Астана мен Лос-Анджелес арасы, қызмет құны жер мен көктей, қарашы

Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов
5335

Астана халықаралық әуежайындағы ақылы автотұрақтың араны апандай екен. Мұнда көлік иелерінен  тәулігіне 33400 теңге талап ететін көрінеді. 

Астана мен Лос-Анджелес арасы, қызмет құны жер мен көктей, қарашы

Астана халықаралық әуежайы қарапайым халықты сүлікше сорудың тың әрі тиімді тәсілін тапқан тәрізді. Мұндағылар ақылы автотұрақ арқылы адамдардан ақша саууға көшкенге ұқсайды.

Қулығына құрық бойламайтын әуежайдағы "ақылды бастардың" шектен шыққан талабы туралы Қазақ күресі федерациясының президенті Арман Шораев алғашқылардың бірі болып мәселе көтерді. Ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында аспан мен жер арасын байланыстырып тұрған мекеменің баға саясатына наразылық білдіріп, әуежайдың ақылы автотұрағын бір тәулік пайдаланған адамдардан 100 доллардан артық ақша алуын бассыздыққа балады.

Арман Шорав желіге салған суретте ақылы автотұрақтың қызмет көрсету құны 30 минуттан 1 сағатқа дейін - 300, 2 сағатқа дейін - 400, 2 сағаттан 24 сағатқа дейін (сағат 1-ден бастап) - 1500, көлік 24 сағат тұрған соң кейінгі әр сағат үшін - 2500 теңге екені нақтыланған. Осыны негізгі дерек көзі ретінде алға тартқан Қазақ күресі федерациясының президенті Астана LRT ЖШС жақсы бизнес ойлап тапқанына тоқталып: "... Остап Бендер демалады", – деп жазған.

Арман Шораевтың ойын құптаған желі қолданушысының бірі Лос-Анджелес әуежайының ақылы автотұрағы көлік иелерінен тәулігіне шамамен 12-30 доллар ақша алатынын айтқан және Лос-Анджелес тұрғындарының орташа айлық жалақысы Астанадан 10 есе көп екенін жеткізген. Ал келесі желі қолданушысы Қазақ күресі федерациясының президентіне мәселенің мән-жайын түсіндіруге тырысқан. Оның сөзінше, Арман Шораев автотұрақтың қызмет көрсету ақысы туралы жазбаны дұрыс ұқпаған. Яғни әуежайдың ақылы автотұрағы бір тәулікке 1500 теңге, бір тәуліктен асқан соң әр сағатына 2500 мың теңге алады.

Біз, мүмкін шынымен осылай шығар деп ойланып болғанша, әлеуметтік желіде парламент  депутаты Серік Сәпиев дабыл қағып үлгерді.

"Нұрсұлтан Назарбаев әуежайындағы автотұрақ бағасының қымбаттығына көңілім толмады. Егер көлікті жабық автотұраққа қалдырсақ, тәулігіне 2000 теңге төлейміз, бұл қалыпты баға. Ал әуежай аумағындағы сыртқы автотұрақ орны үшін алғашқы екі сағатқа 400 теңге және одан кейінгі сағаттарға 1500 теңге төлеу қажет. Сонда бір тәулікке 33400 теңге төлейді екенбіз", – деп жазды Лондон Олимпиадасының чемпионы инстаграмдағы парақшасына.

Ол бағдарламаның толық жетілдірілмегенін және халыққа арналмағанын тілге тиек ете келіп: "Себебі екінші тәулікте әрбір сағатқа 1500 емес, 2500 теңгеден төлеу қажет болады. Бұл заңсыз жолаушы таситын таксистерге қарсы амал шығар деп ойладым. Бірақ олар көлікті бірнеше күнге қалдырып кетпейді, қала мен әуежай арасында бірнеше рейс жасайды. Екіншіден, заңсыз таксистердің саны азайған жоқ, мұны кез келген адам растайды", – деді депутат.

Айтпақшы, Серік Сәпиев әлеуметтік желіге әуежай қызметкерімен тілдескен сәтін де салыпты. Онда ол ақылы автотұрақтың құнын ауызша сұрап біледі. Халық қалаулысына: "Әр сағатқа 1500 теңге, бір тәуліктен асқан соң сағатына  2500 теңге", – деген жауап беріледі.

Айта кетейік, әуежайдағы ақылы автотұрақтың бағасын реттеу қажеттігіне Астана қаласының әкімі мен әуежай басшыларының назарын аудартуды азаматтық парыз санаған халық қалаулысы өзінің ойын: "Әсет Өрентайұлы, бұл мәселеден хабарыңыз бар ма?", – деген сауалмен түйіндеген.

Біз бүгін, ертең бұл мәселенің ақ-қарасы анықталады, Астана халықаралық әуежайының басшылары мәселенің мән-жайын түсіндіреді және ресми мәлімдеме жасайды деп үміттенеміз.

Әлекшіл әуежай

Астана халықаралық әуежайының басы бірінші рет дауға қалып отырған жоқ. Ол бұған дейін де "атың шықпаса, жер өрте" деген сөзді айналып өте алмай жүрді.

Осыдан 4 жыл бұрын Астананың авиациялық транспорттық прокуратурасы Астана халықаралық әуежайына өз аумағында заңсыз ақылы автотұрақ ұйымдастырғаны үшін  982 мың теңге айыппұл салды.Ал халықаралық әуежай президенті 378 автокөлікке арналған ақылы тұрақтың қызметін тоқтатуға міндеттелді.

Былтыр Астана халықаралық әуежайындағы дәмханаларда сатылатын тағамдар мен сусындардың бағасына қарапайым қала тұрғындары емес, парламент депутаттары шағымданды. Олар аспанға атылып тұрған баға саясатын ырықтандыруды талап етті. Сол кезде "Airport Management Group" ЖШС бас директорының орынбасары Асқар Мұратбаев әуежайда сатылатын тамақ пен сусынның бағасын коммерциялық субъектілер бекітетінін, бұл іске әуежай мүлде араласпайтынын айтып, жауапкершіліктен жалтарып бақты.

Бұған қоса ол Астана әуежайында жарты литр су 700 теңгеге сатылатынынан бейхабар болып шықты. Сонымен қатар Асқар Мұратбаев әуежайда кофені 600 теңгеге ішіп жүргенін жеткізді. Ал дәл осы кезеңде әуежайдағы кофенің құны 2500 теңге болатын.

2015 жылы Астана халықаралық әуежайының қызметкері WBA (Super), IBO және  WBC (Interim) тұжырымдары бойынша әлем чемпионы, отандасымыз Геннадий Головкинді отбасымен әуежайдың VIP терминалынан өткізбей қойды. Ол Геннадий Головкиннің менеджерлері VIP залдан өтуге алдын ала тапсырыс бергенінен бейхабар бола тұрып: "Vip-залдан арнайы тізімге енген мемлекеттік тұлғалардан басқа  адамдар ақысын төлеп өтуге тиіс. Ақы төлеу ұшып келетін уақыттан бұрын жасалуы керек. Сіз бұл жерден ақша төлемей өте алмайсыз, өйткені сіз шенеуніктер қатарынан емессіз", –  деп өз ойын айтып-айтып тастаған. Мұның арты жанкүйерлер тарапынан ұйымдастырылған жанжалға ұласты. Ақыр аяғында Астана халықаралық әуежайының әкімшілігі боксшыдан кешірім сұрап, қызметкерін тәртіптік жауапкершілікке тартты.

Еркеғали Бейсенов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу