Астық экспорты қыспақта қалды

3299

Ауыл шаруашылығы министрлігі елдің астықпен толық қамтамасыз етілгенін мәлімдеді, алайда аграршылар бидай бағасының алдағы жылы шырқау шегіне жететінін күтіп отыр. 

Астық экспорты қыспақта қалды

АШМ дерегінше, Қазақстан биыл 16,2 миллион тоннадан астам астық жинаған, оның шамамен 12 млн тоннасы – бидай. Орташа өнімділік гектарына 10,2 центнерді ғана құрады. Бұл посткеңестік кеңістіктегі ең бір нашар көрсеткіш. Мысалы, Ресейде әр гектардан 28,3 центнерден, Беларусьте – 30, Украинада – 44,1 центнерден айналған. 

Қазақстанның өсіріп, өндірген астығы халқымызды асырауға жетеді. Бірақ сарапшылардың айтуынша, бидай экспорты құлдырауы мүмкін.

"Атамекен" ұлттық палатасының Агроөнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібі департаментінің директоры Ербол Есенеевтің айтуынша, қазақ астығына сұраныс жоғары.

"Трейдерлер өте тартымды баға ұсынады және тауар құнын бірден төлеп тастауға дайын. Бүгінде елімізде Өзбекстаннан сатып алушылар пайда болды, олар қолма-қол ақшамен есептесуді ұсынады. Әрине, бұл астықшылардың көңілінен шығады. Алайда басқа жағынан алғанда, трейдерлердің жетегінде кете беретін болсақ, экспортқа өнім тым көп кетіп, ішкі нарықты қамтамасыз ете қалмаудың, азық-түлік қауіпсіздігіне нұқсан келуінің қаупі бар", – дейді ол. 

Сарапшының айтуынша, отандық астық өңдеушілер де жақсы баға ұсынады. Бірақ ұн, макарон және басқа да азық-түлік өнімдерін өндірудің технологиялық процесі анағұрлым күрделі әрі ұзаққа созылады. Сондықтан өңдеуші зауыт-кәсіпорындар төлемнің бір бөлігін кейін төлеуді ұсынады. Трейдер мен өңдеуші қатар астық сұрап келсе, егіншінің кімді таңдайтыны түсінікті.

"Қытай бізді кезектен лақтырып тастады"

Осы мәселеге назар аударған АШМ астық экспортына кедендік баж алымын енгізу жайын қарастыруда.

Ербол Есенеевтің байламынша, мемлекет саладағы ахуалды ұдайы бақылауда ұстап, ішкі нарықтың ауылшаруашылығы өнімдеріне молығуын қамтамасыз еткені жөн. Ол дәстүрлі түрде қыркүйекте артатын астық экспорты биыл керісінше, құлдырады дейді.

Мұны ресми статистика да растайды: Қазақстан өткен айда жаһандық нарыққа 300 мың тонна ғана бидай жеткізген. Осылайша, қыркүйекте экспорт бірден 30%-ға құлдырады. Өткен жылдары бұл айда еліміз шетелге 450 мың тоннадай астық шығаратын.

Биылғы қазан айының қорытындысында бұл көрсеткіш 500 мың тоннаны құрайды деп болжанып отыр. Ал нормативтік көлем жылда бұл айда 700-800 тоннаға теңелетін. Бұл туралы ElDala мамандандырылған порталға сұхбатында Қазақстан Астық одағының сарапшысы-ресми өкілі Евгений Карабанов хабарлады. Оның үстіне қазан айынан бастап Қытай Қазақстаннан әкелінетін бидай, оны өңдеуден алынған өнімдер секілді бірқатар тауар түрлерінің импортына толық тыйым салды. Бұл отандық бидай экспорты көлемінің кемуіне ықпал еткен.

"Қытай қазір Еуропаға экспортын қарқынды арттыруда. Оның көліктік әлеуетіне шектен тыс жүктеме түсуде. ҚХР инфрақұрылымдық мүмкіндіктері шектеулі әрі еселеп өскен экспортты еңсеруге жетпей жатыр. Сол себепті олар өздеріне пайдалы, көбірек табыс әкелетін тауарларға басым қызмет көрсетуге кірісті. Мысалы, Қытай экономикасына темір жолмен астық тиелген біздің контейнер өткеннен гөрі автозауыттарға арналған аса қымбат электроника толтырылған контейнерлердің әрлі-берлі жүйткігені тиімді. Ондай әрбір контейнер миллион доллар тұрады. Турасын айтсақ, Қытай бізді кезектен лақтырып тастады", – деп күрсінеді Евгений Карабанов.

Қазақстан билігі мұны "азық-түлік эмбаргосы", санкция ретінде қарастырып отырған жоқ: дәл осындай түйткіл тұйығына өзге елдер де тап болғанын алға тартады.

"Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев шекарадағы кептеліске пандемия да үлес қосып отырғанына сенімді.

"Достықта, Алтынкөлде терминалдарымыз бар. Қытайдың пандемияға қарым-қатынасын атап өткен абзал. Егер Қытайдың кеден қызметкерлерінің бірінен КВИ анықталса, станциия шектеулі режимде жұмыс істей бастайды. Бұған қоса, Алашанькоу станциясына келген вагондарды, контейнерлерді міндетті өңдеу тәртібі енгізілді. Олардың сыртын екі қайтара дезинфекциялайды. Әрбір вагондағы жүктен сынама алу рәсімі жүргізіледі. Бүгінде осы мәселелерді шешу бойынша Қытайдағы әріптестерімізбен бірге үлкен жұмыс жүргізілуде. Проблема тек біздің теміржолдарымыздың түйісінде ғана туындап тұрған жоқ. Проблема бүкіл жаһандық нарықты, барлық логистикалық компанияларды қамтуда. Дүниежүзінде жүктер әр жерде 3-4 ай бойы кідіріп тұрады", – дейді ҚТЖ басшысы.

Тасымалдаушылар Өзбекстанда, Қырғызстанда, Ресейде шектеулер барын айтады. Себебі кейде коронавирус жүктердегі өнімнен, жүк машиналарының кабиналарынан, жүргізушілерден табылады.

Ауған нарығын жоғалттық па?

Таяуда ақпарат құралдары билік басына тәліптердің келуі кесірінен Қазақстан өзінің ең ірі астық тұтынушысын – Ауғанстан нарығын жоғалтып алғанын жазды. Бұл елге жөнелтілімдер тоқтап қалғаны мәлім. Дегенмен АШМ жағдайдың бұрынғы қалпына келетініне сенімді. Бұл туралы "Егемен Қазақстан" газетіне түсініктемесінде Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мәлімдеді.

"Ауғанстандағы саяси ахуалдың өзгеруі шынымен де барлық әріптес елдермен, оның ішінде Қазақстанмен сауда операцияларының уақытша тоқтатылуына алып келді. Біраз уақыт бойы банкаралық транзакциялар мен теміржол вагондарын жеткізу мүмкін болмады. Өйткені вагон иелері олардың бүтін қаларына, қайтарыларына сенбеді. Алайда қазіргі уақытта проблемалар шешілді: транзакциялар үшінші елдердің банктері арқылы жүзеге асырылады, вагондарды жөнелту қалпына келтірілді", – деді АШМ басшысы.

Оның ақпараты бойынша қыркүйек пен қазан айының басында Қазақстаннан Ауғанстанға 60,2 мың тонна ұн мен 15,6 мың тонна астық жөнелтті. Кейін жеткізу қарқыны артатынын қосты.

Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, еліміз Ауғанстанға 2020 жылы жалпы құны 333,9 млн доллар болатын 1 млн 152,6 мың тонна ұн экспорттады. АШМ "бұл елге 2021 жылғы ұн экспорты өткен жылдың деңгейінде болады" деп жоспарлауда.

Ауғанстаннан басқа, 2020 жылы қазақстандық ұнның негізгі импорттаушылары Өзбекстан (342 мың тоннасын сатып алды), Тәжікстан (96,5 мың тонна), Қырғызстан (78,1 мың тонна) болды.   

Ауыл шаруашылығы министрлігі "Ауғанстанға ұн экспортының толық тоқтауы күтілмейтінін" атап өтті.

Жалпы алғанда қазіргі кезде биржада бидайдың әр тоннасы 116-118 мың теңгеден сатылуда. Әйтпесе, бұдан бұрын сала мамандары "қазан айында оның бағасы 130 мың теңгеге дейін жетеді" деген болжам айтқан. Дегенмен сарапшылар алдағы көктемде бидай бағасы 150-160 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін деп жорамалдайды. Бұған экспорттық тасымалдың қарқын алуы, астықтың аз шығымдылығы әсер етуі ықтимал. Егер сонша қымбаттаса, бұл нан бағасына да әсер етпек. Үкімет оған жол бермеу үшін қандай шаралар қабылданатынын әзірге жария еткен жоқ.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу