Астанадағы ШЫҰ саммиті тарихта қалмақ. Украина соғысты тоқтатуға қарай қадам жасады

10286

Негізі, Шанхай ынтымақтастық ұйымына 9 мемлекет мүше, осы саммитте ұйымға Беларусь елі қосылады.

Астанадағы ШЫҰ саммиті тарихта қалмақ. Украина соғысты тоқтатуға қарай қадам жасады Фото: russiancouncil.ru

Жалпы Астанада Путин Си Цзиньпинмен не туралы уағдаласады деп бүкіл әлемнің басы қатуда.

Reuters сарапшыларының пікірінше, астаналық саммит Мәскеуді бейбітшілікке көндіре алса, тарихи оқиғаға айналмақ. Мұндағы қисын неде?

BBC жазуынша, Украина соғысты тоқтатуға қарай қадам жасады. Президент Владимир Зеленский Швейцариядағы саммиттен кейін бітімге келу туралы айта бастады.

Мысалы, "Зеленскийдің бейбітшілік формуласын" сөзсіз құптауды бұдан былай талап етпейтінін, соғысты аяқтауға қатысты барлық жаңа идеяларды тыңдауға дайын екенін жеткізді.

Ол жыл соңына қарай өтуі мүмкін келесі "Бейбітшілік саммитіне" Путиннің шақырылуы мүмкін екенін хабарлады. ШЫҰ саммитінде Украинадағы соғыс тақырыбы тілге тиек етілері сөзсіз.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі ШЫҰ саммитінің күн тәртібіне Ресей-Украина мәселесі енгізілгенін растамады, бірақ жоққа да шығармады. Саммиттің күн тәртібіне қойылған барлық мәселелердің егжей-тегжейін де айтып жатпады.

"Саммитте 20-дан астам құжатты қабылдау жоспарланып отыр. Соның ішінде ең маңызды құжат – Астана декларациясы. Бұл құжатта өзекті халықаралық және өңірлік мәселелер бойынша Шанхай ынтымақтастық ұйымының ұстанымы жарияланады. Астанадағы жиында ұйымның өткен кезеңдегі қызметі қортындыланып, оны одан әрі дамытудың бағыты айқындалады", – деді СІМ жанындағы Сырты саяси зерттеулер институты Талдау және болжамдар бөлімінің басшысы Әмір Башбаев.

Осы орайда ресейлік "Независимая газета" Венгрия Премьер-министрі Виктор Орбанның Киевке "араағайын рөлінде" жолданғанын хабарлады.

Айта кету керек, осы аптадан бастап, Еуропалық Одақ Кеңесінің төрағалығы Венгрияға өтті. Осыдан кейін Виктор Орбан дереу Киевке аттанды.

Дәл осы кезде, 3-4 шілде күндері өтетін Астана саммитінде Шанхай ынтымақтастық ұйымының төрағалық тізгіні Қытайға өтеді. Осылайша, бітім үстеліне отыруға Украина көшбасшысын бұл күндері – Еуроодақ төрағасы, Мәскеуді – ШЫҰ төрағасы үгіттейтін болса керек.  

Венгрия премьерінің баспасөз хатшысы Берталан Хаваши Виктор Орбанның Киевке сапарының басты мақсаты ретінде – "бейбітшілікке қол жеткізу мүмкіндігін атады".

Кеше, сейсенбіде Владимир Зеленскиймен кездесуден шыққан  Виктор Орбан бұл соғыс Еуропаға ауыр соғып отырғанын білдірді.

Оның айтуынша, 2022 жылғы ақпаннан бері үздіксіз жалғасып жатқан Ресеймен кең ауқымды соғыс Еуроодақтың да қауіпсіздігіне қарқынды түрде кері әсер етіп жатыр. Осы орайда ол Украина Президентінің бейбітшілікке бағытталған барлық бастамаларын еуропалық қоғамдастық жоғары бағалайтынын атап өтті.

"Бірақ халықаралық дипломатия қағидаларына сәйкес, ондай бастамаларды жүзеге асыру ұзақ уақытты талап етеді. Мен Президент мырзаға қолқа салдым: "Кішкене басқаша жолмен жүруге болмас па? Алдымен үзіліс жасаңыздар, атысты доғарыңыздар, содан кейін келіссөздерді бастап, жалғастырыңыздар. Сонда атыс-шабыстың тоқтауы да осы келіссөздерге оң серпінді қамтамасыз ете алар еді", дедім. Мен осы мәселе бойынша өз ұстанымын білдіргені үшін Зеленскийге ризашылығымды білдіремін", – деді Орбан.

Ол осы келіссөздердің қорытындысы туралы ЕО-ға мүше елдерінің лидерлеріне арнап, арнайы баяндама дайындайтынын қосты.

Егер шынымен де қақтығысты тоқтатуға, бітімге келуге көндіре алса, онда ШЫҰ-ның Астана саммиті тарихта қалмақ.

Батыс сарапшыларының болжамынша, Путинді алдымен әрбір елдің басшылары жеке-жеке үгіттеп көреді, содан соң ШЫҰ қатысушы елдерінің лидерлері ұйымның жалпы отырысында, жабық есік жағдайында күн тәртібінде күйіп тұрған мәселелерді және тығырықтан шығу жолдарын бірге талқылайды. Ізінше ШЫҰ бақылаушы мемлекеттерінің, "Диалог бойынша серіктес" саналатын елдердің мемлекет және үкімет басшыларының қатысуымен Астанада тағы бір саммит өтеді.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бұл жолы, алғаш рет құрылтайды өткізу форматы өзгертіліп отырғанын хабарлады. Астана саммиті бұдан бұрынғы шаралардан сонысымен ерекшеленбек.

Біріншіден, дәстүрлі түрде ШЫҰ-ға қатысушы мемлекеттердің көшбасшылары кеңесінің отырысы ұйымдастырылады. Екіншіден, "ШЫҰ+" атты кездесу өткізіледі.

Бірінші саммитке жаңа мүшені қоса алғанда, 10 мемлекет – Қазақстан, Үндістан, Иран, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Пәкістан, Өзбекстан, Беларусь қатысады.

Екінші – "ШЫҰ плюс" саммитіне 10 мемлекет сыртында, Түркия, Моңғолия, Қатар, БАӘ, Әзербайжан және Түрікменстан басшылары қатысады. Осы жиынға БҰҰ бас хатшысы Антонио Гутерриш қатысып, сөз сөйлемек.

Астана саммитіне арқау болған тақырып – "Көпжақты диалогті нығайту, тұрақты бейбітшілік пен дамуға ұмтылу" деген атаудың өзі көп жайттан хабар берсе керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу