"Астанабасжоспар" Талдыкөлге қатысты үлкен жоба әзірлеуде

2107

Нұр-Сұлтан айналасындағы батпақтар Англия үлгісінде кептірілетін болды, деп жазады Inbusiness.kz.

"Астанабасжоспар" Талдыкөлге қатысты үлкен жоба әзірлеуде

Талдыкөл қалай тазартылды?

Осыдан он жыл бұрын Астананың ең басты проблемаларының бірі – Талдыкөл болатын. Бас қаланың бар былығы, кәріз суы төгілетін бұл жерден күлімсі иіс бүкіл қалаға тарап, тыныст алуды қиындататын. Содан тікелей Тұңғыш Президенттің тапсырмасымен "Талдыкөл ақаба су жинағышын жою жөніндегі" 5 жылға – 2011 жылдан бастап, 2015 жылға дейiнгi аралыққа есептелген iрi жоба қолға алынды. Оның аясында ағын суды Талдыкөлге бағыттау тоқтатылды, оның орнына лас аяқ суды тазартып, Есiл өзенiне ағызуға арналған коллектор салынды. Елорданың Ақмола кезінен бері келе жатқан кәрiздiк-тазарту жүйесі қайта құрылды, тазалағыш блоктар тұрғызылды.

2012 жылы Талдыкөл суының жағымсыз иісін жою жұмыстары қолға алынды: көл түбіне тұнған нәжіс-қалдықтар қазып алынып, геотекстильдi контейнерлерге салынып, жоюға арналған стансаға жеткізіліп жатты.

2013 жылы "Талдыкөл" жинақтауышына қалдық тастау толық тоқтатылды, тазарту жүйесінің өнiмдiлiгi тәулiгiне 118 мың текше метрдi құрайтын екiншi кезегінің құрылысы басталды.

2014 жылы жинақтауышты жою жұмыстары жалғасып, құрғатылған аумақты рекультивациялау жұмыстары жүргізілді. Осы кешенді жұмыстар арқасында 2015 жылы елорданың кәрiздiк-тазарту жүйесінің өнiмдiлiгi тәулiгiне 254 мың текше метрге дейiн жеткiзiлген.

Осылайша, Елбасы бақылауымен Иманғали Тасмағамбетов тұсында жүзеге асырылған ірі жоба арқасында Талдыкөлдегі су сапасы шаруашылық-тұрмыстық нормаға жеткiзілді. Кеңес кезінде адам қиы мен зәрі, басқа да жуынды, ағынды сулар төгілген Талдыкөл енді жинақтауыш ретiнде астананың су бұру жүйесiнен алып тасталды.

Сондай-ақ бұл көлдің суының бір бөлігі Есiл өзенiн толтыруға жұмсалды да, ақыры Талдыкөл 2 мың 021 гектардан 450 гектарға дейін кiшiрейтілді.

Талдыкөл жақтан бүгінде бас қалаға нәжіс иісі тарамайды. Дегенмен, жинақтауыш жақта айналасын күкірт сутегі иісіне бөлеген батпақтар қалды. Қала әкімдігі осы жерлерді кептіріп, құрылыс компанияларына үлестіруге кірісті. Бұл экологтар мен қоғам белсенділерінің қарсылығын туғызуда. Жұртшылықтың қысымымен әкімдік Талдыкөл жеріне қатысты көптеген жоспарларын қайта қарап, шегінуге мәжбүр.  

"Қала ортасында қаншама жер бос жатқанда,әкімнің Талдыкөлге тиісуі түсініксіз"

Блогер, қоғам қайраткері Рүстем Жансейітов Талдыкөл хайп-тақырыпқа айналып кеткеніне назар аудартады, одан әлдекімдер пайда тауып жүр.

"Талдыкөлдің айналасында неменеге осынша шу туғанын түсіну қиын. Астана айналасы көлге толы, олардың қазіргі жай-күйі нашар. Бірақ олар туралы экологтар ауыз ашпайды. Қала билігі Талдыкөлді көп жылдан бері кептіруге тырысып келеді. Бұл жоба түпсіз тұңғиықтай қаншама ел қаржысын "жұтып" қойды. Сонда осы экологтардың бәрі тып-тыныш қана отырды. Қазір арқасы қоза қимылдап жатқаны таңдандырады. Олар Нұр-Сұлтандағы "Қызыл кітапқа" кірген құстар мекен ететін Талдыкөл жанында құрылыс жүруіне қарсы болып жатқан көрінеді", – дейді ол.

Р.Жансейітов адамдардың жағдайға қарай әртүрлі сөйлейтініне кейіді.

"Талдыкөлдің бір сағасын кептіріп, "Шығыс" тұрғын үй алабы салынғанда ешкім айғайлаған жоқ. Сол жерден қолжетімді үй алғандар экологтарды қолдай ма екен?! Әркімнің өз ақиқаты бар", – деді ол.

Расында, кейбір елордалық экологтар Талдыкөл маңында алып құрылыстың көрігі қызса, бұл сирек балықтар мен құстардың жойылып кетуіне соқтыруы мүмкін екенін мәлімдеп, дабыл қағуда.

Әйтсе де, әлеуметтік желідегі "Архитектура Астаны" тобына кіретін сәулетшілер әкімдікке халықпен жағаласып, Талдыкөл көлдеріне көз аларта бермей, алдымен қаланың ішін ретке келтіріп алуды ұсынды.

"Жер жетпей жатқан жоқ. Елорданың орталығында қаптаған жеке сектор тұр. Соларды күресінге жіберіп, орнында құрылыс жүргізу керек. Әйтпесе, жатақ үйлер қыс бойы пеш жағып, қаланы көк түтінге көмеді. Астаналықтардың денсаулығына зиян. Иманов, Уәлиханов, Кенесары, Бөгенбай көшелері, "Жастар" шағын ауданындағы жеке сектор, "Артем" базарының ауданы, Шұбар және басқасы толып жатыр. Көлді халыққа қалдыру керек. Табиғатқа шабуыл опа бермейді", – дейді сәулетшілер.

Жинақтауыш емес, жерұйық мекен

Нұр-Сұлтан тұрғыны Настя Бондарева Үлкен Талдыкөл жанында тұрады.

"Бүгінде Талдыкөлде нағыз тұмса табиғат көрінісі орнаған. Біз үшін бұдан тамаша жер жоқ! Таза ауа, көз жауын алар көркемдік! Мұнда табиғи көлдерден тұратын тұтас топ қалыптасты. Бұрынғы жаман иістен із де қалмаған. Көптеген құстар ұя салады. Мен бұл аумақта қарқынды құрылыс жүргеніне үзілді-кесілді қарсымын. Қала ішіндегі таза табиғат – керемет құндылық. Оны жоймай, сақтап қалуымыз керек", – дейді ол.

Қаланың тұрғылықты тұрғыны Елена Николаева бұрын кеңестен қалған Талдыкөл жинақтауышын құрғатуды қызу қолдаған адамның бірі болыпты, алайда енді оны жоюдың қажеті жоқ деп санайды.

"Әрине, кезінде Талдыкөлге қатысты шағымдандық. Одан қалаға жайылатын иістен жүрек айнитын. 2015 жылдары оны удан әбден тазартты, тұнық суы бар көлге айналдырды. 2018 жылы көлде аққу, қаздар пайда болды. Содан бері көлдің жақтаушылары еселеп өсті. Олар Талдыкөлдің тағдырына алаңдайды. Әкімдік те оны кептірмей, айналасында демалыс аймағын құруға уәде еткен, бұл аумақ астаналықтар тынығатын орынға айналатынын айтқан", – дейді ол.

Ал тағы бір тұрғын Марина Прокопьева керісінше, батпақты жерлердің құрғатылғанын құптайды.

"ХХ ғасырдың соңында қалаға жалғыз Қорғалжың трассасымен кіргенде сасыған иіс тыныс алдырмайтын. Балалар көлік ішінде отырып, мұрындарын орамалмен жабатын. Қазіргі заманғы Тұран және Керей Жәнібек хандар даңғылдары орналасқан жерде "Заречный" кенті болды, жел үп етіп соқса болды, Башан (Талдыкөл) жақтан жағымсыз иіс есіп қоя беретін", – дейді ол.

Көл жанындағы зиратқа қатысты шешім қабылданады

Талдыкөлге қатысты Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов түсініктеме берді. Ол "Талдыкөл" кәріз суларының жинақтауышы кеңес заманында, 1970 жылы іске қосылғанын еске салды. 

"Бертінде Талдыкөл жинақтауышын жою жұмыстары аяқталған соң, оның орнында "Талдыкөл қалалық табиғи паркін" ұйымдастыруға ұсыным берілді. Бұл ретте Англияның сулы-батпақты ортада осындай парктер құру бойынша үздік тәжірибесін басшылыққа алып отырмыз. Бұл ретте Ұлыбританияның Құстарды қорғау корольдік қоғамы Қазақстанның биоәралуандылықты сақтау қауымдастығына тиісті грант бөлді. Соның негізінде "Талдыкөл қалалық табиғи паркін" құрудың табиғи-ғылыми негіздемесі (ТҒН) әзірленді. ТҒН жобасы Ақмола облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының, Есіл бассейндік инспекциясының келісімін алды", – дейді А.Көлгінов. 

Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Экология департаменті жобаға мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізіп, оң қорытынды берген екен. 

"Қазіргі кезде "Астанабасжоспар" ғылыми-зерттеу жобалық институты Талдыкөл көлі айналасын егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын дайындауда. Жалпы, бұл аумақ биологиялық және химиялық тұрғыдан қауіпсіз. Паркті салудың қоршаған ортаға, экожүйеге ықпалын бағалау жобасы осы қалалық табиғи парк құрылысының жұмыс жобасының құрамында әзірленеді. Жобаны жүзеге асыру қандай сатыда тұрғанына тоқталсақ, әзірге жобалау-сметалық құжаттамасын жасау басталған жоқ. Талдыкөл аумағында табиғи парк пен демалыс аймағын салу осы ЖСҚ әзірленгеннен кейін басталады", – деді Нұр-Сұлтан әкімі.   

Inbusiness.kz агенттігі Талдыкөл жанында зират орналасқанын әкімнің есіне салып, "ол қалалық парк аумағына кіре ме әлде зират басқа жаққа ауыстырыла ма" деген сауал қойған болатын.

Алтай Көлгіновтың мәліметінше, "Талдыкөл" қалалық табиғи парктің шекаралары тек "Астанабасжоспар" әзірлеген егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес анықталатын болады.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу