Астана "Нұрсұлтан", "Назарбаев" немесе "Назарбаев-Астана" болып өзгеруі мүмкін

6402

Конституциялық кеңес төрағасы Ата заңға осы ұсынысқа сәйкес өзгеріс енгізілуі мүмкіндігін растады.

Астана "Нұрсұлтан", "Назарбаев" немесе "Назарбаев-Астана" болып өзгеруі мүмкін

23 қараша күні Парламент депутаттары, Мәжіліс пен Сенаттың бірлескен отырысында, Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық мерейтойына арналған Декларация қабылдады. Ондағы халықты дүр еткізген дүмпуі күшті бастама – елордасы Астананың атын өзгертіп, жаңа атауында Елбасын ұлықтау болды.

Рас, бастама авторларының бірі депутат Қуаныш Сұлтанов журналистерге берген сұхбатында елордаға жаңа нақты атауды ойластырмағандарын мойындады: "Бәлкім, Нұрсұлтан, Назарбаев немесе Назарбаев – Астана", – деді ол. Бұл жерде Қазақстанда тегімен аталған қала атауының (мысалға, Сәтпаев қаласы) барлығы меңзелсе керек.

Әлем таныған Астананың аты кейбір тұлғаның құлағына түрпідей естілетін болса керек. Әйтпесе, ел көшбасшысының өзі таңдаған әдемі атауды өзгерте беруге құлшыныстың астарында басқа ой жатыр ма екен?

2013 жылы Ұлттық ғылым академиясының академигі Сұлтан Сартаев елорданы "Нұрсұлтан қаласы" деп атауды ұсынған-ды. 2009 жылы Әзербайжанның Төтенше және өкілетті елшісі Лятиф Гандилов Астананы "Сұлтан-Ата" деп ("Алма-Ата"-ға ұқсатып) қайта атаған жөн деген пікірін білдірген. Мұның сыртында "Нұрсұлтанкент", "Нұр-Астана" және басқа да ұсыныстар болды.

"Билікте көше, қала атауларын мың құбылтып, өзгерте бергеннен басқа маңызды жұмыс жоқ па?" – Журналистер бірлескен отырыстан шыққан бастама авторларын осындай сұрақпен қарсы алды.

"Бұл түрленіп, гүлденіп келе жатқан мемлекетіміз үшін, болашағымыз үшін қажет. Және бұған Елбасының толық еңбегі сіңді. Біздің ойымызша, Нұрсұлтан Назарбаевтың атын бас қаламызға беру арқылы мәңгілендіру керек", – деді Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов.

"Көшенің атын өзгерту қаншама шығын әкеледі. Ал барлық халықаралық құжатта көрініс тапқан Астана атауын өзгерту қанша шығын әкеледі? Осының есеп-қисабы жасалды ма? Бюджетке қандай ауыртпалық түсіреді? Қазіргідей әр тиын санаулы дағдарыс шағында мұндай бастаманың қисыны бар ма? – деген журналистердің сауалдары жан-жақтан қардай жауды.

"Бұдан келер ешқандай шығын жоқ. Әрине, өзгерту шығындары болары рас. Бірақ, бұл жерде қаржы жақсылыққа, игілікке, ұлттық сананы, тарихты қалыптастыруға, болашаққа жұмсалады. Ешқандай да ақша шашылмайды. Ол жағынан қам жемеңіздер!" – деді депутат Қуаныш Сұлтанов.

Бұл бастаманы Елбасы алдын-ала білді ме? – деген сұрақ та қойылды.

"Енді естіген шығар! Біз жұртшылыққа ашық жарияладық қой! – деді тағы да сол қуаныш Сұлтанов. Оған қоса Мәжіліс депутаты бұл бастаманың осы жылға емес, болашаққа бағытталғанын айтып ақталғандай болды: "Біз бүгін жарияладық. Он депутат осындай бастама көтеріп, оны Декларацияға енгізді. Арғы жағын тәжірибе көрсетеді. Уақыт бойынша ешқандай шектеу жоқ".

Бұл – жаңа немесе, орысша айтқанда, тіпті де "свежый" бастама емес. Ол бұрын да талай айтылып келді. Президент оны кем дегенде екі рет қабылдамай тастап, мәлімдеме жасады.

Бірінші рет 1997 жылдың Қазақстан халықтары Ассамблеясының Ақмоладағы Жастар сарайында болып өткен 4-сессиясында, екінші рет – мемлекеттік рәміздердің (елтаңба, мемлекеттік ту, президент штандарты және т.т.) Алматыдан жаңа астанаға көшірілуіне байланысты сол жылдың 8 қарашасында болып өткен митингіде жұрт алдында Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ақмола атауының ешқашан өзгертілмейтінін мәлімдеген болатын.

Арада жарты жылдай өткен 1998 жылдың 6 мамырында Ақмола атауы Астана болып өзгертілді. Астана атауының барлық тілде бірдей жағымды естілетінін уәж етіп, бұдан былай елорда атауын өзгертуге бармайтынын айтқан, – деп есіне алады саясаттанушы Нұрлан Керімбеков. Оның үстіне ол Парламент бастамаларының бәрі Елбасы тарапынан үнемі қуаттала бермейтінін еске салады.

"Алысқа бармай-ақ, Мәжіліс депутаттары Парламенттің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы бастама көтеріп, Президентке қайырылғанын, бірақ Нұрсұлтан Назарбаев оны қолдамай, былтыр Президенттің кезектен тыс сайлауын өткізгені есте. Оның үстіне, Астана атауын өзгерту Ата заңды өзгертуді қарастырады. 2007 жылдың мамыр айында Қазақстан Президентінің ұсынысымен ел Конституциясына мемлекеттің елордасы Астана екендігі туралы жеке бап енгізілді. Енді бір топ депутат Елбасының осы ұсынысының күшін жоюды сұрап отыр. Мемлекет басшысы былтырғы президенттік сайлауда 5 институттық реформасын сайлауалды бағдарламасы ретінде ұсына отырып, бұл реформалардың ауқымдылығы сонша, Конституцияға өзгерістер енгізуді талап етуі мүмкін екенін айтқаны есте. Бірақ 5 "халықтық" реформаны іске асыру үшін Конституцияны өзгертуге ол бармады. Енді қала атауын өзгерту үшін соған бара ма екен?" – дейді сарапшы.

Abctv.kz порталы Парламент құптаған осы бастамаға қатысты Конституциялық кеңестің төрағасы Игорь Роговтың түсініктемесін алды.

"Біріншіден, депутаттардың Елбасыға қатысты норманы Конституцияда бекіту туралы бастамасының заңға еш қайшылығы жоқ, – дейді ол, – Бұл бастаманың заңдық та, саяси да негіз-тұғыры бар. Мысалға, Түркия Республикасы Конституциясының кіріспе бөлімінде Мұстафа Кемал Ататүріктің жаңа Түрік мемлекетін құрудағы ерен рөлі атап көрсетіледі. Ататүрік идеяларына берілгендік пен ол белгілеген бағдардан жаңылмау жайы ашық айтылады. Менің ойымша, егер Ата заңымызда бекіту туралы шешім қабылданса, онда Елбасының рөлі, оның идеяларының, бірінші кезекте "Мәңгілік ел" жалпыұлттық идеясының маңызы туралы сөздер Конституцияның кіріспесінде жазылуы керек. Бұл – тарихи әділеттілік деп ойлаймын", – дейді Игорь Рогов.

Конституциялық кеңес төрағасы мұнымен шектелмей, ары қарай баруды ұсынады: "Екіншіден, мен Ата заңымызда Қазақстанның Елбасы белгілеген бағдардан бұлтармайтыны туралы міндетті бекітуді ұсынар едім".

Игорь Рогов Ата заңның сақталуына жауап беретін органның басшысы ретінде бұл бастаманың әрі қарай дамуының жөн-жосығын түсіндіріп берді.

"Парламенттің қос палатасы Декларация қабылдап, онда өз ұсыныстарын бекітті. Бірақ, ол Декларация тек депутаттардың пікірі болып саналады, міндеттейтін күші жоқ. Ата заң бойынша Парламент өз бетінше Конституцияға өзгеріс енгізе алады. Ақырғы шешімді Мемлекет басшысы қабылдайды. Елбасы жалпыхалықтық сұрау салып, бұл идеяны референдумға шығара алады. Немесе, заң жобасы түрінде Парламентке енгізуі мүмкін. "Конституцияға өзгерістер енгізу керек пе, жоқ па?" – Президенттің қандай шешім қабылдайтынын мен білмеймін. Әзірге тек заңгер ретінде ғана ойымды айтып тұрмын", – деді Конституциялық кеңес төрағасы Игорь Рогов.

Естеріңізге сала кетсек, 23 қарашада Сенат пен Мәжіліс өздерінің бірлескен отырысында "Тәуелсіздіктің 25 жылдығы Қазақстан жетістіктерінің декларациясын" қабылдады. Онда Астана қаласында "Тәуелсіз Қазақстан" монументін орнату, мемлекеттік Конституцияға Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бірегей үлесін көрсету, Елбасы есімін елорда мен басқа да маңызды нысандарды атаумен айшықтау ұсынылады.

Бақыт Көмекбайұлы

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу