"Астана Hub", расымен де, көпіршік пе?

2788

Inbusiness.kz сайтында "Астана Hub"  технологиялық паркі бюджет қаражатын ысырап етіп отырғанын айтып, мәселе көтерілген мақала жарияланған болатын.

"Астана Hub", расымен де, көпіршік пе? Фото: astanahub.com

Өз кезегінде "Astana hub" басшылығы жазылған жайтқа, онда келтірілген фактілерге немқұрайлы қарамай,түсініктеме беруді жөн деп шешіпті. Осыған орай, inbusiness.kz тілшісі "Astana hub" технопаркінің директоры Мағжан Мәдиевтің пікірін білген еді.

Технопарк басшылығы өткен жылы Есеп комитеті тарапынан жоспарлы тексеру жүргізіліп, бюджет қаражатын жұмсауға байланысты ескертулер мен нұсқаулар болғанын жоққа шығармайды.

"Бұл әдеттегі жұмыс барысындағы жағдай. Біздің тарапымыздан заңбұзушылық болғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Іс жүзінде технопарктің аймағында жұмыс істейтін стартап компанияларға ұсынылатын алаңдарды ұлғайтқымыз келген болатын. Алайда ол ойымызды іске асыра алмадық. Өйткені ЭКСПО ғимаратындағы учаскелердің біріне басқа бір мемлекеттік компания келіп орналасты. Сондықтан біз аздаған қаражатты үнемдеп қала алдық және оны мемлекетке қайтардық. Оны Есеп комитетіне ескерткен болатынбыз. Бірақ та бұл ақпарат дер кезінде көпшілікке жетпеген секілді. Сондықтан осындай ақпарат жарияланып кетті", – деді "Astana hub"   технопаркінің директоры. 

Мағжан Мәдиев "Astana hub" көпіршік" деген айыптауға келсек, "бұл асыра айтқандық және шындыққа жанаспайды" деп отыр.

"Astana hub" компанияларының арасында майнингтік компания болған деген айыптауға келсек, бұл стартаптардың арасында майнингтік компаниялар жоқ. Олардың кейбірі big data-мен жұмыс істейтін есептеу қуаты қызметтерін ұсынады. Бәлкім, стартаптардың бірі майнингтік компанияларға есептеу қуаты қызметін ұсынған болуы мүмкін. Алайда мұның өзі заң аясында, заңмен реттелген талаптар шегінде жұмыс істейді. Сол себепті олардың ешқайсына мұндай айып тағылған жоқ", – деді Мағжан Мәдиев.  

Бұған қоса, алдағы уақытта "Astana hub" қатысушылары цифрлық майнерлерге қызмет көрсете алмауы үшін, қызмет ету ережелеріне өзгерісер енгізілген. Оған сәйкес, технопарк қатысушыларына майнерлерге қызмет көрсетуге тыйым салынған.

"2022 жылы 10 мамырда осы шектеулер күшіне енгізілді. Содан бері цифрлық майнинг компанияларымен жұмыс істеген барлық компаниялар технопарктен шығарылды. Бірақ тағы да қайталаймын, "Astana hub"  қатысушыларының арасында өздері цифрлық майнингпен айналысқан компаниялар болған емес",– дейді Мағжан Мәдиев

Жалпы "Astana hub" алаңында мыңнан астам IT компаниялар жұмыс істейді. Мұнда 19 пунктен тұратын басым бағыттардың тізімі жасақталған. Олар: бағдарламалық жасақтама, ақпараттық жүйелер әзірлеу, мобильді қосымшалар жасау, компьютерлік ойындар ойлап табу, виртуалды шындық, толықтырылған реалити,  қаржылық технологиялар, тағы сол секілді креативті экономика, инновациялық экономикаға тиесілі бағыттар бар.

"Компаниялар арасында жұмысын енді ғана бастаған Start-up компаниялар да және құны 30 млрд долларға бағаланған компаниялар да жұмыс істейді, олардың қомақты кірісі бар", – дейді технопарк басшысы.

Ал, мақалада айтылған  "Astana hub" алаңында жұмыс істейтін 425 компания пайда таппайды деген ақпаратқа тоқталған Мағжан Мәдиев бұл қалыпты жағдай екенін атап кетті.

"Өйткені Start-up компаниялардың барлығы бірден пайда тауып кетпейді. Тіпті стартаптардың бұл кезеңінде пайда табу басты мақсат та емес. Қарапайым мысал келтірейін. Барлығымыз да қазір "WhatsАрp" қолданамыз. Дәл осы қосымша біраз жыл бойы ешқандай пайда тапқан жоқ. Бірақ сөйте тұра компания 19 млрд долларға сатылды. Өйткені оның қолданушылар базасы өте ауқымды болатын. Сол секілді Start-up компаниялардың басым көпшілігі қолданушылар базасын ұлғайту үшін жұмыс істейді және кейінірек табыс таба бастайды. Сондықтан бұл қалыпты жағдай",– деді ол.

Мағжан Мәдиевтің айтуынша көптеген Start-up компаниялар тіпті табысты бола да алмауы мүмкін және бұл да қалыпты жағдай. Егер оларға салықтық жеңілдік берілгенімен мұндай компаниялар пайда таба алмаса да мемлекетке одан келетін зиян жоқ.

"Өйткені компаниялардың басым көпшілігі негізінен мемлекеттен ақшалай көмек алмайды. Олар тек қана салықтық жеңілдік алады", – деді технопаркі директоры.

"Astana hub" басшысының дерегінше, 2021 жылы мұндағы резиденттердің жиынтық пайдасы 166 млрд теңге болған.

"2020 жылы бұл көрсеткіш 55 млрд теңге, 2019 жыл үшін 15 млрд теңге болды. Жыл өткен сайын технопарк алаңындағы компаниялардың табысы да өсіп келеді деген сөз. Ал, 2022 жылы резиденттердің табысы 200 млрд теңгеден асады деп күтілді. Осы сандардың өз көп нәрсені меңзеп тұр. Ал, резидент компанияларда 20 мыңнан астам жұмыс орны құрылған", –деді Мағжан Мәдиев.

Оның айтуынша, қазір резидент компаниялардың бірқатары өз қызметтерін экспорттап, содан да пайда тауып келеді. Резиденттері осыншама пайда тауып отырған технопарк бола тұра, "Astana hub" бюджет қаражатына қарап отырған алаң. Бұл турасында да Мағжан Мәдиевтің өз уәжі бар.

"Иә, "Astana hub" мемлекет бюджетінен қаржы алып отыр. Сонымен қатар, резидент компаниялардың табысынан 1% алып отырмыз. Қазір бұл түсімнің көлемі ұлғайып келеді. Сондықтан "Astana hub" таяу уақытта өзін-өзі асырай алатын және мемлекеттік бюджеттен бас тартатын хәлге жете алады. Мұндай жоспар бар. Цифрлық даму министрі ол туралы мәлімдеген болатын. Дегенмен, ескеретін бір нәрсе бар. Егер біз қазір мемлекеттің қаржысынан бас тартатын болсақ, көптеген жастарға, студенттерге қолдау көрсетілмей қалады",– дейді технопарк басшысы.

Оның дерегінше, тек 2022 жылы ғана Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі 50 жеке IT мектептерде 3 мың IT маманды дайындауға 2 млрд теңге бөлінген. 50 жеке мектеп осылайша әрбір студентті оқытып, жұмысқа тұрғызу үшін, әрқайсы үшін 600 мың теңге көлемінде мемлекеттен қаржылай қолдау алған.

Мағжан Мәдиевтің пікірінше, технопарк мемлекет қаржысынан бас тартса "IT мамандардың саны қазіргідей тез көбеймейді".

Оның үстіне технопарк басшысының дерегінше "Astana hub" коммерциялық мекеме емес. Ол – IT саласын дамыту институты.

"Иә, Astana Hub қатысушыларына салық жеңілдіктері берілген, осының арқасында отандық ІТ-компаниялардың бәсекеге қабілеттілігі артып, экспортқа шығып, пайда тауып, жұмыс орындарын ұсынып, қызметкерлеріне жақсы жалақы төлейді. Ал жұмысшылар ақшасын тамақ пен киім-кешекке жұмсайды, арендаға төлейді, такси жалдайды және т.б.қызметтерді пайдаланады, нәтижесінде азаматтардың сатып алу қабілеттілігі, яғни әл-ауқаты артып, мемлекетімізге табыс түседі"

Дегенмен, жоғарыда айтылғандай, резиденттердің саны, олардың кірісі мен технопарктің кірісі ұлғайған сайын кезең-кезеңімен мемлекеттік қаржыландырудан бас тартып, маман даярлау бастамасын технопарктің өз қаражаты есебінен жүзеге асыру да жоспарда бар екен.

Жалпы, 2022 жылы "Astana hub" мемлекеттен 5 млрд теңге қаржылай қолдау алған, оның 2 млрд теңгесі жоғарыда аталған IT саласында 3 мың маман даярлауға жұмсалды, 1,5 млрд теңгесі EXPO аумағында алаңды жалға алуға жіберілді. Қалған 1,5 млрд теңге әкімшілік шығындар, акселерация, инкубация секілді шығындарды жабады екен. 2021 жылы мемлекеттен 2,9 млрд теңге қолдау алған. Ал, 2021 жылы резиденттерден түскен кіріс 1,1 млрд теңге болған.

Айта кету керек, "Astana hub" Google for Start’ups Орталық Азиядағы серіктесі.Технопарак басшылығының айтуынша, мұндай ірі компанияның "Astana hub" паркімен серіктес болуының өзі  аса маңызды. Сондықтан технопарк қазір Орта Азиядағы және тіпті ТМД-дағы "Криемний алқабы" атануға ұмтылады. Оған алғышарттар да жоқ емес.



"Astana hub" алаңында тіркелген тек қазақстандық стартаптар емес. Технопаркте Әзірбайжан, Моңғолия, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Ресейден келіп тіркелген стартап компаниялар бар. Халықаралық мәртебесі болғандықтан, мұнда тіркелген шетелдік компанияларға да салықтық жеңілдік ұсынылып отыр.

Дегенмен, шетелдік компанияларға Қазақстанда тіркелу, жергілікті мамандарды қызметке тарту, осы алаңда өнімдерін әзірлеп, дамыту және халықаралық нарыққа бағытталу секілді біқатар талаптар қойылады. Ал, Қазақстанда кеңсесін ашпай, тек пайда табу мақсатында келетін компанияларға салықтық жеңілдік берілмейді екен.

Соңғы кезде кибер қара нарықта, әсіресе, қазақстандықтардың жеке мәліметтері саудаға шығарылатыны жиі айтылып жүр. Еліміздегі жалғыз IT технопарктің мұндай саудаға қатысуы болуы мүмкін бе? "Astana hub" басшысына осы сауалды да қойдық.

"Жеке мәліметтердің қолды болу қаупі үнемі болады. Бірақ бұл жеке мәліметтердің сақталуын қамтамасыз етудегі басты реттеуші  Цифрлық даму министрлігі Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің жұмысы болуға тиіс. Ал, жеке мәліметтерді жинаумен айналысатын компаниялардың басым көпшілігі "Astana hub" қатысушылары емес. Volt, Glovo, Яндекс-Такси, Google,  Apple секілді компаниялар қазақстандықтардың жеке мәліметтерін көптеп жинайды. Алайда олардың ешбірі "Astana hub" резиденті емес",– деді технопарк директоры.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу