Асығыс сапқа тұрғандар Путинді жеңіске жеткізбеуі мүмкін

2933

Алайда ішінара мобилизацияға ілініп, жөнді жаттығудан өтпегендер Ресейдің Украинада жоғалтқан жауынгерлерінің орнын толықтырып, соғысты созып жіберуі ықтимал. 

Асығыс сапқа тұрғандар Путинді жеңіске жеткізбеуі мүмкін

Ресей Президенті Владимир Путиннің Украинадағы әскерлерін күшейту үшін 300 000 резервисті мобилизациялау әрекеті соғыстың нәтижесіне әсер етпей, оның мерзімін ұзартып жіберуі мүмкін.

Дегенмен мобилизация Кремльге Еуропадағы энергетикалық дағдарысты әрі қарай ушықтыра түсуге және ядролық соққыға әзірленуге уақыт ұту үшін көмек болады деген де болжам бар.

Жалпы Путиннің ішінара мобилизациясы төңірегінде сұрақ көп. Соның ішінде осынша адамды әскер қатарына шақыру мүмкін бе деген сауал бар. Бұған қоса, сапқа қайта тұрғандарды қаншалықты тез жаттықтыруға болады және олардың сапасы талапқа сай келе ме?

Вашингтоннан Мәскеуге дейінгі аралықтағы әскери сарапшылардың пікірінше, Ресейде мобилизациияға іліккендер Украина әскерінің меселін қайтарудан гөрі, әбден қалжыраған орыс жауынгерлерінің әлеуетін қалпына келтіруге және оларды алмастыруға ғана жарауы мүмкін.

Киев одақтастарының есебінше, Ресейдің Украинада қаза тапқан және жараланған әскери персоналының жалпы саны 80 000-ға жуықтап қалды.

Сонымен қатар сарбаз жетіспегендіктен, жеті айдан астам уақыт бойы ұрыс даласында жүрген жауынгерлерді ротациялайтын уақыт жетіп отыр.

"Мен бұл мобилизация жағдайдың шиеленісуіне әкелетініне сенімді емеспін, бірақ ол Украинаның жеңіске жету уақытын ұзартуы мүмкін", – дейді  Киевтегі New Geopolitics талдау орталығының стратегиялық модельдеу бөлімінің басшысы Игорь Левченко "Блумберг" агенттігіне берген сұхбатында.

Левченконың айтуынша, Ресейдің стратегиялық жетістіктерінің бірі – АҚШ пен оның одақтастарының Мәскеудің жауабынан қауіптеніп, Украинаға қару-жарақ жеткізуді бәсеңдетуі. Осы алаңдаушылық нәтижесінде Киевке танкке қарсы Javelin қаруынан бастап HIMARS зымырандар жүйесіне дейінгі арсенал түрлерін беру кешіктіріліп отыр.

Сондай-ақ Левченко Киевті АҚШ ұзақ қашықтыққа ұшатын ATACMS зымырандарымен, ұшақтармен, "Абрамс" танктерімен қаруландырғанда, Украина айрылған территорияларын бірнеше аптада-ақ қайтарып алар еді дегенді де айтты.  

"Бұл қарулар Ресей саясаткерлері мен әскерилерінің стратегиялық ойлауының тікелей нәтижесі ретінде Украинаға жетпей отыр. Ал,  Путиннің жақында ядролық қауіп туралы ескертуі Вашингтонның алаңдаушылығын тіпті күшейтуі мүмкін. Мұның бәрі – Украина үшін өте жағымсыз оқиға", – дейді Левченко.

Алайда Пентагонның баспасөз хатшысы, бригада генералы Патрик Райдердің сөзінше, АҚШ Киевке орта және ұзақ мерзімдік перспективада қару-жарақ жөнелтуге арналған ашық және анық келіссөздерді әрі қарай жалғастыруға ниетті.

Украинадан тыс жерлердегі әскери сарапшылар мен ресми өкілдер де Ресейдің ішінара мобилизациясының майдан даласындағы соғыс траекториясын өзгерту мүмкіндігіне күмәнмен қарайды. Өйткені Мәскеу ұрысқа асығыс сапқа тұрғызылған әрі дайындығы төмен жауынгерлерді аттандырайын деп отыр. Ал сапалы күш дайындауға уақыт қажет. Бұған қоса, жаңа мобилизацияланғандар нашар жабдықталады деген болжам бар.

"Ресейдің Украинада алға жылжуына 300 мың қосымша әскер жеткіліксіз. Олар тек Украинаның қарымта шабуылын тоқтатуға және ресейлік күштер бақылауындағы аумақтарды ұстап тұруға ғана жететін шығар", – дейді Мәскеудегі АҚШ пен Канаданы зерттеу институтының сарапшысы, отставкадағы генерал Павел Золотарев.

АҚШ-тың Соғысты зерттеу институтының болжамына жүгінсек, ішінара мобилизацияның "тиімді сарбаздар тобын қалыптастыруы және Украинаның қыста өз территорияларын қайтарып алу мүмкіндіктеріне тосқауыл қоюы екіталай" екен.

Айта кетсек, осы айда солтүстік-шығыстағы Харьков облысын түгелге жуық азат еткен украин жауынгерлерінің шабуылдары біршама уақыт баяулағанымен, қазір бірте-бірте қайта күш алып келеді.

Вашингтондағы CNA сараптама орталығының Ресей армиясы жөніндегі маманы Майкл Кофманның пікірінше, Ресейдің Украинадағы жауынгерлік тактикалық топтары 40-50%-ға ғана толықтырылған. Сондықтан Мәскеудің алдында сол топтардағы адам санын тиісті дәрежеге жеткізу мәселесі тұр. Ал жауынгерлердің сапасын көтеруге уақыт пен инвестиция қажет екен.

"Ресей өз әскеріндегі нашарлап бара жатқан жағдайды түзетуге және күштердің сандық аспектісін шешуге тырысуы мүмкін. Бірақ сапаны көтеру қиын болады. Өйткені Ресей өзінің ең озық жабдықтарын, ең үздік офицерлерін, ең жақсы оқ-дәрілерін қолданып қойған. Ал әскердің рухын көтеру Мәскеу үшін мәңгілік мәселеге айналып кеткендей", – дейді Кофман.

Ресейде мобилизацияланған ер адамдар екі аптаға жетер-жетпес уақыт дайындықтан өтеді. Кейде бұған да мұрша берілмейді деген болжам бар.

АҚШ армиясының Еуропадағы бұрынғы қолбасшысы Бен Ходжестің ойынша, әзірліктің аздығы мыңдаған ресейліктің өмірін қиюы мүмкін.

"Жаттығудан өтпеген сарбаздарды ұрысқа жіберу – қылмыс... бұл кісі өлтірумен тең. Олардың ұзақ тірі жүретініне күмәнім бар", дейді Ходжес The Moscow Times газетіне берген сұхбатында.

Ходжес айтқандай, қатардағы сарбазды басты тәжірибемен, дағдылармен қамтамасыз ету үшін кем дегенде 10 апта қажет екен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу