаныс министрлігі қазір арнайы әдістемені әзірлеуде. Соның негізінде солдаттардың жауынгерлік даярлық жаттығулары кезінде алатын балдары жинақталып, рейтингісі айқындалатын болады.

"Бұл жауынгерлер алған бағалардың өзіндік бір жинақтаушы жүйесі болып табылады. Сарбаздар әскери тәртіпті сақтағаны, әскери ұжымның қоғамдық өміріне белсенді қатысқаны үшін қосымша ұпай-бал алады", – деді министр кеңесшісі.

Салыстырсақ, мектептегі шәкірттер БЖБ, ТЖБ сияқты белгілі бір сынақты тапсыруы арқылы бал жинақтайды. Ал солдаттардың рейтингісінде оның бүкіл әскери қызмет барысындағы күнделікті іс-қимылының қорытындысы ескерілетін көрінеді. Мысалы, оқушы мектепте оқу барысында бұзақылық жасауы мүмкін. Бірақ жақсы оқуын жалғастырса, бәрібір Алтын белгі алып шығады. Ал егер солдат бұзақылық, әлімжеттік жасаса, төбелессе, не басқа төтенше жағдайға себеп болса, онда ол тегін оқудан үміттене алмауы мүмкін.  

Іріктеу жөніндегі регламент бекітілген соң ол Қорғаныс министрлігінің ресми сайтында жарияланалы.

Заңды өзгерту қажет пе?

Жобаны іске асыру қолданыстағы білім беру саласындағы заңнамаға өзгерістер енгізуді қажет етпейді.

Қазірдің өзінде Қорғаныс министрлігі ведомство басшысының бұйрығымен бекітілген тиісті ережелерге, қағидаларға өзгерістер енгізу жұмысын бастап кетті. Жобаны іске асыру 2023 жылдан басталады.

Бұл ҰБТ тапсырған талапкерлердің құқығын бұзбай ма?

А.Төлембаеваның айтуынша, бар ынтасымен ҰБТ тапсыруға дайындалып, көп оқыған мектеп түлектерінің құқықтарына еш нұқсан келмейді. Өйткені ол талапкерлерге мемлекет жеткілікті мөлшерде гранттар бөледі.

Мәселен, Ғылым министрлігінің дерегінше, ондай талапкерлерге 2022-2023 оқу жылында 73 мыңнан астам тегін грант берілді. Әскерден келгендер бұл гранттарға ортақтаспайды.

Мерзімді әскери қызметін өткерген жігіттер мемлекеттік грантты алмайды, тек жоғары оқу орнының шешімі бойынша тегін оқу мүмкіндігін алады. Бұған қоса, солдаттарға ешқандай стипендия төленбейді. Университеттер ондай қосымша шығынды көтергісі келмейді. Яғни керісінше, солдат студенттердің құқығына нұқсан келіп тұрғандай.

"Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, әскерде қызмет еткен бозбалалар Отан алдындағы борышын өтемегендерге қарағанда әлдеқайда жақсы оқиды. Бұған себеп: олар әскерде тәртіпке, жауапкершілікке үйренеді", – деді Айгүл Төлембаева.

Жалпы әлемде алмағайып заман орнап тұрғанда, жауынгерлерді Отан алдындағы парызын өтеуден қашатын жастарға жығып беруге тым әуестене бермеген жөн болар. Егер жастарымыздың бәрі Отан қорғауды мансұқтап, оқу қуып, шетелге тайып тұрса, Қазақстанды кім қорғайды? Жақсы идеяны әлден жөргегінде тұншықтыруға тырысып жатқандар ма?

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу