Нұр-Сұлтан қаласының тұңғыш және соңғы әкіміне қандай сын айтылып жүр

3909

Экс-Нұр-Сұлтан қаласында сонау Ақмола кезінен шешілмеген проблема көп. 

Нұр-Сұлтан қаласының тұңғыш және соңғы әкіміне қандай сын айтылып жүр

Парламенттің қос палатасының кешегі бірлескен отырысында 3,5 жылға созылған дауға нүкте қойылды: астанаға Астана атауы қайтарылды. Бірақ одан қала өмірінде өзгеріс бола қояр ма екен?

2019 жылғы 13 маусымда қала әкімі болып, Алтай Көлгінов тағайындалған. Кешегі отырыс соңында депутаттардың бірі әзілдегендей, Алтай Сейдірұлы Нұр-Сұлтан қаласының тұңғыш және соңғы әкімі болады.

Жалпы, әкімдердің қызметін сарапшылар 5 критерий бойынша бағалаған: өңір экономикасының, кәсіпкерліктің дамуы, тұрғындардың әкім жұмысына қанағаттануы, өңірдегі ішкі саяси ахуалды басқара білуі, ақпараттық ашықтығы, саясаткер ретіндегі перспективалары салмақталған. Соңғы кезде әкімдердің ресми де, бейресми де рейтингтері жарияланбайды. 

Әзірге Нұр-Сұлтан әкімі елдегі ең көп сыналатын басшының бірі болып тұрғаны жасырын емес. Бір Талдыкөл оқиғасының өзі неге тұрады? Қалалық шенеуніктердің жан-жануар мекендеген су қоймасын құрылыс олигархтарының мүддесі үшін көміп тастауын сарапшылар биліктің халықпен санаспайтынының жарқын үлгісі деп бағалаған.

Елордаға 3,5 жыл бұрын Нұрсұлтан Назарбаевтың аты берілгенде, билік осының арқасында бас қаланың дамуына тың серпін берілетінін, Елбасының есімі ұлықталғандықтан, енді шаһар жаңаша түрленетінін айтып, уәде етті. Астаналықтар ол үміт аяқасты болып, алданғандарын айтады. Бұрыннан қордаланған проблемалар да шешімін таппады.

Астаналық Жазира Әбдірахманова Сарыарқа ауданына қарасты біраз көше Ақмола кезінен бері асфальт көрмегенін жеткізді.

"Мысалы, Атбасар, Медеу сияқты көшелерде кеңес заманында төселген асфальт қана жатыр! Олардың бәрі шұрық тесік, ойылып қалған. Біз, тұрғындар, әкімдікке қаншама рет арыздандық, еш нәтиже шықпады. Әсіресе, біз сияқты сәбилі аналарға қиын. Бала арбасымен үйге жете алмаймыз. Күзде айнала шалшыққа, шағын көлшіктерге айналып кетеді. Тротуардың не екенін астана орталығына жақындағанда еске түсіреміз. Оның үстіне біздің ауданды қаңғыбас иттер жайлап алды. Қаптап жүр, шара қабылдап, халық үшін қауіпсіз орта туғызып жатқан билік жоқ. Қала қауіпті болып барады", – деді ол.

Қала әкімдігі таяуда бұл өтінішті тағы қараған екен. Бірақ қанағаттандыра алмаймыз деп отыр.

"Атбасар, Медеу көшелерін асфальттау жайына келсек, қазіргі кезде биылғы жылға арналған мұндай жұмыстардың жоспары қалыптастырылып қойылды. Осыған байланысты сөз болып отырған көшелерді асфальттау жоспарланып отырған жоқ. Бұл өтініш 2023 жылға арналған жолдарды жөндеу және жол инфрақұрылымын дамыту жұмыстарының жоспарын құру кезінде ескеріледі", – деп жалтарма жауап қатты елорда әкімдігі.   

Елордадағы Қапшағай көшесінде орналасқан "Ильинка" тұрғын үй алабының тұрғындары он жылдан бері астанаға лайық игіліктерге қол жеткізе алмай, тауқымет тартып жүр.

"Бізге бұрыннан кәріз жүйесі тартылған. Бірақ сол бойы ол іске қосылған жоқ. 2022 жылы қолданысқа беруді уәде еткен, енді әкіміміз бюджетте оған қаржы жоқ деп отыр. Амалсыз, тұрғындар бірігіп, 5 күнде бір рет септикті сорғызып, тазалатқызамыз. Қажыдық, әрі бұл қымбат шара. Бір жолғысы 4500 теңге тұрады, айына қомақты сома шығады. Біз ол ақшаны азық-түлік алуға, балаларымызды тәрбиелеп, бағуға жұмсар едік. Біздің аудандағы тұрғындар өз септиктерін тазартуға қаржы таба алмайды. Салдарынан, септиктің ішіндегі былық көшеге тасып төгіледі. Қолқаны қапқан күлімсі иістен жүрек айниды, одан ауа мен топырақ та уланады. Бүйте берсе, біздің тұрғын үй алабы жуынды төгілетін сасық шұңқырға айналып кететін шығар?", – дейді жергілікті тұрғын Жаңыл. 

Айтқандай, елордада көптеген тұрғын үй кешені өркениет игіліктеріне қол жеткізе алмай отыр. Мысалы, ескі үйлер түгіл, жаңаларының біразында ыстық су жоқ. Содан кейбір тұрғын үй кешені суды өз бетінше, электрлі су жылытқыштарда жылытып, оны пәтерлерге таратады. Салдарынан, тұрғындар су мен электрге қатар шығындалады.

"Біз, "Мадрид-1" ТК тұрғындары әкімдіктен бізді ыстық суға қосуын талап етеміз. Тұрғын үй кешені биылғы сәуір айында әкімдіктің балансына қабылданды. Егер ол дайын болмаса, неге эксплуатациялауға қабылдайды? G-Park құрылыс компаниясының басшылығы сырғытпа жауаппен сергелдеңге салып, ешқандай шара қабылдамай отыр", – дейді тұрғынның бірі Кәмшат Сағитова.

Қала әкімдігінің түсіндіруінше, Энергетика министрінің 2015 жылғы 30 наурыздағы №247 бұйрығымен бекітілген Электр станциялары мен желілерін техникалық пайдалану қағидаларының 593-бөліміне сәйкес, "Жылу көзінің нақты қуаты мен жылу желісі магистралінің өткізу қабілеті таусылған кезде жаңа тұтынушылардың қосылуына жол берілмейді".

Ал "Астана-Теплотранзит" АҚ-ның жылу желісі магистралінің өткізу қабілеті таусылыпты. Осыған байланысты, әкімдіктің хабарлауынша, коммуналдық кәсіпорын қазіргі кезде жылу тұтынатын қондырғылардың техникалық дайындығы актісін рәсімдеуге уақытша шектеу енгізіп отыр. Сондай-ақ жаңа тұтынушыларды: тұрғын үй кешендері мен бизнес нысандарын жылу көзіне қосу да доғарылған.

Қалада үлескерлердің мәселесі де толыққанды шешілмеді.

Астаналықтар қала мектептерінің шектен тыс толғанына да шағымданады.

"Мысалы, біздің №84 мектеп-лицейінде 1 сыныпта 34 оқушыдан қабылданды. Шағын сыныптар аузы-мұрнынан шыға лық толып отырса, қандай білім болады? Мұғалім мұндай жүктемені қалай еңсереді? Өзге сыныптарда да осылай. 5, 6 сыныптарда 30 баладан көп. Астанада осындай болса, басқасында не болып жатқанын аңғаруға болады", – дейді Дина Мұратова.

Осы орайда жалғыз ауыл, не аудан ғана емес, облыстар мен мегаполистердің де әкімдерін халық сайласа, немесе олардың да мандатын 7 жылмен шектесе, жөн болар ма еді?

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу