Астана Мәскеудің шиеленіс қуатын саммиттер мен әскери жаттығуларға бұрмақ

2417

Көреген көшбасшының біліктілігі соғыста жеңуден емес, соғысты болдырмаудан көрінеді.

Астана Мәскеудің шиеленіс қуатын саммиттер мен әскери жаттығуларға бұрмақ

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейге сапары қарсаңында жағдай күрделене түскендей болды. Ресейлік бейбастақ пропаганда Қазақстанға қарсы деструктивті "уағызын" күрт күшейтті. РФ Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары, экс-президент Дмитрий Медведевтің VK парақшасында Қазақстан мен Грузияның тәуелсіздігі мен жерінің тұтастығына қарсы бағытталған пост жарияланды, кейін ол жойылып, "бөтен адам бұзып кіріпті" дей салынды.

Бұдан бөлек, Ресей Қазақстанмен шекараға жақын маңда, Сібір жақтағы шығыс полигондарында "Восток-2022" стратегиялық әскери жаттығуларын өткізетінін жариялады. Биылғы 30 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында ұйымдастырылатын әскери ұрыс "ойындарына" Қытайдың халық азаттық армиясы, Беларусь Қарулы күштері қатысатыны ресми жарияланды. Олардың қатарында Қазақстан айтылмады. Әскери жаттығулар "майданы" кең: олар Биджанский, Бурдуны, Бухта Анна, Горячие Ключи, Князе-Волконский, Литовко, Лагунное, Мухор-Кондуй, Новосельский, Сергеевский, Телемба, Успеновский және Цугол әскери полигондарында өтеді. 

Бұған қоса, 3 тамызда Ресей Қазақстанның экспорттық мұнайының 90%-дайын тасымалдайтын Каспий құбыр консорциумымен қара алтын айдауды тағы күрт қысқартты. Бұған құбырдағы жөндеу себеп болыпты. Осының алдында құбыр уақытша жабылғанда, Қашаған кенорны жөндеуге тұрған болатын. КҚК соны да сылтау етті.

"Қашағандағы мұнай өндірісінің тоқтауы және Теңіз кенорнынан Ресейге мұнай бағыттайтын құбырдағы жөндеу Теңіз-Новороссийск құбыр жүйесі арқылы айдалатын жалпы мұнай көлемінің құлдырауына соқтырды. Айдаудың режимді көлемге дейін қашан қалпына келетіні қосымша жарияланады", – делінген консорциум хабарламасында.

Мұны да халықаралық сарапшылар Тоқаевтың сапары аясында ресми Астанаға қысым ретінде қабылдады.

Ресейлік журналистер Сочидегі қос мемлекет лидерлерінің кездесуі біршама ұзақ жүргенін, ал одан шыққан президенттердің бет-жүзінен шаршаңқылық байқалғанын айтады.

Әрине, басты келіссөздер журналистердің қатысуынсыз, жабық есік жағдайында өткендіктен, көп жайт құпия қалды. Бірақ ақпарат құралдарына ресми жария етілгенінен біраз хабар алуға болады. Мысалы, Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара шегенделіп қойылғанын және қайта қарауға жатпайтынын нықтады. Осылайша, қазақ жеріне көз сұғын қадаған империяшыл күштерге тағы тойтарыс берді. 

"Бізді ортақ шекара біріктіреді. Ол – әлемдегі құрлық арқылы өтетін ең ұзын, әрі толығымен делимитацияланған шекара! Біздің ынтымақтастығымыздың болашағына қатысты пессимистік болжамдар айтуға ешқандай негіз жоқ! Мен өзім Қазақстан Республикасының Президенті ретінде барлық саладағы екіжақты ынтымақтастығымызға қосымша серпін беруге ниеттімін", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан жетекшілігімен Орталық Азия елдері Украинадағы соғысқа әскерін жібермей қойған соң халықаралық сарапшылар Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымын "өлдіге" санаған. Алайда Тоқаевпен кездесуде осы ұйымның жайын да талқыға салса керек, Путин ҰҚШҰ елдерінің бірлескен жаттығуларын өткізу жоспарланып отырғанын хабарлады. Екі елдің қорғаныс ведомстволары әзірленуде деді.

Батыс елдері Украинаға шапқыншылығы үшін Мәскеуді әлемнен оқшаулап тастауға күш салып жатқаны жасырын емес. Бұл үшін АҚШ, ұжымдық Еуропа, Канада және Ұлыбритания Владимир Путинге дербес санкциялар енгізді. Өз кезегінде Кремль ешқандай темір шымылдырыққа қамалмағанын паш етуге тырысуда. Ресейлік саясаттанушылар Владимир Путиннің шетелдік лидерлермен кездесуді жаны сүйетініне бұрыннан назар аудартып жүр. Жаһандық белгілі тұлғалардың онымен қол алысуы оның мәртебесін көтереді деп саналады. Содан болса керек, мысалы, Қазақстан лидері Тоқаевтың сапарын және Кремль басшысымен кездесуінің БАҚ үшін ашық бөлігін елдің басты федералдық арнасы "Россия 24" тарихи оқиға ретінде тікелей эфирден трансляциялады.

Ресейлік пропаганда соғыс басталғалы Путиннің Тәжікстанға, Иранға баруын, Африка елдері басшыларының Мәскеуге сапарын, Түркия лидері Ердоғанның Сочиге келуін Мәскеудің халықаралық аренадағы жеңісі, кеңқұлашты маневрлары ретінде дәріптеді.

Енді Мәскеу халықаралық барыс-келіске деген құштарлығын посткеңестік кеңістіктегі құрылтайларға қатысу арқылы қанағаттандыра алады. Орталық Азияның көшбасшысы ретінде Қазақстан оған мұндай мүмкіндікті ұсынатыны белгілі болды.

Біріншіден, Қазақстан ТМД-ның іс басындағы төрағасы ретінде таяуда үлкен саммит өткізбек. Оған Тоқаев бірінші Путинді шақырды.

"Биыл Қазақстан ТМД-ға төрағалық етеді. Қазан айында ТМД саммиті өтеді. Оған өзіңіз қатысасыз деген сенімдеміз. Оның үстіне Ресей Тәуелсіз мемлекеттер достастығында маңызды рөл атқарады. Бұл – шынымен де халықаралық форматтағы ынтымақтастықтың басым бағыты", – деп бағалады Қазақстан Президенті.

Екіншіден, Орталық Азия биыл Шанхай ынтымақтастығы ұйымының саммитін өткізетін болды.

Сарапшылардың мәліметінше, оған дайындық барысын бұған дейін Астана мен Тәшкент өзара талқылаған деседі. Соған қарағанда оны ұйымдастыруда Өзбекстанға Қазақстан көмек қолын созып жатқанға ұқсайды.

Әскери-экономикалық сипаттағы алып ұйымның құрылтайына Батыс әлемі де көз тігіп отыр. Мұндай жағдай оқшауланған Мәскеуді масаттандырады. Америкалық The Wall Street Journal (WSJ) басылымы өз дереккөздеріне сілтеме жасап, 15-16 қыркүйекте Самарқанда өтетін ШЫҰ саммиті аясында ҚХР төрағасы Си Цзиньпин мен Путин кездесуді жоспарлап отырғанын жазды.

WSJ сарапшылары әу баста шың елінің басшысы ШЫҰ мемлекеттері лидерлерінің жиынына қатысуды жоспарламағанын, алайда АҚШ өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелоси таяуда Тайванға сапарлаған соң, Бейжің Си мырзаның Орталық Азияға сапарын оның кестесіне енгізгенін айтады. Reuters Қытайдың да әскери қақтығысқа дайындалып жатқанын, бұл ретте Батыс өзін оқшаулап тастаса, ШЫҰ елдеріне сүйенуді қалайтынын хабарлады.  

Қазіргі кезде Шанхай ынтымақтастығы ұйымына 8 мемлекет мүше: Қазақстан, ҚХР, Үндістан, Пәкістан, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан. 4 мемлекет ұйымға бақылаушы мәртебесіне ие: Беларусь, Иран, Моңғолия, Ауғанстан. Тағы 6 мемлекет ШЫҰ-мен диалог бойынша серіктестер болып табылады, бұлар: Түркия, Әзербайжан, Армения, Камбоджа Корольдігі, Непал, Шри-Ланка.

Үшіншіден, дәл Тоқаевтың Сочиге сапары қарсаңында, 19 тамызда Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі "Иран Ислам Республикасының Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше мемлекет мәртебесін алу мақсатындағы міндеттемелері туралы меморандумға қол қою туралы" Қазақстан Президенті жарлығының жобасын жариялап, қоғамдық талқылауға шығарды.

"Бұл меморандумға қол қою туралы шешім 2022 жылғы 15-16 қыркүйекте Самарқан қаласында Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше мемлекеттердің басшылары Кеңесінің (ШЫҰ МБК) 22-ші отырысы барысында қабылданады. Одан кейін меморандумға ШЫҰ мүше мемлекеттердің сыртқы саяси ведомстволарының басшылары ШЫҰ МБК алаңында ресми қол қояды. Ал ұсынылып отырған Президент жарлығының жобасына қол қою Иранның ШЫҰ-ға кіруін мүше мемлекеттердің қолдағанын растайды", – деді Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді.

Мұның Мәскеуге қандай қатысы бар? Халықаралық санкция қыспағында қалып, оқшауланған Иран біраз жылдан бері ШЫҰ-ға кіруді аңсап келеді. Алайда оған ШЫҰ бірқатар мүшелері қарсы болды. Қазір сарапшылар Иран Мәскеуге экономикалық, тіпті әскери салада көмектесіп жатқанына назар аудартады. Бір апта бұрын батыстық және ресейлік ақпарат құралдары "Ресей Ираннан 1 000 соққы беруші беспилотникті сатып алып жатыр" деп хабарлады.

Бұдан бұрын Владимир Путин Кремль Тегеранның ШЫҰ-ға мүше болып, ұйым жұмысына толыққанды қатысқанын қалайтынын мәлімдеді. Жасыратыны жоқ, бұрын Астана санкция астындағы Иранның ШЫҰ-ға кіруін жақтыра қоймайтын. Алайда қазір жағдай өзгерді. Иран Қазақстан үшін де стратегиялық маңызды әріптес елге айналып отыр. Себебі егер Ресей болашақта қазақ мұнайының және басқа да тауарларының экспортын өз жері арқылы өткізбей қойса, онда Қазақстанға жаһандық нарыққа Каспий және Иран арқылы да шығуға тура келеді. Тоқавтың таяудағы Тегеранға сапары аясында Ресейді айналып өтетін Қазақстан-Түрікменстан-Иран бағытындағы теміржол тасымалы ашылғаны мәлім.

Олай болса, Иранның Үндістан мен Қытай мүше әлемдік алып ұйымға кіруін құптау Қазақстанға тиімді.

Жалпы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сочиге сапары аясында ешқандай екі жақты келісімге қол қойылған жоқ. Дегенмен оның қажеті де шамалы еді. Қос көрші арасында барлық қажетті құқықтық, келісімдік база қалыптасып болған. Әңгіме тек оны Мәскеу тарапының сақтауына қатысты болып тұр.

Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде саясаттанушылар терминіне жүгініп, қазргі күрделі геосаяси ахуалда "сағат тілдерін сәйкестендіру" үшін келгенін жеткізді.

Осы орайда екі елдің лидерлері көптеген мәселе бойынша ымыраға келгені байқалады. Президенттер Қазақстан мен Ресейді бір-бірінің "ең маңызды серіктесі" деп бағалады. Екеуі де екіжақты қарым-қатынастардың ахуалына қанағаттанатындарын мәлімдеді. Пессимизм тұманы тарқаған сыңайлы. Мәскеу Украинадағы соғысын Қазақстанның құптамайтынына, жасанды квазиреспубликаларын мойындамайтынына, халықаралық аренада көпбағдарлы саясат жүргізетініне, соның ішінде Батыс елдерімен ынтымақтастығын сақтайтынына, ең бастысы, елдің өз ішінде ұлттық өрлеуге құрылған Жаңа Қазақстанды құруын жалғастыратынына көнгенге ұқсайды.

Ресейлік ақпарат құралдары Тоқаев пен Путиннің жылы шыраймен қол алысумен шектелмей, құшақтасқанына екпін түсірді. Ресей президенті бұл жолы Қазақстан лидерінің аты-жөнін дұрыс жаттап алған көрінеді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу