Астаналық шенділерге – ұялы телефон, өңірлік шенділерге – бір пәшке шай

1852

Шенеуніктер алған сыйлықтарын жаппай арнайы қорға тапсырып жатыр. 

Астаналық шенділерге – ұялы телефон, өңірлік шенділерге – бір пәшке шай

Үкімет мүшелері арасында бірінші болып вице-премьер әрі ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев есеп берді. Астананың 20 жылдығына орай, әлемдегі антивирустық бағдарламалардың басты әзірлеушілерінің бірі "Лаборатория Касперского" АҚ ақпараттық қауіпсіздік қатерлерін төмендету бойынша өзінің жетекші-флагмандық өнімінің арнайы, эксклюзивті нұсқасын Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігінің басшылығына сыйлық ретінде тапсырған. Бұл ресейлік компанияның жаңа өнімін Қазақстан нарығында ілгерілету мақсатында жасаған науқан болуы ғажап емес. 

Ведомство басшылығы сый-сияпатты өзінде қалдырмай, "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" және "Қазақстанның мемлекеттік қызметі туралы" заңдарға сәйкес, бұл өнімдерді арнайы мемлекеттік қорға тапсырды.

АШМ-ның хабарлауынша, осының алдында Қытай Халық Республикасының делегациясы ресми кездесу кезінде ауыл шаруашылығы министріне қытайлық қымбат ұялы телефон сыйлапты. Ол да мемлекеттік қорға өткізілген екен. Кейіннен АШМ қордан кері сатып алмағандықтан, сол мобильді құрылғы саудаға шығарылып, халыққа сатылған.

Ресми мәлімет бойынша, мемлекеттік қызметшілерге тарту етілген барлық сыйлықтар қаржы министрлігінің мемлекеттік меншік және жекешелендіру комитетіндегі мемлекеттік қорға келіп түсуде. Қорда жыл басынан бері 478 "презент" жинақталған. Осылайша отандық шенеуніктерге сыйлықтар қарша борауда деуге болады. Өйткені мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің мәліметінше, 2017 жылы мемлекеттік қорға жалпы саны 361 сыйлық қана түсіпті.

"Мемлекеттік қызметшінің келісімінсіз сыйланған, сондай-ақ ол тиісті функцияларды атқаруы кезінде алған барлық сыйлықтар жеті күн ішінде арнайы мемлекеттік қорға тегін тапсыруға жатады. Олай болмаған жағдайда, мемлекеттік қызметшіге айыппұл салынады", – деп ескертеді агенттік. Кей жағдайда тәртіптік, тіпті қылмыстық жаза да қолданылуы ықтимал.  

Заңның бұл талабы Қазақстан президенттігінен үміткерлерге, парламент пен мәслихат депутаттарына, аудандық маңыздағы қала, кент, ауыл әкімдеріне, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдарының сайланбалы мүшелеріне таралмайтын көрінеді.

Агенттіктің түсіндіруінше, шенеунік өзіне берілген және қатты ұнаған сыйлықты қайтарып ала алады, ол үшін оны өзі тұрып жатқан өңірдегі нарықта белгіленген бөлшек сауда бағасымен сыйлықты сатып алуы керек.

Бірақ бұған бармас бұрын, ең алдымен ол өз шешіміне жоғары тұрған бастығының келісімін алуға міндетті. Салдарынан шенеуніктің кері сатып алуы – өте сирек кездесетін құбылыс.

Егер кері сатып алмаса немесе жоғарыдан қарсылық көріп, ол тілегін жүзеге асыра алмаса, сыйлық саудаға қойылады, ал одан түскен барлық қаражат республикалық бюджетке аударылады.

Астана қаласы бойынша мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті елордалық шенеуніктер мемқорға өткен жылы жалпы сомасы 315 410 теңгеге 62, ал биылғы жылғы бірінші тоқсанда жалпы құны 87 500 теңге тұратын алты сыйлық әкелгенін хабарлады.

Астанадағы шенділерге әлемнің әр елінен саналуан кәдесыйлар көп жеткізіледі екен. Ведомствоның дерегінше, көп жағдайда сыйлықтарды үкіметтік емес ұйымдардың үстінен қарап, әртүрлі гранттар тарататын қоғамдық даму министрлігінің (бұрынғы дін істері және азаматтық қоғам министрлігі), білім-ғылым гранттарын үлестіретін білім және ғылым министрлігінің, сондай-ақ энергетика министрлігінің өкілдері тапсырады.   

Алматы қаласы бойынша мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің хабарлауынша, 2017 жылы қаладағы мемқорға шенділер 33, ал биылғы жыл басынан бері тоғыз сыйлық тапсырған. Тәуелсіз бағалаушылар олардың жалпы құнын 2 млн теңгеден асады деп бағалапты. Алматылық мемқызметшілерге қошемет ретінде ұсынылатын сыйлықтардың ішінде ең көп таралғаны әтір, картина, сағат және ұялы телефон екен. Оларды кері сатып алу дерегі тіркелмеген.

Ақтөбелік мемлекеттік қызметшілер 2017 жылы жалпы сомасы 47 476 теңгеге бағаланған 27 сыйлықты өз еріктерімен арнайы қорға табыстаған. Осы жылы осындай екі факті тіркелген.

"Біз барлық келіп түскен сыйлықтарды бағалап, gosreestr.kz веб-сайтында хабарландыру орналастырып, сатуға шығарамыз. Түскен сома республикалық бюджетке аударылады", – деп мәлімдеді Ақтөбе бойынша мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаментінің мәліметінше, биыл өңірлік шенеуніктер қарапайым қаламнан бастап, қымбат жинақтарға дейін өткізген. 2016 жылы қостанайлық шенеуніктер қорға 1 ғана сыйлық тапсырыпты. Ал 2017 жылы бұл сан 37-ге дейін өскен.

Қазір олардың "ассортименті" де кеңейген: өңір шенеуніктеріне автоқалам, кітап, кәдесый, әмиян, шоколад, флешка, бір қорап шай, рюмка, "Versace Eros" сыйлық жинағы, "Asti Martini" шарабы және "Арарат" армян коньягы сыйланған.

"Мемлекеттік функцияларды атқаруға уәкілетті тұлғалардың, оларға теңестірілгендердің өз қоластындағылардан және басқа да адамдардан сыйлық қабылдауға құқығы жоқ. Бұл шектеу тек мемлекеттік қызметшіге ғана емес, сондай-ақ оның отбасы мүшелеріне де таралады: олардың да қазақстандық немесе шетелдік жеке және заңды тұлғалар ұсынған сыйлықтар мен қызметтерді қабылдауына тыйым салынады", – деп түсіндірді аталған департаменттің мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының жетекші маманы Жанна Ержанова.

Тәжірибе көрсеткеніндей, тапсырылатын сыйлықтар легі жыл соңына, жаңа жыл мерекесіне қарай еселеп өсуге тиіс. Мәселен өткен жылы соңғы екі айда шенеуніктер тапсырған сыйлықтар саны 2,5 есеге ұлғайған. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі 2017 жылы

арнайы мемлекеттік қорға жалпы сомасы 3,2 млн теңгеге 317 сыйлық табысталғанын баяндады. 

"Олар негізінен кәдесый өнімдері – қаламсап, картина, шай сервизі, үстел сағаты түрінде болады. Олардың арасында тіпті бір конфет қорабы да болды. Қазанмен салыстырғанда, қараша және желтоқсан айларында мемқорға тапсырылған сыйлық саны 2,5 есеге артты", – деді агенттіктегілер.

Құзырлы орган мемқызметшілердің заңның осы талабын қалтықсыз сақтауына мониторинг жүргізіп, қырағы қадағалап отыр. Ара-тұра шенеуніктердің кабинеттерін тексеріп, рейд ұйымдастырып тұрады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу