Қоғам қайраткерлеріне жаңа зиратта арнайы 34 га жер бөлінді

14416

Елорданың ішіндегі және сыртындағы зираттарда адам жерлейтін жер қалмаған.

Қоғам қайраткерлеріне жаңа зиратта арнайы 34 га жер бөлінді Фото: kazakhstan.travel

Астанада ашылатын жаңа зират мұсылман, xристиан, әскери және қызметтік міндетін орындау кезінде қаза тапқандарға арналған бірнеше секторға бөлінеді. Тіпті Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткерлерге арналған орындар болады.

Астана қалалық перспективті даму бөлімінің жетекшісі Александр Терещенконың айтуынша, зираттың құрылысы екі кезеңнен тұрады. Көкшетау қаласына баратын айналма жолдың солтүстік-шығыс жағында орналасатын зираттың жалпы аумағы 460 га. Бүгінде құрылыстың алғашқы кезеңі аясында 124 гектарда жұмыс басталып кетті. Онда христиандар үшін 36,2 га берілсе, мұсылмандарға 54 га бөлінеді. Сосын мемориалды саябақ 33,9 гектарда орналасады. Онда еңбегі сіңген қайраткерлер жерленеді. Жобаның құны – 3-4 млрд теңге. Бүгінде бюджеттен 2,2 млрд теңге бөлінді. Осы уақытқа дейін зиратқа баратын жол төселіп, жер бірнеше учаскеге бөлінді. Қазір электр желілерін тарту жұмыстары атқарылып жатыр", – дейді Александр Терещенко.

Оның айтуынша, алғашқы кезеңде 79 мың орын жасақталады. Ол шамамен 10-13 жылға жетеді. Жобаға сәйкес зиратта мұсылмандар мен xристиандар үшін қаза болған адаммен қоштасу үйлері, әкімшілік-тұрмыстық және діни рәсімдер өткізетін орындар, жерлеу рәсімдеріне қатысты керек-жарақтар, гүл павильондары, сондай-ақ арнайы қызмет көрсетуші теxникаларға арналған автотұрақтар болады. Ол жерде мешіт салу да жоспарда бар.

"Болашақта ол жерде мешіт, шағын шіркеу, қаза болған адаммен қоштасу үйлері салынады. Жобаның алғашқы кезеңінде қоштасу үйі салынса, екінші кезеңде мешіт пен шағын шіркеу салу жоспарланып отыр. Жоспар бойынша ондай нысандар бар. Алайда мешіт пен шіркеудің жобасы әлі әзірленген жоқ. Сондықтан тұжырымдама болса да, нақты шешім қала басшылығының деңгейінде қабылданады", – дейді Терещенко. Зират ішінде құрылысқа жекеменшік инвестиция тарту жоспары бар.

Бүгінде Астана қаласының аумағында жалпы саны 20 зират бар. 12-сінде орын мүлде жоқ болса, 8 зират 90-95 пайызға толған. Ал жаңа зират ашылып жатса, туған-туысыңа – жолдасыңа, жұбайыңа алдын-ала орын қалдыруға мүлдем тыйым салынады. Себебі орын санаулы болады.

"Бұл мәселенің бәрі заңмен реттеледі. Себебі бүгінде жерлеуге қатысты заң жобасы министрлік деңгейінде талқыланып жатыр. Алдын-ала орын алып қою деген болмайды. Дәл қазір оны нақты айту қиын. Дегенмен министрліктің деңгейінде осындай шешім қабылданса, онда зират орындары алдын-ала берілмейді", – дейді бөлім басшысы.

Ресми мәліметке сүйенсек, Астанада жыл сайын 4 мыңға жуық адам көз жұмады. Демек жаңа зират 10-13 жылға емес, 60 жылға жетуі әбден мүмкін.

Арман Асқаров

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу