Зираттардың айналасындағы дау-жанжалдарға ел жаға ұстады

2710

Қазақстандықтар қайтыс болған адамдарды да жерлестерге, руластарға, діндестерге бөлуін қоятын емес, деп жазады Inbusiness.kz.

Зираттардың айналасындағы дау-жанжалдарға ел жаға ұстады

Қазақ халқы "өлі разы болмай, тірі байымайды" дейді. Аруақты құрметтемейтін, өмірден өткен азаматтарын ардақ тұтпайтын, тарихын аяқасты ететін елдің болашағы болмайды. Бұл ретте Қазақстандағы ахуал қандай?

Республиканың әр өңірінде бейіттерге қатысты мәселе туындауда. Алматы қаласының "Алғабас", "Теректі" ықшамаудандарының тұрғындары арыздарын айтып, жергілікті билік өкілдерінің құлағын шулатуда.

"Біздің туысқандарымыз Ф.Оңғарсынова және Мөңке би көшелерінің қиылысында, "Алғабас" ықшамауданының жанында орналасқан зиратта жай тапты. Қорым Ұлы Отан соғысына дейінгі жылдары пайда болған, онда сталиндік репрессия құрбандарын жерлепті. Бертінде онда Ақсай совхозының, кейін Алғабас ауылының дүние салған адамдарын жерлейтін орынға айналады. Бұл маңдағы кенттер тұрғындарының ағайындары да осында жатыр. 2014 жылы Алғабас ауылы Алматы қаласына қосылды. Алайда бейіт қала аумағына кірмеген: мегаполистің шекарасы зираттың шығыс жағынан айналып өтеді", – дейді шағымданушылардың бірі Виталий Медведев.

Қазіргі кезде зират Алматы облысының Қарасай ауданының Іргелі ауылдық округінің аумағына енгізілген екен.

Бұған дейін зират ешбір елдімекен әкімдігінің балансына алынбапты. Шырақшысы да болмаған. Оның аумағы дер кезінде заңдастырылмаған, мемлекеттік жер актісі сол бойы жоқ.

Тұрғындардың айтуынша, белгілі бір мерзім үдерінде – 2013–2014 жылдары зиратқа Алматы қаласының Орталық зиратының мамандандырылған кәсіпорны қызмет көрсетіпті. Бірақ тез-ақ қараусыз қалдырып кеткен.

"Бақылаусыз қалған зиратты қаланың кейбір ритуалды қызметтер көрсететін ұйымдары ұзақ уақыт бойы білгенінше пайдаланып, өзге елдімекендерден марқұмдардың мүрделерін әкеліп, өз бетінше жерледі. Бәрі қазақстандықтар ғой, жер-жерге бөлінбей-ақ қоялық. Әйткенмен, осы орынның батыс бөлігіндегі аумақты әлдебіреулер тұрмыстық қоқыс және құрылыс қалдықтарын төгетін заңсыз полигонға айналдырып алды. Үлкен самосвалдармен алып келеді. Олар үлкен жолдан мұнда не болып жатқаны көрінбейтінін пайдаланатын болса керек. Ол жер күлімсі иісі қолқаны қабатын қоқыс алаңына айналып барады", – дейді В.Медведев.  

Бұдан бөлек, вандализм, метал қоршауларды, тіпті құлпытастарды ұрлау оқиғалары жиілеген.

Бұл сорақы тірліктерге тосқауыл қою үшін Алғабас тұрғындары жиын өткізіп, өз араларынан шырақшы сайлайды. Сол адам қал-қадерінше аумақты ұсақ қоқыстардан арылтумен айналысып, молалардың темір қоршауларын вандалдардан қорғауға тырысып жүр.

Бірақ тұрғындар тағы бір қиындыққа кезіккен. Зираттың солтүстік-батыс шекарасы жекеменшіктегі жер учаскесімен шектеседі. Онда Asian Media Textile зауыты орналасқан. Биылғы жылғы ақпанда оның қожайыны өзгерді. Алғабастықтардың айтуынша, жаңа қожайын бейіттің адамдар жерленген бір бөлігі өзіне тиесілі дегенді алға тартып, дауласуға кіріскен. Онымен тынбай, дуал орната бастады.

Зираттың оңтүстік жағындағы жекеменшік жердің қожайыны да өз аумағын кеңейтуге талпынып жатқан көрінеді. Салдарынан, зиратқа келушілер бұрын көліктерін қоятын, сондай-ақ қураған гүл, шабылған шөп, мазар салудан қалған құрылыс материалдары секілді қалдықты уақытша үйіп келген жерден айырылған. Ондай қоқыс енді трассаның бойына үйіледі. Бұл жазғы аптапта жол бойында өрттің туындауына соқтыруы ықтимал.

Алғабастықтар шағым айтып, тәртіп орнатуды, зират шекараларын заңдастыруды сұрап, Іргелі ауылының әкімдігіне жүгініпті. Одан жауап ала алмаған. Енді тірілердің көз құртына айналған зиратты құтқарып қалудың, оны заңдастырудың жолдарын қарастырып, Алматы облысы әкімдігіне ұсыныс жолдауда. Олар Амандық Баталовтан зиратта күзет қызметін ұйымдастыруды, жарықтандыруды, бейнебақылау орнатуды, абаттандыруды, сөйтіп өркениетті қалыпқа келтіруді сұрады.

Айтпақшы, Алматы облысындағы бейіттерге қатысты белгілі саясаттанушы Расул Жұмалы да пікір білдірді.

"Биылғы 7 шілдеде Алматыдан 20 шақырым жерде жатқан Төңкеріс ауылында болдым. Қайтыс болған туысымның жаназасына қатыстым. Жерлеу барысында өзін таныстырмаған дөкейлер жетіп келіп: "бұл біздің сатып алған жер, молаларыңды, онда жатқан мүрделерді алып кетіңдер!" деп дүрсе қоя берді. Ақылға шақырған сөзге құлақ аспайды. Не деген сұмдық! Алматы облысының әкімі айдың-күннің аманында барша елді ашындырған зорлықты доғарса жөн. Зираттың жерін жекеменшікке берген шендіні жауапқа тартсын", – деді Расул Жұмалы.

Әлеуметтік желіде пікір білдірген ақтаулық Сағат Бозбанов Маңғыстау жерінде ұқсас сорақы тірліктер болғанын әңгімеледі.

Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының ғылыми қызметкері Мәмбет Шағырбаев мұндай әңгімелерді естігенін айтады.

"Мәйітті басқа қорымға жерлеттіруге дейін барған дейді. Жалпы, кейінгі кезде зиратты ру-руға бөлу қатты белең алып бара жатыр. О дүниеде рушылдық жоғын ел түсінбейді", – дейді ол.

Әр рудың өз зиратын ашып алғаны, оған діні бөлекті тұрмақ, тек руы бөлек өз қазағын жібермейтіні шектен шығушылық. Бұл ел арасына араздық салады.

Қынжылтатыны, ұқсас жағдай әр өңірде қалыптасуда. Қазақстандықтар әр жердегі зираттарды қоқыс басып бара жатқанына да наразы.

Сәкен Сапарғалиев Өскемен қаласынан 10 шақырым жерде, "Өскемен-Алматы" трассасының бойында орналасқан "белгілі тұрғылықты орны жоқ адамдарға арналған бейіттің" аянышты жағдайына назар аудартады.

"Өскемен туберкулез диспансерінде емделген ағам 2001 жылы қайтыс болды. Оны сол зиратқа қойыпты. Оның дүние салғаны туралы хабардар етілмедім. Тек жарты жылдан соң білдім. Қазақы, мұсылман дәстүріне сай өзге зиратқа қайта жерлегім келді. Алайда оны дер кезінде жасай алмадым. Содан қоршау және құлпытас орнаттық. Алғашқы жылдары зираттың шырақшысы болатын, тәртіптің сақталуын қадағалайтын, шөбін шабатын, бөгде тұлғалардың бостекі кезіп жүруіне жол бермейтін. Бертінде қайта бардым, көргенім көңілімді жабырқатты. Қап-қалың арамшөп басып кеткен. Қақпасы бұзылып жатыр. Ішінде мал жайылып жүр. Метал іздеушілерге кедергі болатын ешкім жоқ. Молалар саны көбейген, онда белгілі орны-мекені жоқтарды ғана емес, өзге де азаматтарды қоя бастапты. Қазақ зираттарға құрметпен қараушы еді. Әлгі көрініс қатты қапаландырды", – дейді С.Сапарғалиев.

Жалпы, дамыған елдерде бейіт-зираттардың жай-күйіне қатты мән беріледі, күтім жасалады. Кейбірі ашық аспан астындағы музейге ұқсайды. Өркениетті елдер осы арқылы ұлы ұрпақтарға, төл тарихқа деген құрметін паш етеді, өскелең ұрпағын соған тәрбиелейді. Ал бізде бейіттерге қарап, қарапайым бұқараның да, жергілікті биліктің де өткенге деген көзқарасын білуге болатындай.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу